Меңдібектің бала кездегі арманы киім шығару, киім және сән саласында жұмыс істеу болған. Мектепте оқыған кезде сурет салған. Ең алғашқы тігін машинасы апасының машинасы болған екен. Тігіп-тігіп ол машина бұзылған. Содан кейін Меңдібек өзіне машина сұрай бастапты. Кейін ата-анасы іс тігу машинасын алып береді. Бірақ басында алып бермес бұрын ата-анасы оған «Ол іс машинасы саған не үшін? Не істейсің оны? Ер баланың ісі емес бұл» деп қарсы болады. Арман қуған тігінші бала өз дегенінен қайтпай, ақыры машинасын алдыртады. Сол кезден бастап Меңдібектің болашақ мамандығы анықталады.
Біздің кейіпкеріміз – Орал қаласына белгілі дизайнер, «MEKO» брендінің негізін қалаушы Меңдібек Нұрғалиев. Биыл қаланың тарихи, көне және сәулет ескерткіштеріне бай бөлігі Н.Назарбаев атындағы даңғылда өзінің өндіріс цехын және «MEKO» брендінің маркетін ашты. Біз келгенде шебер ұжымымен бірге цехта қызу жұмыс үстінде еді. Біз таныстықты цехтан бастадық.
Меңдібек Нұрғалиев: Бұл біздің өндірістік цех. Осында 15 адам жұмыс жасайды. Оның ішінде цех басшысы, пішуші, тігінші дизайнерлер, мобилограф, бухгалтерия, сатушылар, техникалық қызметкерлер бар. Мені қоса есептегенде 4 дизайнерміз, олар – графикалық дизайнер, технолог-дизайнер, модельер-дизайнер және закройщик. Пішушілер әмбебап маман болып келеді. Олар пішеді, әрі тігеді, бір-екі маман ғана тек пішеді. Штаттағы қалған қызметкерлер тігіншілер. Біз екі бағытта жұмыс жасаймыз. Біріншіден, өзіміздің дүкендерге дайын өнім шығарамыз. Екіншісі, арнайы тапсырыспен тігілетін бұйымдар. Мысалы, жергілікті облыстық филармония, мәдени орталықтар, театрлар тапсырыс береді. Сонымен қатар, көрші облыстардан да тапсырыстар қабылдаймыз. Айта кетсек, наурыз айында Атырау қаласынан түскен тапсырысты орындадық.
– Киім үлгілерінің дизайны қалай дайындалады?
– Мына жерде біздің дайын үлгілер. Бірінші дизайн жасап аламыз. Содан кейін бекітіп, шығарамыз. Алдымен каталог дайындаймыз. Мысалы, биылғы 2025 жылдың жаз бен күз айына шығатын үлгілер бар мына жерде. Жаңа коллекцияны шығару, ол шағын коллекция болса да үлкен жұмыс. Біріншіден біз ізденеміз, принттарды тағайындаймыз. Дизайнерлар жұмысын тәмәмдап болғаннан кейін, эксперимент жасап көреміз. Эскиздер мен сынақ үлгілерін жасаймыз. Мысалы, бомберлерге қолданатын бұйымдар бөлек, кестелерге Мәскеуге тапсырыс береміз. Бізге олардың технологиясы ұнайды. Тап-таза, тып-тығыз. Бізде әзірге ондай әдемі қылып жасайтын технология жоқ. Мысалы, осындай сынақ маталардан басып шығарып береміз. Бұл жазда шығатын кестелер, принттер бұрын қатты болса, қазір халыққа икемді, арасынан ауа өткізіп тұрады, сосын бұлар 30-40 жууға шыдайды. Содан кейін не шығарамыз, трендте не бар, не сұранысқа ие екенін, не күшті өтіп жатқанын зерттейміз. Шыны керек, ашық нарықтамыз ғой. Бірақ біз тәуекел деп, кез-келген қиялдағы бұйымдарды шығара бере алмаймыз. Себебі оның бәрі қаражатты талап етеді. Сол себепті коммерциялық жобаларды көп қараймыз. Сонымен қатар халықтың көңіл-күйі, ішкі күйі қандай, олар не айтқысы келеді, оған да көңіл бөлеміз. Осыған байланысты өзіміздің киім үлгілерімізді шығаруға тырысамыз. Қазір Қазақстанда шығарылған, жергілікті өнім, киім деген кезде бұрынғыдай сапасына күмәнмен қарайтын стереотип жоқ. Қазір Қазақстан десе дұрыстап, ізденіп, қызығушылықпен қарайды. Ұлттық нақыштағы заманауи киімдерге сұраныс артып жатыр негізі.
– Бала арманыңыз іс тігу машинасына отырғызды, апаңыздың машинасын бұзып, ата-анаңызға жаңа машина алдырдыңыз, ал дизайнерлікке, жеке брендке қалай келдіңіз?
– Кейін университетке оқуға түсіп, оны тәмамдадым (М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, бейнелеу өнері, сызу және еңбек факультеті). Мамандығым мұғалім, бірақ мұғалім мамандығы бойынша жұмыс істемедім. Бірден осы кәсіпті аштым. Басында ателье ретінде тапсырыстар қабылдап, киім тігіп жүрдік. Ал негізгі арманым – дайын дүние шығару болған еді. Ол жолға ұзақ келе алмай жүрдім. Себебі оның қыр-сырын білген жоқпын. Біздің жерде ол жоқ деп айтсақ та болады. Бұйымды қалай шығару, оны нарыққа жеткізіп, шығару, сату деген жоқ болатын. Ал ателье жұмысын жүргізу бойынша білімім бар. Сол себептен мен ательеде киім тігіп жүрдім. Маған бір көмек болған пандемия уақыты. Барлығы жабылып қалды, тұтынушылар болмай қалды, тапсырыстар да болмады. Ұжымдағы қыздар жұмыста отыр. Енді не істейміз? Киім тігіп, инстаграмға жариялайық деген ой болды. Солай пандемия кезінде киім сатуды бастадық.
– Өзіңіз өндірген өнімді нарыққа шығару, өткізу, сату кезінде қандай қиындықтар бар?
– Бұл өте қиын процесс. Мен футболка шығаратын болсам, менімен қатарлас Түркия, Қытай, Қырғыз елдері мыңдаған футболкалар шығарып жатыр. Мысалы, «Азия Молл» сауда үйіне футболкаларды сатуға шығарамын. Менімен қатар, Ресей компаниясы Gloria Jeans, одан басқа Түркия елінен мыңдаған кәсіпкерлер футболка алып келіп жатады. Осы елден LC Waikiki, Kotton футболка шығарып жатады. Мен де олармен бәсекелестікке түсемін. Баға жағынан ұтылып жатамын, сапа жағынан олардан қалмаймыз. Тұрақты клиенттерімізден жақсы пікірлер естіп жатамыз. Егер бірдеңе ұнамай жатса, жақсарту үшін ұсыныс жасап жатса, оларды тыңдаймыз. Мысалы, бір жерін қысқартып немесе ұзартып жасайсыз ба деген ұсыныс болса және ондай ұсыныстар көп болса, өзгертуге тырысамыз. Тұтынушылардың сұранысына тез кері байланыс береміз, ашықпыз. Басқа елдің киімдерінің, мысалы шалбарлардың біздің Орта Азияда тұрып жатқан адамдарға өлшемдері келмеуі мүмкін. Сондықтан өзіміздің елде тұратын адамдардың физиологиялық ерекшеліктерін есепке алып, бейімдеп тігеміз.
– Қала бойынша қанша «MEKO» маркет дүкені бар?
– Қалада 3 дүкен бар. Біріншісі «Орал» сауда орталығында. Екіншісі «Азия мол» сауда орталығында. Үшінші дүкенді орталықта жаңадан ашып жатырмыз. Қаланың ескі орталығы, цехымыз ескі ғимараттың ішінде орналасқан, бөлмелері үлкен, төбесі биік. Жалға алып отырған жеріміз өте жақсы, жайлы, тұрған жері де күшті. Біздің ойымызша, Оралдың жүрегі – бұл ескі орталығы. Орал осы жерден басталған. Қаламызға шетелден қонақтар келіп жатса, олар міндетті түрде біздің ескі даңғылмен жүреді ғой. Егер біз өзіміздің жергілікті өнімдерімізді шығаратын болсақ, сол кезде бізге келген қонақтар жергілікті шеберлердің жұмыстарын көреді, естелікке сатып алады, сыйлық ретінде басқа жерге алып кетеді. Біздің мақсатымыз – жергілікті өнімді қала тұрғындарына ғана емес, келген қонақтар, туристерге ұсыну, танымал ету. Бұл да эксперимент ретінде ашылған дүкен. Әзірге тұтынушылар не алады, қалай алады, көзқарастары қалай, оларға ыңғайлы ма деп зерттеп отырмыз.
– Еңбек нарығындағы қалыптасқан қазіргі жағдайда сізге мамандар табу қиын ба?
– Біздің саламызда маман табу өте қиын. Мен өзім қаладағы жоғарғы оқу орындарында, колледждерде сабақ беремін. Қазіргі жастар бұл мамандықты сұранысқа ие, танымал мамандық деп ойламайды. Мысалы, олар осы мамандықтың иесі болып жақсы ақша табамын деп ойламайды. Сол себептен де маман табу қиын. Мен әрине шақырамын, мамандық туралы айтамын. Бірақ, бір жағынан жастарды да түсінемін. Қазіргі нарықтың талабы сондай. Бірден «успешный успех» болу керек, бірден ақшасы көп болу керек. Бәрі де айфон алғысы келеді, шетел көргісі келеді. Оның барлығы қаражатқа тіреледі. Әрине, бұл саланың қаражаты аздау, табыс деңгейі төмендеу.
– Ұжымдағы жұмыс жасайтын қызметкерлер жергілікті Орал қаласынан ба?
– Иә, қызметкерлерім жергілікті адамдар. Басында студенттер болған. Жаңа айтып өткенімдей колледж, университетте сабақтарым бар. Оқу орындарында жақсы, қабілетті студенттер болса, өзіме жұмысқа шақыруға тырысамын. Алдымен олар тәжірибеден өтеді. Содан кейін оларға «Бізге қалып, жұмыс жасаңыз» деп ұсыныс жасаймын. Кейбір студенттер оқып жүріп, әрі қарай жұмысты жалғастырып кетеді. Олар үшін адаптация жеңіл өтеді. Дизайнерлер мен бухгалтерлер қашықтан жұмыс жасайды, аутсорсинг қызметін пайдаланамыз.
– «MEKO» маркет дүкендер желісінде тек қана киім емес, одан бөлек шопперлар, бас киімдер бар сияқты?
– Иә біз киімнен бөлек, аксессуарлар тігеміз. Панамка, бинни бас киімін, шоппер, сөмкелер, белдіктер шығарамыз.
– Ұлттық киімдерді, өнімдерді қазіргі күнге, күнделікті өмірге бейімдеп шығарып жатады. Ал сіз өнімдеріңізге ұлттық және этно элементтерді пайдаланасыз, оларды қалай зерттеп, қалай табасыз, қалай жасайсыз?
– Жақсы сұрақ. Түпкі мақсат неден басталды? Менің ең бірінші ойым, Түркі елдерін зерттейтін болсақ … Орта Азиядағы Қазақстанның болмысы өте ерекше. Өзім орыс мектебін бітірдім. Орысша ойлаймын. Бірақ бір кездерден бастап қазақша кітап оқи бастадым. Қазақ тілін оқи бастадым. Қырғыз, Түрік, Өзбек елдеріне барғанда тілдерін біле бастадым. Кейбір сөздердің мағынасын терең зерттей бастадым. Бір сөз бізде бір мағына берсе, оларда басқа мағына береді екен, кейде ұқсас. Түркі тілдері өте бай, тарихы өте қызықты. Мысалы, Қытай елдерінің кітаптарын оқып, музыкасын тыңдап, фильмдерін көріп, тарихын оқыған адамдар оларға қызығып, соған тән киініп, сол стильді ұстанып еліктей бастайды. Мен сол кезде біз Орта Азиядағы бай мәдениеті бар халықпыз, неге өзіміздің мәдениетімізді жасамаймыз деп ойладым? Қарап тұрсақ бір үлкен пласт бар, ол әлі ашылмаған, қазылып жатқан тастар сияқты. Оларды қазба байлықтары сияқты аша беруге, аша беруге болады. Біздер бүгінгі таңда шапандар, тақиялар сатып жатырмыз. Бірақ бұл тек жоғарғы жағы, оны әлі де терең ашуға болады. Ол мәдениетті беру үшін біздер «мягкая пропаганданы» пайдалануымыз керек. Шапандарға ою салған жоқпын, күнделікті киіп жүрген киімдерге аздап сала бастадым. Әрбір киімде өзінің бір иісі, түркі тілдес бағыты бар, мәдениеті, философиясы, мағынасы бар. Қарапайым футболка. Кішкентай элемент. Барлығы кішкентай заттардан басталады.
– Қаладағы кофеханаларда қызмет көрсететін персонал Сіздің футболкаларды киіп, фартук тағып жүргенін көрдім.
– Иә, біз олармен коллаборация жасаймыз. Маған ұнайтыны, жергілікті кофеханалар мынадай мақсат қояды. Олар осындай футболка, өлшемі және жазуы осындай болсын деп ұсыныс жасайды. Сосын біз «MEKO» деген жазуын алып тастайық па?» деп сұраймыз. Олар «Жоқ, алмаңыз. Дәл сол «MEKO» деген жазу болсын» дейді. Біз сізді жарнамалаймыз, сіз бізді жарнамалайсыз. Бұл маркетингтегі мықты құрал. Халық та жақсы қабылдайды. Мысалы, «323», «PLOFF» орталығы, «Sheker», «Буржуй», «El Divino» сияқты кофехана, мейрамханалармен коллаборация жасаймыз. Олардың өздерінің талаптары бар, бірақ біздің бренд киімде қала береді.
– Сіз наурыз айында Қытайға іскерлік сапарға барып келдіңіз, сол туралы айтып берсеңіз.
– Сапарды ұйымдастырған Алматы қаласының сауда-өнеркәсіп палатасы. Жергілікті жеңіл өнеркәсіп саласында жұмыс жасайтын, атап айтқанда киім саласында жасайтын кәсіпкерлерді жинап, бизнес миссия жасаймыз деген ұсыныс жасады. Ұсынысты қабыл алғандар шығындарын өз қалтамыздан шығардық. Бірақ қызықты ұсыныс болған соң мен келістім. Орал қаласынан екі кәсіпкер келісті: мен және Лунара Илхамқызы. Лунара балалар киімдерін, мектеп формаларын, киімдер тігеді. Сапар Шанхайға, ондағы өнеркәсіп орындарына болды. Жалпы мақсатымыз көрмеге қатысу болды. Көрме 3 күн бойы 4 бағытта өтті: киім тігетін маталар, үй бұйымының маталары, тоқыма жіптер, жаңа технологиялық маталар көрмелері. Оған қоса кездесулер болды, ең қызықтысы да сол болды. Біздер Қытайдағы киім шығаратын фабрикаларға бардық. Әрине, ол жерлерге барғаннан кейін менің айтар сөзім болмады. Қытай мемлекеті қай деңгейге дейін дамығанын сөзбен айтып жеткізу қиын.
– Қытай фабрикаларындағы жабдықталу жағынан не байқадыңыз?
– Шанхайға сапар кезінде тігін, кесте, кесу және басқа тігін жабдықтары кіретін «Shanggong Shenbei (Group) Co., Ltd» кәсіпорнына, сонымен қатар «Chengfeng group» тігін кәсіпорнына, «Changllege Co» және «Hikari (ShangHai)» кәсіпорындарына бардық. Сапар аясында «Қытай халықаралық сауда жәрмеңкесі: киімге арналған маталар мен аксессуарлар – көктемгі шығарылым», «Қытай халықаралық сауда жәрмеңкесі: үй тоқымасы және аксессуарлар – көктемгі шығарылым», «China International Fashion Fair 2025 (наурыз айындағы шығарылым)», «Қытай халықаралық тоқыма жәрмеңкесі: көктемгі шығарылым (PH Value)», «Қытай халықаралық сауда жәрмеңкесі: талшықтар мен иірілген жіптер» сияқты көрмелеріне де бардық. Әрине әлдеқайда алға дамып кеткен. Барлығы жасанды интеллектпен жабдықталған. Роботтар. Технологиялар. Барлығын цифрландырған. Біздің өндірісте ол жоқ. Сапар барысында маған көмекші болған құрал жасанды интеллект. Менің сөздерімді оларға, олардың сөздерін маған аударып берді. Құр аудармашы емес, мағынасымен аударып беріп тұрды. Мен сапар кезіндегі барлық кездесулерде, жиналыстарда жасанды интеллектіні кеңінен пайдаландым.
– Фабрикаларда жұмыс істейтін адам қолы аз ба?
– Адамдардың қолы ешқашан азаймайды. Адамның саны дүние жүзінде көбейген сайын жасанды интеллект барлық жұмысты жаба алмайды. Демек, роботтар мен жасанды интеллект арқылы жұмыстың өнімділігін арттырады, жұмысты жеңілдетеді. Мысалы, адам бір күн шығарса, робот 2-3 минутта жасап тастайды, сапасы да жақсы. Тағы бір артықшылықты байқадым. Бұрын менде «қытайлықтар бір кесе күріш үшін жұмыс жасайды», «олардың жұмыстары арзан, олар көп, аз жалақыға жұмыс істейді, олар таңнан кешке дейін бастарын көтермей жұмыс істей береді» деген стереотип, түсінік болды. Олай емес екен. Олар қолмен емес, мимен жұмыс жасайды екен. Шанхайда 28 миллионға дейін адам өмір сүреді, интернетке сенетін болсақ. Өзім үшін бір қызық дүниені байқадым, Шанхайда кешкі 10-нан кейін биіктігі көкке жететіндей зәулім ғимараттардың жарығы өшеді, көп қабатты ғимараттарда жарықсыз, көшелердегі шамдар ғана қалады.
– Қытаймен серіктестік мақсатта байланыс орнатылды ма?
– Әрине, біздің негізгі мақсатымыз – жергілікті өндірушілермен тәжірибе алмасудан тыс, жақсы коллаборация жасау не олардан жақсы бұйымдар сатып алу, технология сатып алу не оларға бір жақсы ұсыныстар жасау болатын. Мысалы, Алматы қаласынан Наталья Ашхабадова деген кәсіпкердің мақсаты – қарасораны өңдеу технологиясын көру болды. Әлемде қарасора өндірісі жақсы орында, ол арқылы маталар шығарады екен, медицина саласында қарасора сығындысын, майларын жасайды екен. Қытайға осы бағыттағы ұсыныстар жасау үшін барған екен. Біздің жерде қарасораны өсіруге болады, оны өңдейтін технология керек. Біздің елімізде босқа қалып жатқан өнімнің бірі – қойдың жүні. Қалай өңдеуге, өндіруге болады, олардан қалай өнім жасап шығаруға болады? Осы бағыттардағы технология іздеп барған кәсіпкерлер болды.
– Жеке өзіңіз Қытаймен байланыс орнату жоспарыңызда бар ма?
– Әрине. Сапардан оралғаныма көп уақыт өтпеді, әзірге барлық ойлар миымда. Байланыс орнату керек. Қытайға барған кезде ең бірінші есіме түскені «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген Бауыржан Момышұлының сөздері. Біз, қазақ елі кішкене еркіндікті жақсы көреміз. Аз-кем бағынбайтын, тыңдамайтын мінезіміз бар. Ол бірақ эволюциялық келген нәрсе ғой. Соның арқасында, осындай мінез, қасиеттердің арқасында ел болып жерімізді сақтап қалдық. Қазіргі күні нарықтың талабына сай өндіріс шығаратын болсақ, біз бойымызға тағы да басқа қасиеттерді сіңіруіміз, дамытуымыз қажет, ол – тәртіп.
– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?
– «MEKO» брендін, «MEKO» маркет дүкендер желісін әрі қарай дамыту, өнімдерін дамыту. Сонымен қатар, басқа салада да кәсіпкерлерге көмектескім келеді. Мысалы, басқа брендтерге даму жағынан, үйрету жағынан, өнімдерді шығару жағынан, коллаборация, серіктестік жағынан да көмектескім, қолдау көрсеткім келеді. Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас дей ме? Жергілікті нарықта жалғыз өзің жұмыс жасау қиын. Жалғыз жалғыздан жеңілеміз, бірігу керек. Жақсы өнім шығарамыз десек, бәсеке көп болу керек. Жалпы сол саланың кластері тұтас даму керек. Тұтастай саланы, кластерді дамыту үшін, бірігіп қызмет ету, дамуымыз қажет. Мұғалім, ұстаз ретінде тәжірибем бар, сабақ бере аламын және сабақ беріп, шәкірт тәрбиелеп жүрмін. Алдағы уақытта осы тәжірибемді де дамытып, елге пайдалы дүниелер жасасам деген ойым бар.
Сұхбаттасқан Альфия Шамай.
Парақшамызға жазылыңыз