Сурет: БҰҰ ДБ баспасөз қызметі
Бүгін Астанада Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы журналистік материалдар байқауын қорытындылап, климаттық зерттеу нәтижелерін қоғам назарына ұсынды.
Біз осыдан бұрын Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы қызметі журналистерге арналған “Климат: Кері санақ” байқауының нәтижелерін жариялағаны және Minber.kz редакциясының тілшісі Динара Насыр байқауда ІІІ-орынды иеленгені туралы хабарлаған едік.
Климаттың өзгеруі, биоәртүрлілікті сақтау және қоршаған ортаның ластануын болғызбау тақырыптары бойынша журналистік материалдар байқауын Қазақстандағы БҰҰ ДБ ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігімен серіктестікте жариялаған. Байқауға Қазақстан өңірлерінен 50-ге жуық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан.
“Бүгінгі іс-шара бұқаралық ақпарат құралдарының халықтың барлық топтары арасында климаттық тақырыпты ілгерілетудегі, экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы және қоғамды климаттық орнықты экономика мен қоғам құруға шабыттандырудағы маңызды рөлін тануға бағытталған. Экологиялық хабардарлық деңгейін және медиа саласында жария етуді арттыру экологиялық қатерлерге кешенді жауаптың ажырамас бөлігі болып табылады”, — деп атап өтті БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа.
Еуропа мен Азия тоғысындағы әлемдік мұхитқа шыға алмайтын ірі ел Қазақстан екіжақты сын-қатерге тап болады: экономикалық өсу қарқынын қалай сақтау керек және бұл ретте шығарындыларды қысқарту үшін жағдай жасау әрі климаттық өзгерістердің салдарына орнықтылық қағидаттарын енгізу. Артып келе жатқан климаттық дағдарыс жағдайында ел үшін халықаралық келісімдерге қатысу, ұлттық даму стратегиясының элементі мен климаттың өзгеруіне бейімделу, төмен көміртекті даму, биологиялық әртүрлілікті сақтау экологиялық мәдениетті ендіру саласындағы шешімдерді енгізуде серпін береді.
“Бұқаралық ақпарат құралдары бізді ортақ мақсатқа біріктіруде шешуші рөл атқарады. Қазіргі және өскелең ұрпақ үшін ортақ үйіміздің қауіпсіздігі мен орнықтылығын қамтамасыз ететін саясатты ұсыну және іске асыру мақсатында “қалаушылар коалициясын” қалыптастыру бұрынғыдан да маңызды”, — деп атап өтті өз сөзінде Бразилия Федеративтік Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, мәртебелі Марсель Биато мырза.
ҚР Экология және табиғи ресурстар Вице-министрі Мансұр Ошурбаев өзінің құттықтау сөзінде іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, байқау жеңімпаздарын құттықтады.
Атап айтқанда, ол Қазақстан ұлттық климаттық күн тәртібі шеңберінде климаттың өзгеруіне қарсы күресте жақтаушы болып табылатынын және қоршаған ортаны қорғау мәселелерінде жүйелі және пәрменді шешімдерді әзірлеуге басымдық беретінін атап өтті.
“Осының аясында біз “Климат: кері санақ” журналистік материалдар байқауын ерекше жоғары бағалаймыз. БАҚ өкілдері ұсынған материалдар зор мәнге ие: сіздердің арқаларыңызда климаттың өзгеруі мен экологиялық жағдайдың мәселелері жалпы жұртшылыққа жақын әрі түсінікті бола түседі, экологиялық мәдениет пен нақты іс-әрекетке мотивация қалыптасады. Сіз экологиялық мәдениетті қалыптастыруға көмектесесіз, адамдарды өмір салтын өзгертуге ынталандырасыз және нақты іс-қимылға айналдырасыз”, — деп толықтырып өтті вице-министр.
Алты журналист “Климат: кері санақ” журналистер байқауының жүлдегері болған. Олар:
“Климат” номинациясы бойынша:
- 1-ші орын – Оразай Қыдырбаев, “Қазақстанда да климат өзгеріп жатыр. Шаруалар оған дайын ба?”.
- 2-ші орын – Жадыра Жулмухаметова, “Аурулар, масалар, өрттер және қарғын сулар: климаттың өзгеруі қазақстандықтарға қандай қауіп төндіреді”, – Анель Өсерхан, “Қазақстанның климаттық осалдығы: болашақта бізді не күтіп тұр?”.
- 3-ші орын иелері – Жанат Түкпиев, “Астананың климаты қалай өзгеруде”, Динара Насыр, “Климаттың өзгеруі: Республикалық маңызы бар алма бағы су тасқынынан қалай зардап шекті?.
“Биоәртүрлілік” номинациясы бойынша Бекзат Айтжан, “Әлемдегі тұяқтылар қайда қоныс аударады” материалымен жеңімпаз атанған.
Іс-шара аясында халықтың климаттық өзгерістер, олардың салдары және бейімделу шаралары туралы хабардарлығын білуге арналған әлеуметтанулық зерттеудің нәтижелері ұсынылды. Зерттеу БҰҰДБ мен ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Жасыл климат қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жобасы шеңберінде жүргізілген.
Зерттеуге Қазақстанның барлық өңірлерінен 3 500 тұрғын қатысқан. Сауалнама азаматтарды толғандыратын негізгі экологиялық мәселелерді, сондай-ақ олардың елдегі, өңірдегі және әлемдегі климаттық жағдайларға көзқарасын анықтап берген. Алынған деректер климаттық саясат саласында шешім қабылдайтын тұлғалар, мемлекеттік органдар, ҮЕҰ, БАҚ және барлық мүдделі тараптар үшін қызығушылық тудырады. Олар климаттың өзгеруіне бейімделу үшін халықтың қажеттіліктеріне бағытталған тиімді шараларды құруға көмектеседі. Әлеуметтанулық зерттеу нәтижелері мына сілтеме бойынша қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді.
Айта кету керек, бүгінгі шара ҚР ПІБ Президенттік орталығында “Таза Қазақстан” республикалық акциясы мен Таза ауа күніне орай және БҰҰ Негіздемелік конвенциясы тараптарының 30-шы конференциясы қарсаңында өтті және ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігімен серіктестікте ұйымдастырылған.
Анықтама үшін: Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) кедейлік, теңсіздік және климаттың өзгеруі салдарынан туындаған әділетсіздікпен күресетін жетекші БҰҰ ұйымы болып табылады. 170 елдегі кең ауқымды сарапшылар және серіктестер желісімен жұмыс істей отырып, біз адамдар мен ғаламшар үшін кешенді, тұрақты шешімдер жасап шығаруға көмектесеміз. Біз туралы көбірек undp.org сайты арқылы біліңіз немесе бізге @UNDP арқылы қосылыңыз.
Парақшамызға жазылыңыз