Қазақстанда 15-17 жастағы жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсауға талпыну әрекеттерінің жиіленуі баладағы психологиялық және әлеуметтік қолдаудың жеткіліксіздігі, сондай-ақ психикалық денсаулықтың тұрақсыздығынан туындап отыр.
Психикалық денсаулық орталығының мәліметіне сүйенсек, 2020 жылдан 2024 жылға дейін 15–17 жастағы жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол салу көрсеткіші едәуір артқан. 2020 жылы өз-өзіне қол жұмсаған 85 жасөспірім болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 107-ге жеткен. Бұл дерек елімізде әр үш күнде 1 жасөспірім өз-өзіне қол салатынын аңғартады.
Ұлттық статистикалық бюросының мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы 15-17 жастағы жасөпірімнің өз-өзіне қол салғанның ең көбі Алматы қаласында тіркелген – 254 адам. Бұл дегеніміз аптасына, шамамен, 5 отбасы баласынан айырылған. Көш бастап тұрған екі қалада: Елордада – 177, Шымкент қаласында 128 жасөспірім өз өмірін қиған.
«Тұйықтығым үшін әлімжеттік көрдім»
«Әлімжеттік әр мектепте болады. Ол кезде мен 9-сынып оқимын. Тек тұйықтығым мен сабырлы болмысым үшін қатарластарымнан шеттетілу сезімін басымнан өткердім», – деп бастады әңгімесін қазіргі таңда география пәнінен сабақ беретін Алмасбек Мағжанұлы (аты-жөні өзгертілді – ред).
«Өзінен кішіні жұмсау, айтқанын орындамаса ұрып-соғу жиі болатын. Оны несіне жасырайын. Жоғары сынып оқитын оқушылар тарапынан ақша сұрау болып тұратын», – дейді ол. Кейіпкер адам құқығын аяққа таппайтын және күйзеліске түсіріп қана қоймай, жалғыздық сезімге жетелейтін бассыздықты Кеңес дәуірінің сарқыншағы-ау деп айтатын пікірлерге келіспейтінін алға тартады. Оның сөзінше, қазіргі таңда жоғары сынып оқушыларының кіші сынып оқушыларынан ақша бопсалауы «мәдениетті» түрде жүзеге асады.
«Қазір ақша бопсалау Kaspi арқылы жүзеге асырылып жатыр-ау. Мұндайда көбіне 9-сынып оқушылары зардап шегеді. Ең бірінші, жүйке жүйесіне ауыртпалық тиеді. Оқу үлгеріміне кері әсер етіп, сабақтарға қатыспай бастайды. Түнгі жүріс көбейеді. Ал шықпаса «қорқақ», «әлжуаз» атанады. «Анасының баласы» дегендей келемеж сөздерді өзіне оқтайды. Осылайша, адам өміріне қатарластары, ортасы тарапынан қысым басталады. Ал түнгі уақытта шығу талап етілсе, шықпаған баланың жағдайын өзіңіз біліп тұрған боларсыз. Бұл мәселе әлі күнге дейін жалғасып жатыр», – дейді Алмасбек.
Кейіпкер 2016-2017 жылдары өзінен екі сынып жоғары оқитын оқушының үйіне жүгері собығын аршуға барған оқиғасын іштей ақтарылып баяндап берді.
«Өзімнен жоғары оқитын оқушының үйіне барып жүгерінің собығын аршығанымыз бар. Бармасаң келесі күні өздері іздеп келуші еді. Сонда мектепте далада орналасқан сыртқы әжетханада таяқ жейтінбіз. Қазір қарап отырсам, құқықбұзушылықтың нағыз бір көрінісі. Әлімжеттікке қарсы бағытталған іс-шаралар, меніңше, көзбояушылық секілді. Шеттетілу сезімі бар, таяқ жейтініңді ойлағандықтан да, айтқандарын орындауға тура келетін. Үлкен үзіліс кезінде дәлізге шығу қиындау болатын. Жоғары сынып оқитын оқушылардың алдына барып тұру – кіші оқитын оқушылардың міндеті болды. Сол талаптарын орындамасаң, шеттетіліп, жалғыздық күйін кешесің. Мен өте тұйық болдым. Сол тұйықтығым да біршама кедергі жасағаны рас», – дейді ол.
«Таңғалатыным, бұл жүйені мектеп қызметкерінің бәрі біледі. Олардың тарапынан жасалып жатқан «үнсіздіктің» өзі қылмыспен пара-пар екенін олар біле ме? Өз балаларының басына түскен кезде ғана шырылдайды», – дейді ол.
Суицидтік мінез-құлықтың алдын алу
Психиатр-дәрігер, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық ғылыми-тәжірибелік психикалық денсаулық орталығының бөлім басшысы Ринат Хұсайынұлы 15-17 жастағылар арасында өршіп тұрған өз-өзіне қол салу деректерін, суицидтік мінез-құлықтың қалыптасуына әсер ететін факторларды атап өтті.
«Төмендегі графиктен көріп отырғанымыздай, соңғы 5 жылда 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында жасалған суицидтердің саны артқан», – дейді ол.
«Егер соңғы 10 жыл ішінде барлық кәмелетке толмағанның арасындағы суицид статистикасын қарасақ, өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларының жалпы санының азайып бара жатқанын көруге болады. 2020 жылы 15–17 жастағы жасөспірімдер арасында 215 суицид оқиғасы тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 300-ге жеткен. Бұл дегеніміз, соңғы 4 жылда әр жылы шамамен 20 жасөспірімнің өмірі өз-өзіне қол жұмсау салдарынан қиылғанын көрсетеді», – дейді маман.
Ал жас айырмашылығын ескермесек, кәмелетке толмаған жасөспірім арасында тіркелген әрекеттер саны соңғы 10 жылда азайып келеді. Сарапшы тек бір себептің негізінде баланың суицидтік мінез-құлыққа ұшырауын анықтай алмайтынымызды айтты.
«Суицидтік мінез-құлық биологиялық (генетикалық, анатомиялық, физиологиялық), психологиялық (ой, эмоция, тұрақтылық), және әлеуметтік (әлеуметтік-экономикалық, микроорта, қоршаған орта, мәдениет) факторлардың өзара әрекеттесуінің нәтижесінде қалыптасады», – дейді ол.
Сарапшы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне сүйене келе, суицидтік мінез-құлықтың негізгі факторлары ретінде: жалғыздықты, қақтығысқа толы қарым-қатынасты, ауыр материалдық жағдайды және қолайсыз тұрмыс жағдайларын атап өтті.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне сәйкес, 2020-2024 жылдары 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында жалпы тіркелген 466 суицид оқиғасы мен 1149 суицид әрекеттерінің ішінде тек 458 және 1075 жағдайдың ғана себептері көрсетілген.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне сәйкес, 2020-2024 жылдары 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында жалпы тіркелген 466 суицид оқиғасы мен 1149 суицид әрекеттерінің ішінде тек 458 және 1075 жағдайдың ғана себептері көрсетілген.
Сарапшының сөзінше, суицид туралы ойлайтын немесе суицид жасауға талпынған жасөспірім шын мәнінде өлімді қаламайды, ол тек өзінің қазіргі халін «өзгертуге» ұмтылады, өзінің өміріне қол салудан басқа жолдың барын көрмейді. Психиатр-дәрігер баланың жағдайын ушықтырып алмас үшін, оның қалауы мен қажеттілігіне байланысты маманға (психолог, психотерапевт, психиатр) жүгінуге кеңес береді.
Әлия Сүлеймен, Алматы қаласы №200 мектеп-гимназиясының педагог-психологі жасөспірімдер арасындағы әлімжеттіктің себеп-салдарын түсіндіріп берді.
Педагог-психологтың сөзінше, көбіне буллингіге ата-ана тарапынан қолдауды сезінбеген балалар тап болады. Маман өзінің тәжірибесінде кездескен бір жағдайды бөлісіп, буллиңге тап болатын оқушылардың бір себебін түсіндірді.
«А… есімді оқушы сыныптағы оқушылар «мені бөлектейді», «менімен ешкім дос болғысы келмейді», «мұғалім барлық оқушының алдында маған ескерту айтты» деген сияқты жағдайлармен жиі маған кеңеске келетін еді. Жеке жұмыс жүргізіп, әңгімелесу барысында түсінгенім, оқушы кіші сынып кезінде ауладағы көршілердің балаларымен ойнап жүріп, бір баламен келіспей қалып, сол баланың анасынан ұрыс естіген. Осы сәтте «А» есімді оқушының анасы қолдау көрсетпей, көрші баланың анасымен бірге қосылып, өз баласына ұрса бастаған. Осы жағдай балаға ерекше әсер етіп, «анам мені неге қорғамады?» деген ой жиі мазалайтын болған. Үнемі өзіне көңіл аударту үшін, анасының қолдауын қажет етуді сезіну үшін кез келген жағдайды жүрегіне жақын алып, «өлгісі келетінін» жиі айтады. Анасы шақыртылып, бала мен анасы арасындағы мәселе шешіліп, сенімділік қарым-қатынас орнату басты назарға алынды. Қазіргі уақытта А есімді оқушы анасымен қарым-қатынасы жақсы, сыныпта да өз достарын таба білді».
Сарапшы ата-ананың балаға тигізетін кері әсері мен өкінішті салдарға әкелуі мүмкін қателіктерді жасамауға тырысу керегін алға тартады.
«Баланы басқа баламен салыстыру, қателігін үнемі бетіне басып айта беру, жеке тұлға ретінде қарамау, ойына маңыз бермеу, қатаң жазалау, сенім артпау т.б. сияқты баланың бойына өшпенділік, кек, азу, ыза, сенімсіздік, өзін-өзі төмен бағалау сияқты жағымсыз қасиеттерді тудыратын әрекеттерден аулақ болу керек», – дейді педагог-психолог Әлия Сүлеймен.
Дүниежүзілік білім беру ұйымдары әлімжеттікті жекелеген мінез-құлықпен қоса, институционалдық зорлықтың формасы деп те қарастырады. Бұл туралы әлеуматтанушы Нұрсұлтан Серікұлы баяндап берді.
«UNESCO 2019 жылғы баяндамасында әлем оқушыларының шамамен ⅓ бөлігі тұрақты түрде қорлауға ұшырайтынын, ал буллингіге ұшыраған оқушыларда суицид қаупі 2 есе жоғары болатынын мәлімдеген. Бұл мәселені шешу үшін тек оқушы мен мұғалімнің деңгейінде емес, мектеп мәдениетін түбегейлі өзгерту қажет», – дейді ол.
«Америкалық әлеуметтанушы Роберт Фарис пен психолог Diane Felmlee жүргізген зерттеуде мектептегі буллингті билік құралы ретінде сипаттайды. Олар «қысым көрсетушілер — көбінесе танымал және әлеуметтік белсенді оқушылар, ал зорлықтың басты себебі – әлеуметтік мәртебені сақтау не жоғарылату» деп тұжырымдайды. Жасөспірім үшін сыныптан шеттетілу — қоғамнан аластатылғанмен тең. Егер бұл бала отбасынан да қолдау көрмесе, ол өзін түкке тұрғысыз сезінеді. Ондайда «менің жоқ болғаным бәріне жақсы» деген жалған ой қалыптасады. Бұл аса қауіпті белгі», – дейді әлеуметтанушы.
SDU университетінің Психологиялық қолдау орталығының психолог маманы, «Қолданбалы психология» білім беру бағдарламасы меңгерушісі Диана Кәрім жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесіне қатысты тың көзқарасын ортаға салды.
«Статистика бойынша, 15-17 жастағы жасөспірімдерде суицид жиі кездеседі. Бұл жас ерекшеліктері психологиясына сүйенсек, өтпелі кезеңде балалық келбет келмеске кетеді. Жасөспірімдік кезеңде тұлғалық сәйкестікті (identity) қалыптастыру маңызды даму міндеттерінің бірі де бірегейі. Бұл кезеңде жасөспірімдер өздерін тануға, өмірлік мақсаттарын анықтауға және әлеуметтік рөлдерін қабылдауға тырысады. Қысқаша және қарапайым тілмен айтқанда, әлемдегі орнын айшықтауға және анықтауға қадам жасайды. Алайда, кейбір жағдайда тұлғалық сәйкестіктің қалыптасуындағы қиындықтар мен ішкі қайшылықтар эмоциялық күйзелістерге алып келуі мүмкін. Мұндай жағдайларда жасөспірімдерде өмірдің мәні мен болашағы туралы теріс ойлар пайда болып, суицидтік ойларға ұласуы ықтимал», – дейді Мәдени және экзистенциялық орталығының «Әйел және гендер психологиясы» лабораториясының меңгерушісі.
Суицид – күрделі көпфакторлы құбылыс. Оның пайда болуына ішкі және сыртқы факторлар бірлесіп әсер етеді. Сыртқы факторларға келесідегі жағдаяттар жатады:
- Қоршаған ортадағы әлеуметтік қысымдар (әлімжеттік, отбасыдағы жанжалдар, әлеуметтік оқшаулану);
- Қаржы жағынан қиындықтар;
- Қиын өмірлік жағдайлар (жақын адамын жоғалту, зорлық-зомбылық);
Бұл сыртқы факторлар адамның ішкі психологиялық ресурстарын әлсіретіп, суицидтік ойларға алып келеді.
Алайда, сыртқы факторларға жауап беретін, төтеп беретін ішкі факторлар да болады. Мысалы, сыртқы агрессияға жауап берудің орнына, адамның «интрапунитивті» икемділігі болуы мүмкін. Яғни өз-өзін жазалау (ағыл. “Intra”- ішке, “punitive” – жазалағыш). Бірақ, экстрапунитивті бейімділігі болса да, ол адам сыртқа, әлемге деген дұшпандық қарым-қатынас танытуы мүмкін. Яғни, экологиялық жолмен сыртқы факторларға жауап бере алмауы, яғни жанына жайлы, қоршаған ортаға зиян келтірмейтін жолмен шеше алмауы. Бірақ, бұл кезеңде осындай (деструктивті емес) конструктивті жолды көрсететін, үйрететін не қорғайтын ересек адамның болмауы сыртқы факторға келіп тіреледі.
«Көп жағдайда адам ішкі күйзелісін ашық білдірмей, оны іштей тұншықтырады. Осындай күйзелісті эмоцияны ішке жинап, оны конструктивті түрде сыртқа шығара алмау кейде интрапунитивті (өз-өзіне бағытталған) реакцияларға әкеледі. Бұл аутоагрессияға, яғни ішкі ашуды өз-өзіне бағыттауға себеп болады. Ал мұндай бағыттың бір салдары депрессия болуы әбден мүмкін. Алайда, суицид пен күйзелісті теңестіруге болмайды. Күйзеліс маңызды факторлардың бірі болғанымен, ол жалғыз себеп емес. Өмірден бас тартуға итермелейтін жол — психологиялық, әлеуметтік, экономикалық, мәдени факторлардың күрделі тоғысуы. Адам өзін жалғыз сезінуі, түсіністік пен қолдау таппауы, қоғам тарапынан қысым көруі, сондай-ақ өмірлік дағдарыстарды еңсере алмауы — мұның бәрі суицид қаупін арттыра алады».
Сол себепті, «күйзеліс жоқ — демек қауіп жоқ» деу де, «депрессия бар — демек суицид болады» деу де — біржақты әрі қате тұжырым. Бұл мәселе әрқашан терең, жеке және кешенді түрде қарастыруды талап етеді.
Диана Кәрім Арон Бек әзірлеген депрессияның алғашқы белгісін анықтаудағы шкаласының маңызын атап өтті.
«Арон Бек әзірлеген Депрессия шкаласы – адамның көңіл күйінің өзгерістерін, эмоциялық ауыртпалығын және депрессиялық белгілердің деңгейін анықтауға негізделген ғылыми құрал. Бек шкаласы адамның ішкі күйзелістерін нақты әрі құрылымды түрде бағалауға мүмкіндік береді. Жоғары балл (29-73 балл – депрессияның ауыр түрі) жинаған жағдайда маманнан кеңес алған дұрыс», – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, «Опросник суицидального риска (модификация Т.Н. Разуваевой)» деп аталатын диагностикалық сұрақнама посткеңестік мәдениетке сай ғана емес, арнайы жасөспірімдерге арналған, яғни мәдени және жас ерекшелік контекстті ескереді. Тест алу барысында осындай ерекшеліктерді ескеру керек, себебі ол жасөспірімдердің психологиялық жағдайын нақты бағалауға мүмкіндік береді. Диана Кәрім депрессия бойынша әйгілі психологиялық тестілеулер қазақшаға аударылмаған және ұлттың дүниетанымы мен болмысына сай бейімделмеген дейді.
«Психологиялық зерттеудің көбі осы WEIRD (Wester, Educated, Industrial, Rich, Democratic) популяцияда (мысалы, АҚШ, Канада, Батыс Еуропа елдерінде) жүргізілген. Сондықтан көптеген теория мен нәтиже бүкіл адамзатқа тән деп есептелсе де, шын мәнінде олар біздің қоғамға тән болмауы мүмкін», – дейді ол.
Психолог Диана Кәрім жоғарыда келтірген шкалалар адамның өз-өзін түсініп, зерттеуіне және сол зерттеулер нәтижесінде кәсіби маманға жүгінуге арналғанын, олардың белгілі бір диагноз қоюға арналмағанын алға тартады.
Атыраудағы NIS директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Раушан Кәрімжанқызы өз-өзіне қол жұмсау туралы ойлары болуы мүмкін деген балалармен жұмыс істеудің маңызды аспектілерін бөлісті.
«Баламен сөйлесу барысында, ең біріншіден, баланың суицид туралы ойларының бар-жоғын анықтап, сондай әрекетке баратын нақты жоспарының бар-жоғын тереңінен табу керек. Екіншіден, баланың өміріне қауіп келтіретін факторларды анықтап, нақты жағдайға қатысты не себеп болғанын білу керек: бұл нақты бір жағдай ма, әлде депрессиялық күй ме. Баланың қандай ортада өсіп жатқанын, ата-анасымен қарым-қатынасын, оқу үлгерімін, достары мен қызығушылықтарын білу өте маңызды. Оның физикалық денсаулығын да ескерген жөн», – дейді маман.
Алматы қаласы Білім басқармасы Психологиялық қолдау орталығы директорының міндетін атқарушы Венера Сембекқызына әлімжеттіктің балалардың психоэмоциялық жағдайына қалай әсер ететіні туралы сауал жолдадық.
«Әлімжеттік көрген баланың ішкі әлемі жаралы болуы мүмкін. Бұл кезеңде психолог баланың эмоциясын ашық айтуына, ішкі күйзелісін жеткізуіне мүмкіндік беретін атмосфера қалыптастырады. Психолог пен бала арасындағы сенім – кез келген терапиялық жұмыстың табысты жүруінің басты шарты. Балаға кешенді психоэмоционалдық диагностика жүргізіледі. Оның күйзеліс деңгейі, өзін-өзі бағалау дәрежесі, қорқыныштары, әлеуметтік бейімделуі жан-жақты сараланады. Жалпы алғанда, буллингіге ұшыраған балалардың эмоциялық жағдайы өте ауыр. Орталыққа келетін өтініштердің шамамен 30-35%-ы әлімжеттікпен байланысты. Әсіресе, 10-15 жас аралығындағы балалар жиі көмек сұрайды. Бірақ әлімжеттіктің себебі тек бір фактормен шектелмейтінін ескеру керек. Әдетте, бұл жағдайға отбасыдағы қолдаудың жоқтығы, ата-ана назарынан тыс қалу, өзін тыңдайтын ересектердің жоқтығы, эмоцияны басқару дағдыларының дамымауы, әлеуметтік оқшаулану мен жалғыздық сезімі сияқты қосымша факторлар әсер етеді. Осы тұста мектеп психологының әрекеті баланың үнін естуге, өзіне деген сенімін оятуға, жанына жарық сыйлауға бағытталуы керек. Себебі кейде бір жылы сөздің өзі баланың ішкі жан айқайын тоқтататын, оны өмірдің жарық нұрына қайта сендіретін ең үлкен көмекке айналады», – деп үн қатты маман.
Жасөспірім – болашақтың үні. Егер біз бүгін сол үнді естімей, елемей қалсақ, ертең кеш болуы әбден мүмкін. Сондықтан әр балаға «сен керексің», «сен маңыздысың» дей алатын қоғам қалыптастыру — баршамыздың ортақ міндетіміз. Өмірге сенім — сөзден емес, сезімнен басталады. Ал сезім жанашырлықтан туады.
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ
Парақшамызға жазылыңыз