////

Есенгүл Кәпқызы: Біз журналистік міндетімізді адал атқара алмай жүрміз

5224 рет қаралды

Құқықтық медиа орталығы өздерінің Инстаграм парақшасында “Мінбер” ақпарат агенттігінің жетекшісі Есенгүл Кәпқызымен тікелей эфир өткізіп, медиа этика жайында әңгімелескен еді. Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында назарларыңызға осы әңгімені ұсынамыз. 

– Медиаэтика жайлы толық анықтама беріп өтсеңіз?

– Жалпы этика – медиа саласында ғана емес, бүкіл қоғамдастықта бар дүние. Кейде этиканы эстетикамен шатастырып жатады. Естеріңізде болса, бәріміз мектеп кезден Этика гректің «еthos» сөзінен пайда болған дегенді оқып өстік. Жалпы этиканы ғылыми айналымға алып келген ғалымдардың бірі – Аристотель. Сонау Аристотельдің заманынан бері қарай этика маңызды боп келе жатыр, соның ішінде медиаэтика өте өзекті мәселеге айналды.

Неге десеңіз, қазір медиа деген кезде көз алдымызға тек журналистер ғана емес, медианы тұтынушы, медианы жасаушы барлық адам келеді. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін смартфон пайдаланады және оның көмегі арқылы әртүрлі ақпараттарды таратады. Мүмкін ол ақпараттарды біліп таратады, мүмкін білмей таратады, ол жағы беймәлім. Міне, соның барлығының аясында «медиа»  деген сөз тұр. Сондықтан медиамен айналысатын адамның бәріне медиэтика қатысты дүние.

Ал журналистер қауымдастығында медиэтика алғашқы XVII ғасырларда газет-журналдар тарап, халықтың арасында үлкен сұранысқа ие болғаннан кейін пайда болған. XVIIІ ғасырлардан бастап медиаэтикаға байланысты мақалалар жарық көре бастаған. Неге қазір медиаэтиканы өзекті мәселеге айналдырып алдық? Бұрын белгілі қалыпқа салынған бір стандарттағы жаңалықтар таратылатын болса, ал қазіргі технологиялық заманда әркім әрқалай тарататын болды, оған қоса азаматтық журналистика пайда болды.

Бүгінгі таңда медиаэтикаға байланысты бірнеше ғана стандарттар бар. Бұл стандартты белгілі бір мемлекеттің, қауымдастықтың адамдары жасап отырған жоқ. Бүкіл әлемдегі журналистер қауымдастығы бірлесіп жасап отыр. Сол қауымдастықтың бірі SPJ (Society of Professional Journalists) Америкада орналасқан оған кез келген адам мүше бола алады. SPJ кейде 4 кейде 5 медиаэтикалық стандарттар ұсынады. Стандарттарға тоқтала өтсек:

Журналистің бірінші міндеті – шындықты іздеу, табу және оны жариялау. Осы мәселеге келген кезде үнемі күмілжіп қаламыз, неге десеңіз, біз шындықты тек бір жағынан ғана алып қараймыз, нақты объективті шындықты бере алмай келе жатырмыз.

Зияныңды тигізбеу: Мәселені жариялар алдында біреудің өміріне зиян тигізіп жатқан жоқпын ба деп ойлану керек. Қазіргі таңда балаларды қару қылып пайдаланатын болды. Бала ата-анасына ренжісе, бауырларына қатты сөйлесе сенсация көретін болдық. Мұнымен баланың өміріне қаншалықты зиян келтіріп тұрғанымызды білмейміз. Балалар буллинг жасайтын топ болғандықтан біз оларға абай болуымыз керек.

Жауапты болу: Өзіңіз таратып отырған ақпаратыңызға жауапты болу. Ақпараттың қаншалықты шынайы екендігі журналистің мойнында болуы керек. Мысалы, журналист бір ақпаратты дайындайды, ол әлі верификациядан өтпеген, онда қателіктер болған соң шу бола бастайды, сосын оны қателік болыпты деп жоя салады. Бұл – жауапкершілік емес. Ол не үшін өшіргенін, қай жерде қателескенін айтып оқырманның алдында кешірім сұрауы және мұндай істерді қайталамауы керек. Соңғы кезде сайтттар өте көбейіп кетті, өкінштісі ол жерлерге фейсбук желісіндегі жазбаларды алып жариялай салады, ал фейсбуктегінің бәрі ақиқат деуге келмейді. Мұның бәрі медиа сауаттың, оның ішінде журналистердің сауатының төмен екендігін көрсетеді. Сауатты журналистер болса мұндай көшірме жұмыстарға бармас еді, бұл – біздің әлі де сыни ойлау қабілетіміздің төмен екендігінің дәлелі.

Адамгершілік. Біз қаншалықты адамгершілікті ұстана білеміз? Жалпы журналистік этиканың басында адамгершілік деген қасиет тұрады. Біз жеке адамның өмірі жайлы көп айтамыз, бірақ ол қоғамға қаншалықты керекті, соған назар аударуымыз керек. Бір әншінің отбасы құрғаны, ажырасқаны қоғамға қандай пайда алып келеді, міне соларды сараптауымыз қажет.  Күні кеше Абай өңіріндегі өртенген орманның қайта қалыпқа келуіне 50-60 жыл керек екен. Жыл сайын көктем кезінде Шығыс, Батыс өңірлерінде тасқын болады. Олар туралы қандай экожурналист зеррттеп жүр? Жалпы бізде экожурналистер бар ма? Сондай қоғамға ортақ, маңызды ақпараттар қызу талқыға түспей, үнемі тасада қалып қоя береді. Міне осындай дүниелерді алғашқы орынға қоя білуіміз керек.

-Қазақта мынадай сөз бар ғой: «Көп білгеннен емес көп көргеннен сұра» деген. Бұл салада бірнеше жылдық тәжірибеңіз бар. Сіздіңше жоғарыда айтылған медиа мәселелерінің шешу жолдары қандай?

– Пандемия кезінде бір топ медиа белсенділері жиналып, «Қазақстан журналистерінің негізгі стандарттары» деген құжатты қабылдаған болатынбыз. Оның құрамында «Құқықтық меди орталығынан» Диана Өкремова,  Гүлмира Біржанова бар. Біз осы мәселелерді әрі қарай қалай кеңінен талқылаймыз, қалай жалғастырамыз деген мәселе бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Соның негізінде «Медианың өзін-өзі реттеу жөніндегі қоғамдық комитеті» деген комитет құрылған, қазір бұл комитет жұмыс істеп жатыр. Жақында екінші рет сайлау болады. Егер оқырман оқып отырған ақпаратынан қандай да бір медиа талаптар бұзылды десе, осы комитетке шағым түсіре алады. Сол шағым бойынша комитет жұмыс жүргізеді, шынында этика бұзылды ма, әлде жоқ па деген сауалдарға жауап табады. Медиаға қатысы бар бірлестік, ақпараттық сайттар біріге отырып, медиа этикаға байланысты сабақтарды, курстарды жиі ұйымдастырып отыруымыз керек  және сондай сабақтардан журналистік қауымның қалмауын талап етемін.

-Медиаға, әсіресе журналистерге арналған қандай заң, кодекстер бар?

-1999 жыл БАҚ туралы заң қабылданған оған өте көп өзгертулер енгізілді. 2021-2022-2023 ж.ж «Масс-медиа» туралы заң қаралуға берілді. Мен бұл жұмыс тобының мүшелігінде болдым, кей пікірлеріміз қолдау тапты, кейбіреулері ескерілмеді. Қазір ол Мәжіліске түсті, Мәжіліс оны талқылап жатыр. Масс-медиа туралы заңда журналистердің міндеттері, ертеңгі статусы жалпы журналистердің алдында кездесетін кейбір мәселелер талқыланып жатыр.

2012 жылы Қазақстан Журналистер Одағы «Қазақстан журналистерінің этикалық кодексі» деген құжат қабылдады.

-Арнайы шаралар қолданыла ма?

-Этика кодексінде жаза қолданылмайды. Егер ол этикаға қайшы әрекет істесе, оған жаза қолданылмайды, жұмысынан да айрылмайды, тек сенімге селкеу түседі.

-Қорытындылай келе, кәсіби медиа маманы болуы үшін қандай кеңестер берер едіңіз?

-Кәсіби медианың маманы болу үшін арнайы журналистика факултетінде білім алу маңызды емес ,бастысы жоғарыда айтылған стандарттарға басшылыққа алу. Мен таратып жатқан ақпарттар шынайы ма? Ешкімге зиянын тигізбей ме? Қоғамға қаншалықты маңызды ақпарат таратып жатырмын деген сауалдарды өзіне қойып отыруы қажет және үнемі ізденісте болу керек.

Әңгімені жүргізген Ақбота Қаскенова, Құқықтық медиа орталығы

Мәтінді түсірген Жадыра Ілиясқызы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі