//////

Бақытбек Бәмішұлы: Алакөлде ақша бар, қымыз жоқ (фото)

10198 рет қаралды

Жолда: Алакөлге (Абай облысы) барып аз күн дем алу үшін жолға шықтық. Жол мұраты жету… дейді қазақ. Иә, бір жаққа бару үшін әуелі жолды ойлайсың. Алматы мен Алакөлдің ара қашықтығы 749 шақырым екен. Автокөлігі сай адамға бір күндік жер. Алайда аты шулы Алматы-Өскемен трассасының жырым-жырым жыртығы, ойдым-ойдым шұңқыры мен жарық-тесігі таусылмайтын жыр болғаны қашан. Отыз жылда осыған көңіл бөлер бір басшы ШҚО-на бұйырмай-ақ, эстафетаны Абай облысының басшысы Ұранқаевқа ұстатып кетті… Ал енді Ұранқаевтың «қансонары» қашан бітетінін бір құдай біледі? 

Жолдың кейбір бөлігі әлі бітпеген. Салынып жатыр
Жол бойындағы техникалар
Жолсызбен жүрген бала

Жол жақсы болса, Алакөлдің арғы жиегіне, тұзды, сулы жағаға, Таңсық арқылы «Қозы-аян» кесенесіне соғып, барамыз деген жоспарымыз су сепкендей басылды.  Жетісу бойы да жетісіп тұрған жоқ. Алакөлді жағалап, ақ шаңға көміліп, Сасық көлдің бойынан бордай болып зорға өтіп шықтық. Біз жол білмегендіктен адасқанымыз жоқ, неше он жылға созып жолды жөндемей жатқан жөн білмейтін шенеуніктердің кесірінен шаршадық.  

Тау басында жеке дара. Қараусыз қалған ауылдар

Қабдеш бекеті. Алматы-Өскемен күре жолы Таскескенге жеткенде тіке шығысқа бұрылады. Үш жолдың түйілісі. Сол жақ қапталдағы төбешікте ескі қабыр. Бұл Қоңыр әулие мәңгілік мекен еткен киелі орын. Осы жерді қазақтың қарымды қаламгері Қабдеш Жұмаділұлы көзі тірісінде белгілеп, ұрпағына аманаттаған екен. Дарабоз жазушы ел-жұртымен қоштасқанда,

Қабдеш бекеті

            Сайқал мақсат көлкектейді, көрсетпейді баранын —

            Жердің бетін, жеуге құмар құрт-құмырсқа, бар аңын.

            Абайлаңдар:

            Шекараға мызғымас қып қаққан алтын бағандай,

            Шығысыма қалқан болып қалайын деп барамын!!!. (06.04.2021жыл), – деді ме екен деп, көңіл-күйімді білдіргенім бар еді. Шаңқан ақ мәрмәрдан соғылған күмбезді бейіт күндік жерден көрінді. Көңіл толқыды, көзімізге жас келіп, көкірегімізге күй толып, күрсініп Қабаңды еске алдық. Халқым, қазағым, қасымнан өткен-кеткен қашанда еске алып тұрсын деп осы жерді таңдаған ғой. Бұрылып тоқтап, аттан түсіп, зиярат жасап, басына тағзым етіп, ары қарай аттандық. Топырағың торқа болсын, қайсар да қарымды қаламгер, қазағы үшін қанатымен су сепкен Қабдеш!

Көкөзек. Көкөзек – көрікті мекен. Көк тоғайдың ішіндегі көркем ауыл. Күре жолдың бойындағы Науалы ауылы мен Көкөзек арасы – он сегіз шақырым. Жол даңғыл. Екі жағы басын көтер алмай ентігіп тұрған күнбағыстың бітік шыққан егістік алқаптары. Барқытбелдің мың бұлақты бөктері бөртіп тұр. Көз құмарыңды қандырады. Анда алқымынан иіліп, іңкәріңді тартқан алтын сары бидай даласы, мұнда бөрте лақтай бөксесін көтере алмай жатқан қарбыз, әнеу жер толы әнгелек. Шөбін шауып, нығыздап буып тастаған шаппа алаңы. Тай-тай бума шөптерді тиеп алып, ауыл мен қыстақтарға қарай жортқан тракторлар…

Ауылда “Киелі Көкөзегім” деген мынадай жазу пайда болыпты. Ал осы киелі мекенде отыз болды жол жоқ.
Ауылдағы Ленин көшесі Абай көшесіне ауыстырылыпты

Осындайда алдыңда күтіп алар елің, ауылың болғаны қандай жасы. Біз Көкөзекте Тәттімбеттің үйіне түстік. Ауылдың «атаманы», сегіз қырлы бір сырлы, атбегі десе атбегі, құсбегі десе құсбегі, эпостық жырларды таңды таңға ұрып жырлаудан танбайтын сахара серісі Тәттімбет Кәпұлының үйіне түстік. Алдымыздан алаң болып, ақ жаулығы желбіреп күтіп отырған Әпия шықты. Аға ұстаздың баққаны бала ғана емес, аң мен құс, бес түлік екенін көргенде жағамызды ұстадық. Әпияның сауғаны екі сиыр емес, үш мөшке екен. Піскені саба, алғаны май, қайнатқаны құрт, ішіп-жегені ірімшік, айран-сүт. Алыс сапарға кеткен жолдасы Тәттімбеттің екі жорғасын жемдеп, құсын да баптап отыр.

 

Ал «Сендер ат мінсін деп әкелдім» деп екі жиренін қосарға алып, бір марқасын өңгеріп, Тарбағатайдың тақтасынан, жайлаудан, жылқы отарынан жеткен ал күрең жүзді Рашитәлі жүрісі де қаланың бір ішек, боз өкпелеріне таңсық.

Ала аяқ жорғаны алдыға салып, қос иренді қос қапталға алып, Қусақты өрлеп, Барқытбелді бөктерлеп қырға шығып, арғымақтардың  қан сорпасын шығарып, ащы терін алып, серуен-сейіл құрдық.

Ауылдың айғайшысы, азынаулақ ұсақтың бақташысы, көптің көңілін тапқан Бәделханның бәйбішесінің сабасын пісісіп, бал қымызынан дәм тату бір ғанибет.

Ауыл халқы жыл сайын азайып барады. “Үй сатылады” деген мынадай жарнамалар көптеп көзіңізге түседі. Алайда сатып алушылар жоқ дейді. Жұрт үйлерін бекітіп кетіп жатқанға ұқсайды

Ал Естай балдыз. Мектеп директоры. Директор болған соң, уайым-қайғысы мол. Жегені ауылдың қамы. Бала саны. Бұрынғы 380 үйден қалғаны 80 үй, ауылым шөмиіп барады дейді. Автосын арқыратып Майқан келді. Бажа. «Шөпті шабатын да өзім, оны нығарлап буатын да өзім, жиып-теріп тиейтін де өзім, жеріне жеткізіп беретін де өзім» деп шіренеді. Шынында да соның бәрін бір өзі істесе қу жаны қай жерінде жүр екен десем, соның бәрін істейтін техника болып шықты. Бір өзі бір өндіріс екен. Демек, Майқанның мұрты майлы. Майлы мұртты балта кесе ме?

Көкөзекте бір күн ерулеп, Алакөлге аттандық. Жол әйбәт. Тек жылдамдыққа ие бол. Мақаншы аудан орталығы болуына орай ма, бас-аяғы бүтінделіп, аңғал-саңғал кейпі түзеліп қалыпты.

Алакөлде «Қайыңды». Алдымызда сары дала. Жол бойынан оқтын-оқтын шыбындаған жылқы үйірі көрініп отырды. Тарбағатайдың салқын тақтасында, жотасында, жайлауда жататын жылқының шілденің шіліңгір ыстығына қақталып сары жазықта жатқанының себебін біз білмесек те, жергілікті халықтың айтар уәжі бар шығар. Екі өркеші баладай бір келе түйе де көзге түсті. Иә, бұл сортаң жазық түйе түлігінің шұрайлы мекені екені даусыз.

Біз жол бойынан қымыз немесе шұбатқа қарық болармыз деп ойлағанбыз. Өйткені осыдан он жыл бұрын келгенімізде боз даланың бал қымызын қанып ішкеніміз бар еді. Бірақ бұл жолғы арманымыз, армандапсың көк тоқты болды. Мақаншыдан шыға әдемі, табиғи атауын неге ауыстырғаны беймәлім, бұл күнде Қабанбай Ата аталған Жарбұлаққа жеткенше, алпыс шақырым шапқанда қымыз не шұбат сатқан бірде бір қос көрмедік. Тіпті хан базары қайнап жатқан Алакөл демалыс орындарынан да бір грамм қымыз таппадық. Есесіне ащы сусынның алуан түрі самсап тұрды. Күннің ыстығынан ба, салқын су сатып-ақ байып кетуге болатындай әсер қалдырды.

Мынадай Сақ сауналары бар екен

Алдын ала айтып уәделескен келісім бойынша «Қайыңды» демалыс үйіне тоқтадық. Бізден бұрын мұнда қазақтың Дәу перісі, менің балдызым Дәулеткерей үй-ішімен бес күн жатып, дем алып кеткен болатын. Солардың көңілінен шыққан «Қайыңды» бізді де жайдары жүзбен қарсы алды. «Қайыңдының» қалауымыздан шыққаны, көңілімізге жаққаны сондай, ақы иесі Еркеш пен Фаридаға аттанарда «Британияда болған бір жыл» атты кітабымызды ұсынып,

            Дем алыс жері «Қайыңды»,

            Сұрап, біліп жайымды.

            Құрақ ұшып қарсы алып,

            Төсек болып жайылды…

            Не қалайсың бұл жерден,

            Бәрі әзір дайынды,- деп, осында бір кішігірім кітап сөресі болса деген тілегімізді қоса, қолтаңбамызды қалдырып, қошемет айттық.

Бұл – бұл күнде аты әлемге әйгі болған Алакөл ғой. Көлдің келбеті қандай. Таңертең де, түсте де, кеш құрымда да көмкерілген кемпір қосақтай түрленіп жатқан сұлу сурет. Құдды қыл қалам шеберінің ой, қиялынан туындаған сынды табиғи жаратылыс. Көл бетіне, сұлу айдынға қарап-ақ рахаттанып, сарайыңды ашар ләззат аласың. Алуан түспен айшықталған, бір ойында мың түрлі дертке дәру суы мен жағасында жан жадыратар балшығы бар бұндай тегін жатқан қасиетті тұмса табиғатты әлемнің қай түкпірінен де кездестіре алмасымыз анық.

Тұщы суына түсесің бе? Түс. Тегін! Тұзды суына түсесің бе? Түс. Тегін! Жасыл балшығын жағасың ба? Жақ. Тегін. Ақ, қара балшығына түсесің бе? Түс. Тегін!

Алакөл демалыс аймағын заманауи мақсатта өркендетуге үкіметтен де біршама оңтайлы іс-шара  жүргізілгені анық байқалып тұр. Еліміздің ауқатты бизнесмендері туризмді дамыту мақсатында Алакөл демалыс орнына біраз көңіл аударған екен. Көл бойынан екі-үш қабатты ғимараттар бой көтеріп, микро қалашық пайда болыпты. Көл жиегінің негізгі аудандар телім-телімге бөлініп жеке меншікке алынып, әркім өз қалауымен, өзінің шама-шарқының жетісіне сай әр түрлі қызмет көрсететін мекен жайлар салынып, безендірген. Көшелерге асфальт төселіп, электр жарығы жүргізілген. Канализация, су құбырлары орталықтандырылған. Жағ жайға жақын тұстарға тұрақты және көшпелі туалеттер орнатылып, айналаны таза ұстауға көңіл бөлген. Демалушылар да айналасын, отырған орнын таза ұстауға икемделіп қалғаны байқалады.

Алакөлде ақша бар. Біз тамыздың үшінде Алакөлде болдық. Жаздың соңғы айы, теріскейге жақын өлке болса да күн өте жылы болды. Ұзаса  үш ай толық қызмет көрсететін Алакөл демалыс жерінде адам қарасы мұндай көп болар ма? Жағажайда ине шаншар орын жоқ. Осыған қарап-ақ халықтың тұрмыс-тіршілігінің едәуір оңалғанын байқауға болатын сынды. Егер тапқаны ішкен-жегенінен аспай жатса айлап, апталап дем алмақ түгіл, іргесіндегі көршісіне сәлем беріп кіруге мұршасы бола ма? Қазақ айтады ғой, алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала деп. Рас қой. Құрлық асып, бар ақшаңды түгі жоқ Тайбан мен құмнан басқа қызығарлығы жоқ Дубайға шашқаннан өз елің мен жеріңнің игілігін көруге неге ұқсатпасқа! Мына нөпір демалушыларды көріп шынымен де разы болдық. Көлсайдың ластығын былай қойғанда, жұмыртқадан жүн қырыққан жанды көрмедік. Қызмет бағасы да көңілге қонымды.

Бір тәулікке үш уақыт тамақ ішіп, люкс бөлмеде жатып 12 теңге төлеп дем алатын орын тек  Алакөлде болар. Ал бағасы шарықтап 60 мыңға дейін жететін орындар да бар екен. Қалауың білсін. Адам көп жерде, әрине, сауда-саттық та қызып жатады. Ақша Алакөлде екен. Көл жағалай жүгірген бала-шаға, қатын-қалаш, кемпір-кешектердің қолында пісірілген жүгері, қуырылған балық, пирожки… бөтелкеге толтырылған балшық… Сөздері қазақ-орысша: «Горящий кукуруза?!», «сосиски в тесте», «жаренная рыба»… шашлық… Әттегенайы қымыз жоқ, татып алар шұбат жоқ…

Шатырдың күндік бағасы 2000 теңге. Бір азамат елу шатырын жалға береді екен…

15 минутқа «Сақ саунасы» 500 теңге, кезек. Осы 500 теңгемен-ақ күніне 100 адам кіріп шықса 50000 теңге күндік пайдасы.

Ал қайыққа отырып серуендеу бір адамға 2000 теңгеден. Көз көрім жердегі аралға барып келемін десең адам басына 7000 теңге төлейді екенсің. Бұл жері сәл қышқылдау болды.

Бір айта кетерлігі, ескертеріміз көлдегі көліктермен жүру қауіпсіздігі, жағажайға келіп тоқтау орындарының қауіпсіздігі дұрыс жолға қойылмаған. Жалпы қауіпсіздік мәселесі кемшін көрінді. Бұны төтенше ескеру керек шығар.

Жалпы Алакөл болашақта еліміздің туризм саласындағы берері мол, мега демалу және сауықтыру орнына айналатына сөзсіз екеніне көзіміз жетті.

Алматы-Алакөл-Алматы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар