////

Бақытбек Бәмішұлы: Абылайханға айғыр мінгізген мендік менталитеттің мешеулігі неде?

96 рет қаралды

Өткен ғасырдың басында «Қара қыпшақ Қобыланды» жыры жеке кітап болып басылып шығады. Осы кітапқа кезінде (сөз 1914 жылы Қазан қаласында «Үміт» баспасынан жарық көрген кітап туралы болғансияқты) Әлихан Бөкейханов сын жазады.

«Қобыланды кітабының сыртында батырдың суреті басылған, –  дейді !.Бөкейханов. – Бұл  сүгірет Европа жолындағы кітаптағы кітаптағы жазудан алынған болады… Өзі Тайбурыл, өзі қзан ат сымдай созылатын кітаптың басындағы суретте, тіпті көрінбейді. Кітаптағы ат орыстық «тяжеловоз» дейтін жүк аты, шабандығы өгіздің сәл-ақ алдында; жал-құйрығы құшақ айғыр. Жардағы шын Тайбурыл – азбан. Кітапта суреті салынған  боз айғырдың біре-бір мүшесі, жылқылығынан басқа, Тайбурылға ұқсамайды. Суретке қараңыз, осы боз айғыр қалайшы сымдай созылмақ?» (Бөкейханов Ә. Шығармалар. Алматы. Қазақстан. 1994. – 310-312 беттер).

Осы жолдарды оқығаннан кейін еріксіз ойланып қаламыз. Егер, Әлихан Бөкейханов біздің тәуелсіздік жылдарымызда тұрғызған тұғырдағы «Тайбурылдарымызды» көрсе не дер еді? Бәлкім, «қой мінезді құлындарым-ау, ұятқа қалмай, мыналарыңды құлатыңдар» – дер ме еді үзілді-кесілді.

Олай бола қалған күнде, біз де ұялмай-қызармай дау айтатынымыз кəміл. Өйткені ұлттық рухани, мəдени танымнан мүлдем қол үзіп қалғанымыз миымызға мың айтсаңыз да кіріп шықпайды.

Осындайда Елбасының мына бір сөзі көкейге орала береді:

«Еуропоцентристердің жəне олардың сойылын соққан кеңестік насихат пен тыйымның көшпелілер тарихын саналы түрде кемсіту, көшпелілерді бейқам, жалқау, ынта-жігерсіз, жартылай жабайы тірлік құрушы халық етіп көрсету қазақтың ұлттық сана-сезімін күйретіп-құртатын рөл атқарды» (Назарбаев Н. «Тарих толқынында». Алматы: «Атамұра», 1999, 40-бет).

Осы «рөл» ескерткіш-мүсіндерімізден қылаң беріп тұрғандай. Абылай ханға айыр мінгізіп қойып, ұялмаймыз. Бөкейханов болса, батырын астындағы айғыр емес, «азбан» деп назаланады.

Құрметті оқырман, əңгімеміз құрғақ болмасын. Сөзімізге дəйек болу үшін «Жетісу» өңірі мен Астанаға «барып» қайтайық.

Міне, Алматы облысы. Тоғыз жолдың торабы — Үшаралда əйгілі Жоңғар қақпасына жүзін беріп, төрт бұрыш тұғырда өзі де қақшиып, астындағы қайысқан қара айғыры (қубас ат емес) да қақшиып, қалған бір ескерткіш тұр. Бұл — Дарабоз Қаракерей Қабанбай ескерткіші.

Міне, Нарынқолға барар жолдың бойында, Сарыжаз бен Қайнар ауылының аралығындағы белдердің, бүйірінен атқылаған (атқылатып қойған) бұлақ басынан шыққан, бассыз батырдың көкжелкесінен төніп, жүрекшенің жетесінде қоңыр айғырының құйрығын сынтасқа тас қып байлап тастаған төрт қырлы тұғырда (ақ түйелі əулие емес), қабағы жалбырап тұрған біреуді көресіз. Ол — Райымбек батыр екен.

Ал Қарасай ауданының Қаскелең кеңшарының Мəдениет сарайының қасындағы төртбұрышты тұғырға шығып, қара айғырлы Қарасай батыр тұр.

Астанада, Кенесары көшесінде, батпаққа бата жаздап, талтіректеген астындағы айырының басына ие бола алмай, киіз қалпақты бір шал кетіп барады. Оны он жыл аттан түспеген хас батыр Хан Кене деседі.

Алматыда, Алматы-2 вокзалының алдында, Абылай хан көшесінің бастауында биік граниттің үстінде талпақ табан, құлан жал, жуан құйрық, шардақ қарын айғыр мінген, жалқы айылды, басына ағылшын цилиндрін басып киген қаңбақ шал қолындағы МАИ-дың таяқшасындай бірдемесімен бірдемені нұсқап тұрған сықылды. Ақ туын тіккен атақты Абылай ханның сықпыты осы көрінеді.

Құдай-ау, бұл қазақтың хандары мен батырлары айғыр біткенді шетінен тақымдап мініп алған ба сонда? Айғыр дейміз-ау, дəлірегі, айғырға ұқсас шабан-шардақ. Қабдеш ағамызша айтсақ, «желгенде ішек-қарныңды аузыңа түсіретін қарабайыр, дончактар».

Жанарыңыз не айырға, не оған мінген адамға сүрінбей, керісінше, айғырдың екі бұтының арасына сүңгиді. Еріксіз езу тартасыз. Күлкі. Кекесін күлкі. Мүсін мінсіз болғанда мұнысы көрінбес еді.  Ə. Бөкейханов «Тайбурыл айғыр емес, азбан» деп безектейді, құлақ аспаймыз. Қойылғаны осы, енді қойылмағаны қандай?

«Қазақ əдебиеті» газетінің №3 санының (28.02.03) 1 жəне 11-беттерінде Махамбет-Исатай ескерткіштерінің Б. Əбішев жасаған жобасы беріліпті. «Қазақтың рухын көрсеткім келді.

Эскиз енді өзгеріске ұшырамайды» депті автор А. Исәділге берген сұхбатында. Осы сурет-мүсіндерден біз нені байқадық?

  1. Қос батырдың бірі – оңқай, бірі – солақай. Құдды, «Қыз Жібек» фильмінде сүйіншіге үстіндегі киім-кешек, сауыт-сайманын түгел лақтырып жіберіп, далаңдап шапқан Төлеген сынды.
  2. «Тұлпар мінген», көріп отырсыз, тұлпар мінбеген, құлын кейіпті, құлан жал айғыр мінген.
  3. Дулыға мен домбыра. Дыбыстық үйлесім. Жыр мен жарақ болса, бірі –  күш, бірі  –  ішкі қуат, рухтық үйлесім. Бұл қайда?
  4. Аяғын көтеріп, аузын арындай ашқан айғырдың (арғы) көзінде от, тұла бойында жан жоқ. Əйтпесе сол жылқы нұсқа, тағы да сол дончак қой деймін. Жуасыған!
  5. Бес қаруын сай етіп, ер-тұрманын түгел көрсету мақсат болмаған шығар (Пикассо – іштей көру), бірақ, бұл білінбей, жоқтатпай тұруы керек емес пе? Жоқтатады.
  6. Жау емес, екеуі ермектесіп жаулық көздеп келе жатқан сықылды. Енді ары қарайғысын ішіңіз білсін.

Басқа ескерткіш-мүсіндерге ат басын тірей алмадық. Осы аталған алтауын ойланып, толғанып, тамашалап шыққанда ата-бабаларымыздың біреуінің бойынан от көрдік десек, өтірікші боламыз.

Жоғарыда жазушы ағамыз астарласа да, адалын жеткізген екен. Кешегі жалынды рух, бүгін жуасыған… «Біздің мақсатымыз аруақ шақыру емес. Сізді ойға батыру», –  дейді бүгінгі күннің талант-талғамын таразылап жүрген кісілер. Бəрекелді… Абай мұңға батсын, Шоқан томсарып қабағын түйсін, əл-Фараби сақалың сауып ой сарқысын, Əлия-Мəншүк аяңдасын, т.б. (Алматыда), Астанада, алаңның бір бұрышында бірінің етегін бірі басып отырған үш шал (Төле, Қазыбек, Əйтеке) шүйіркелессін… Мейлі делік. Бірақ енді мынау батыр мен ханның бойынан қайнаған қан көрінуге тиіс еді ғой.

Өнерді өмірге əкелу оңай емес, əрине. Ол –  тума талант, хас шебердің табан ет, маңдай терінен туады.

Анау орыстар осыдан үш ғасыр бұрын, өркениеттің иісі мұрындарына бармай тұрған заманда, етегі аяғына, сақалы таяғына оралып жүріп, шаруасы шақай тартқан заманда Петр I-ге ескерткіш қойыпты. Тұғырды сонау Фин жағалауынан гранит жартасты түбірімен қопарып, жұлып алып, кемеге артып, салға салып Нева өзенінің жағалауына шығарыпты. Оның үстіне екі аяғымен тік тұрған мыс салт атты Петр I-ді тұрғызыпты. Петрдің басын мыстан өзіне ұқсатып отырып, жеке құйып жымдастырыпты. Оның жанарының оқтылығы сондай, көзі шарасынан ұшып шыға жаздап тұр. Мұртының əрбір талының өзі атылғалы тұрған бір-бір жебе дерсіз. Астындағы айғыр –  арғымақ (айғыр міну Петрге жарасады. Өйткені мінерге аты жоқ қой оның) жылан-жауын желкесінен жаныштап езіп, Балтық теңізі тұрмақ, енді бір тебініп қалса, Атлант мұхитынан бірақ қарғығалы тұр. Міне, мүсін, міне, рух! Міне, өнер! Осының көрген ақын ескерткіш түбіне отыра қалып, тізесін үстел етіп жіберіп, аттық жырын ағыл-тегіл төкті-ай келіп. Пушкиннің «Мыс салт атты» поэмасы туды, тумас еркіне ескерткіш қойды ма? Ал, біз ескерткіштеріміздің тап қасына барып тұрып тебіреніп жыр төкпек түгілі, төбемізден жай түскендей боламыз. Абылай ханға айғыр мінгізген несі деп азаланамыз.

Себебі? Себебі, бізде қалыптасып келе жатқан бір əдет бар сынды. Ол –  шын өнерді емес, шынайы көңілді, көңілдестікті, əлімжеттікті, тамырды, таныстықты «бағалау».

Талассаң таласқаныңды шекара асырып бір қарғаға тастай салу («Көшпенділер» фильмі).

Мұны біз жақсы игергендіктен Абылай ханға айғыр мінгізіп қойсақ та мыңқ етпейміз.

Өйткені қазіргі өнер-ескерткішке қояр талап мынаған саналы. Ескерткіштің нобайы бар ма? Бар! Жылқы, иə адам кейпі бар ма? Бар! Теңдерден əйтіп-бүйтіп жеңді ме? Жеңді. Тұғырда тұр ма? Тұр! Бітті. Өнер!

Бұған тоқтамасақ, əдебиеттегі тарихи тұлғаларға жүгініп көрейік. Ақын-жырау, жазушыларымыз, тарихшыларымыз халқымыздың арғы-бергісін қозғап, шығармалар жазғанда отырып алып, бәрін ойдан құрастыра беремей, тарихқа терең бойлап зерттеп, тексеріп, зердесінен өткізіп, шынайы тарихшының күйін кешеді.

Мəселен, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» тарихи трилогиясында «Өзгеден сəл үздіктеу келе жатқан жал-құйрығын түйіп тастаған күрең қасқа жүйрік ат мінген… Əбілқайыр ханның өзі…» дейді (17-бет). Бұл 1456 жылы. Жазушы ханға қалауына қарай қасқа атты əшейін мінгізе салмаған шығар. Біз білмейтін бір тарихи-шежіреге кездескеніне шүбəсізбіз. Егер ол тарихқа үңілмесе, дəстүрді білмесе əрі күшті, əрі шоң болуы мүмкін деп, бізше Əбілқайыр ханға күрең қасқа айғырды мінгізе салар еді ғой. Өйткені осындағы Абылайдың астындағы «Жалынқұйрық» та айғыр емес, ат.

Қазақ баласы атқа болмаса, айғырға ат қоймаған, түсіне қарай ажырата берген. Ат үнемі қолда, ал айғыр үйірде жүретін болғандықтан, солай шығар. Сиырына дейін ат қою əдеті қазақта болмаған ғой.

Қазақ тумысынан жылқымен жағаласып, жарысып өскен. Жер жүзінде жылқының жасын, мінез-құлқын, түр-түсін, қадір-қасиетін, түп-тұқиянын өзгеден артық білетін бір жұрт болса, ол –  қазақ. Соның үшін де біздің тілімізде жылқыға, жылқы ішінде тек атқа байланысты «ер қанаты –  ат; атын барда ел таны желіп жүріп; ат айналып қазығын табар; ат тағайын тай басар; ат аунаған жерде түк қалады»… т.б. толып жатқан мақал-мəтелдер туса, «ат төбеліндей; ат басындай алтын; аттылы-жаяулы; ат бауырына түсті; ат құлағында ойнау; атқа мінер; аттың жалында өсті…» қатарлы фразеологиялық тіркестер қалыптасты. Ат əн мен күйге де арқау болды. «Маңмаңкер», «Ақбақай» сынды əндер, «Құлжакер», «Телқоңыр», «Көкдөнен» сияқты күйлер өмірге келді.

Демек, жылқының символы айғыр емес — Ат!

Осыдан жиырма жыл бұрын халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов «Сəйгүліктер» атты повесть жазыпты. Қазақы жылқының қалай «асылданып» бара жатқанына араша іздеген жазушының жанайқайы еді бұл. «Жылқышылардың да көзді тас қылмай екі шоқып бір қарайтыны да – осы алыстан келген асыл тұқымды арғымақтар. Бір жаманы, бұларда өз үйірін шашау шығармай қайырып жүретін айғыр болмайды екен. Айғырлары қазір ферма орталығында, жылы қорада байлаулы тұр. Оларды тек үйірге түсетін кезде ғана жылқыға əкеліп қосады да, басқа уақытта көк жоңышқа мен сұлыға бөктіріп бөлек ұстайды. Баланы дүниеге əкелуін әкелгенімен, семья бағуға құлқы жоқ, алименттен көз ашпайтын, берекесіз еркек секілді бірдеңелер… Ағыбай олардың, міне, осы мінезін ұнатпайды. Өз үйірін бақпаған, қайырмаған, қажет болса қасқырға қарсы шаппаған айғыр — айғыр ма, тәйірі! Айғыры жоқ үйір жетім-жесір, бала-шаға секілді бет-бетімен шашырайды да жүреді. Шіркін, шын қорымал айғырлардың даланы басына көтере, анда-санда азынаған-кісінегенін өзі неге турады?! Соның өзі жылқының айбары, алдырмас қорғаны тəріздес көрінбес пе еді» (Астын сызған –  Б.Б.) (Жұмаділов Қ. «Сəйгүліктер». Повесть. Алматы: «Жазушы», 1984. 7–8-б.б.).

Айғырдың міндетін бұдан артық қалай жеткізіп айта аларсың. Біз басында үйірді кім бағды дегендегі, бар айып деп үш нүкте қойғанда айтпақ ойымыздың бір түйіні де осы еді ғой.

Қарымды қаламгер Қабдештің қырағылығы ақыл-ойдың алыбы Абылай ханнан табылмай, көк аланың үйірін шырқыратып иесіз қалдырып, арқыратып, азынатып үйір көксетіп айғыр мініп жүрген дегенге нанасыз ба? Біздің бүгінгі ұлттық танымымыздың кейпі осы енді. Жөн білетін қазақ баласы ата мал – айғырға мінуді ар санаған. Мінерге тұяғы жоқ біреу мінсе мінген шығар. Ау, сонда мына ұрпақ айғырды азбаннан, азбанды арғымақтан ажырата алмағаны ма? Ажыратқан болса, ақылшымыздың тым болмаса біреуі «анау алыптардың астындағы айғырды адалдайық» дер еді ғой. Демеді, демек, ешкімнің де дəті жетпеген.

Құртқа Тайбурылды «Қырық күн қулықтың сүтін емізіп, қырық күн қыстырдың сүтін емізіп… Түндікпененен күн беріп, түтікпенен су беріп» бағады. Ары қарай жырда:

«Құнаннан шығып дөненді,

Күн көрмеген көбеңді,

Жуандап мойны өссін деп,

Бір байталға жіберді.

Бестісінде үйретті,

Жібек арқан құлаштап,

Таралып мойны өссін деп,     Ұзынбайлап сүйретті.

Алты жаста ақтады».

(«Төрт батыр». Алматы: «Жалын», 1990, 82–83-б.б.).

Тап-таза, əрі əп-əдемі қысқа үзіндіден қымқырып қалатынымыз, ерекшеленіп көрсеткен екі жол. Аңдағанымыз Тайбурылды бес байталға жіберіп жініктірмеген, бір ғана байталға қосады. Түсіндірме сөздікше, «кестірілген, тарттырылған» демейді. «Ақтады» дейді сыпайы ғана. Осының бəрін біле отырып, біз неге сүрінеміз?

«Түптеп келгенде, күні кеше ғана басқа этномəдени жүйенің ықпалында болған, кейбір қазақтарымыздың мəдени дүбаралыққа (маргинализация) ұрынуы негізінен төл тарихын парықтай алмағандықтан» («Тарих толқынында», 150-бет). Ал, біз тарихқа қазақтың жан дүниесінің ішкі иіріміндегі өзіне ғана тəн танымдық түйсігінің жалғастығы (дүбара емес) тұрғысынан қарадық.

Осыдан кейін айғырды қандай мақсатпен ханға да, батырға да мінгізіп қойғанымызға неге қынжылмасқа?

Абылай ханның аса таяғын шолтитып, Хан Кенеге тізгінді теріс ұстатып, Махамбеттің сауытын сыдырып… алуға дəргейіміз жеткенде, арғымақтарды сұлулауға кездігіміздің жүрмегеніне, əрине, күлеміз. Батырдың бəрі тарттырылған азбан міну шарт емес. Ал, əрбір мүсін бойындағы рух нышаны басқа əңгіме өзегі.

Абылай ханға айғыр мінгізгенімізге алатайдай бола отырып, киелі тарихтың ұзын сонар сүрлеуімен желе жортып шыққандағы айғыр ақиқат –  осы.

Бақытбек Бәмішұлы.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Базар жабылған жыл

Сурет: ЖИ құралдарын пайдаланып жасалған Бұл мақалада айтылатын оқиғалар Батыс Қазақстанда, негізінен бүгінгі Батыс Қазақстан, Атырау