///

Аягөздегі трагедия: “Өскеменге көшеміз” – деп жоспарлап, комиссия шешімімен берілген үйден бас тартқан

7522 рет қаралды
фото: Abai.kz сайтынан

Осыдан екі ай бұрын, 25 қазанда Абай облысы әкімдігінің телеграмм каналында Абай облысының Аягөз ауданы Аягөз қаласында өрттен 4 баланың көз жұмғанын хабарлаған қайғылы жазба жарияланды.

«2023 жылғы 25 қазанда сағат 10:49-да ТЖБ күштері мен құралдарын жедел басқару орталығының пультіне Аягөз қаласының жеке үйлерінің бірінде түтін шыққандығы туралы сигнал келіп түсті. 6 адамнан тұратын құтқарушылар бригадасы дереу сол жерге кетті. Өрт сөндірушілер оқиға орнына келгеннен кейін бөлмелердің бірінде 20 ш. м. жиһаздар мен жеке заттары жанғаны анықталды. Өрт сағат  11:10-да оқшауланып,  11.24-ге толық сөндірілді. Өрттің себебі анықталуда. Оқиға орнында төрт баланың денесі табылды. Өлімнің себебі анықталуда. Тиісті сараптама тағайындалып, полиция тергеу жүргізуде» делінген хабарламада.

Minber kz ақпарат агенттігі қазіргі мән-жайды білу үшін Аягөз ауданының әкімдігіне, Аягөз ауданының полиция бөліміне және Абай облысының ТЖД қызметіне арнайы журналистік сауалдар жолдаған болатын. Сол сауалдардың жауабына орай жалпы мәселені талдағанды дұрыс деп отырмыз.

Қайтыс болған балалардың анасы Арай Наурызбаева 2019 жылы бес ай бойы ай сайын (25.04.2019 жылдан 28.09.2019 жылға дейінгі кезеңде) 48031 теңге мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек алып келген. Көрсетілген кезеңде отбасы көпбалалы санатқа жатпайтын, атаулы әлеуметтік көмек 4 адамға есептелген.

Олардың жалпы табысы 240 158 теңге болғандықтан, 2019 жылы  26 қыркүйекте А.Наурызбаева атаулы әлеуметтік көмек алудан бас тарту туралы өтініш берген және жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін ірі қара мал сатып алған.

А.Наурызбаева Аягөз ауданы, Аягөз қаласында Қазақстан республикасының  «көпбалалы отбасылар» санаты бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға кезекте  болған екен. 2021 жылдың 28-ші желтоқсанында аудандық тұрғын үй комиссиясының шешімімен бұл отбасына Аягөз қаласындағы Жаңа көше-2 көшесі, 40 үй, 2 пәтер бойынша жалға берілетін тұрғын үй берілген. Алайда 2022 жылдың қаңтар айында отбасы Өскеменге көшеміз деген жоспармен мемлекеттік тұрғын үйден бас тартыпты. Қайғылы жағдай орын алған кезде балалардың анасы көпбалалы санатпен Өскемен қаласының тұрғын үй кезегінде болған. Кіші екі бала анасының тәрбиесінде болған, шағын орталықтарға немесе балабақшаларға бармаған.

Бүгінгі таңда зардап шеккен отбасына “Ақ Ертіс” және “Аягөз Болашақ” қоғамдық қорларының  есебінен Өскемен қаласында тұрғын үй сатып алып берілген.

Биыл қазанның 25-сінде  Абай облысы, Аягөз қаласы, Барақ батыр көшесі, 266 үй мекенжайындағы өрт салдарынан қайтыс болған 4 баланың өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, басқа ақпарат ҚР ҚІЖК 201-бабына сәйкес жария етілмейді деп жазды Аягөз ауданының полиция бөлімі.

Абай облысы ТЖД қызметінің мәліметіне сәйкес өрт болған кезде балалардың денесін үйден балалардың әкесі шығарып алған. Өрттің шығуының ықтимал себебі өрттің кесірінен төсек-орынның өртенуі мүмкін және төмен калориялы от көзі (сіріңкелердің ашық оты, оттықтар). Бұл ретте, балалардың отпен ойнау себебі жоққа шығарылмайды. Өрттің түпкілікті себебі барлық тиісті сараптамалар өткізілгеннен кейін анықталады.

Кәмелетке толмаған 4 баланың қайтыс болғаны туралы ақпарат түскен кезде, Абай облысы ТЖД психологы, Семей қаласының № 1 емханасының психологымен бірлесіп қайтыс болған балалардың отбасына шұғыл-психологиялық көмек көрсету үшін Аягөз қаласына барған. Оқиға орнына келген психологтар қайтыс болған балалардың ата-анасына шұғыл-психологиялық көмек көрсетуге кіріскен. Психологтармен бірге Аягөз қаласының “Қазығұл” емханасы психологиялық сүйемелдеу көрсетті. Олар жерлеу рәсімі болған кезде, мәйітханада қоштасу рәсіміне қатысты. Тұрақты негізде әрі қарайғы жұмыс пен көмек үшін психологтардың ұсыныстарымен жеке нөмірлері берілді. Бұл отбасын Аягөз қаласының “Қазығұл” емханасының жергілікті психологы бақылауға алды.

“Мінбер” сайты қайғы құшқан отбасына хабарласып, олардың да көңіл күйін білуді мақсат еткен еді. Алайда, отбасы мүшелері біздің қоңырауларға жауап бермеді, хабарландыруларымызды оқығанымен үндемей қалуды жөн көрді.

Жұлдыз Ақтанжанова, 

Өскемен қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар