///

Президент Жолдауы – 2023: Қазақстанды қандай өзгеріс күтіп тұр?

4988 рет қаралды

Қыркүйектің 1-інде Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа дәстүрлі жолдауы жасалды. Жолдауды әркім әртүрлі бағалап жатыр. “Мінбер” сайты да оқырмандары үшін Жолдаудағы негізгі мәселелерді назарларыңызға ұсынуды жөн көріп отырмыз. 

ӘКІМДЕРДІ САЙЛАУ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗ БЮДЖЕТ

Саясаттанушылардың айтуынша, әкімдердің билігі күшейіп, тәуелсіз бола түседі. Мәселен, ҚР Президент ісі басқармасының жанындағы Парламентаризм институтының атқарушы директоры Жанар Тулендинова Информбюро сайтына берген комментарийінде:

“Біріншіден, мемлекет басшысы аудандар мен облыстық қала деңгейіндегі әкімдердің сайлауын тағайындап отыр. Екіншіден, аудан әкімдеріне нақты елдімекендердегі қордаланған мәселелерге орай бюджетті жасақтауды өздеріне тапсырып отыр. Үшіншіден, президент тапсырмасы бойынша, министрлер мен әкімдер салалық шешімдерді орындауда және дайындауда біршама тәуелсіздікке қол жеткізеді. Тиісінше, оларға артылатын міндет те артады. жасалып жатқан реформалардың нәтижесі үшін тікелей жауапты болады”, – дейді.

Белгілі пиар маманы Айбар Олжаев өз фейсбук парақшасында аудан әкімдерінің бюджет тәуелсіздігіне қол жеткізуінің артықшылықтарын былай санамалайды:

“Мемлекет басшысы өңірлерге Президент әкімшілігінен тәуелсіздік алып берді. Бұл революциялық шешім. Енді бір жылдың ішінде өңірлер блоктық бюджетке өтіп, жергілікті аудан бюджеттері НДС алатын болса, онда республикалық бюджетке қол жою тоқтайды. Әр ауданның әкіміне, оның іскерлігіне көп нәрсе байланысты болады.
Жоспарлы бюджет – әр салаға нақты бөлінген қатып қалған тәртіп. Онда тек берілген нәрсені игерумен бас қатырасыз. Мысалы, сіз аудан әкімісіз. Қыста мұз қатты да, трубалар жарылып, халық сусыз қалды. Бірақ сіз оны тез жөндеп, халыққа су бере алмайсыз. Себебі, бюджетте құбыр емес, жол жөндеу қарастырылған. Жолдың ақшасын суға бағыттай алмайсыз, облыстағы Қаржы басқармасы рұқсат бермейді. Ал егер шотта ақша жатса, сіз оны құбыр жөндеуге салып жіберсеңіз, “хищение” деген бап бойынша сотталасыз. Халық ол ішкі процестерді білмегендіктен, әкімді керең, мемлекетті соқыр деп ойлайды. Күйінеді, көшеге шығады. Осыны туындырып отырған – бюджеттік ескі жоспарлы жүйе ғана.
Блоктық бюджет идеологиясы басқаша. Әкімге сенім шкаласы бойынша белгілі бір қаржы лимиті, мысалы 100 миллион теңге бекітіледі. Осы қаржы көлемінде ол өз шешімі негізінде әрекет ете алады. Яғни, кез-келген жағдайға дайын, кұбыр жарылса да, желден шатыр ұшып кетсе де, ол оны тез арада жөндей алады. Артынан, белгілі бір уақыттан кейін облысқа есеп беріп, ненің қайда жұмсалғанын көрсетеді.
Осы жүйеге аудан әкімдерін сайлау идеясы сұранып тұр. Беделі кіршіксіз, тұрғындар сенетін, қолынан іс келетін азаматты халық өзі таңдап, сайлауы керек. Ондай көзі жанып тұрған жас маман өз ауданын үш жылдың ішінде адам танымастай етіп өзгерте алады.
Жергілікті бюджетке корпоративті, жеке табыспен бірге НДС салығы да берілмек. Демек, әр аудан әкімі бұдан былай өз жерінде бизнестің көп болғанына, олардың салық төлеуіне мүдделі болады. Көп салық жинадың ба, ол ақша өзіңде қалады. Ал бюджеттік емшек бұрынғыдай болмайды. Баяғыдай тек бюджеттің бергенін ғана жеп, игеріп отыратын тиімсіз кездер артта қалмақ. Аудандар бизнесті тарту, қызық локациялар ашу, креатив бойынша бір-бірімен бәсекелесе бастайды. Осы ретте жолдар да түзеліп, түрлі кәсіптің пайда болатыны анық”.

АЭС: РЕФЕРЕНДУМ керек, БІРАҚ

Жолдаудағы толғақты мәселенің бірі АЭС салу мәселесі болды. “Қазақстанда АЭС салу тақырыбы аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналған. Оған қатысты түпкілікті шешім жалпыұлттық референдум қорытындысы бойынша қабылданады” деді Президент кезекті жолдауында.

“Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар” деді ол.

Мемлекет басшысы қоғамда даулы тақырыпқа айналған мәселеде тоқетер сөзді халық айтады деп ескертті.

“Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз” деді Тоқаев.

Кейбір саясаттанушылар референдум өткізуді қолдағанымен, оның әділ ашық өтеріне күмәнді. Мәселен, саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов:

“АЭС салу бойынша референдум былтырғы 5 маусымдағы “референдум” сияқты өтсе, оның еш мәнісі жоқ.
Сондықтан Орталық сайлау комиссиясы және аймақтық сайлау комиссияларының қазіргі мүшелерін референдумнан шектету қажет. Олардың орнына әр аймақтың абыройлы азаматтарын таңдау керек. Оларды репутациясы былғанбаған жергілікті қоғамдық және саяси белсенділер, ешбір саяси партияда жоқ заңгерлер, зейнеттегі және биліктің “кампанейщиналарына” араласпаған ЖОО оқытушылары қатарынан табуға болады. Референдум күні учаскелерде бюллетеньдерді бірден есептейтін сканерлерді орнатуды, учаскелерді камералар арқылы тікелей эфирде бақылауды, әр учаскенің протоколдарының скан-көшірмесін референдум күні ортақ сайтқа жариялауды қамтамасыз ету қажет.
Референдумға дейін мемлекеттік телеарналардың бәрінде прайм-тайм уақытта тікелей эфирде кем дегенде 2 айға созылатын АЭС бойынша талқылау жүруі керек. Оларға атом энергиясы жайлы ештеңе қақпайтын, бірақ АЭС бізге керек те керек деп, биліктің сөзін сөйлейтін, өзін “саясаттанушы”, “экономист”, “сарапшы” деп атайтын комментаторлар ғана қатыспауы керек. АЭС-тан қандай қауіп-қатер және зиян бар екенін ашық айтатын спикерлер де қатысуы керек.
Құр сөз емес, сан мен есепке, анализге сүйенген талқылаулар болуы керек.
Республикалық телеканалдарда, танымал сайттарда, мемлекеттік газет-журналдарда және әлеуметтік желілердегі танымал пабликтерде мына және өзге де тақырыптар еш бүкпесіз талқылануы керек:
“Қазақстанда АЭС салуға мұқтаждық бар ма?”
“АЭС болмаса, энергияның басқа қандай балама көздері бар?”
“АЭС-ты қайда салуға болады?
“АЭС–тан қандай қауіп-қатер бар?”
“АЭС–ты кім салады?”
“АЭС салу қанша тұрады?”
“АЭС жұмысын жүргізуге мамандарымыз дайын ба?”
“Неге дамығына елдер АЭС-тан бас тартты?”
“АЭС-ты РосАтом салса, Кремльдің Ақордаға саяси қысым жасайтын құралына айналмай ма?”
“АЭС салынса, 2011 жылғы Жапониядағыдай апат болмасына кім кепіл?”
Осы және басқа мәселелерді талқылауға және түсінуге қазақстандықтардың миы жетеді.
Әлем тарихында АЭС салу бойынша өткен референдумда халық көп жағдайда қарсы шығып, жеңіске жеткен. Мысалы, Италия, Австрия, Швейцария, Литва, Болгария, Швеция секілді елдерде өткен референдумда халық АЭС салуды тоқтатқан. Ең бастысы, бұл мемлекеттерде сайлаушылардың АЭС-тің артықшылықтары мен кемшіліктері туралы барынша мол ақпарат алып, саналы түрде таңдау жасауға мүмкіндігі болған.
Қазақстандықтарға да ашық әрі әділ референдумда саналы таңдау жасауға дәл сондай мүмкіндік берілуі тиіс” деп жазды өз фейсбук парақшасында.

ТРАНСКАСПИЙ БАҒЫТЫН ДАМЫТУ РЕСЕЙГЕ ТӘУЕЛДІЛІКТЕН ҚҰТҚАРА МА? 

Осыпан біраз уақыт бұрын The Diplomat басылымында қазақстандық авторлардың “Транс Каспий бағыты: Қазақстанның Еуропаға шығар есігі бола ала ма?” атты мақаласы жарияланған еді. Бұл мақалада Қазақстанның мұнай тасымалындағы балама мүміндіктер сөз болады. Президенттің бұл жолғы жолдауында Транскаспий бағытын дамыту қажет екенін тағы да сөз етті. Жаңа Көлік министрлігінің құрылуы да осы бір проблеманың оңтайлы шешілуін қамтамасыз етуден туындаған болуы керек. Азаттық радиосының жазуынша, “Ресей Батыс елдерінің санкциясына ілінгеннен кейін Қытайдан Еуропаға Ресейді айналып баратын бағыттар жаңа серпін ала бастаған”. Тоқаевтың сөзінше, осы бағыттармен тасымал көлемін бес есе ұлғайтуға мүмкіндік бар. “Стратегиялық маңызы бар міндеттің бірі – көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану. Қазір әлемде жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатыр. Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар” деп мәлімдеді ол.

Жолдаудың толық мәтінін мына жерден оқуға болады.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі