//

Геосаяси шахматтағы келесі жүріс қалай болмақ? Де-юре мен де-факто қайшылығы

65 рет қаралды

Әлемге тікелей ықпал етуші үш орталықтың бірі – Вашингтонда күні кеше жаһанның бірқатар ел тізгінін ұстаған ығай мен сығайлары бас қосты. Күн тәртібіндегі басты тақырып – Аляскада жүздескен Дональд Трамп пен Владимир Путин арасындағы келіссөздегі шарттар талқыланды.

Ақиқаты, бізге ашық және жабық келіссөздер алаңында қандай мемлекеттің мүддесі мен геосаяси ықпалы саудаланғаны белгісіз. Дейтұрғанмен, ашық ақпарат көздеріне сүйене отырып және Ресейдің бұрыннан қойып келе жатқан соғысты тоқтату талаптарын ескерсек, бас-аяғы бір аптаға жетпейтін уақыт аралығында өрбіген геосаяси үрдісті былайша тәржімалағымыз келеді.

ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ РЕТІНДЕ НЕ ҰСЫНЫЛУЫ МҮМКІН?

Ашық-жабық келіссөздер алаңында екі тараптың да айтар уәжі – қауіпсіздік кепілдігі. Яғни, бұл — халықаралық қатынастардағы маңызды саяси-экономикалық құжат немесе геосаяси келісім болып табылады. Тоқ етерін айтқанда, елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға бағытталған ресми уәде.

Әгәрәки, екі тарап та соғысты тоқтату үшін екі ел арасында қару ұстауға немесе әскер орналастыруға, соғыс қимылдарын жүргізуге тыйым салынған, арнайы келісіммен белгіленген географиялық аумақ түзілуі шарт. Бір сөзбен айтқанда – демилитаризацияланған аймақ немесе буферлік зона. Бұған байқағанымыздай, Кремль билігі де кет әрі емес. Себебі бұл аумақ Украина жерінде пайда болары ақиқат және Ақ үйдің емеуріні де соны аңғартады.

Егер сондай жағдай орын алса, соғыс қимылдарының ең қызу нүктелері ретінде – Донецк және Запорожье облыстарының шебі, Қырым мен Херсон облысының арасындағы Днепр шебі және Сумы мен Харьков облыстарының шекаралас аймақтары бейтарап зона ретінде қарастырылу ықтималдығы жоғары. Яғни, мұнда бітімгерлер немесе халықаралық бақылаушылар орналасып, атыс тоқтауын қадағалайды. Мысалы, Кәрі құрлық елдері – Ұлыбритания, Германия, Франция т.б. елдері немесе БҰҰ бақылаушы күштері орналастырылады деген ойдамыз.

РЕСЕЙ ДЕ, УКРАИНА ДА ҰТЫЛАДЫ, АЛАЙДА БҰДАН БАСҚА АМАЛ ЖОҚ

Ендеше, бұл қауіпсіздік кепілдігінің тасасындағы мүдделер қақтығысының, яғни Ресей, Украина, АҚШ, Кәрі құрлық елдерінің ұтар немесе ұтылар тұсы қалай болмақ?

Ресей – буферлік қауіпсіздік аймағы арқылы Украина мен НАТО күштерінен Ресей шекараларына тікелей төнуі мүмкін қауіптің алдын ала алады. Және басып алған территорияларды уақытша немесе ұзақ мерзімде сақтап қалуға мүмкіндік туындайды.

Әскерді қайта құрылымдау, қорларды толықтыруға уақыт ұтады, ішкі қорғаныс өнеркәсібі мен халықаралық санкциялардың әсерінен жоғалған экономикалық әлеуетті қалпына келтіруге,  БАҚ арқылы демилитаризацияны “стратегиялық бітім”, “тактикалық шегініс”, “халықты сақтау амалы” ретінде көрсетіп, бұны Путиннің тікелей жеңісі ретінде қарастырып, ішкі аудитория қолдауына ие бола алады. Авторитарлы биліктің имиджі артады. Бұл келісімнің сонымен қатар кері тұстарына тоқталар болсақ:

Демилитаризациялық аймақ халықаралық бақылау арқылы жүзеге асса, Ресейдің сол аумақтардағы әскери және ақпараттық бақылауы шектеледі және инвестициялық климаттың нашарлауына әкеледі. Демилитаризацияланған аймақ құру Ресейге уақытша тактикалық тыныс алуға мүмкіндік берсе де, оның “жеңілмейтін держава” ретіндегі имиджіне үлкен соққы болып тиюі ықтимал. Өйткені, Кремль соғысты “орыс халқын қорғау”, “НАТО-дан қорғану” деп бастағанымен, Украинаны түбегейлі жеңе алмағаны бұл мақсаттың орындалмағанын айғақтайды.

Украина халқы үшін буферлік аймақ – соғыстың негізгі ошақтарында тыныштық орнауына, бейбіт тұрғындардың қаза табуын тоқтатуға, елдегі инфрақұрылымды қалпына келтіруге мүмкіндік тудырады. БҰҰ немесе НАТО бақылаушылары Украина территориясында орналаса отырып, Украинаның қорғанысын нығайтып, келешек қақтығыстарға дайындалуына уақыт береді. Халықаралық көмектер (ЕО, АҚШ, БҰҰ) легі артады. Украинада қайта құру жұмыстары экономиканы жандандыруы мүмкін және соғыс уақытында елден кеткен миллиондаған босқынның қайта оралуына жол ашады.

Дейтұрғанмен, Украина де-факто аумақтан айырылу шартына келісуге мәжбүр болады. Яғни, Ресей немесе буферлік аймақ бақылауындағы территориялар Украина бақылауынан тысқары қалады және территориялық шегініс ішкі аудиториядағы саяси тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін.

Ақиқатында, демилитаризация — бұл уақытша шешім ғана, ал екі ірі блоктың арасындағы жүйелі қақтығыс ешқашан тоқтамайды. Яғни, НАТО мен Ресей арасындағы сенімсіздік сақтала береді. Бұның салдары – Шығыс славянға жататын орыс-украин сынды туысқан екі ұлт арасындағы өшпенділіктің артуына, этникалық шиеленістің дамуына әкеледі.

АҚШ-тың ҰПАЙЫ ТҮГЕНДЕЛЕДІ

Ресей мен Украина арасындағы уақытша қалыптасқан жылымық саясат өз кезегінде АҚШ-тың әскери ресурстарын қайтадан Оңтүстік-Шығыс Азия және Тынық мұхит аймағына бағыттауына мүмкіндік тудырады. Яғни, Қытайға қарата геосаяси және геоэкономикалық қысымның қайта орын алуына жол ашады.

Және, АҚШ-тың әскери өнеркәсіп кешені үшін бұл соғыс үлкен табыс көзі болды, сонымен қатар НАТО-ны біріктіруде жетістікке жетті. Бұрын бейтарап елдер (Финляндия, Швеция) НАТО-ға қосылды — бұл АҚШ ықпалының кеңеюі деген сөз.

Бұл соғыс Еуропа елдерінің халықаралық саясаттағы белсенділігін арттырды. Яғни, Франция, Германия, Италия сияқты т.б. елдер бейбіт келісім орнатуда негізгі делдал болуға тырысты. Бұл өз кезегінде – ЕО-ның тек экономикалық емес, геосаяси ойыншы ретіндегі рөлін нығайтты.

Дейтұрғанмен, АҚШ-қа тәуелділік күн тәртібінде сақталып қала бергені – ақиқат. Бірақ, демилитаризация – Еуропа аумағындағы тікелей соғыс қатерін азайтады.

Демилитаризацияланған аймақ – уақытша саяси шешім. Бұл – қақтығысты белгілі мерзімге тоқтатып, күштердің орналасуын өзгерту арқылы аймақтық және әлемдік державалар арасындағы ықпал күшін қайта бөліске салатын оқиға болмақ. Әлемдік геосаяси және геоэкономикалық жүйе бір организм ретінде біріктірілген уақытта, қандай да бір әлемдік саясаттағы шешімдер жаһанның кез келген мемлекетіне, оның ішінде орта державаларға да айрықша әсер ететіні анық. Әгәрәки, бұны келесі кезекте сөз етеміз.

Бастысы – Ресей мен Украина арасындағы келесі келіссөздер алаңында де-юре және де-факто қайшылығы жүз беруі мүмкін.

Де-юре: Халықаралық құқық бойынша бұл аумақ — Украина территориясы деп танылады. Ресейдің қандай да бір әрекеті — оккупация немесе агрессия деп бағаланады.

Де-факто: Халықаралық құқықта Украина жері деп танылғанымен, Ресей билігінің толық бақылауында болады (Қырым, Донецк, Запорожье т.б.).

Бастысы – бұл жаһандық алпауыттар арасындағы геосаяси ойында Орталық Азия бірлігі мен сыртқы саясаттағы көпвекторлы бағытынан жаңылыспауы абзал. Өйткені, бүгінгі күндегі мүдделер қақтығысында бір тарапты жақтау – сенің тәуелсіздігіңе тікелей ықпал етуші фактор болуына ешкім де кепіл емес…

Ертұран Жұмақанұлы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар