Алматыда 80 жасында дүниеден озған Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Темірхан Медетбекті ел-жұрты ақтық сапарға шығарып салды.
Бүгін Қазақстан Жазушылар одағының «Әдебиетшілер үйінде» қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, қоғам қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Темірхан Медетбекті соңғы сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Жиынға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар мен туыстары, мәдениет қайраткерлері қатысты.
Темірхан Медетбектің жаназасы Жазушылар одағының ғимараты алдында оқылып, марқұмның денесі Алматыдағы «Кеңсай-2» зиратына жерленді.
Қаралы жиынды Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов жүргізді. Ол өз сөзінде:
– Жаңаөзен оқиғасы кезінде батыл айтып, өткір сөйлеген бір адам болса – ол Темірхан Медетбек. Темірхан – ешкімнен қаймықпайтын, батыр ақын еді. Бар қазақты құшағына сыйдырғысы келді, – деп еске алды.
Жиын барысында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хатын көпшілікке жария етті.
Сондай-ақ, белгілі қаламгерлер Бексұлтан Нұржекеев, Смағұл Елубай, Тынымай Нұрмағамбетов, Өтеген Оралбай сөз сөйлеп, ақын туралы естеліктерімен бөлісті. Марқұмның жерлестері мен туыстары атынан мемлекет қайраткері Ислам Әбішев жиналған жұртқа алғыс айтты.
– Темкеңнің алғашқы өлеңдерінің тыңдаушысы да, машинкаға басатын да мен болдым. Бірінші сыншысы едім. Ол үнемі жазушылардың ортасын сағынып жүретін. Біз Ақтауда тұрғанда, Алматыдан келген журналистер мен ақындарды үйге шақырып, солардың әңгімесін естіп, бір марқайып қалатын еді. Өмір бойғы арманы – шығармашыл ортаға келу болатын. Содан 1996 жылы сәті түсіп, Алматыға көштік, – деп еске алды марқұмның жұбайы Шолпан Төлегетаева.

Оның айтуынша, Темірхан Медетбек студент кезінде жазушы Әбіш Кекілбаевпен жақын таныс болған. Алғашқы өлеңдері 1964 жылы «Лениншіл жас» газетінде жарық көрген.
– Темірхан Медетбек – тік мінезді, тез ашуланып, жылдам басылатын мінезді кісі еді. Ел мен жердің мәселесіне келгенде шын күйінетін. Ештеңеден қаймыққан жоқ. Шындығын айтамын деп, өмір бойы күресті. Шындығын айтып кетті, – деді Шолпан Төлегетаева «Мінбер» тілшісіне берген сұхбатында.

Ақын Ұлықбек Есдәулет Темірхан Медетбектің ақындық болмысы туралы былай деді:
– Қазақтың ар-намысты, ар-ұятты, адамгершілігі, адалдығы кемел, еркін, тәуелсіз болғанын, кейінгі ұрпақтың да сондай болуға тиіс екенін көрсететін шығармалар жазды. Темірхан Медетбек – тасқа тамыр, темірге жан бітірген ақын деп жазғаным бар. Өзі қайтпас, қайсар, әділетсіздікке төзбейтін, Алаштың алдаспан ақыны еді. Мен ол кісіні екі ғасырға тең ақын деп айтар едім. Ағамыздың қазасы жанымызға қатты батты. Темірхан дәуірі мәңгі өмір сүре береді.
Темірхан Медетбек 1945 жылы 6 наурызда Түркістан облысында дүниеге келген. Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институттың тіл-әдебиет факультетінде білім алған. Ол қазақ телевизиясында редактор, облыстық газетте бөлім меңгерушісі, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, теле-радио комитет төрағасы, «Ақиқат» және «Жұлдыз» журналдарының бас редакторы қызметтерін атқарған.
Жадыра Әділбекқызы
Фотолар автордан