Трамп пен Путин кездесуі нәтижесіз өтті

75 рет қаралды
фото: vedomosti.ru

15 тамыз күні Аляскада АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің көптен күткен саммиті өтті. Әлемдік қауымдастық соғыс өрті тұтанған Украина мәселесі төңірегінде нақты шешім күткен еді. Алайда үш сағатқа жуық жалғасқан кездесудің нәтижесі күткендегідей болмады.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, келіссөздер шамамен 2,5 сағатқа созылды. Кездесу жеке әңгімеден басталып, кейін кеңейтілген құрамда жалғасты.

Associated Press мәліметіне сәйкес, келіссөздер аяқталған соң өткен баспасөз мәслихаты не бары 15 минутқа жетпей тамамдалды. Журналистерге сұрақ қоюға мүмкіндік берілмегені атап өтілді. Бұл жайт халықаралық баспасөзде күмән туғызды.

Негізгі тақырып: Украина мәселесі

Кездесудің басты өзегі Украинадағы соғыс болды.

Reuters дерегінше, Трамп кездесуді «өте өнімді» деп бағалады, бірақ бітім немесе атысты тоқтату жөнінде нақты шешім қабылданған жоқ. Президенттің айтуынша, «Украина келісімге келуі керек». Financial Times басылымы Трамптың бұл жолы нақты ұсыныстар жасамағанын жазады. Мәскеу де өз ұстанымынан айныған жоқ. The Guardian саммитті Путин үшін бұл халықаралық сахнада беделін арттыруға арналған мүмкіндік болғанын атап өтті.

Atlantic Council сарапшылары да осы ойды қуаттап, кездесуді Путиннің дипломатиялық жеңісі ретінде бағалады: «Ресей оқшаулануынан шығып, әлемдік ойыншы ретіндегі орнын бекітті. Алайда бейбіт келісім үшін нақты қадам жасалған жоқ», – делінген талдауда. Сондай-ақ, Ресей ресми тұлғалары Украинаға қатысты батыс елдерінің «шектеусіз қару-жарақ беруін» тоқтатуды талап етті. Мәскеудің ойынша, болашақтағы кез келген келісімде Ресейдің қауіпсіздік мүдделері де ескерілуге тиіс.

Өз мәлімдемесінде Трамп келіссөздердің келісімге келмей аяқталғанын мойындады, бірақ Украина мәселесінде «үлкен прогресс» бар екенін атап өтті. Сондай-ақ ол екі жақтың ұстанымдарында айырмашылықтар сақталып отырғанын айтып, алдағы уақытта Украина президенті Владимир Зеленскиймен және НАТО басшысымен кездесетінін хабарлады. Путин болса, «жанжалды аяқтауға шын жүректен мүдделі» екенін мәлімдеді, алайда бұл сөзіне қатысты нақты мәлімет берген жоқ.

Тағы бір ескерерлік жайт, Трамп Путиннің «келесі кездесу Мәскеуде өтсін» деген ұсынысын қолдайтынын жеткізді.

Келесі қадам қандай?

Трамп келіссөздерден кейінгі сөзінде жақын күндері Украина президенті Владимир Зеленскиймен және Еуропа көшбасшыларымен жеке кездесу өткізетінін мәлімдеді. Үшжақты формат – АҚШ, Украина және Ресей арасындағы келіссөз болатынын да атап өтті.

Дегенмен, AP News пен Time жазғандай, бұл жоспардың нақты мерзімі мен форматы белгісіз күйінде қалды.

Саммиттен кейін әлем елдері әртүрлі пікір білдірді. Еуропалық одақ елдері Украинаның қауіпсіздік кепілдіктерін күшейту қажеттігін алға тартты. Ұлыбритания премьер-министрі Кеир Стармер Трамптың бастамасын құптап, бірақ Ресейге қарсы санкциялар жалғасатынын жеткізді. Франция президенті Эммануэль Макрон Ресейдің уәдесін орындауда жиі қателесетінін ескертіп, «бірлік пен жауапкершілік» рухында әрекет ету керегін айтты.

Аляскадағы Трамп–Путин саммиті әлем күткен үлкен тарихи бұрылысқа айналған жоқ. Үш сағатқа созылған келіссөздер бейбіт келісімсіз, тек дипломатиялық символикамен шектелді. Reuters, AP News, Time, Financial Times, The Guardian және Atlantic Council сияқты түрлі дереккөздің жазғанын салыстыра отырып түйетініміз, кездесу Ресей президенті Владимир Путин үшін беделін арттырған дипломатиялық жеңіс болды. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп кездесуді «өнімді» деп бағалағанымен, бұл сөз іс жүзінде нақты нәтижемен бекітілмей, жетістіксіз аяқталған дипломатиялық қадам болып қалды.

Әлем енді Вашингтонда өтетін Трамп пен Зеленский кездесуіне үміт артып отыр.

Бегім КӨКТҮРІК

Парақшамызға жазылыңыз

Бағдат Сұлтан

Бағдат Сұлтан — журналист, БАҚ саласында тәжірибесі мол жас маман. 2024 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін үздік дипломмен аяқтады. Қазіргі уақытта Сүлеймен Демирел атындағы университеттің "Медиа зерттеулері және журналистика" мамандығы бойынша оқуын жалғастырып жатыр (2025–2027).

Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген.

ҚР Президентінің екі мәрте стипендианты, Батыр Қазыбаев стипендиясының иегері. 2024 жылы «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының 2024 жылғы Бас жүлде иегері.

Маманданатын салалары: ұлттық болмыс пен тіл, мәдениет, әлеуметтік мәселелер, зерттеу журналистикасы, медиасауат.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар