Фото: gov.kz
10–13 шілдеде Беларусь Республикасында «Витебскідегі Славян базары» XXXIV Халықаралық өнер фестивалі өтті. Қазақстан атынан байқауға Жетісу облыстық Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының әншісі Алмагүл Батталиева қатысты.
Мәдениет және ақпарат министрлігі ұсынған дерекке сүйенсек, финалда әнші «Вечность» композициясын орындап, көрерменді талантымен тәнті етті. Көпшіліктің көңілінен шығып, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Өнерпаз екі байқау күнінің қорытындысы бойынша 137 ұпай жинап, фестивальдің Гран-при жүлдесін жеңіп алды.
Алмагүл Батталиева – Алматы қаласының тумасы, дарынды жас әнші. Ерте жастан вокалдық қабілеті анық байқалған. 14 жасында П. И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжіне оқуға түскен. Сонымен қатар Алмагүл бірнеше аспапты – аккордеон, фортепиано және укулелены еркін меңгерген.
Алмагүл – тек шебер орындаушы емес, сахнаға деген құрметі мен жауапкершілігі мол өнерпаз. Ол «Жас Қанат – 2023» фестивалі, «Алматым жүрегімде» халықаралық байқауы сынды беделді музыкалық жарыстарда жоғары деңгейде өнер көрсетіп, кәсіби шеберлігін бірнеше мәрте дәлелдеген.
Парақшамызға жазылыңыз