Фото: advantour.com
Алматыдағы мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы жаппай өтемдік ағаш отырғызу талаптарының сақталмағанын анықтады. Бірқатар объектіде жылдар бойы ағаш отырғызылмаған.
Өтемдік отырғызу нормаларында 2023-2024 жылдарға жоспарланған 73 мыңнан астам ағаш отырғызылмаған, жасыл желектер заңсыз кесілген.
Оған агротехникалық қателіктер, қолайсыз жағдайлар және тиісті күтімнің болмауы себеп екен.
– Прокуратура шаралары бойынша уәкілетті орган сотқа 64 талап-арыз беріп, оның 55-і қанағаттандырылды. Вегетациялық маусым басталғанға дейін міндеттемелерді орындау қажеттілігі туралы 49 хабарлама енгізілді, – делінген прокуратураның хабарламасында.
Қазақстан «EcoJer» өңірлік экологиялық бастамалар қауымдастығы аталған жағдайға қатысты дабыл қағып отыр.
– Бұл – экологияға соққы. Әр отырғызылмаған ағаш – ауа сапасын жақсарту, қаланың «жылу аралы» әсерін азайту, биоалуантүрлілікті сақтау және қаланы жайлы ету мүмкіндігінен айырыу.
Заңды орындамау. Өтемдік ағаш отырғызу – ұсыныс емес, бұл ағаш кесуге рұқсат алғандардың заңды міндеттемесі.
Оның ауқымды түрде орындалмауы бақылау мен жауапкершілікте үлкен проблемалар барын көрсетеді.
Белгіленген өтемдік шаралар жылдар бойы орындалмаса, бұл қоғамның келісу рәсімдеріне және қаланың «жасыл» даму идеясына деген сенімін жояды.
Қауымдастық тек сот талқылауларымен шектелмей, мәселенің шешу жолдарын түбегейлі қайта қарау керек деп санайды.
Динара Насыр
Парақшамызға жазылыңыз