////

Шерзат Полат ісі: «Қарулы топпен бірге жүруге қорықпадыңыз, бірақ 102-ге хабарласуға қорықтыңыз ба?»

76 рет қаралды
Коллаж: minber.kz

28 сәуірде Талдықорған қаласындағы Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесі жалғасты.

Төртінші сот отырысында алты куәгердің жауабы тыңдалды. Олар Эльмира Нұрбекова, Дана Жақсыгелді, Юлдаш Розыбакиев, Арлан Қазыкенов, сондай-ақ Самат Әбдіқадыр мен Дәулет Мұратов.

Айта кетейік, бұл сот отырысына Шерзаттың жақындары қатысқан жоқ. Олардың құқықтық мүддесін адвокаттары қорғап жатыр.

Куәгер Эльмира Нұрбекова:
«Мылтық алып шыққан Нұрқанат Ғайыпбаев»

Өткен сот отырысында Эльмира Нұрбекова тергеу кезінде берген жауаптарынан ауытқып, шатасқан еді. Бұл жолы да оның жауабы тыңдалды. Нұрбекова қанды оқиға болған түні сотталушылармен бірге көлікпен «Қамажай» дүкенінің алдына келген. Қазіргі таңда ол – іс бойынша қорғалуға құқығы бар куәгер ретінде өтіп жатыр. 

Сот барысында Нұрбекованың тергеу кезінде берген жауабы бейнежазба арқылы көрсетілді. Онда ол былай деп жауап берген:

– Мен “қойыңдар” деп айқайлаған кезде баланы көрдім. Ол сұр түсті жемпір, қара шалбар киген. Қарап тұрғанымда, Абзал ұрып жатты (ұрып жатқанын пышақ ұстағандай қимылмен көрсетті). Бел жағына ұрды. Ал анау кісі ішпен жерде жатты. Абзал тұрып тұрып ұрды. Балаға қарап, не істерімді білмей қалдым. Мен “қойсаңдаршы” деп тартқан кезде баланы көрдім. Сол сәтте мені біреу қолымнан тартып әкетті, оның кім екенін білмеймін. Абзал ма әлде басқа біреу ме, білмедім. Көлікке қарай сүйреп апара жатқанда алдымда бір әйел кісі жылап, видеоға түсіріп тұрды. Мен оған «Неге видеоға түсіріп жатырсыз, жедел жәрдем шақырмайсыз ба?!» деп айқайладым. Кейін мені көлікке отырғызып тастады. Қыстырылысып отырдық. Кімдер отырғанын байқамадым.

Сонымен қатар, Нұрбекова төбелес кезінде өзімен бірге болған жігіттердің ешқайсысының қолынан пышақ көрмегенін мәлімдеді. Алайда, сотта прокурор Дана Сәрсенбай куәгердің тергеу кезінде берген нақты жауабын еске салды:

– Сіз тергеуде: “Бала жерде жатқан, үсті қан-қан. Бала ішімен жатқанда Абзал қолындағы пышақпен арқа жағынан ұрып жатты” деп жауап бергенсіз. Осы жауабыңызды растайсыз ба? – деп сұрады прокурор.

Эльмира Нұрбекова бұл сұраққа: 

– Ол кезде не дегенімді білмеймін. Қазақша да, орысша да сөйлеп шатастым. Бізді ары-бері тасып, екі күн бойы ұстады. Ұйықтамадық, тамақ ішпедік. Бір кабинеттен екіншісіне апарды. Шынымды айтсам, не айтқанымды білмеймін. Тек үйге тезірек қайтқым келді, – деп жауап берді.

Ол Абзал Шынасылдың қолында пышақ болғанын да, болмағанын да нақты білмейтінін айтып, былай деп түйіндеді: 

– Шынымды айтайын, пышақтың бар-жоғын көрген жоқпын. Көрсем, міндетті түрде айтар едім. Бар қалауым – үйіме қайту болды. 

Бұрынғы жауаптары мен қазіргі мәлімдемелерінің арасындағы қарама-қайшылықты Нұрбекова “шок жағдайда болдым” деп түсіндірді. Нұрбекованың қорғаушысы Дәулетжан Сыздықбеков судьядан осындай сипаттағы сұрақтардың қойылмауын сұрады. Прокурорлар куәгердің жауаптарында қарама-қайшылық барын қайтара айтып, оның қылмыстық жауапкершілік туралы ескертілгенін де есіне салды.

Ал судья прокурорларға:

– Қарама-қайшылық болса, оны сотқа дейін жою керек еді, – деп ескерту жасады.

Нұрбекова өз жауабында мылтықты кім алып шыққанын көргенін айтты: 

– Төбелес кезінде мылтық алып шығып, атқан – Нұрқанат Ғайыпбаев (Шерзаттың ағасы).

Прокурор Дана Сәрсенбай:
«Қарулы топпен бірге жүруге қорықпадыңыз, бірақ 102-ге хабарласуға қорықтыңыз ба?»

Сот барысында Нұрбековаға екінші рет оқиға кезінде неге жедел жәрдем шақырмағаны туралы сұрақ қойылды. Бұған дейінгі мәлімдемесінде ол “байланыс нашар болды” деген еді. Алайда бұл жолы “қолымда телефон болмады” деп жауап берді.

Прокурор Нұрбекованың әрекетіне күмән келтіріп, “неге қарулы ер адамдармен бірге жүруге қорықпадыңыз, бірақ 102-ге хабарласуға қорықтыңыз?” деген сауалды төтесінен қойды. Нұрбекова “қорықтым, мұндай жағдай өмірімде бірінші рет болды” деп қысқа қайырды.

Адвокат Мейірман Шекеев:
«Куәгер Нұрбекованың жауабында қайшылық бар»

Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев куәгердің жауаптарындағы қайшылықтарға ерекше назар аударды. Оның сөзінше, Нұрбекова жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

– Жауаптарында елеулі қайшылықтар бар. Сондықтан сотқа арнайы өтінішхат жолдаймыз. Сот қандай шешім қабылдайтынын күтеміз, – деді адвокат ақпарат құралдарына берген сұхбатында.

Адвокаттың айтуынша, Нұрбекова алғашында қаруды жас бала ұстады десе, кейін бірнеше рет бұл пікірінен айнып, басқаша жауап берген. Сондай-ақ, бұған дейін куәгерге қатысты алты тергеу әрекеті жүргізілгенін, сұрақтарға қазақ тілінде жауап бергенін де атап өтті.

Куәгер Дана Жақсыгелді:
«Абзалдың мылтықты көліктің алдына қойғанын көрдім»

Төртінші сот процесінде осы іс бойынша аты аталған екінші қыз Дана Жақсыгелді куәгер ретінде жауап берді. Белгілі болғандай, ол оқиға болған түні сотталушылармен бірге көлікпен «Қамажай» дүкенінің алдына келген.

Дана Жақсыгелді сотталушылардың ішінде Нұрқияс, Равиль және Абзалды танитынын, ал Азамат пен Нұрбол Тоқтаубаевты жақын танымайтынын айтты.

– Дүкеннің алдында бір топ адам тұрды. Нұрқиястар «сөйлесіп қайтайық» деп көліктен түсті. Эльмира екеуміз дүкенге кірдік. Темекі алмақ едік. Бірақ сатушы «сатпаймыз, шығыңдар» деді. Біз шыққан кезде ерегес басталып кетті. Біреуі жерге құлап жатты. Мен қолымды сілтеп, «қайтайық» дедім де, көліктің артына кеттім. Сол кезде атыс басталды. Бізге қарай сұр киімді, сақалды жігіт мылтықпен екі рет оқ атты. Бір рет оның алдында, бір рет кейінірек. Содан кейін төбелес көшенің арғы бетінде жалғасты, – деді Дана Жақсыгелді.

Куәгер мылтықтың дауысынан қатты қорыққанын, сол себепті полицияға хабар бере алмағанын айтты.

– Мылтықты бірінші рет көріп, атылғанын бірінші рет естідім. Өз өмірім үшін қорықтым, – деді ол.

Оның айтуынша, атыстан кейін көлікке отырып кеткен. Көлік қозғалғанда одан кейінгі оқиғаларды көрмеген. Төбелес біткен соң бәрі қайта көлікке мініп, бірге «777» дүкеніне барған. Сол жерден сусын мен темекі алған.

Сот барысында прокурор Дана Сәрсенбай куәгердің тергеу кезінде берген жауабын оқыды. Онда Дана Жақсыгелді «Абзалдың мылтықты көліктің алдына қойғанын көрдім» деген.

– Олардың бәрі көлікке бірге отырды. Сол кезде бірден мылтықты әкелгенін байқамадым. Көлік қозғалған кезде Абзал алдыңғы орынға отырды, сол кезде мылтық алдыңғы орындықта тұрғанын көрдім. Мылтықтан басқа ештеңе көрген жоқпын. «777» дүкеніне барған кезде Эльмира «Дизи» сусынын алып шыққан. Ішті ме, жоқ па – білмеймін. Бірақ сусынды көліктің қозғалтқыш қақпағына (капотына) қойды. Содан кейін Абзал менен капоттағы сусынды сұрады. Ол еңкейіп, қолын сүртіп тұрды. Абзалдың қолына дизиді құйып жатқан кезде пышақтың жүзін байқадым. Пышақтың жүзін ғана көрдім. Не үшін жуғанын білмеймін, – деп түсіндірді Дана Жақсыгелді.

Сондай-ақ, Жақсыгелді мылтық пен пышақты көрген кезде полицияға хабарласуға батылы жетпегенін айтты.

Куәгер Юлдаш Розыбакиев:
«Абзал “ештеңе айтпаңдар” деді»

Үшінші сөйлеген куәгер Юлдаш Розыбакиев болды. Ол сотталушылардың ішінде тек Абзал мен Нұрқияс есімді азаматтарды ғана танитынын айтты.

– Сол күні достарымызбен Талғардағы әкімдіктің алдында тұрғанбыз. Кейін Қазыкенов Арланмен сөйлесіп тұрғанымызда, Данияр есімді досымның анасы қоңырау шалды. Ол төбелес болғанын айтып, қайда жүргенімізді сұрады. Біз оқиға орнына үш көлікпен бардық. Барған кезде жерде екі адам жатқанын көрдік, екеуі де тірі еді. Қастарында 20 шақты адам жүрді. Артынша Sonata маркалы көлік келіп, сол екі адамды алып кетті. Сол жерде қызғылт түсті бас киім киген әйел жасыл гильзаны алып, көлікке мініп, кетіп қалды. Кейін оқиға орнына полиция мен жедел жәрдем келді. Көршілерінің айтуынша, оқиға орнында Mercedes көлігі тұрған, – деді куәгер.

Оқиғадан соң куәгердің досы Арлан сотталушы Нұрқиясқа хабарласуды ұсынған.

– Арланның көлігіне отырып, ауылға қарай жол тарттық. Нұрқиясты алып кетуіміз керек болды. Барғанымызда сол жерде 6-7 адам жүр екен. Онда Golf пен қара Mercedes көліктері тұрды. Нұрқияс бізге «көлікте күтіңдер» деді. Бес минут өткен соң келіп, «кеттік» деді. Біздің көлікке Абзал Шынасыл мен бейтаныс бір қыз отырды. Төмен қарай кеттік. Mercedes көлігі соңымыздан келе жатып, бір сәтте жоқ болып кетті. Нұрқияс бұрылып, сол көлікті іздеуді сұрады. Осыдан кейін Абзал, Нұрқияс және бейтаныс қыз көліктен түсіп, Равиль мен тағы бір бейтаныс адам біздің көлікке отырды. Біз төмен түсіп, Mercedes көлігінің артынан бардық. Сол жерде полицейлер жүрді, – деді Розыбакиев.

Куәгер көлікте болған кезде сотталушылардың әңгімелеріне құлақ аспағанын мәлімдеді.

– Олардың іске қатысы барын білген жоқпын. Бірақ, сол сәтте Шынасыл Абзал: «ештеңе айтпаңдар», – деді, – деп толықтырды куәгер.

Куәгер Арлан Қазыкенов:
«”Бұл жағдай – біздің тема” деген соң олардың төбелеске қатысы барын түсіндім»

Сот процесінде бүгін тағы бір куәгер – Арлан Қазыкенов жауап берді. Ол да сотталушылардың ішінде тек Абзал мен Нұрқиясты танитынын айтты.

– Достарымызбен әкімдік алдында тұрған едік. Сол кезде бір досымыздың анасы хабарласып, төбелес болып жатқанын айтты. Біз 7-8 жігіт болып «Қамажай» дүкеніне қарай бардық. Барғанда екі адам жерде қимылдап, қиналып жатқанын көрдік. Сол сәтте көліктен түстік. Бір әйел адам жерде жатқан гильзаны алып жатты. Ал Шерзаттың әкесі баланы көлікке салып, алып кетті. Біз көршілермен сөйлесіп тұрдық, – деді куәгер.

Қазыкенов сол сәтте сотталушылардың бірі Нұрқиясқа хабарласқанын айтты. Алайда ол ештеңе білмейтінін, ауылда екенін жеткізген. Нұрқияс «мені де алып кет» деген соң, Қазыкенов Рысқұлов ауылына досы Юлдаш Розыбакиевпен бірге барғанын айтты.

– Ауылға барғанымызда төбелес болғанын шамаладық, бірақ нақты кім ұрғанын, қалай болғанын білмедік. Кейін Нұрқиясқа қайта хабарласқанда, ол «Тенгиз дүкенінің қасындамын» деді. Біз барғанымызда, нөмірлері шешілген қара Mercedes пен Golf көліктері тұр екен. Артынша Нұрқияс “бізді жаңа тас жол жанында қалдырып кет” деді. Көлігіме Нұрқияс, Абзал және бейтаныс бір қыз отырды. Қай қыз екені есімде жоқ. Mercedes пен Golf артта қалып қойды. Біраз күтіп тұрдық, – деді ол.

Куәгердің сөзінше, кейін Нұрқияс Равиль есімді сотталушыны сабырға шақырып, Арланның көлігіне отырғызған.

– Артынша Mercedes көлігінің ізіне түстік. Біраздан соң бір Нива көлігі келді. Бәріміз бір жерге тоқтадық. Сол жерде полиция қызметкерлері бізді ұстады, – деп толықтырды Арлан Қазыкенов.

Сот барысында мемлекеттік айыптаушы оның тергеу кезінде берген жауабын оқып берді. Онда Арлан былай деген:

– Нұрқияс бір сөзінде: «Бұл жағдай – біздің тема» деп айтты. Сол сәтте олардың төбелеске қатысы барын түсіндім.

Сондай-ақ, куәгердің айтуынша, сол түні Абзал мен Нұрқияс мас күйде болған.

Куәгер Самат Әбдіқадыр:
«Нұрқанат “ерегеске келдіңдер ме?” деп сұрады»

Сот отырысында тараптардың сұрақтарына жауап берген бесінші куәгер – Самат Әбдіқадыр. Айтуынша, ол сотталушы Дидар Қалиахметовтың туған бауыры.

– Сол күні мен және бауырларым Дидар мен Дәулет үшеуміз моншадан шығып, дүкенге кірдік. Дүкеннің алдында бір топ бала тұрды. Жарық беріп тұрған прожектор біз жаққа қарап тұрғандықтан, олардың жүзін ажырата алмадық. Дидар мен Дәулет алға қарай өтті, артынан біреу келіп амандасты. Кейін белгілі болғандай, ол марқұм Нұрқанат Ғайыпбаев екен. Ол “ерегеске келдіңдер ме?” деп сұрады. Мен “жоқ, не істейміз оны, біз шалмыз ғой, көлікке келдік” деп жауап бердім. Нұрқанатты сол күні бірінші рет көрдім. Артынша сыра алу үшін дүкенге кірген едік, іште сатушы болмады. Дидар сатушыны шақырғанда, Қаржаубай аға кірді. Ақшамызды дайындап, төлегелі жатқанда сырттан айғай-шудың дауысы естілді. Қаржаубай аға “сатпаймын, жігіттер” деді. Сыртқа шығып, бірден көлікке отырдым. Біздің көлігімізді арттан Мерседес жауып тастаған екен. Көлікті алып, шығып кеттік, – дейді куәгер Әбдіқадыр.

Айтуынша, ол оқиға орнында қандай да бір төбелес болып жатыр деп ойламаған.

– Нұрқанат та, Қаржаубай аға да сабырлы сөйлеп тұрды. Сыртта тұрған 7–8 жігіттің қолынан ешқандай қару көрмедім. Мен көлікте отырған кезде біреу Дидардың капюшонынан тартты. Оның кім екенін көре алмадым. Кейін көлікке отырдық, сол кезде “тах” деген қатты дауыс естілді. Дидар көліктен түсіп кетті. Мен де көліктен түсіп, “Дидар” деп айқайладым. Ол көлікке қайтып келді. Сосын кетіп қалдық», – дейді ол.

Куәгер Дәулет Мұратов:
«Біреу Дидарды киімінен тартып алып кетті»

Іс бойынша жауап алынған соңғы куәгер де сотталушы Дидар Қалиахметовтің бауыры Дәулет Мұратов болды. Ол да қайғылы оқиға болған түні көрген-білгенін баяндады.

Куәгердің айтуынша, олар моншадан шығып, дүкенге келген сәтте белгісіз біреу Дидар Қалиахметовті капюшонынан тартып әкеткен.

– Сол кезде біреу: “Бұлар дүкенге келген адамдар, олардың қатысы жоқ” деді. Сосын мен көлікке отырдым. Артымызда қара түсті Mercedes көлігі тұрды. Кейін көлікке ағаларым Самат пен Дидар келіп отырды. Бір кезде сырттан бір дауыс естіліп, мен көлікті тоқтаттым. Сол сәтте Дидар ағам түсіп кетті. Шамамен 2-3 минуттан соң қайта келіп, көлікпен кетіп қалдық, – деді куәгер Мұратов.

Мұратовтың мәлімдеуінше, олар дүкенде жүрген кезде сатушы болған, артынша бір бала мен екі қыз кірген.

– Ешқандай ерегес байқалмады. Біз дүкенге кіргенде әлгілер “шығыңдар” деді. Сыртта он шақты бала жүрді. Айғай-шу болды. Мен сыртқа шыққанда ағам Дидар “көлікке отыр” деді. Дидарға ешкім хабарласқан жоқ. Тек сырттағы шудан кейін “көлікті тоқтат” деді, – дейді куәгер.

Еске сала кетейік, жәбірленуші тараптың жауаптары алдыңғы сот отырысында тыңдалды.

Парақшамызға жазылыңыз

Amina Temirkhanova

Журналист, SMM-маманы, графикалық дизайнер.
Алматы облысы, Қаскелең қаласы, SDU университетінің түлегі.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Милад Мысырда топ жарды

Фото: спортты дамыту дирекциясынан Мысыр астанасы Каирде спорттық гимнастикадан әлем кубогінің кезекті кезеңі басталды. Жарыстың алғашқы