//

Қазақ елі ақын Мұхтар Шахановты ақтық сапарға шығарып салды

151 рет қаралды
Screenshot

84 жасқа қараған шағында дүниеден озған Мұхтар Шахановты ел-жұрты ақтық сапарға шығарып салды.

Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, көрнекті ақын әрі қоғам қайраткерімен қоштасу рәсімі өтті. 

Қаралы жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ақынның замандастары мен шығармашылығын қадір тұтқан қалың оқырман жиналды. Сондай-ақ, шет елден арнайы келген делагация қатысты. 

Қоштасу рәсімінде Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдаған көңіл айту жеделхатын оқып берді. Жеделхатта ақынның қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан өлшеусіз үлесі, тіл мен руханият жолындағы еңбегі ерекше атап өтілген.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Мұхтар Шахановтың ұлттық әдебиетті жаңа белеске көтерген тұлға екенін атап өтті. Ол ақынның шығармашылығы мен азаматтық ұстанымы қоғам үшін әрдайым маңызды болғанын жеткізді.

– «Мұхтар Шаханов бар ғибратты ғұмырын қастерлі сөз өнеріне арнап, қазақ поэзиясын жаңа белеске көтерген, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан қоғамымыздың тұғырлы тұлғасы еді. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол әдеби мұра қалдырған Мұхтар Шахановтың жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады», – деді ол.

Сонымен қатар, қырғызстандық жазушы Шолпонбек Абыкеев Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың көңіл айтуын жеткізді.

Қаралы жиынды жүргізген Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов өз сөзінде ақынның әдебиеттегі орнына тоқталды.

– «Мұхтар Шаханов – Махамбет Өтемісұлынан кейін шындықты тайсалмай айтқан, ешкімнен қаймықпаған сирек ақындардың бірі. Оның азаматтық үні әрдайым халық жанында болды. Тайсалмады, тартынып қалмады. Егемендікке дейін де, егемендік жылдары да ана тілінің айбынын көтеріп, абыройы үшін аз күрес жүргізбеді. Мұнысына мұқым қазақ куә. Сөйте-сөйте ұлтының асыл перзентіне айналып кетті. Марқұмның жаны жаннаттың төрінде шалқысын!», – деді ол.

Жиын барысында ақынның 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы тұсында Мәскеуде өткізген поэзиялық кеші де еске алынды. Бұл қадам сол кезеңдегі тоталитарлық жүйеге қарсы батыл рухани үн ретінде бағаланды.

Қоштасу рәсімінен кейін марқұмның денесі туған жері – Отырарға жеткізілді. Аңыз даланың абыз тұлғасын қазақ халқы ертең жер қойнына тапсырады.

Айта кеткйік, жаназа рәсімі 22 сәуір күні сағат 10:00-де Түркістан облысы, Отырар ауданына қарасты Жаңа Шілік ауылында өтеді. 

Ақынның денесі сол күні сағат 11:00-де Отырар ауданы, Қоғам ауылдық зиратына жерленеді. Ал ас беру сағат 12:00-де Отырар ауданы, Шәуілдір ауылындағы «Жұлдыз» мейрамханасында өтеді.

Жадыра ӘДІЛБЕКҚЫЗЫ

Сурет: Мақсат Құсайын



Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Мұхтар Шаханов дүниеден озды

Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек ері, көрнекті ақын, драматург, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған