//

Есік қаласының тұрғындары балаларының алыстан қатынап оқуына наразы. Мәселе шешімін тапты ма?

1239 рет қаралды

Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласы маңындағы саяжай тұрғындары мектеп жасындағы балаларын үйдің іргесіндегі мектепке бере алмай отырғандығын айтып шағымданған еді. “Мінбер” редакциясы сондай саяжайлардың бірі “Рахат” ауылдық округінің 4-саяжай тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдап қайтты. 

Қарлығаш Нурилова, ауыл тұрғыны: 

МЕКТЕП ЖАСЫНДАҒЫ 4 БАЛАМНЫҢ АЛЫСҚА ҚАТЫНАП ОҚУЫ ШАРШАТТЫ

Қарлығаш Нурилова “Рахат” ауылдық округіне қарасты 4-саяжайдың тұрғыны, төрт баланың анасы. Қарлығаш біраз жылдан бері мектеп тауқыметін тартып келеді. Балаларының бірі 5-сыныпта, бірі 3-сыныпта оқиды. Көршілерінің бәрі балаларын Есік қаласындағы Тоқатаев мектебіне беріп жатқан соң ол да екі баласын амалсыздан сол мектепте оқытқан. Алғашында 4-саяжайға қатынайтын жол да болмады дейді. Қыстағы көк мұзда, көктемдегі балшықта балаларын мектепке өзі таксимен тасып жүріпті. Соңғы 3 жылда 4-саяжайға қарай тасжол салынған соң Тоқатаев мектебінен балалар автобусы қатынай бастапты. Содан бері балаларын ауылдың кіре берісіндегі аялдамаға апарып, автобусқа салып жіберіп, сабақтан келерде күтіп алып жүрмін дейді. Бірақ оның өзіне Қарлығаштың көңілі толмайды. 

– Автобустың сыйымдылығынан екі есе көп бала отырады. Мал тиегендей балаларымызды алып кетеді. Қысылып, терлеп, бір-бірінің үстін кірлетіп зорға барады. Қыстың күні тіптен қиын. Қалың курткамен автобустың ішінен терлеп шығып, сыртқа шыққанда суық ұстап ауырып та қалып жатады. Ал көктемде айналаның бәрі балшық бір бірінің үстіп теуіп, үстілері кір болып келеді. 

Нұргүлай Бақбергенова, ауыл тұрғыны: 

ҚЫСТЫҢ КҮНІ ҚАРАҢҒЫДА ЖАЛҒЫЗ ӨЗІ ҚАЛЫП ҚОЙҒАН

Нұргүлай Бақбергенова 2013 жылдан бері 4-саяжайда тұрады. Жеті баланың анасы. Нұргүлайдың үлкен қызы 3-4 мектеп ауыстыра жүріп оқуын бітіріпті. Қазір оның 5 баласы мектеп жасында. Барлығы Тоқатаев мектебінде оқиды. Нұргүлай да балаларының Есік қаласындағы мектепке барып оқуына қарсы. Мектеп автобусына да сенім жоқ дейді. Кей күндері жүрмей қалатын көрінеді. 

– Бірде қызым дүкенге кіріп шығам дегенше автобус кетіп қалған. Қыстың күні қараңғыда жалғыз өзі қалып қойған. Таксилетіп барып, үйге әкелгем. Одан бөлек автобустан түскен соң, егістік алаңындағы қаңғырып жүрген иттер қауып алған кездер де болған. Бұлай жүре бергіміз келмейді.

“МЕКТЕП СЕНІҢ ҚАРЖЫҢА САЛЫНЫП ЖАТҚАН ЖОҚ”

Бұл тек Қарлығаш пен Нұргүлайдың мәселесі ғана емес. Сол жердегі барша тұрғындардың уайымы. “Рахат”  ауылдық округінің әкімі Қайсар Нұрболатұлының айтуынша Есік қаласы маңындағы 15 шақты саяжайда 15 мыңға жуық тұрғын бар. Оның үш-төртеуі осы Рахат ауылына қарайды. Ал  4-саяжайда 2 мыңға жуық халық тұрады. Әрқайсысының үйінде кемінде 3-4 баладан бар.

Бір жыл бұрын дәл 4-саяжайдың кіре берісінен 900 орындық (екі ауысыммен 1800 оқушы оқуға болады) жаңа мектептің құрылысы басталады. Тұрғындар қуанышымызда шек болмай, құрылыс жұмыстарының аяқталуын асыға күтіп жүрдік дейді. Тіпті жаздың ортасында басшылықтан мектепке жақын саяжайлардың оқушыларын тұрғылықты мекенжай бойынша жаңадан салынып жатқан Әлихан Бөкейхан мектебіне автоматты түрде ауыстырамыз деген хабарландыру да келіпті. Алаңсыз жүрген халыққа сабақ басталуына 10 күндей уақыт қалғанда балаларының ауыспайтынын, жаңа мектепке басқа оқушыларды оқытатынын айтыпты.   

Білім бөлімінің бұл әрекетіне ыза болған халық “Мінбер” редакциясының көмегіне жүгінді. “Мінбер” редакциясы Есік қаласының маңындағы 4-саяжайдың тұрғындарымен кездесіп, мәселенің мән-жайын біліп қайтты.

“Рахат” ауылдық округінің әкімі Қайсар Нұрболатұлы халықпен бірге Еңбекшіқазақ ауданының білім бөліміне барып, өтініш жазып кеттік деді. Ал халық болса білім бөліміндегілер “ол мектепті өз қаражаттарыңа салғызып жатқан жоқсыңдар. Сондықтан кімнің оқитынын сендер шешпейсіңдер” деп өте дөрекі жауап беріп, шығарып салды деп ашулы.

Редакция өкілдері 20 тамызда халықпен бірге Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласында орналасқан білім бөліміне сағат 11:30дың көлемінде барды. Алайда жауапты адамдар орнында болмады. Бірін Астанаға конференцияға кетті десе, бірі Алматыда түстен кейін келеді деді. Халықпен бірге сағат 15:00 ге дейін күттік алайда, білім бөлімінің есігі жабық болды. 

МӘСЕЛЕ ШЕШІМІН ТАПТЫ ДЕЙДІ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ

Оффлайн барып білім бөлімінен ешқандай жауап ала алмаған соң редакция тарапынан сауал жолдадық. Сауалда не себепті 4-саяжайдың тұрғандары дәл қасында тиіп тұрған мектепке балаларын оқыта алмайтынын, 900 орындық Әлихан Бөкейхан мектебінде кімдер оқитынын, құрылыс жұмыстарының нақты қашан аяқталатынын сұрадық. Бұл сұрақтарға 2 күннен кейін Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің өкілі Зарина Булекбаева 4,5-саяжайдың оқушылар ата-аналардың өтініші негізінде Әлихан Бөкейхан мектебінде оқитын болды деп қысқа жауап қатты. 

Редакцияға жауап келген күні, басшылық халықтың басын қосып жиын өткізбек болыпты. Алайда шешімге қанағаттанбаған тұрғындар Алматы облысының орталығы Қонаев қаласындағы облыстық білім басқармасына жол тартқан көрінеді. Білім басқармасы  сол жерде мәселенің шешімін тауып, 4-саяжайдағы 1-11 сынып оқушыларын Әлихан Бөкейхан мектебіне ауыстыратынын хабарлаған. Бұл мәселенің оң шешімін тапқанына редакция таратпынан қуаныштымыз 

Әмина Кемелбай, 

арнайы “Мінбер” редакциясы үшін

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар