//

Рафаэль Уразбахтин: Жеңілісті өз мойныма аламын

58 рет қаралды

ҚПЛ 26-туры аясындағы кездесуде «Қайрат» өз алаңында Қостанайдың «Тобыл» командасынан 1:4 есебімен жеңілді. Кездесу барысында алматылықтар есепті теңестіргенімен, екінші таймда қарсыластың шабуылдарына төтеп бере алмады.

Ойын «Қайрат» үшін сәтсіз басталды. 18-минутта «Тобыл» сапындағы Урош Милованович пенальтиді сәтті орындап, қонақтарды алға шығарды. Алғашқы таймның соңына қарай «Қайрат» есепті теңестірді. 40-минутта Марк Гуаль қарсылас қақпасын дәл көздеп, есепті 1:1-ге жеткізді.

Алайда алматылықтардың қуанышы ұзаққа созылмады. Бірінші тайм аяқталмай тұрып Милованович екінші голын соғып, «Тобылды» қайтадан алға шығарды. Үзілістен кейін «Қайрат» есепті теңестіруге тырысқанымен, өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Ал «Тобыл» шабуылда тиімді ойнап, есеп айырмасын ұлғайтты. Виталий Лисакович есепті 1:3-ке жеткізсе, кездесудің соңғы бөлігінде Луис Герра қонақтардың төртінші голын соқты.

Осылайша матч «Тобылдың» 4:1 есебіндегі жеңісімен аяқталды. Кездесудің басты қаһармандарының бірі Урош Милованович болды, қостанайлық шабуылшы дубль авторы атанды. Матчтан кейін «Тобыл» бас бапкері Мирослав Ромащенко командасының нәтижесіне көңілі толатынын айтты. Оның сөзінше, футболшылар кездесуде жеңіске жетіп, гол соғуға бар күшін салған.

«Жеңуге, гол соғуға қатты тырыстық. Біз дұрыс бағытта келе жатырмыз және бүгінгі ойын мұны тағы бір мәрте дәлелдеді. Әрине, маған ұнамаған тұстар да болды. Кейбір сәттерді сапалырақ орындауымыз керек. Әрдайым алға ұмтылу қажет және қолда бар нәтижеге қанағаттанып қалуға болмайды» –деді Ромащенко.

Бас бапкер командаға жеңісті ұзақ атап өтуге уақыт жоқ екенін де атап өтті. Оның айтуынша, футболшылардың қуанышы бір күнмен шектеліп, одан кейін команда келесі матчқа дайындыққа кірісуі керек.

«Бізде бүгін қуанып, жеңісті атап өтуге жиырма төрт сағатымыз бар. Одан кейін келесі матчқа дайындалуымыз қажет. Сонымен қатар ойыншыларымызбен жеке психологиялық жұмыстар да жүргіземіз», – деді «Тобыл» бапкері.

Ромащенко кездесуге бірнеше футболшының денсаулығына байланысты қатыса алмағанын да айтты. Оның сөзінше, командада вирус белгілері байқалған. Соның салдарынан Устименко матчқа дайындалғанымен, ойын күні таңертең жағдайы қайта нашарлап, кездесуге қатысатын өтінімге енгізілмеген.

Матчтан кейін «Қайрат» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин команданың ойынына көңілі толмағанын ашық айтты. Ол жеңілістің жауапкершілігін толығымен өз мойнына алды. Уразбахтиннің айтуынша, матч алдында негізгі құрамға бірнеше өзгеріс енгізу қажеттігін сезген. Алайда ол жеңіске жеткен құрамды сақтап қалу туралы шешім қабылдаған. Бапкер бұл шешімін қате деп бағалап, болған жағдай үшін өзін жауапты санайтынын жеткізді.

«Қайрат» бас бапкері команда үшін бұл ойын ауыр соққы болғанын атап өтті. Дегенмен, оның пікірінше, мұндай жеңілістен кейін қорытынды жасап, келесі кездесулерге дайындалу маңызды.

Жанерке Қуаныш.

фото: Мінбер

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Базар жабылған жыл

Сурет: ЖИ құралдарын пайдаланып жасалған Бұл мақалада айтылатын оқиғалар Батыс Қазақстанда, негізінен бүгінгі Батыс Қазақстан, Атырау