//

Бес стадионның нешеуі салынады?

56 рет қаралды

Фото: sportplustv.kz

Алматылық «Қайрат» чемпиондар лигасындағы қарсыластарын білген соң әлеуметтік желіде халықтық клуб пен оның қарсыластарының және өзге де еуропалық клубтардың стадионын салыстырған видео тарады. Әрине, салыстырып отырған өзіміз. Ал клубтардың стадионын УЕФА өзінің ресми instagram аккаунтында жария етті.

Шыны керек аздап ұят болғаны рас. Бірақ барымыз сол болып тұр. «Футболи» ортада: «Әр облыс орталығында салынуы керек стадион макеті тұрады. Бірақ ол салынбайды» деген әзіл-шыны аралас сөз бар.

Осы ретте стадион салуды шындап қолға алған, немесе оның орнын таңдап, ең болмағанда сметасын дайындауға кіріскен қала, облыстарды еске алғымыз келеді.

Ақтөбе

Ең алдымен еске Ақтөбе түседі. Үлкен матчтар болған кезде командасына жанкүйер болғысы келетін азаматтар билет таппай жатады. Қаладағы Қобыланды батыр атындағы стадион тозғанын да жасыра алмаймыз.«Sport+ Qazaqstan» арнасының сайтында шаһарға жаңа стадион салуды ел президенті тапсырғаны туралы ақпарат бар. Президент тапсырған соң жоба іске асырылатыны сөзсіз. Қазіргі таңда спорт кешенін салуға қатысты жобалық сметалық құжат дайындалып жатыр деген ақпарат бар. 7күн ақпарат агенттігінің сайтынан оқып білуге болады.

Шымкент  

Шымкентке де стадион қажет екені көптен айтылып жүр. inbusiness.kz сайтындағы ақпаратқа сенсек, шым қаладағы стадион еліміздегі ең үлкен спорт кешені болатын сыңайлы.

Аталған мәселенің мән-жайын анықтау үшін Шымкенттегі әріптесіміз Арай Есенбекке хабарластық. Ол қазіргі таңда стадион салу жұмысы басталғанын жеткізді.  Ең бастысы басталған жұмыс орта жолда тұралап қалмаса болғаны.

Семей

Семей қаласында 20-22 мың адамға арналған жаңа футбол стадионы салынатынын Абай облысының әкімі Берік Уәли мәлімдеді. Ақпарат «Абай ақпарат» сайтында жарияланды.

Сайттағы ақпаратта стадион бұрын жоспарланғандай 12 мың емес, 22 мың орындық болып салынатыны жазылған.  Нысан Семей қаласындағы жаңа ықшам аудандардың бірінде бой көтермек.

Бұл ірі жобаны «KazMinerals» компаниясы іске асырмақ.

Атырау

Қаладағы «Аламан» базары маңынан бой көтеретін стадион 12 мың көрерменге арналады. Ол ақпаратты «Ақжайық» сайты таратты.  Техникалық сипаттамаға сәйкес, стадион 1400 люкстен төмен болмайтын жарықтандыру құрылғысымен,12 000-нан кем болмайтын көрермен орнымен төрешілерге арналған киім ауыстыру бөлмесінің, VIP автотұрақ  ұзындығы мен ені кемінде 5 метр, биіктігі 2,3 метр болатын телестудия болады.  Төрт телекамераға арналған, ауданы 10 шаршы метрлік арнайы орын болуы тиіс дегенді де сайттағы ақпараттан оқуға болады.  Телевизиялық компаниялардың автобустары үшін 1000 шаршы метрлік автотұрақ көзделген. Сонымен қатар допинг-бақылау мен алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған арнайы бөлмелер қарастырылған. Десе де жоғарыда аталған сайттағы тағы бір ақпараттан стадион құрылысы тұралап тұрғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Ол ақпаратта стадионның жобалық-сметалық құжаттамасы әлі де тексеріс үстінде екені жазылды. Сайттағы ақпаратта Құрылыс басқармасы жобалау-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әлі де келісу сатысында екенін түсіндірді: ал облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы 12 000 көрерменге арналған жаңа стадион құрылысына байланысты жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Құжаттар мемлекеттік сараптамаға жолданғанын айтқан.

Қызылорда

Мемлекет Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында халықтың спорттық инфрақұрылымдарға қолжетімділігін арттыру мақсатында облыс орталықтары мен аудандарда заманауи стадиондар мен спорт кешендерін салу мәселесіне ерекше назар аудартқаны мәлім.

Содан соң Қызылорда қаласының сол жағалауында құны 20,9 млрд теңгені құрайтын 11 мың орындық жаңа стадионның құрылысы басталған болатын. Бұл стадион халықаралық стандарттарға сай салынып жатыр. Бірегей нысанда жасыл алаңнан бөлек бокс залы, дзюдо, грек-рим, еркін күрес залы, фитнес залы, спорттық гимнастика, таеквондо және ауыр атлетика залдары болады. Жаңа стадионның тағы бір ерекшелігі – УЕФА Классификациясы бойынша ІІІ санатқа кіреді.  Бұл өз кезегінде, түрлі деңгейдегі мәдени-спорттық іс-шараларды және футбол матчтарын жоғары деңгейде өткізуге мол мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жергілікті футбол жанкүйерлерге «Қайсар» футбол клубының жабдықтарын сататын арнайы дүкен және дәмхана қарастырылады. Стадиондағы жасыл алаң облыстың климаттық ерекшелігі ескеріле отырып, озық технологиялардың көмегімен төселеді. Ал жасыл алаңға керекті шикізат көлемі дамыған озық мемлекеттерден әкелінді. Сондай-ақ ойыншыларға қолайсыздық тудырмау мақсатында футбол алаңының астыңғы қабатына жылыту желілері жүргізілді, бұдан кейін жасанды көгалдың астына 2 см болатын «shockpad» амортизациялық төсем қапталады. Бұндай технология елімізде тек «Astana Arena» стадионында болған. Енді Қызылордадағы жаңа стадионға енгізіліп жатыр. Осылайша заманауи үлгіде жабдықталған 11 мың орындық жаңа стадион халықаралық жарыстарды өткізуге толық мүмкіндік береді.

Жаңа нысан қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп жоспарланды. Сондай-ақ биылғы ел кубогінің финалы да Қызылордада өтеді.

Түгелбай Бисен

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар