////////

Арба сүйреткен Бөлексаздықтар… немесе 331 миллион теңгеге тартылған су құбыры қайда?

11062 рет қаралды


Арбаға су құятын ыдысымызды салып алып, бір көшенің тұрғындары жиналып суға барып, кезекке тұратын кездер естеріңіздер ме? 90 жылдардағы ностальгия, бірақ 21 ғасырдың 23 жылына аяқ бассақ та тұрғындары таңнан арбасын сүйретіп, судың кезегін ертерек алуға асығатын ауыл әлі бар екен. 

Ол ауыл Кеген ауданындағы Бөлексаз. 2020 жылдың мамыр айында Бөлексаз ауылына су жүйесін жүргізу үшін 331 миллион  957 мың 371 теңге бөлініп мемлекеттік сатып алу сайтында конкурс жарияланып,  «Данекер» ЖШС жеңімпаз болып табылған.

Су жүйесінің құрылысының аяқталу уақыты 2021 жылдың 10 айы деп көрсетілген. Өкінішке орай 2023 жылдың 4 айы басталса да Бөлексаз ауылының тұрғындары суды Кеңес үкіметінен қалған жалғыз шүмектен алуға мәжбүр болып отыр.   Оның өзінде су тек кестемен беріледі. Таңертең 8:00-9:00 аралығында, түстен кейін 16:00-17:00 аралығында. Таңертең түрлі жағдайлармен су кезегіне үлгере алмасаң күн бойы сусыз жүруің бек мүмкін.

– Судың алып үлгеру үшін таңғы сағат  6:00ден бастап келіп кезек аламыз –дейді ауыл тұрғыны Азат аға.

– Қазір қайта жеңіл, қыста тіптен қиын. Мына су ағатын жердің жан-жағы мұз болып қатып қалады, су алуға келген әйелдер мен балаларға тіптен қиын –дейді су алу үшін кезекте тұрған тағы бір тұрғын.

– Егер су 2 күн жоқ болса шудың көкесі сонда болады. Онымен қоса мына суға арналған насос күйсе халықтың қалтасына тағы шығын. Осыдан 4-5 жыл бұрын осы насосты халық болып ақша жинап сатып алғанбыз-деді жиналған жұрт

– Осы жерден суды бала күнімде тасушы едім, міне жасым 70-ке келді суды тасып ішіп жүрміз, – деп мұңын айтты бір ақсақал.

Сонымен бірге ауыл тұрғындары 331 миллион теңгеден сомаға тартылған су жүйесінің сапасының сын көтермейтінін айтты. Айтқандарының растығын дәлелдеу үшін Бөлексаздың көшелерін араладық. 25 тонна көтереді деп жазылған құдықтың темір қақпақтары шытынаған. Құдыққа темір қақпағын бекіту үшін құйылған бетондары ыдыраған. Құдықтардың  жер бетінен көтерілетін биіктігі  стандартқа сай келмеуіне байланысты жолды жасау кезінде төселген баласттың астында көрінбей қалып кеткен. Тіптен екі көшенің қиылысында орналасқан құдықтың қақпағының жоқ, қауіпсіздік шарасы сақталмауына байланысты салдарының қиын жағдайға әкеліп соғатынын білген тұрғындар ағаш бұталарын ішіне салып, көзге көрінетіндей етіп қойған.

Бөлінген ақшаның дұрыс жұмсалмағанын сорғы станциясына келгенде көрдік. Техникалық талаптардың сақталмауының салдары анық көрініп жатыр. Әлі тапсырылмаған құрылыс обьектісінің жағдайы мүшкіл. Төселген асфальт ыдыраған, құйылды деген бетонының өзінің тасы бөлек, құмы бөлек. Сонда техникалық және авторлық қадағалау қайда қараған.

 

Ауылдың ауыз су жүйесінің жағдайын білмек болып Бөлексаз ауылының әкімі Құныпияев Серік Тұрғынбайұлына хабарластық:

Серік Тұрғынбайұлы сіз Кеген аудандық «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы» бөлімінің басшысы болдыңыз. Бөлексаз ауылында ауыз су жүйесін тарту кезінде технологиялардың бұзылғанын растайсыз ба?

– Бұл жерде құдықтардың  темір қақпағанын бекіту үшін құйылған бетоны жол жөндеу кезінде бұзылған. Оның бәрін ЖШС өз мойнына алған қайта жасап шығады. Сот арқылы міндеттелген.

– Бөлексаз ауылына су жүйесін тарту үшін өткізілген конкурста мемлекеттік порталдағы мәліметке сүйенсек: сіз комиссия төрағасы болыпсыз.

– Жоқ, бұл конкурсты өткізген облыс

Су жүйесін қолданысқа беру үшін қосымша тағы қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Осының алдында «Данекер» ЖШС  өкілдері келгенде трассаға толық су жіберілген. 72 сағат тексерген соң, абоненттік қосылулар толық болмаған соң, суды тоқтаттық. Қазір 1 техника келді абоненттерге су тарту үшін 2 апта осында болады.

Айта кететін жағдай: Бөлексаз ауылының  қазіргі әкімі 2020 жылы осы ауылдың ауыз су жүйесін жүргізу үшін конкурс өткізілген кезде Кеген аудандық «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы» бөлімінің басшысы болған.

 Бөлексаз ауылының су жүйесіне жауапты Кеген аудандық «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы» бөліміне хабарласып, осы бөлімнің маманы Манас Мұсамен сұхбаттастық:

– Бөлексаз ауылының ауыз су жүйесінің жағдайын бізден жақсы білесіз. Ауыл әкімінің айтуынша мердігердің ісі сотта екен. Сот қандай шешім шығарды?

– «Данекер» ЖШС  сот шешімі бойынша осы нысанды аяқтап беруге міндеттелген. Қазір іс  жеке сот орындаушыларда.

– Сот шешімі бойынша олар қанша уақытта аяқтауы тиіс?

– Сот шешімі бойынша 2022 жылдың маусым айында аяқтауы тиіс болған. Межелі мерзімде аяқталмағаннан кейін 2022 жылдың шілде айында қайта сотқа бердік. Ол соттың шешімі бойынша «Данекер» ЖШС  өз міндетін орындамайынша есепшоттарын мен техникаларын бұғаттауға шешім шықты. Іс қазір жеке сот орындаушыларында.

Нысан құрылысын жүргізу кезінде сақталмаған технология жайында не айта аласыз?

– Технологиялық және авторлық қадағалау жұмыстың басы-қасында болған. Оның үстіне қабылдап алынбаған нысан болғандықтан мердігер бәрін қалпына келтіреді.

«Данекер» ЖШС туралы мемлекеттік сатып алу порталындағы дерекке сүйенсек: ЖШС есепшоттары бұғатталмаған, қара тізімге енбеген. Порталдағы соңғы сатып алу 2023 жылдың наурыз айында тіркелген. Осы порталдағы мәліметті зерделесек: «Данекер» ЖШС 2021 жылы көршілес Райымбек ауданының Қарасаз және Шәлкөде ауылдарының және  Ұйғыр ауданындағы Қалжат ауылының да ауыз су жүйесінің құрылысын ұтып алған. Райымбек пен Ұйғыр ауданындағы тұрғындар да жағдайының мәз емес екенін айтып шағымдануда. Ал мемлекеттік сату порталындағы мәлімет “Данекер” ЖШС-інің биыл да ірі көлемде төрт мекемемен келісім шартқа отырғанын көреміз. Атап айтсақ, Қостанай облысы Қостанай ауданының Мичурин және Затобольск ауылдарының су құбырын жасау үшін 575 миллион теңгенің келісім шарты, Қарағанды ауданы Қарқаралы қаласы, В.Рей көшесі 2 тұрғын үйге (36 пәтерлік) инженерлік коммуникация инфрақұрылымын құрылысын жүргізу (су, кәріз және жылу жүйелері) үшін 169 миллион теңгенің, Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Пойма ауылындағы су құбырын қайта жаңарту үшін 535 миллион теңгенің және Түркістан облысы Ордабасы ауданы, Шұбарсу елді мекенін сумен жабдықтау құрылысы (3-кезең) үшін 1 миллиард 746 миллион теңгенің келісім шарттарын жасасқан. 

Тақырыпқа тұздық болсын: Бөлексазда құрылысы жүріп жатқан 2 нысан бар екен. Біріншісі ауылдық дәрігерлік амбулатория болса, екіншісі ауылдық мәдениет үйі. Біріншісінің қолданысқа берілуіне аз қалса, мәдениет үйінің құрлысы 2022 жылдың желтоқсан айында аяқталуы тиіс болған екен.

P.S. 2022  жылдың тамыз айында Кеген ауданының тұрғындарымен кездесуге келген облыс әкімінің алдында сол кездегі Кеген ауданының әкімі (қазір Алматы облыстық мәслихаттың хатшысы) Талғат Байеділов Бөлексаз ауылының ауыз су жүйесінің 95 пайызы аяқталғанын, жақын арада пайдалануға берілетінін айтқан. Одан бері 7 ай өтті. Бөлексаздықтар әлі арба сүйреп жүр.

Мақпал Шадан

Алматы облысы

Кеген ауданы

Суреттер автордыкі

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері