////

Ресей мен Украина соғысы: Қазақстанда азық-түлік бағасы қалай көтерілді?

2072 рет қаралды
1

2022 жылы көршілес Ресей мен Украина арасында тұтанған соғыс өрті әлі жалғасуда, әлі аяқталатын түрі көрінбейді. Оның есесіне соғыс салдары көршілес мемлекеттерге де әсер етіп, әлеуметтік-экономикалық проблемаларды қордаландырып жіберді.  Ал Ресей мен Украина соғысы басталғалы бері Қазақстанда азық-түлік бағамы қаншалықты өсті? Бірге сараптап көрейік.

  Бір жарым жылдан бастап, соғыс жағдайларына байланысты үйдің қымбаттауы, автокөлік бағаларының өсуі, азық-түлік бағасының, тіпті, дүкен сөрелерінен кейбір өнімдердің жоғалып кеткендігі байқалады. Бұл мәселеге байланысты Алматы қаласының тұрғыны Аружан Бегімбаева өз шағымын айтты:

 – Алматыға көшіп келгеніме 4 жыл болады. Яғни, 2020-дан бастап осы қалада тұрамын. Бұрында толыққанды жалғыз өзіме азық-түлік алуға 2 аптаға 20 000тг кететін. Бірақ, соғыс басталғалы өзімнің алып жүрген кейбір өнімдерім жоқ. Қант бағасы да көтеріліп кеткен. Алдыңғы жылдың жартысынан бастап, азық-түлікті 30-35 000 шамасында аламын. Оның ішіне сол баяғы көкөніс, тамаққа, тұрмысқа керек заттар. Экзотикалық немесе қымбат ештеңе жоқ.

Соғыстан бұрын азық-түлік жағдайы қалай болды?

2021 жылдың қорытындысы бойынша, жалпы инфляция мөлшері 8,4%-ға жеткен. Ал оның ішінде, азық-түлік бағасы жылдың соңында 10,4% көрсеткіште жылдық рекорд орнатқан. Сол кезде жалпы инфляцияның өсуіне бірден-бір себеп – азық-түлік қымбатшылығы болған. Бірақ, келесі жылдан бастап, Ресейге тауарға тәуелділігімізден айтарлықтай баға шарықтап кеткен.

Дереккөз: https://stat.gov.kz/

Жыл басынан азық-түлік бағасы 3,5 есеге өскен

  Деректерге сүйенсек, Ұлттық Статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылы инфляция көрсеткіші жылдың басында азық-түлік бағасына 9,9% өсім көрсеткішін беріп, ақпан айында 13%-ға дейін жеткендігі байқалады. Ал жыл соңында 25,3%-ға дейін қымбаттаған. Бұл қаңтар айымен салыстырғанда, 3,5 есе көп көрсеткіш көрсетеді.

Дереккөз: https://stat.gov.kz/

Басты проблема: Қанттың жылдық қымбаттауы 60,5%-ға жетті

  Негізі, Украина мен Ресей дүниежүзіндегі бидай мен арпаның үштен бір бөлігін, күнбағыс майының 70%-дан астамын экспорттайды. Ресей тыңайтқыштарды өндіру бойынша бірінші орында тұр. Оның ішінде, Қазақстанда сол кездегі көп қымбатшылық көрсеткен өнімнің бірі – қант.

  2022 жылдың Наурыз айында Ресейден қант экспортына тыйым салуына байланысты қант бағасының күрт өсуі байқалды. Кейін, дүкен сөрелерінде қант дефициті анықталып, тіпті, халық арасында алып-сатарлық өршіген. Осы себептерден кейін Ресейлік қант бағасы ақпан айымен салыстыра келе 34,3%-ға өскен. Ал жылдық бағам 60,5% көрсетті.

  Мамыр айында қант дүкен сөрелерінен қайтадан жоғалып кетті. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов елдегі қант тапшылығын мойындап, оны Ресей тарапынан қант экспортына енгізілген тыйыммен байланыстырды. Яғни, дәл осы жағдайдан Қазақстанның ішкі өнімінің дамымағанын, Ресейге толықтай тәуелділігін көрсетеді. Есеппен алғанда, Қазақстан тек 10-15% мөлшерге өзінің ішкі қажеттіліктерін қанағаттандыра алады.

«Ресей мен Украина арасында тағы бір айтарлықтай қимыл-күштері орын алса, азық-түлік саны тағы өсе бермек»

Экономист Айгүл Бекхожаеваның айтуынша, Қазақстанда өз халқын ішкі өнімімен қамтамасыз ету жүйесі өте төмен деңгейде. Яғни, азық-түлік саласында екі өнімнің біреуі Ресейден шығарылатынын айтады.

«Ресейге тәуелді болған күннен бастап, соғыстың әр қадамында Ресейге тиген әр соққы Қазақстанға тиеді. Өйткені, Қазақстанда ішкі өндіріс салалары қатты дамымаған. Қазірдің өзінде, қанттың көп бөлігін Жамбыл облысы өндіріп жатса да, мемлекетті  толықтай қамтамасыз етуге қауқары жетпейді. Сондықтан, Ресей мен Украина арасында тағы бір айтарлықтай қимыл-күштері орын алса, азық-түлік бағасы тағы өсе бермек».

Бұл мәселені қалай шешу керек?

    Мәселенің шешу жолын экономист Алуа Абдимомынова азық-түлік қауіпсіздігін дамытумен байланыстырады. Оның ойынша, көрші мемлекеттерге тәуелді болмас үшін елімізде отандық бизнестердің ашылуына көп мүмкіндік беру керек.

  «Мысалы, қарапайым сүттің өзіне келсек, оны біз Ресей мен Белоруссиядан аламыз. Бұл жерден көршілес мемлекетке тәуелділігіміздің жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Бұл жағдайдың алдын алу үшін субсидияларды көбірек бөліп, отандық өнімнің дамуына, оның ішінде, азық-түлік саласының өндірісіне мемлекет белгілі бір ынталандыру шараларын жасау қажет. Айта кететін тағы бір дүние, Қазақстанда азық-түлік қоймасы өте аз. Егер елімізде Ресеймен ара қатынасымызды үзген жағдайда, өз-өзімізді қамтамасыз ететін қойма ел санына жетпеуі мүмкін. Сондықтан, бірінші, өндіріс салаларын дамытып барып, қойма санын көбейту керек. Сол кезде елімізде баға тұрақсыздығы мәселесі жойылады ».

  Ресей мен Украина соғысының басталғанына көп ұзамай 2 жыл толады. Алайда, әлі күнге дейін елімізде азық-түлік бағасының тұрақсыздығы тікелей Ресейге тәуелді болып тұр.  Бұл жағдайлар ел тұрғындарының күнделікті өмір сүруіне, күнделікті қажеттіліктерін өтеуіне қиын соғуда.

Құралай Найзабай, 

SDU Журналистика мектебінің 4-курс студенті

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар