//

Қазір махаббат бар ма өзі?.. «Қош, махаббаттан» түйген ой

829 рет қаралды

Айнаның алдында тұрып өзіне-өзі сұрақ қойған жалғызбасты келіншек Сәлима әрі қарайғы сөзін «Мені сүймеді дейсіңдер ме?!.»  деп жалғайды. Айна алдында кім өзіне өтірік айтар дейсіз? Сол сәт сіз де оның Бағдат пен Бану басынан кешкендей пәк сезімді бір кезде шын сезінгеніне иланасыз. Иланасыз да аяйсыз. Тек айна алдында ғана айта алатын монологына анда-санда ғана құлақ асатын ол жиені Асанның сүйгеніне қосылуына көмектестім деп ойлады ма екен?.. Әлде, махаббатта жолы болмағасын Бағдат пен Банудың бақытын қызғанғаны ма?..

Қайткенде де мұндай кереғар болмыс иелері қай қоғамда да бар. Олардың өз махаббатына қай кезде, қандай себеппен қош айтқаны бізге беймәлім.
Ал Айбар ше? Айбар қанша риясыз болса, сонша сезімтал. Екі ғашықтың сезіміне тілектес нәзік періште іспетті. Сонысымен де Сәлимаға ұнамайды.
Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббат!» драмасын сахналады.
Бір қарағанда спектакльдің лейтмотиві Бағдат пен Банудың махаббаты секілді. Алайда, режисссер Айдын Салбан тұжырымында мұндағы лейтмотив тек ол ғана емес, мұндағы негізгі ой – Айбардың ақжүрек пейілі мен Сәлиманың махаббаттан жолы болмаған үмітсіз пиғылы ма деген ой түйетініңіз де рас. Ол, тіпті, Айша секілді жандардың нағыз махаббатты күткен жүрегі болуы да мүмкін.

Сүю, нағыз махаббатты кездестіру –  затында көп адамның маңдайына жазыла бермейтін бақ. Дегенмен, сүю бар да, күресу бар. Оған тағдыр, бұйрық секілді жазмыштың жазуын қосыңыз. Жазмыштың бұйрығының алдында ата-анасының ұлдан да, қыздан да жалғызы Бану мен үлкен қалада қалып, «композитор болсам» деген Бағдат шын шарасыз еді. Бұл шарасыздық Асан секілді өзімшілдеу жандарға жол ашып, тасын өрге домалатады. Ол да Бануды шын сүйеді, тек ол сезімі Банудың қалауына құрметпен қарай алмайтын, Бағдаттың сырқатын бетіне басатын менмендігінен әлсіз еді. Оның үстіне менмендігіне нағашы әпкесі шоқ тастап қойғаны тағы бар.

Минимализмге құрылған декорация, екі жастың арасындағы албырт сезімді баяндайтын поэтика залдағы үлкендерді жастығына оралтса, жастардың жүрегіндегі ғашықтық лүпіліне лүпіл қосып, бір ысытып, бір суытты. Айбар қаламынан туған сезімге толы жырлар кейіпкерлерді ғана емес, залдағы әр көрерменнің жүрегін тебірентсе, Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Төлеген Мұхамеджановтың «Мен деп ойла» әнінің баяу ойнап тұруы жүректің қылын шертті.
Бір қарағанда, шарықтау шегі жоқ, шиеленісі тым аз қойылым сізге белгілі бір оқиғаны емес, сол оқиғадан туған ән мен жырды таныстырып тұрғандай әсер қалдыратыны рас. Дегенмен, нәзік тақырыпты Бағдат пен Бану образымен шектемей, нәп-нәзік етіп алып шыққан шығармашылық ұжым жиналған жұртты бір сәт ойлантты.

Спектакль соңында Бағдат пен Бану махаббатқа «қош!» дегенімен, әр көрермен жүрек түпкіріндегі бір махаббатты еске алып, көп адамда кездеспесе де, «махаббат бар»деген түйінмен қайтты.
Театрдан шыққан әр адамның жанарынан олардың көңілінде «Мен деп ойла…» деген ән қалықтап бара жатқаны аңғарылады.

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі