Фото: auezov.edu.kz
Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру және заңсыз жолмен алынған мүлікті заңдастыру фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс сотқа жолданды. Тергеу барысында университет басшылығы мен серіктес компаниялардың өкілдері жалған келісімшарттар арқылы 256 миллион теңгені қолды қылғаны белгілі болды.
ҚМА дерегіне сәйкес, университет ректорының міндетін атқарушы, қаржы және әкімшілік департамент директорлары, сондай-ақ серіктес ұйым басшылары күдікке ілінген. Төрт күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
Қаржы мониториңі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті жүргізген тергеу нәтижесіне сәйкес, университет қызмет көрсету, құрылыс-монтаж жұмысы мен тауар жеткізуге байланысты орындалмаған жұмыс үшін жалған құжаттар рәсімдеп, сол негізде бюджет қаражатын аударған. Ақша кейіннен қолма-қол қаражатқа айналдырылып, күдіктілердің иелігіне өткен.
Қылмыстық жолмен алынған кіріс есебінен күдіктілер Mercedes-Benz S-класс, Lexus LX570 секілді 6 қымбат көлік пен Шымкент қаласының орталығынан жалпы құны 254 млн теңгені құрайтын элиталық коттедж сатып алған. Аталған мүлікке сот санкция шығарып, пайдалануға тыйым салынды.
Қаржы мониториңі агенттігі бұл істе тергеуді толық аяқтап, материалдарды сотқа жолдады.
Жадыра Әлібекқызы
Парақшамызға жазылыңыз