Фото: istockphoto.com
Кеше Мемлекет басшысы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Заңға қатысты Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев кінәлілер жазасыз қалмайтыны айтты.
– Мемлекет басшысы қыз алып қашқаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген заңға қол қойды. Біз бұл бастаманы қолдаймыз, себебі бұл мәселені 2023 жылдан бері көтеріп келеміз. Енді заңнамада мұндай әрекеттерге тыйым салынатыны анық көрсетілген, ал кінәлілер жазасыз қалмайды. Бұл заң тек әйелдерді емес, сондай-ақ олардың әкелері, ағалары мен қыздарын ұрлаған басқа да туыстарын қорғайды. Біздің ойымызша, бұл мәжбүрлі неке тәжірибесінен бас тартуға және гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар көп ғасырлық «алып қашу» дәстүрі мен қыздың еркіне қарсы ұрланып, еркіндігі шектелетін ауыр қылмыстың ара жігін ажырата білу қажет. Егер қыз өз еркімен қашып, тұрмыс құруға келіссе – бұл басқа жағдай.
Неке – бұл екі жақтың толық әрі ерікті келісімімен құрылатын тең құқықты одақ.
Заңға енгізілген түзетулердің ресми жарияланып, күшіне енуін күтейік. Бұл тақырыпқа әлі де ораламыз деп ойлаймыз, – деп жазады Артур Ластаев.
Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодекстеріне, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне, «Жедел-іздестіру қызметі туралы», «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» және басқа да заңдарға түзету енгізілді.
Түзетулердің бірінші блогы қылмыстық заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз етеді делінген.
Түзетулердің екінші блогы қылмыстық заңнаманы жетілдіруді және кейбір қоғамдық қауіпті әрекеттер үшін жауапкершілікті арттыруды көздесе, үшінші блогы қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, қылмыстық процесті оңтайландыруға, төртінші блогы қылмыстық-атқару заңнамасын жетілдіруге арналған.
Заңның толық нұсқасы әлі жарияланбады.
Д.Насыр
Парақшамызға жазылыңыз