Медиасарапшы, журналист, «Мінбер» сайтының негізін қалаушы әрі бас редакторы Есенгүл Кәпқызы Қазақстандағы медиа нарығындағы өзгерістерді ұзақ жылдан бері бақылап келеді. Біз маманның елдегі медианың қазіргі ахуалы, тәуелсіз БАҚ жағдайы туралы пікірін сұрадық. Сондай-ақ сарапшы осы жазда Германияда өткен беделді халықаралық медиафорумға қатысып, әлемдік деңгейде талқыланған өзекті мәселелерге куә болды. Бұл сұхбат барысында форумда көтерілген маңызды тақырыптар мен отандық медианың дамуына кедергі болып отырған мәселелер кеңінен сөз болды.
— Сіз осы жазда Германияның Бонн қаласында өткен DW Global Media Forum саммитіне қатысып қайттыңыз. Бұл шарада қандай маңызды мәселелер талқыланды? Саммиттің басты ерекшелігі мен маңызы неде?
– Еуропада BBC-ден кейінгі екінші орында тұрған аса маңызды медиаресурстардың бірі. Негізгі ұстанымдары – қоғамдық медиа болу, ешкімге бұра тартпау, тек шындықты айту, мәселені жан-жақты бағамдау. Бұл – олардың басты принциптері.
Global Media Forum жыл сайын өтеді екен. Оған дамушы елдерден, жалпы еркін баспасөз бен жеке меншіктегі медианың дамуына үлес қосып жатқан 60 адамды өз қаражатымен шақырады. Форум басталардан бір күн бұрын бір күндік тренинг өткізді. Ертеңіне саммит басталды.
Саммитте нақты бір тақырыппен шектелмейді, түрлі мәселелер талқыланды. Өзім жазған мақалада соның бірнешеуіне тоқталдым. Солардың бірі – Палестина мен Израиль арасындағы соғыс. Сондай-ақ қазіргі жағдайда еркін медианы қалай дамыту керек деген мәселе көтерілді. Авторитарлық елдердегі медиа жағдайы да кеңінен талқыланды.
Сирияда жаңадан үкімет құрылып жатыр ғой, сол елдің ақпарат министрімен сұхбат болды. Сонымен қатар Global Media Forum-ның жыл сайын еркін медиа дамуына үлес қосқан адамдарға беретін сыйлығы бар екен, оны биыл грузиялық бір әйел алды, сол кісімен сұхбат болды.
Жаңа технологиялар тақырыбы да көтерілді. Оның ішінде жасанды интеллект туралы – біз бұл технологияларды ақпарат құралдарында қалай қолданамыз деп талқылап жатсақ, олар жасанды интеллекттен келетін қауіп-қатерден қалай сақтанамыз деген мәселеге көбірек назар аударды. Фильтр жоқ. Базада қандай ақпарат болса, соны еш сүзгісіз ұсынады. Бұл – жалған ақпарат тарату, авторлық құқықты бұзу секілді проблемалар туғызады. Осыған қатысты көптеген елде заң қабылданып жатыр. «Ал бізде ше?» деген ой келді. Сондықтан бұл форум мен үшін ерекше болды.
Әр сессияға толық қатыса алмадық, параллель сессиялар болды. Соның ішінде маған қатты әсер еткен бір сессия – қоғамның осал топтарына арналған медиа туралы. Әсіресе жоғалып бара жатқан тілдер мен мәдениеттерді сақтау үшін жасалып жатқан медиа бастамалар. Бұл да бүкіл әлемнің көңілінде жүрген нәрсе екен.
Сондай-ақ DW академиясының арнайы медиамектептері бар, солардың президентімен кездесіп, біраз тақырып талқыладық.
Журналист — сот емес, прокурор емес
— Сол саммитте Израильдің Газадағы әрекетін «геноцид» деп атауға бола ма деген тақырып қозғалған екен. Мұндай тұжырымдарды журналистер қандай негізге сүйеніп жасайды? Қақтығыстар туралы ақпарат беруде қандай кәсіби стандарттар сақталуы тиіс?
– Маған ұнаған екі сессияның бірі — Израильдің Газадағы әрекетін «геноцид» деп атауға бола ма, жоқ па деген дискурстық талқылау. Бұл жерде ең басты сұрақ – тілді қалай қолданамыз, біз кейде тым біржақты баға беріп кетіп жүрген жоқпыз ба деген ой болды. «Геноцид» деген секілді ауыр терминді журналист қандай жағдайда қолдана алады? Осы сұрақтар төңірегінде қызу пікірталас жүрді.
Сол сәтте менің ойыма келді: бізде Қазақстан медиасында мұндай терминдерді қолдануға арналған сүзгі бар ма? Көбіне ойға келген сөзді жаза салатындаймыз. Осындайда «бізге басшылыққа алатын нақты бір редакциялық саясат бар ма?» деген сұрақ туындайды. Мысалы, көптеген елде бұл реттелген, арнайы ережелері бар. Ал бізде мұндай стандарттар нақты ма?
Форум барысында айтылған пікірлердің бірі — халықаралық соттар мен БҰҰ секілді ұйымдардың «Израиль Газада геноцид жасап жатыр» деген мәлімдемелерінің өзінде бұл ұғымды қолдануға жеткілікті негіз бола алмайтыны. Яғни журналист әлі де бұл терминді қолданбауы керек деген тұжырым айтылды. Бұл мен үшін қызық әрі маңызды мәселе болды.
Жасанды интеллект тақырыбы да өте өзекті. Онда ақпаратты сүзетін, тексеретін фильтр жоқ. Яғни базада қандай мәлімет болса, соны ешқандай өңдеусіз, контекстсіз бере салады. Бұл жалған ақпараттың таралуына, авторлық құқықтың бұзылуына, басқа да қауіп-қатерге жол ашады.
Көптеген елдерде жасанды интеллектті реттейтін арнайы заңдар мен ережелер қабылданып жатыр. Ал бізде ше? Осы сұрақ мені қатты ойландырды. Сол себепті бұл форум мен үшін өте құнды әрі ерекше болды деп есептеймін.
Сонымен қатар, DW академиясы туралы мағлұмат алдым. Олар әртүрлі елдерде медиатренингтер, арнайы мектептер ұйымдастырады екен. Сол академия президентімен кездесіп, біраз мәселелерді талқыладық — бұл да өте пайдалы тәжірибе болды.
Журналист — сот емес, судья емес, прокурор емес. Ол — болып жатқан оқиғаны жеткізуші. Сондай-ақ, журналист өзінің жеке пікірін білдірмеуі керек деген принцип бар. Бірақ бұл пікір еркіндігіне қайшы келмей ме? «Журналист өзінің жеке пікірін білдіруге құқылы ма, жоқ па?» деген сұрақ та көп талқыланды.
Талқылаулар барысында мынадай ұстаным айтылды: егер журналист жеке пікірін білдіретін болса, ол тек арнайы айдарларда — Opinion, Editorial, Column секілді форматтарда ғана болуы керек. Бізде бұл «Пікір», «Көзқарас», «Авторская колонка» деген айдарларға сәйкес келеді. Ал егер материал аналитикалық немесе зерттеу сипатына ие болса, онда журналист ешқашан өзінің жеке бағасын немесе тұжырымын тікелей айта алмайды. Тек басқа бір адамның пікірін дәйек ретінде келтіре алады.
Тағы бір маңызды қағида: белгілі бір ғылыми немесе ресми тұжырымдар болмаса, журналист ешқандай баға бере алмайды. Яғни, «геноцид» секілді терминді қолдану үшін оны кім ресми түрде атады — соған қарау қажет.
Кейбір халықаралық ұйымдардың «геноцид жасалып жатыр» деген мәлімдемесіне қарамастан, журналист мұндай баға бере алмайды деген пікір жиі айтылды.
Қақтығыс кезінде ақпарат тарату мәселесі де өзекті. Ақпарат көзі оқиға орнынан алынбаса, журналист оған баға беруге немесе сипаттауға құқылы емес деген қағида бар. Бірақ бірқатар қатысушылар: «Израиль журналистерді Газа секторына жібермейді. Соғыс басталғалы бері 200-ден астам журналист қаза тапты» деген мәлімет келтірді.
Мұндай жағдайда шындыққа қалай қол жеткіземіз? Мысалы, бір оқиғада Әл-Жазира белгілі бір бомба жарылысы туралы ақпарат берген. Оның кім тарапынан жасалғанын Израиль үкіметі айтпайынша, CNN өз ақпаратын таратпаған. Бұл жерде Әл-Жазира «біз шындықты айтып отырмыз, ал CNN Израильдің рұқсатын күтіп отыр» дегендей сын айтқан. CNN болса, бұл мәліметті жоққа шығарған.
Міне, осындайда журналистика үлкен дилеммаға тап болады. Израильге қатысты әлемдік қауымдастықтың позициясы — өте күрделі, тіпті екіжүзділік байқалады.
Форумға Таяу Шығыс елдерінен және Газа секторынан келген журналистер қатысты. Олар өз көздерімен көрген жайттарды айтып, өте шынайы мәліметтерді бөлісті.
Бұл сессиялар — журналистиканың негізгі қағидаларына, халықаралық стандарттарға және қазіргі ең өзекті мәселелерге қатысты ой салатын, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін маңызды алаң болды.
Заңдар аясында журналистерге қойылатын тыйымдар көп
— Марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы 2000 жылдары Мәскеуден оралған соң, ақпарат министрі болып қайта тағайындалғанда: «Ақпарат саласының соңғы министрі мен болайын» деген еді. Дамыған елдерде медиа өзін-өзі реттейді, арнайы ақпарат министрлігі болмайды. Осы тұрғыда Қазақстанға ақпарат министрлігі қажет деп ойлайсыз ба?
–Біз ақпарат министрі қажеті жоқ десек те, оны біздің қоғам қабылдай алмайды және түсінбейді. Министрлік болмаса, сала реттелмесе, онда өз бетімен кетеді деген түсініктер бар. Мен Англияда оқыған кезде медиаэтика, медианың өзін-өзі реттеуі туралы мәселелерді біраз зерттедім және «Медиаэтика және медиақұқық» деген курс бойынша сабақ алдым. Осы сабақтарды қарастырған кезде медианы реттейтін заңдар онсыз да бар, олар жеткілікті. Мысалы, Қазақстанда айтатын болсақ, біріншіден, медианы Конституциядан бастау керек дейміз. Конституцияда цензураға жол жоқ, сөз бостандығына еркіндік берілген деген сияқты басталады ғой. Сосын 14-бап бар — тіліне, тегіне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына қарап дискриминацияға ұшыратуға болмайды деген. Одан кейін қылмыстық, азаматтық, әкімшілік кодекстерде медианы реттейтін баптар онсыз да бар. Осы заңдар аясында журналистерге қойылатын тыйымдар көп. Осы тыйымдармен қатар «Масс-медиа туралы» заңды қабылдаудың қандай қажеттілігі бар деген сұрақ туындайды.
2012 жылы Англияда үлкен жанжал болды. Журналистер телефондарды заңсыз пайдаланып, оның ішінде селебрити, мемлекеттік қызметкерлер және әлемнің танымал адамдары бар, солардың телефон әңгімелерін заңсыз пайдаланып, содан ақпарат таратқан. Бұл үлкен айқай болып, ақыры жүз бірдеңе жыл бойы шығып тұрған газет жабылып тынды. Біраз адам сотталған. Кейін осы скандалдан кейін медианың өзін өзі реттейтін қоғамдық ұйым қайта құрылған. Сөйтіп өзін өзі реттейтін этика кодексін қайта жазған. Алдыңғысынан көп айырмашылығы жоқ, бірақ бір ғана артықшылығы – егер бұрынғы кодексте медиа қандай да бір жауапкершілікке тартылса, өрескел бұзса, ешқандай айыппұл төлемесе, ендігі кодексте төлейтін болған.
Сонымен қатар, Англияда бұқараға жаппай түрде ықпал ететін ақпарат құралдары, телерадио тарату құралдарына қатысты жеке талаптар болған. Қазақстанда да жеке болған, бірақ қазір масс-медиа заңына қосып жіберді. Ал принт медиа мен онлайн медианы реттейтін заңдар жеке қарастырылған, яғни кодекстер арқылы.
Broadcast-қа қойылатын талап қатаң, лицензиясынан айырылса, қайта алу қиын. Бірақ онлайн мен принт медиаға қойылатын талап қатаң емес. Журналистерден құралған комиссия өтініштерді қарайды. Шын мәнінде адамдардың намысына, көңіліне, этикалық кодексті бұзып тұрғаны рас деп шешсе, айыппұл салуға, әйтеуір бір жаза қолдануға мүмкіндіктері бар.
Қазақстанда осы мәселені айтып жүргелі біраз уақыт болды. Пандемия кезінде, 2020 жылдары «Қазақстан медиа желі» деген қоғамдық ұйым болды. Өкінішке қарай, қазір ол жабылып қалды. Сол ұйымның бастамасымен медианың өзін өзі реттеуге қатысты «Медианың негізгі принциптері» деген құжат қабылданды. Оған мыңдаған журналист қол қойды. Осы процесс алға баса бастады. Бірақ аяқ астынан оны қолдаушылар табылмады. Қазір бізде «Масс медиа туралы» заңға этикалық реттеу де еніп кетті. Қазір заң бойынша этикалық комитеттер министрлік жанынан құрылады деп жатыр. Негізі этика және этикалық реттеулер жоғарыдан емес, төменнен құрылғанда өзінің нәтижесін береді. Бірақ біздің қоғамда ол әзірге мүмкін емес сияқты. Сондықтан бұл мәселені айтсақ, біздің шенеуніктер де, басқалар да түсінбей қалады. «Қалай министрліксіз өзін-өзі басқару мүмкін болады?» дегенді жиі естідім. Сондықтан әзірге жылы жауып қойып отыр.
«Мемлекеттің ақпараттық саясатын өзгертетін кез келді»
— Журналистерді жиі «халық пен билік арасындағы алтын көпір» деп атайды. Сіздің ойыңызша, қазақстандық журналистер бұл міндетті толық атқарып жүр ме?
— Өкінішке қарай, бізде журналистер өз міндеттерін толық атқара алмай жатыр. Оған бірден-бір себеп — қазіргі мемлекеттің ақпараттық саясаты. Мемлекеттің ақпараттық саясаты бойынша қазір барлық ақпарат құралдары бір пропаганда құралына айналды. Пропаганда — кешіріңіз, журналистика емес. Қазір біз пропагандаға өте көп ақша бөлініп жатқанының куәсі болып отырмыз. Кейде қоғам белсенділері, медиабелсенділер бір әкімнің имиджі үшін немесе жақсы ақпарат үшін бөлініп жатқан кейбір тендерлер туралы бөліседі. Бірақ оған пысқырып қарап отырған билік жоқ. Биліктің негізгі мақсаты — ақпарат құралдарын өзінің уысында ұстау. Соның айла-шарғысы ретінде тек оларға бақылау жасап қоймай, журналистер күніне топырлатып сыйлық береді. Бұл да мысалы, журналистерді сатып алудың бір түрі, бір әдісі. Мысалы, үкіметтен пәтер алған немесе қомақты сыйақы алған журналист үкіметті сынай алмайды. Конструктивті диалог жасай алмайды.
Осы мемлекеттің ақпараттық саясатын өзгертетін кез келді. Мен осы мәселені ақпарат министрі Аида Балаеваның өзі қатысқан жиында айтқан едім. Кейін олар мені жиынға шақырмай қойды. Бәлкім, одан кейін бұл кісі біздің көңілімізге жақпайтын нәрселерді айтады екен деген шығар, содан кейін ешқандай жиындарына шақырмады. Тіпті Астана Media Week деген өтеді ғой, сол шараларына да шақырмайды. Ал Global Media Week өз шараларына шақырып отыр. Бұл дегеніміз — қазір бір жекелеген адамдардың көзқарасымен саясат жасалып отыр, жекелеген адамдардың көзқарасымен ақпараттар дайындалып жатыр. Сондықтан біз нақты ақпараттарға зәруміз. Қазақстанда тәуелсіз басылымдар жоқ емес, бар. Мәселені көре білетін, жаза білетін журналистер тобы қалыптасты. Алайда, олар еркін қимылдай алмайды. Мәселен, жақында «Орда» сайтымен болған мәселе бар. Көптеген тәуелсіз сезінгісі келетін, тәуелсіз әрекеттер жасағысы келетін ақпарат құралдарының қанаты қысқа.
Сондықтан қазір Қазақстандағы сөз бостандығы ауыр жағдайда тұр.
— Қазіргі уақытта Қазақстандағы медиа нарығы қалай өзгеріп жатыр? Тәуелсіз БАҚ-тың жағдайын қалай бағалайсыз? Шынайы тәуелсіз БАҚ қалыптасуы үшін не қажет, басты кедергілер қандай?
— Биліктің сүзгісінен өткен ақпарат алып отыр кез келген мәселеге қатысты халық. Мемлекеттің ақпараттық саясатын түбегейлі өзгерту керек. Қазіргідей мемлекетке жалтақтап отырған, тек мемлекеттің беретін тендерімен күн көріп отырған ақпарат дамымайды, керісінше жерге тірейді. Қазір соның салдарынан өте түсініксіз, көңілсіз, оқырман тартпайтын материалдар көбейіп кетті. Сондықтан мемлекеттік ақпарат құралдарының оқылымы түсіп кетті. Сосын пропаганданың тағы бір түрі — көңіл көтеруге, ойын-сауыққа қатты көңіл бөледі де, маңызды тақырыптарды халықтың талқылауынан, ойынан алып тастайды. Қазір қаралым жинау үшін сайттар жұлдыздардың өмірін аңдып отыр, олардың әлеуметтік аккаунтындағы жылт еткен арзан жаңалықты «сенсациялап» өз ресурстарында бөліседі. Есесіне маңызды ақпараттар тасада қалады.
— Қазақстанда қай басылымдарды немесе платформаларды тәуелсіз БАҚ деп атауға болады? Қазақ тілді тәуелсіз медианың мүмкіндігі мен ерекшелігі қандай? Қазақстанда немесе шетелде үлгі тұтатын тәуелсіз БАҚ бар ма? Олардан қандай тәжірибе алуға болады? Қазақ тілді тәуелсіз журналистиканы дамыту үшін қандай нақты қадамдар қажет?
– Өзіміздің журналистердің де медиасауатын арттыру керек. Бізде медиаақпараттық сауат деңгейі өте төмен. Сыни ойлау өте төмен қазіргі жағдайда. Сондықтан журналистік білім беру орындарында білім беру мәдениетін өзгерту керек. Қазір әлемнің жетекші оқу орындарынан білім алып келіп жатқан мамандар көп, бірақ өкінішке қарай, солар қалыптасып қалған жүйені бұза алмайды. Адамдардың ақпарат тұтыну сауаты төмен. Жұлдыздардың әрекетін ғана бақылап қалған оқырман бар. Оқырманды да тәрбиелеу керек сияқты, сапалы ақпарат беру керек. Тобырлық санадағы оқырман дайындап жатырмыз. Сондықтан ең бастысы — сапалы контенттерге көңіл аудару керек. Екіншісі — тәуелсіз басылымдардың еркін қанат қағуына мүмкіндік беру керек. Мысалы, кішкентай сыны бар мақаланы алып тастау, бұғаттап тастау деген мәселелер болып тұрады. Жасырын емес.
Қазір Қазақстанда оқуға тұрарлық кейбір басылымдар бар, жоқ емес. Мысалы, кешегі «Ұлысмедиа», «Власть КЗ», «Орда», «Маса» және әртүрлі платформалар пайда болды. Бірақ олардың еркін тыныстауына мүмкіндік бермей жатыр. Ал шетелдегі БАҚ-тан ата десеңіз, BBC, CNN, DW. Көп қой олар. Олардың Еуроньюс не үшін біздің Қазақстанда өзінің филиалын ашып жатыр? Сосын New York Academy келіп жатыр Қазақстанға өз филиалын ашып жатыр. Сондай медиалардан үйренетініміз көп. Бірақ дәл солардың деңгейінде медиа жасауымызға біздің де мүмкіндігіміз бар. Тек бізде саяси ерік-жігер, саяси мүмкіндіктер жоқ. Соның салдарынан біз қазір кез келген медиада үнің еркін болса, жұртты сынасаң, оның үнін өшіруге, елемеуге, дүниеде жоқ сияқты қарауға тырысады. Бұл медиалардың қанатын еркін жаюға мүмкіндік бермейді. Еркін ойларды айтып отырғанымыз үшін Астана Media Week жобасынан шақырту алмаймыз. Олар бізді елемейді, игнор жасайды. Олар көріп отыр, көрмей отырған жоқ. Бірақ көзге ілмеуге тырысады. Бұл да пропаганданың бір тәсілі.
— Мемлекеттік тапсырыс алатын БАҚ биліктің сойылын соғады деген пікір бар. Мұндай БАҚ-тың басым болуы қоғамға қалай әсер етеді? Тәуелсіз БАҚ-ты анықтауда қандай критерийлерге сүйенуге болады? Егер тәуелсіз БАҚ болмаса, қоғамда қандай тәуекелдер күшейеді? Оның соңы неге әкелу мүмкін?
— Медиаманипуляция деген бар. Мемлекеттік БАҚ-тың тәуелсіз БАҚ-тан айырмашылығы — олар ақпаратты біржақты берумен, қарап отырсаңыздар, «мемлекет басшысының тапсырмасымен» деген сөзді өте көп көресіз. Бұл — мемлекеттік БАҚ деген сөз. Сонда мемлекет басшысы тапсырма бермесе, мына қоғамда өздігінен дамитын секторлар бар ғой. Өздігінен дамымай ма? Мемлекет басшысынан басқа адамдардың ерік-жігері жоқ па? Кезінде «елбасының арқасында» деген сияқты, қазір «мемлекет басшысының арқасында» деген немесе «мемлекет басшысының тапсырмасымен» деген сөздер өте көп. Сондықтан осы дискурсқа қарап, біз мемлекеттік басылымдарды айыра аламыз. Тәуелсіз басылым сәл де болса сынайды. Көлеңкеде жатқан дүниелерді ашып көрсетуге тырысады. Бұған дейін әлеуметтік мәселелерді бізде бәрі жақсы деген дискурспен емес, керісінше қоғамның, мемлекеттің көңілінен тыс қалған салаларына назар аударады, оларды көрсетуге тырысады.
Егер мемлекетте тәуелсіз БАҚ болмаса, қоғамда қандай тәуекелдер болуы мүмкін деген сұраққа жауап берейінші. Жалпы медиа бізге не үшін керек? Сенде жақсы, менде жақсы болып жүре берсек, бұл әлем құлпырып кетеді ғой. Медиа бізге қоғам кез келген нәрсеге сергек болуы үшін керек. Қоғам қай жерде проблема барын біле алады, бүкіл әлем бойынша тәуелсіз медиа, демократияның үш тағанының бірі — ашық ақпарат. Ақпарат жабық болған кезде қоғам құлдырауға ұшырайды. Қолында билігі бар адамдар өзіне қажетті шешімдерді қабылдайды. Өзінің дегенін орындайды. Қазірдің өзінде солай болып жатыр.
Белгілі бір деңгейде биліктің адамдары да, шенеуніктер де, белгілі адамдар да қоғамнан аяғын тартады, жұрттың назарында болудан қорқады. Ал біз тәуелсіз БАҚ жоқ, мақтау, мадақтау, пропагандамен отыра беретін болсақ, бір күні құлайды ол қоғам. Советтер Одағын құлатқан не? Жалған ақпарат. Жалған көзқарас, жалған пікір, жалған мақтау. Біз осыны түсінбей келеміз қазір. Авторитарлық қоғамда әлі жалған ақпараттармен жұмыс істеп отырмыз. Әлі сананы улаумен жұмыс істеп отырмыз. Ми шайқаумен, шаюмен жұмыс істеп жатырмыз. Керісінше қоғамның ақсап жатқан тұстарымен жұмыс істеуге құлықсызбыз. Медиа сол үшін керек. Медиа сол ақсап жатқан тұстарды көрсету керек: «Міне, мына жерде проблема бар. Мына жерде жылап жатқан жұрт бар». Естілмей жатқан үндерді жоғарыға естірту қажет. Медиа халық пен билік арасына көпір болу керек. Биліктің қайда барғанын дәріптеп, пропагандамен айналыспауы тиіс. Ол онсыз да биліктің өзінің жұмысы. Билік бір ағаш ексе, оған ол ақша алып отыр, билік егер көпір салса, оған ақша алып отыр, оны дәріптеудің қажеті жоқ. Оны ақпарат ретінде беруге болатын шығар, бірақ көлдей етіп, дәріптеудің қажеті жоқ.
— Қазіргі қазақ журналистикасының деңгейін қалай бағалайсыз? Журналист болғысы келетін жастар қандай қиындықтарға дайын болуы керек?
— Көзқарасы еркін, журналистиканың нақты стандарттарын басшылыққа алатын журналистер жұмыс істейтін алаң өте аз. Біздің медиада жалған ақпараттарды оп-оңай бере салады. Ойдан құрастырылған ақпараттарды оңай бере салады. Сосын дәріптеушілікке, пропагандаға көбірек көңіл бөледі. Осы мәселелерде қиын болуы мүмкін, яғни дайын болыңыз деп айтамыз. Яғни, алаң аз. Сол алаңнан жеке алаңыңды құрып алсаң, тіпті жақсы болар еді дейміз. Бірақ қазіргі таңда ол оқу бітірген жас мамандар алдында осындай проблемалар бар.
«Шынайы ақпарат дайындайтын медиалар өте аз»
— Қазақстандағы медиа сауат деңгейін қалай бағалайсыз? Қоғам фейк жаңалықтар мен манипуляциядан қорғану үшін не істеуі керек? Сонымен қатар, блогерлер мен журналистердің арақатынасы туралы не ойлайсыз? Кез келген адамның ақпарат таратушыға айналуы медианың сапасына қалай әсер етеді? Интернет пен әлеуметтік желілердің дамуы дәстүрлі медиаға қалай ықпал етті? Қазіргі редакциялар жаңа технологияларға қалай бейімделуі қажет?
— Шынын айту керек, онлайн БАҚ әлеуметтік желілерде таратылған ақпараттарды пайдаланып, трафик жинап отыр. Өзінің аяғымен жүріп, шынайы ақпарат дайындайтын медиалар өте аз. Біреудің дайындаған контентін үзіп-жұлып беріп отыратын медиалар өте көбейіп кетті. Бұл – медиасауат деңгейімізге өте кері әсерін тигізеді. Біріншіден, адамда сыни ойлау, беріп жатқан ақпараттың қаншалықты рас-өтірік екеніне назар аудармау, оны шайнамай жұта беру – біздің қоғамды кәдімгідей тығырыққа тіреп отыр. Біз ненің шын, ненің жалған ақпарат екеніне бас ауыртпайтын қоғамбыз. Бір өсекті шығарса, сол лаулап жанып, бүкіл әлемді өрт болып қаулап өсіп кететін дәрежеде отырмыз. Бұл тек Қазақстанда емес, бүкіл әлем сондай жағдайда. Сондай дәрежедеміз.
Басқа мемлекеттерде, мысалы, негізгі медиа бұрынғы деңгейін жоғалтқан жоқ. Интернет келгеннен бері принт медианың дамуына көп кері әсерін тигізді, көп ақпарат құралдары жабылып, керісінше онлайн ақпарат құралдары ашылды деп жатырмыз ғой. Бірақ олар журналистік принциптеріне адал және соны ұстанып отыр.
Ал блогерлер дегеніңіз көп жағдайда жалған ақпарат таратушылар, манипуляция жасаушылар. Содан кейін журналистік принциптерден хабарсыз адамдар. Кейде біреудің жеке шекарасына өтіп кетеді. Кейде біреудің жеке мәселесін оның рұқсатынсыз талқылап кетеді. Бұл – өте қызық феномен. Сондай жағдайда тұрмыз біздер.
Журналистер мен блогерлер ара қатынасы дегенде, блогерлер арнайы журналистік стандарттарды басшылыққа алмайды. Бірақ оларға арналған онлайн-платформалар деген заң қабылданды ғой. Бұл заңның өзі таңдаулы адамдарға ғана жүреді де, көп адамдарға жүрмейді. Сондықтан көптеген проблемалардың туындауына биліктің екіжүзді саясатты ұстануы себеп, оны шешуге қолбайлау болып отыр.
Мысалы, өткенде атын атамайын, өзіңіз білетін шығарсыздар, «абыройлы» ағамыздың 70 жас мерейтойы болды. Соны бәрі үйіп-төгіп жазып жатыр, бірақ ол адам Жамбыл облысының ішкі саясатынан ақша «вымогать» еткен адам ғой. 10 млн теңге. Ол істі болған. Мұны ол жоққа шығарған жоқ. Мойындаған. Істеген ісіне өкінетінін айтып, кешірім сұрап жүріп, соттан құтылған. Енді соны «герой» қып жатыр.
Ондай адамдарды Батыс қоғамында сол саладан аластап, дисквалификация жасап, ол мамандықта қайтып жүре алмайтындай қылады. Ал бізде кешегі жасаған қылмысын ұмытып кетеміз де, өтірік көкке көтеріп мақтап жатамыз. Дұрыс емес. Блогерлік бүкіл әлемде бар, бірақ блогерліктің көлеңкесінде біздің әріптестер қалып қойды. Оны мойындауымыз керек. Әлеуметтік желіде талқыланып, әлеуметтік желіде маңызды болған ақпараттарға ғана билік назар аударатын дәрежеге жеттік.
Бізге жаңа технологиялық мүмкіндіктер өте жай жетеді, өте баяу жетеді. Әлі дата журналистиканың не екенін түсінбей, мәліметтермен жұмыс істеуді білмей жүрген кезімізде жасанды интеллект көптеген жаңа мүмкіндіктерді алып келді. Бірақ бізде білім жоқтығынан әлі де ол нәрселер ашылмаған аралдар сияқты жатыр. Сондықтан жаңа медиаларды мүмкіндігі, жағдайы, ақшасы бар медиалар пайдаланып жатқан шығар, бірақ бір-екі журналиспен отырған сайттарға әлі жеткен жоқ. Олардың арасында ақпаратты визуализациялаудың не екенін білмейтіндер бар. Сондықтан тендерді қаралымға емес, контентке беру керек шығар деген жеке көзқарасым бар.
Әңгімелескен Айнұр Сапарова,
дереккөз: Сарапшы-Info