Фото: t.me/aqorda_resmi
Бүгін – Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. 1930 жылдары Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған және 25 мың адам ату жазасына кесілген.
Осы жылдары қазақстандық ғылым, мәдениет және саясат саласының зиялы қауым өкілдері атылды.
Тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев: «Алаш идеясына топтасқан ұлтшыл зиялыларды Кеңес билігі қатаң бақылаудың астында ұстағаны соншалық ОГПУ бір жылда 4 дүркін Сталинге есеп беріп отырған»,- дейді.
Ұлтшылдардың басшылары ретінде: Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сейітқали Меңдешев, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллин және тағы басқа қазақ азаматының есімдері аталып, оларға қарсы, «идеялық күресті күшейту қажет» екендігі айтылған.
Жалпы 1930-1953 жылдары 40 миллионнан астам кеңес азаматы репрессияға ұшыраған. Әсіресе бұл заңсыз жазалауға Кеңес Одағы құрамында болған барлық халық мен ұлттың бетке ұстар интелегенция өкілдері ұшыраған. Осы кезеңде қазақтардың 40 пайызы қаза тапқан.
Қазақстанда бұл күні Президент Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып аталған 1997 жылдан бастап атап өтіледі.
1993 жылдың 14 сәуірінде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР заңы қабылданды.
Бүгін Тоқаев «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды-мұражай кешеніне барып, гүл шоғын қойды. Ол ата-бабаларымызды ақтау жолында жұмыс тоқтамайтынын айтты.
– Төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашу – ата-бабалардың және кейінгі ұрпақтың алдындағы қастерлі борышымыз. Соңғы жылдары бұл бағытта нақты жұмыс жүргізіліп жатыр.
Осыдан 5 жыл бұрын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Көптеген сарапшылар мен ғалымдар үш жыл бойы тынымсыз еңбек етті. Мемлекеттік және мекемелік архив құжаттары егжей-тегжей зерттелді. Саяси қуғынға ұшыраған 300 мыңнан астам азамат ақталды. Екі жарым миллионнан астам материалдың құпия белгісі алынып тасталды, – деді Президент сөйлеген сөзінде.
Оның айтуынша, комиссия зерттеген құжаттар негізінде 72 томдық жинақ дайындалған.
Қуғын-сүргін кезінде Алашорда қайраткерлеріне қатысты қозғалған істер 12 том болып жарыққа шыққан. Бұрын еш жерде жария етілмеген құжаттар алғашқы рет ғылыми айналымға енгізілген.
Сондай-ақ Президент архивінің жанынан ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құжаттарын зерттеумен айналысатын арнайы орталық ашылып, бұрын құпия болып келген 700 мың құжат, яғни қылмыстық іс осы орталыққа тапсырылған.
Дайындаған: Динара Насыр
Парақшамызға жазылыңыз