////

Елдегі су мәселесі: Шешімі қандай?

5429 рет қаралды
Өңдеген: Амина Темірханова

Елімізде су тапшылығы жыл сайын өзекті әрі күрделі мәселе ретінде өршіп келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай Қазақстан су тапшылығына ұшырауы ықтимал. Мемлекет басшысының айтуынша, 2050 жылға қарай еліміз «суға өте мұқтаж» елдердің қатарына қосылуы мүмкін. Қазіргі уақытта Қазақстанда 600 мыңнан астам адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Бұл мәселенің мәселенің себебі мен шешімі қандай?

Су тапшылығы төрткүл дүниеге ортақ мәселе. Қазірдің өзінде әлем халқының 40 пайызына су жетіспейді. Ал дүниежүзіндегі табиғи апаттардың 90 пайызы сумен байланысты екен. Бұл — БҰҰ дерегі.

Қазақстан да су ресурсы тапшы елдер санатында бар. Оған себеп, географиялық тұрғыдан елде табиғи су қоры өте аз және су ресурсының негізгі көзі шекаралас мемлекеттер аумағында орналасқан. Десек те, біз барлық қолжетімді су ресурсын бейберекет және үнемсіз пайдаланып отырмыз. БҰҰ дерегіне сәйкес, қазіргі таңда 2,2 миллиард адам таза ауыз суға жете алмай отыр. Мамандардың айтуынша, елдің экологиялық жағдайы мен ұлттың әлеуметтік әл-ауқаты суды орынды тұтынуға тікелей байланысты. Орталық Азияның басқа республикаларымен салыстырғанда Қазақстан суды ең көп тұтынатын елдер қатарына кіреді. Worldometers мәліметіне сүйенсек, адам басына шаққандағы суды тұтыну бойынша Қазақстан әлемде 11-орында тұр. Республика бойынша тәуліктік норма 3,5 мың литр. Басқа елдермен слыстырсақ, бұл көрсеткіш үш есе аз – бір адамға 1,3 мың литр, ал Германияда – 855 литр болса,Ұлыбританияда – небәрі 348 литр.

Инфографика: Амина Темірханова, Дереккөз: Worldometers

Рейтинг бойынша, суды тұтыну жағынан Түркіменстан мемлекеті көш бастап тұр. Бұл мемлекет адам басына шаққанда тәулігіне 16,3 мың литр су қолданады. Келесі кезекте Чили мен Гайана тұрса, олардан кейін Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан мемлекеттері тұр. Бұл елдерде бір адам тәулігіне сәйкесінше 4,8 мың, 4,5 мың және 4,3 мың литр су тұтынады. Ал АҚШ мемлекеті бір адамға 3,8 мың литр көрсеткішпен жетінші орында тұр. Мамандардың пайымдауынша, Орталық Азия елдерінде суды тұтынудың мұндай жоғары деңгейі су тарифтерінің төмендігімен байланысты.

Деректерге сәйкес, Қазақстандағы таза судың қоры 539 текше шақырым. Мұның 190 текше шақырымы ел аумағындағы көлдерде, 95 текше шақырымы су қоймаларында, 101 текше шақырымы өзендерде, 95 текше шақырымы жер астында, 58 текше шақырымы таулар басындағы мұздақтарда шоғырланған. Елімізге сырттан келетін сулар негізінен өзендер арқылы қалыптасады. Мәселен, трансшекаралық өзендер арқылы бізге жылына Ресейден 8 текше шақырым, Қытайдан 19 текше шақырым, Өзбекстаннан 15 текше шақырым, Қырғызстаннан 3 текше шақырым су келеді екен. Яғни, өзендердегі 101 текше шақырым судың 45 текше шақырымы сырттан келетін болса, 56 текше шақырымы еліміздің өз ішінде қалыптасады.

Инфографика: Амина Темірханова, Дереккөз: Worldometers

Экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлағандай, барлық су қабылдағыштан тұрақты суаруға шамамен 11,6 текше шақырым су келеді. Оның 11, 3 текше шақырымы немесе 97%-ы оңтүстіктегі 5 облысқа тиесілі. Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстарында жалпы суару алаңы 1,61 млн гектар немесе ел бойынша барлық алаңның 73%-ын құрайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің дерегінше, елде суармалы жерлердің аумағы 2,2 млн гектар болса, оның 1,6 млн гектары пайдаланылады.

Инфографика: Амина Темірханова

Негізі Алматы облысында – 1,9 текше шақырым, Жетісу облысында – 1,4 текше шақырым, Түркістан облысында – 3,4 текше шақырым, Қызылорда облысында – 3,5 текше шақырым және Жамбыл облысында 1,1 текше шақырым су жиналады. Осы өңірлерде вегетациялық кезеңнің тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін былтыр Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жұмыс жоспарын бекіткен болатын.

Эколог Азаматхан Әміртай el.kz сайтына берген сұхбатында қазіргі таңда су мәселесі барша халыққа ортақ, сондықтан оны бірлесіп шешу керек деп санайды.

– Қазақстанда су мәселесін 30 жылдан бері тек қағаз жүзінде шешіп келді. Биылғы жолдауында мемлекет басшысы су мәселесіне қатты көңіл бөліп отыр. Суды үнемдеу мәселесі бойынша арнайы заңдар қабылдау керек. Елімізге ағын судың 80 пайызы көрші елдерден келеді. Сондықтан біз су дипломатиясын дамытуымыз қажет. Сонда ғана су мәселесін шеше аламыз. Ауылдар мен елді-мекендерге су жеткізу мәселесі ақсап тұр, әлі күнге дейін көп ауылдарда ауыз су тіпті, шаруашылыққа су жетпейді. Сондықтан бұл мәселені саяси дәрежеде көтеру маңызды. Су мәселесін шешуге тек мемлекеттің құзыры жетеді. Біз оны кәсіпкерлерден сұрап, талап ете алмаймыз. Бұл мәселені тек қана мемлекет басқарады, – дейді эколог маманы Азаматхан Әміртай.

Қытай мемлекеті су ресурстарын пайдаланудың жаңа технологиясын қолдануды ұсынды

Қазақстанға жақын әрі стратегиялық әріптес Қытай мемлекеті су тапшылығын шешу үшін инновациялық әдістерді пайдаланып отыр. Су ресурстарын үнемдеу және жаңа көздерін табу мәселесінде Қытай мамандары суды үнемдеудің екі жолы барын айтып, елдегі тәжірибесін таныстырды.

Қытай халықаралық баспасөз орталығы ұйымдастырған шараға қатысқан Еуразия мен Араб елдерінің 29 журналисі China Urban-Rural компаниясына тиесілі Originwater және Landsky кәсіпорындарында болды. Шетелдік БАҚ өкілдері қытайлық мамандардың ауызсу өндіру технологияларымен танысып, сұрақтарына жауап алды.

2020 жылы Қытайда қалалық ағынды сулардың көлемі 57,1 миллиард тоннаға жеткен. Бұл мәселені шешу мақсатында Чанпин ауданында Originwater компаниясының мембраналық биореактор (MBR) технологиясы қолданылатын суды қалпына келтіру зауыты жұмыс істейді. Originwater вице-президенті Чэнь Чуншэн зауыттың лас суды таза ауызсуға айналдыру жолдарын түсіндірді.

Originwater компаниясын 2001 жылы шетелден оралған ғалымдар құрған. Ол Чжунгуанцун ұлттық тәуелсіз инновациялық демонстрациялық аймағында орналасқан жоғары технологиялық кәсіпорын. Компания Қытайдағы су ресурстарының аздығы, ластануы және қауіпті ауыз су мәселелерін мембраналық технологиялардың көмегімен шешуге бағытталған кешенді шешімдер ұсынады.

Партком хатшысы және CURG басқарма төрағасы Ху Годань компанияның лас суды тазартуда көшбасшы екенін атап өтті.

Қазіргі таңда Originwater муниципалды және өндірістік ағынды суларды тазарту, теңіз суын тұщыландыру, сулы-батпақты жерлерді қорғау, өзендерді кешенді тазарту, муниципалды ландшафт құрылысы, қалалық жарық ортасын салу және қатты су құбырларын жүргізу бағыттарында толық бизнес тізбегін құрды. Сондай-ақ компания соңғы жылдары «Белдеу және жол» бастамасына белсенді қатысып, өнімдерін Малайзия, Ангола және басқа елдерге экспорттайды.

Маманның айтуынша, Сауд Арабиясы, Қазақстан, Өзбекстан және Орталық Азия елдері де Қытай сияқты су тапшылығы мәселесіне тап болып отыр.

Beijing Changping су зауыты 9 гектар аумақты алып, күніне 100 000 тонна су өндіруге қабілетті. Originwater-ның MBR технологиясы жоғары тиімділігімен, ластануға төзімділігімен, ұзақ қызмет ету мерзімімен ерекшеленеді. Бұл технология дәстүрлі әдістерге қарағанда жер учаскесін 40-50% үнемдеуге мүмкіндік береді және жыл сайын 15 миллион тонна жоғары сапалы айналым суын қамтамасыз етеді.

Бұл технология су ластануын азайтып қана қоймай, Хуэйлунгуан мен Оңтүстік Шахе аудандарында ағынды суларды жинау мен тазарту деңгейін жоғарылатады, Бейжіңдегі су ресурстарының тұрақты дамуын және экологиялық ортаның сақталуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындардың өмір сапасын арттырып, іргелес аумақтардың тұрақты дамуына септігін тигізеді.

Баспасөз туры барысында шетелдік БАҚ өкілдері Originwater инновациялық мембраналық технологиялар көрме орталығында болып, құрылғылармен танысты.

Айта кетерлігі, Қазақстанда да су тапшылығы мәселесі әлі де өзекті. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында осы мәселені ерекше атап өтті.

Су тапшылығын бірлескен жобалар жоя алады ма?

Әрине, су тапшылығын шешудің бір ұтымды жолы – жаңа технологиялар. Батыстың жаңашыл суару жүйелерін қолдану суды үнемдеуге, тиімді пайдалануға серпін бермек. Бұл бағытты біршама жұмыс істеліп те жатыр. Мәселен, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов ирригациялық жүйелерді цифрландырумен айналысатын австралиялық Rubicon Water компаниясының өкілдерімен кездесіп, Қызылорда облысында бірлескен жобаны іске асыру мүмкіндігін талқылады.

Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл жоба алдағы үш айдың ішінде дайын болуы тиіс. Ал осы аптада Rubicon Water сарапшылары қосымша гидрогеологиялық және инженерлік-геологиялық зерттеулер жүргізу үшін Қызылорда облысына келеді.

Компания өкілдерінің айтуынша, жоба – суармалы суды 30% үнемдеуге мүмкіндік бермек. Ал Қазақстанның жекелеген фермерлік шаруашылықтарында іске асырылған осындай жобалар өнімділікті екі есеге жуық арттыруға көмектескен.

Сонымен қатар, Rubicon Water өкілдері еліміздің басқа аймақтарындағы су арналарының жағдайын талдау және бағалау үшін Австралия мен Жаңа Зеландиядан сарапшыларды тартуға дайын. Сондай-ақ, компания өз зауыттарының бірін Қазақстанға көшіру мүмкіндігін де қарастырып жатыр.

Министр өз кезегінде қазіргі уақытта күш-жігерді бір өңірге шоғырландыру қажет екенін атап өтті. Оң нәтижеге қол жеткізу үшін алдымен бір өңірде сумен қамтамасыз етуден бастап, суармалы алқаптарда суды пайдалануға дейін жобаны толық іске асыру қажет.

Содан кейін басқа облыстарда қолға алу қажет. Қазір елдің оңтүстігінде судың дұрыс бөлінбеу мәселесі өте өзекті болып отыр. Rubicon Water компаниясының Түркістан облысында да жобалары бар.

Бұл шаралар аймақтағы су тапшылығы мен ғаламдық жылынудың салдарларын жеңілдетіп, өзгерістерге бейімделуге сеп болмақ.

Амина Темірханова

Парақшамызға жазылыңыз

Amina Temirkhanova

Журналист, SMM-маманы, графикалық дизайнер.
Алматы облысы, Қаскелең қаласы, SDU университетінің түлегі.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар