/////

Республикалық «Ұлан» газеті 95 жылдық мерейтойын атап өтті

279 рет қаралды

Биыл қазақ балалар баспасөзінің қарашаңырағы саналатын республикалық «Ұлан» газетінің жарық көргеніне 95 жыл толды. Осыған орай, бүгін Алматы қаласында орналасқан Ұлттық кітапханада басылымның мерейтойы тойланып, тарихы мен бүгінгі жетістіктері кеңінен атап өтілді.

Ғасырға жуық тарихы бар бұл газет алғаш рет 1930 жылы 14 наурызда «Пионер» атауымен жарық көріп, кейіннен «Октябрь балалары», «Қазақстан пионері» деп аталды. Ал 1990 жылдан бері «Ұлан» атауымен оқырманға жол тартып келеді.

– 1990 жылы газетке «Ұлан» атауын берген сол кездегі редактор Ғалым Доскен ағамыз еді. Осы уақытқа дейін газетті 24 редактор басқарды. Ол кісілердің фотосуреттерін көрмеге қойдық. Балалар басылымының бүгінгі тойы – ұлттың тойы деп айтсақ та болады екен. Өйткені біз мерейтойды 200 адамға жоспарлап едік. Алайда шақырту жіберген қонақтар саны 500-ден асты. Себебі «Ұлан» газеті біраз адамның балалық шағының куәсі болған. Бұл – соның көрінісі, – деді газет редакторы Жадыра Нармаханова.

Жадыра Нармаханова

Газет тарихында Сансызбай Сарғасқаев, Кемел Тоқаев, Әбілфайыз Ыдырысов, Фариза Оңғарсынова, Сейдахмет Бердіқұлов, Бейбіт Қойшыбаев, Ғалым Доскен сынды қазақ руханиятының көрнекті өкілдері бас редактор болған.

Жиын «Ұлан» газетінің тарихынан сыр шертетін «Ұлан – ұлағатты үнпарақ» фотокөрмесінен басталды. Фотокөрмеде балалар басылымының ең жарқын сәттері, ел есінде қалған оқиғалар, әр кезеңнің бас редакторлары мен журналистерінің, жас тілшілерінің естеліктері қамтылған.

«Ұлан – ұлағатты үнпарақ» фотокөрмесі

Іс-шара барысында «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан және Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, ҚР Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенқызының өкілдері арнайы құттықтауларын табыстады.

Құттықтаулар табысталған сәт

Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектеп-интернатының, №143 мектеп-лицейінің және №58 мектептің оқушылары сүйікті басылымдарына ән-жырдан шашу арнап, мерекеге сән қосты.

Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектеп-интернатының, №143 мектеп-лицейінің және №58 мектептің оқушылары

– Домбыра – жан дүниемді ақтаратын ең асыл қазынам. Адам өз ойын сөзбен немесе іс-қимылмен көрсетеді. Ал мен өз сезімдерімді жеткізу үшін қолыма домбырамды аламын, – дей отыра, А.Жұбанов мектебінің оқушысы Саятұлы Нұрәлі «Ұланға» «Сарыарқа» күйін арнады.

Нұрәлі Саятұлы

Шараға Абай атындағы мектептің айтыскер оқушылары да қатысып, өз өнерлерімен көпшілікті тәнті етті.

Абай атындағы мектептің айтыскер оқушылары

Мерейтой барысында жазушы, публицист, ғалым, «Ұлан» газетінің 1977–1980 жылдардағы бас редакторы Бейбіт Қойшыбаев, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, еңбек сіңірген қайраткер, «Ұлан» газетінің 1986–1989 жылдардағы бас редакторы Бейсенбай Сүлейменов сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті.

Бейбіт Қойшыбаев пен Бейсанбай Сүлейменов

– Балалар басылымының журналисі болу – өте қиын әрі қызықты іс. Кезінде осы балалар басылымында қызмет істеген журналистер өз жұмыстарын шын сүйетін әрі барын салып қызмет атқаратын еді. Сол кісілер қазір балалар әдебиетіне өз үлесін қосып жатыр. Соның ішінде Талғат Айтбайұлы 25 жылдан бері өз қаржысына журнал шығарып отыр, – деп атап өтті Бейсенбай Сүлейменов.

Бейсенбай Сүлейменов

Сондай-ақ «Ұлан» газетінің мерейтойына 60 жылдан бергі оқырманы Бекмырза аға да қатысып, сөз сөйледі.

– «Ұлан» газеті – менің балалық шағымның естелігі. Мен бұл басылымды мектепте оқып жүрген кезімнен бастап оқып келемін. Бұл газет менің жолымды айқындап берді. Осы басылымды оқығаннан кейін әдеби кітап оқуға бет бұрдым. Менің балам да газеттің жас тілшісі болды. Қазір немерем осы басылымға мақала жазып жүр. Бұл – ұрпақтар сабақтастығы, – деп, Бекмырза аға «Ұланға» «Афоризмдер» жинағы атты кітабын тарту етті.

«Ұлан» газетінің 60 жылдан бергі оқырманы Бекмырза аға

Шара соңында газеттің қазіргі редакторы Жадыра Нармаханова сөз алып, келген көпшілікке өз алғысын білдірді:

– Бүгінде редакциямызға арналған түрлі сыйлықтар келіп жатыр. Газеттің барлық авторларына, оқырмандарына және жас тілшілеріне үлкен рақмет! Мерейтой қарасыңында «Ұланның» жас тілшісі Ақбота Мұсабекқызы 50 балаға газет жаздырып берді. Интернет дамыған заманда мұның өзі – үлкен көмек деп айтуға болады. Барлықтарыңызға мың алғыс! – деп, редактор жиынды қорытындылады.

Мерейтой соңында «Ұлан» газеті мен Зейнолла Сәнік қорының ұйымдастыруымен оқушылар арасында өткен «Тастүлек» шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды.

«Тастүлек» шығармашылық байқауының жеңімпаздары

Балаларға арналған басылымдардың ішінде дара жол салған «Ұлан» газетінің 95 жылдық мерейтойы – тек өткенді еске алу емес, болашаққа бағдар жасаудың да сәті. Сан буын оқырманның жүрегіне жол тапқан бұл басылым уақыт сынынан сүрінбей өтіп, бүгінгі күнге дейін өз миссиясын лайықты атқарып келеді. Ендеше, «Ұланның» мерейтойы – бала жүрегіне үміт пен шабыт ұялатқан шығармашылық еңбектің, рухани мұраның және ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі.

Жадыра Әділбекқызы
📸
Фото-суреттер автордан және Досжан Балабекұлынан

Парақшамызға жазылыңыз

Amina Temirkhanova

Журналист, SMM-маманы, графикалық дизайнер.
Алматы облысы, Қаскелең қаласы, SDU университетінің түлегі.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар