«Казахский чуваш» телеграм-арнасының авторы Кирилл Павлов Астанада «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ-нің бастамасымен қозғалған сот үдерісінде жеңіліп қалды.
Павлов Жамбыл облысындағы шегіртке шапқыншылығы туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат таратты деп айыпталып, қоғамдық тәртіпті бұзуы мүмкін деген негізбен кінәлі болды. Даудың өзегі – «Қазақша чуваш» телеграм-арнасында жарияланған жазбада зиянкес — италияндық прус Жамбыл облысында бес миллион гектардан астам аумақты жайлап алды деген мәліметтің таралуында жатыр.
Ол Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сүйене отырып, 2024 жылғы шілде айында Жамбыл облысында шегірткеге қарсы 96 мың гектар жер өңделгенін алға тартқан. Алайда өңірде зиянкестің таралу аумағы 3,5 миллион гектардан асатынын айтып, бұл көлемнің өте аз екенін көрсеткен. Сондай-ақ, 2024 жылы осындай күрес шараларына 8,1 миллиард теңге бөлінгенін де атап өткен.
Постта былай делінген:
«Ауыл шаруашылығы министрлігі оптимизмге бәс тікті. Болжам: “Шегіртке 2,1 млн гектарды қамтиды”. Бәлкім ауыл шаруашылығы министрлігі шегірткені былтыр жеңіп тастадық деп ойлайтын шығар. Бірақ тәуелсіз бағалау бойынша, бір Жамбыл облысының өзінде марокколық шегіртке 3,5 млн гектарды қамтуы мүмкін. Бұдан бөлек азиялық шегіртке және италиялық прус бар».
Бұл жазбаға байланысты полицияға шағымды «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының» Жамбыл облыстық филиалы түсірген. Мекеме өкілдері зиянкестердің таралуы жөніндегі ресми болжау мен статистиканы тек өздері ғана беруге құқылы екенін мәлімдеді.
Шегіртке мәселесіне қатысты әлеуметтік желіде бірнеше жазба жариялаған Павлов 25 сәуір күні Facebook парақшасында:
«Ауыл шаруашылығы министрлігі оптимизмге бәс тіккен секілді. Болжам бойынша: шегіртке 2,1 миллион гектарды қамтиды. Бәлкім, министрлік былтыр шегірткені жеңіп тастадық деп ойлайтын болар. Алайда тәуелсіз бағалау бойынша, тек бір Жамбыл облысының өзінде морокколық шегіртке 3,5 миллион гектарға дейін таралуы мүмкін. Одан бөлек, азиялық шегіртке мен италиялық прус та бар», – деп жазған.
Сот барысында Кирилл Павлов мәліметтерді ашық дереккөздерден алғанын алға тартты. Алайда Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі блогердің ақпарат алу туралы ресми сұрауын тек 2025 жылғы 6 мамырда, яғни жарияланым шыққаннан кейін ғана жолдағанын атап өтті. Нәтижесінде, сот Павловтың уәжіне сенім білдірмеді.
Сот төрағасы үкімді былай деп жариялады:
«Кирилл Иванович Павлов Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 456-бабы 3-бөлімінің 2-тармағы бойынша әкімшілік құқықбұзушылық жасады деп танылсын».
Жаза мөлшерін жеңілдететін жағдай ретінде Павловтың бұрын осындай құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілікке тартылмағаны ескерілді. Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ — блогердің оны апелляция арқылы даулауға мүмкіндігі бар.
Сот шешімі бойынша Павлов мемлекет пайдасына 78 640 теңге көлемінде айыппұл төлеуге тиіс. Бұл соманы ол қаулы заңды күшіне енген күннен бастап 30 күн ішінде төлеуі керек.
Бегім КӨКТҮРІК
Парақшамызға жазылыңыз