///

Тоқаевтың Түркияға алғашқы сапарынан не түйдік?

950 рет қаралды
фото: TRT Haber

10 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Түркияға барды. Бұл оның Қазақстан президенті ретінде Түркияға жасаған алғашқы сапары.

2019 жылғы наурызда президенттік қызмет өкілетін мерзімінен бұрын доғарып, өз орнына Тоқаевты қалдырған, Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында Түркия мен Қазақстан арасында достық қарым-қатынас орнаған еді.

Ақорданың хабарлауынша, Анкара әуежайында Тоқаевты Түркия вице-президенті Фуат Оқтай мен Анкара губернаторы Уәсіп Шахин күтіп алған.

фото: Азаттық

Екі күндік мемлекеттік сапар кезінде Тоқаев Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен келіссөз өткізіп, бизнес-форумға және түрік кәсіпкерлерімен бірнеше кездесуге қатысады. Тоқаев пен Ердоған бұған дейін екі елдің қатысуымен өткен бірнеше халықаралық ұйымдардың шаралары аясында кездескен, бірақ бұған дейін екеуара келіссөз өткізбеген еді.

Тоқаев Ресейдің Украинаға басқыншылығы кезінде Түркияға сапармен барып отыр. Анкара бұған дейін Мәскеу мен Киев арасында араағайын болуға ықылас білдіріп, наурыздың аяғында Стамбұлда Ресей мен Украина делегациялары келіссөз өткізген. Сол келіссөзден кейін Ресей Украина астанасы Киев маңынан әскерін әкеткен болатын.

Бақылаушылар мен әскери мамандар Мәскеу Киев түбінде беті қайтқаннан кейін әскерін әкетуге мәжбүр болды деп санайды. Ресей әскері шегінген соң Киев пен Батыс елдері Ресейді соғыс қылмыстарын жасады, бейбіт халықты ешқандай тергеусіз-сотсыз жаппай өлтіріп, зорлады, тонады деп айыптаған. Мәскеу ондай айыптарды мойындаған жоқ.

Ресей әскерін Донбасқа шоғырландырып, қазір сол аймақта ауыр қару-жарақ пен әскери ұшақтарды пайдаланып, Украина елдімекендеріне шабуыллдап жатыр.

Ресеймен тығыз экономикалық байланысы бар Қазақстан Мәскеудің әскери агрессиясын айыптаған жоқ, бірақ Украина жерінің тұтастығын құрметтейтінін және Украинаның шығысындағы сепаратистік құрылымдарды (Мәскеу оларды тәуелсіз деп таныған) мойындамайтынын мәлімдеген.

Кей сарапшылар Түркия үшін қазір Орталық Азиядағы түркітілдес елдер – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстанмен байланысын нығайтуға мүмкіндік туып тұр дейді. Мәскеу болса Орталық Азияны өзінің бұрыннан ықпал аймағы санайды.

“Азаттық”

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі