//

БҰҰ мінберіндегі Палестина тағдыры немесе Вето құрсауындағы тәуелсіздік

176 рет қаралды
Protesters gather during a pro-Palestinian rally in Sydney, Australia, Saturday, Nov. 4, 2023, in support of Palestinians caught up in the war between Israel and Hamas. (AP Photo/Mark Baker)

Жақында  Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясында әлем елдерінің басшылары мен делегаттары жоғары деңгейде бас қосып, жаһандық күн тәртіптегі өзекті мәселелерді талқылады.

Жиналыстың басты назарында – халықарадағы демократиялық дағдарыс пен экономикалық теңсіздікті реттеу тұрса да, саяси сахнадағы басты тақырып ретінде Ресей мен Украина арасындағы соғыс және Палестинаның тәуелсіздікке қол жеткізу құқығы тұрды. Кәрі Құрлық елдерінің көпшілігі мен жаһандық көшбасшылар Палестина халқына оң қабақ танытқанымен, Ақ үйдің бұл айтылған ұсыныстарға жүрегі жібіп, бүйрегі бұрыла қойған жоқ. БҰҰ Ассамблеясын да «Қыңыр кісі бір жақ, қырық кісі бір жақ» дегендей, ортақ шешімге келе алмады. Мүдделер арасындағы құбылмалы геосаяси жүрісті біз өз халімізше қысқаша түсіндіріп көрсек.

  1. Еуропа елдерінің Палестинаға деген ұстанымының өзгеруі

Соңғы уақытта Еуропа елдерінің Палестинаға қатысты көзқарасы күрт өзгерді. Бұған себеп — АҚШ-тың Еуропаға, әсіресе НАТО-ға бөлінетін қаржыны қысқартатынын, Еуропа елдері өз қауіпсіздігіне өзі жауап беруі керектігін бірнеше рет мәлімдеумен қатар, Ақ үйдің Ресейді алға тарта отырып, Еуропаға өз геосаяси үстемдігін күшейте түсуінен еді.

Мұндай қысымға ұшыраған Еуроодақ елдері ендігі жерде сыртқы саясатта АҚШ-тан тәуелсіз бағыт ұстануға тырысып бағуда. Осы өзгерістердің бір көрінісі ретінде, бірқатар Еуропа мемлекеттері Палестинаны егемен ел ретінде мойындауға бет бұрды. Бұл – бір жағынан, АҚШ-қа әлем жұртына көрсеткен геосаяси ишара болса, екінші жағынан, Таяу Шығыстағы өз мүддесін түгендеуге жасалған геосаяси қадам деп айтуға болады.

2.Таяу Шығыс тұрақтылығы — Еуропаның стратегиялық мүддесі

Таяу Шығыс пен Еуропаның арасы теңізбен ғана бөлінген көршілер болғандықтан, Еуропа елдері үшін Таяу Шығыстағы тұрақсыздық — мигранттар тасқыны, діни экстремизм және экономикалық қысымның негізгі көзі болып табылады. Сонымен қоса, Таяу Шығыс — энергетикалық ресурстарға бай аймақ. Егер бұл өңірде тұрақтылық орнаса, Еуропа балама энергия көздерін сол жақтан көбірек ала алады. Бұл — Ресейге (газ арқылы) және АҚШ-қа (мұнай, сұйытылған газ арқылы) тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

3.Қоғамдық қысым мен мұсылман әлемінің ықпалы

Кейінгі уақытта Еуропа елдеріндегі қоғамдық пікір Палестина мәселесіне қатысты айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Бұған себеп — осы елдердегі мұсылман диаспорасының өсуімен қатар, жастар арасындағы Израильдің саясатына қарсы сын көзқарастың күшеюі еді. Қоғамдағы осы өзгерістер саяси элиталарға қысым көрсетіп, оларды Палестинаға қатысты бейтарап немесе қолдаушы ұстаным қабылдауға итермелеп отыр. Мұндай ішкі қоғамдық сұранысты елемеу — елдегі саяси тұрақтылық пен қоғамдық қолдауға тікелей әсер етуі мүмкін. Сөзімізге дәлел ретінде Римде болған наразылықтарды тілге тиек етуге болады. Сонымен қатар, мұсылман елдері — геосаяси салмағы бар, экономикалық ықпалды және мәдени тұрғыда біріккен күш. Сондықтан да Еуропа елдері ішкі аудиторияның көңілінен шығумен қатар, мұсылман әлемі алдындағы дипломатиялық абыройын көтеруге ұмтылып отыр.

  1. Кәрі құрлық елдерінің сыртқы саясаттағы идеологиясы мен шынайылық арасындағы қақтығысы

Еуропа елдері сыртқы саясатында көбінесе “демократия”, “адам құқығы”, “территориялық тұтастық” сияқты құндылықтарды негізге алады. Бұл принциптер Ресейдің Украинаға басып кіру жағдайында өте қатты әрі біржақты қолданылды: Еуропалық Одақ елдері Украинаның егемендігін қорғау үшін қару-жарақ беріп, қатал санкциялар енгізді. Алайда дәл сол ұстанымдар Палестина мәселесінде Еуропа елдерінің тарапынан көбінесе бейтарап көзқарас пен гуманитарлық көмек аясында шектелді. Украинаны қолдаудағы қатал саясат пен Палестинаға қатысты бейтараптық арасындағы қайшылықтар ішкі саяси ахуалға және халықаралық беделге күрделі әсер етті. Осыған байланысты кәрі құрлық елдері сыртқы саясаттағы ықпалын қайта қарастырып, оны түзетуге белсенді түрде ұмтылуда.

Палестина мәселесі – әлемдік державалар мен аймақтық ойыншылардың геосаяси, әскери, энергетикалық және идеологиялық мүдделері тоғысқан күрделі алаң болып табылады. Бұл жерде әр ел өзінің мемлекеттік мүддесіне қарай геосаяси шешім қабылдайды. Сол себепті күн тәртібіндегі маңызды мәселе тек Палестинаның егемендігі туралы ғана емес, жаһандық билік пен әлемдік ықпал үшін жүріп жатқан геосаяси ойынның теке тіресі.

Бұл аймақта АҚШ, Ресей, Қытай, Иран, Араб әлемі, Еуропа елдері және тағы басқа ойыншылардың мүддесі саудаға салынып жатқаны — ақиқат. Әграки, біз бұл елдердің геосаяси һәм геоэкономикалық мүддесі мен жасаған саяси қадамдары турасында кейінгі мақаламызда кеңінен тоқталатын боламыз. Дейтұрғанмен, Палестинаның тәуелсіздік мәселесі осы державалар арасындағы мүдделер қақтығысында шешім табатыны дауасыз. Десе де, Палестина жұртының тәуелсіздігін БҰҰ-ға мүше 193 елдің 158-і мойындауы — бұл елдің тәуелсіз мемлекет болуына жол аша ма?

Ендеше, біз осы сұрақтар төңірегінде өз ойымызды өрбітіп көрсек…

1.Палестинаның егемен мемлекет ретіндегі территориялық үстемдігі жоқ

Палестина өз аумағына де-юре (заң жүзінде) ие болғанымен, де-факто (іс жүзінде) толыққанды егемендік жүргізген емес . Бұл — халықаралық құқықта мемлекет болудың басты шартына қайшы болып табылады.

Палестина формалды түрде мемлекетке тән кейбір элементтерге ие болғанымен, территориялық тұтастық пен шекараны толық бақылау құқығынан айырылған ел болып табылады. Батыс жағалау мен Шығыс Иерусалим — Израильдің әскери және әкімшілік бақылауында болса,Газа секторы –  ХАМАС бақылауында болғанымен, шекара, әуе кеңістігі мен теңіз жолдары түгел Израиль мен Мысыр тарапынан қатаң қоршауда.яғни,Палестинаның ешбір халықаралық әуежайы немесе теңіз порты жоқ, кеден, визалық жүйелер, импорт-экспорт процестері де тәуелсіз емес.

2.Халықаралық қолдау мен ішкі  саясаттағы қарама-қайшылық

Палестинадағы біртұтас үкіметтің жоқтығы мен саяси тұрақсыздық — елдің егемендігі мен халықаралық мойындалуына басты кедергілердің бірі. Өйткені, ФАТХ пен ХАМАС арасындағы саяси бөлініс Палестинаны екі бөлек әкімшілік аймаққа бөледі: Батыс жағалау және Газа секторы. ФАТХ халықаралық келісімдер мен дипломатияға басымдық берсе, ХАМАС қарулы қарсылық пен қару-жарақ қолдануды қолдайды. Палестинадағы биліктің екіге бөлінуі елдің ұлттық мүддесін қорғаудағы біртұтас ұстанымның жоқтығын көрсетеді. Айта кетерлік тағы бір жәйт — халықаралық деңгейде екеуінің қолдаушылары да геосаяси мүдделер мен геоэкономикалық мүддеге байланысты бөлінеді. Бұл да өз кезегінде ұлттық бірігуге үлкен кедергі болып табылады.

3.Палестина мен Израиль арасындағы шекара мәселесі

Палестина мен Израиль арасындағы нақты шекара сызығы әлі бекітілмеген. Бұл екі тарап арасындағы ең күрделі мәселелердің бірі болып табылады. Израиль қауіпсіздік тұрғысынан өз шекараларын толық бақылауда ұстауды қалайды, ал Палестина өз кезегінде халықаралық мойындалған территориясы ретінде толық егемендікті талап етеді. Мысалы: Иерусалим қаласы екі жақ үшін де аса маңызды әрі киелі орын. Израиль Иерусалимді өзінің астанасы деп санаса, Палестина Шығыс Иерусалимді болашақ тәуелсіз мемлекетінің астанасы ретінде қарастырады. Бұл жағдай Палестинаның халықаралық аренада толық мойындалуы мен егемендігін алудағы негізгі тосқауыл болып саналады.

  1. Вето құқығы — Палестинаның толық мойындалуына басты бөгет

Палестина — БҰҰ-ның «бақылаушы мемлекеті» болып саналады, бірақ толыққанды мүшесі емес. Тәуелсіз мемлекет болу жолындағы маңызды қадамдардың бірі — БҰҰ-ға мүше болу. Оған себеп — БҰҰ-ға мүше мемлекет болу халықаралық танудың, саяси қолдаудың, дипломатиялық мәртебенің белгісі.

Бірақ БҰҰ-ға кіру үшін мемлекет ретінде белгілі бір талаптарды орындау қажет — мысалы, тәуелсіз шекарасы мен ішкі саяси құрылымы болуы, сондай-ақ халықаралық құқықты сақтау. Сонымен қоса, ең маңыздысы — Қауіпсіздік Кеңесінің мақұлдығын алу.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде тұрақты мүшелер (АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция) өздерінің саяси мүдделерін қорғау үшін кез келген ресми шешімге  «вето» құқығын пайдалана алады. Бұл дегеніміз — осы бес мемлекеттің біреуі ғана қарсы дауыс берсе, саяси шешім қабылданбайды, тіпті қалған бүкіл мемлекеттер қолдаса да. АҚШ — Израильдің басты одақтасы ретінде, Палестинаның толық мүшелігін мойындауға қарсы шығу үшін «вето» құқығын жиі қолданады.

“Вето құқығы — бұл БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты 5 мүшесіне (АҚШ, Ресей, Қытай, Франция, Ұлыбритания) берілген ерекше құқық. Егер осы елдердің біреуі ғана қандай да бір шешімге «вето» қойса, яғни қарсы дауыс берсе, онда сол шешім жойылады немесе қабылданбайды — қалған елдердің барлығы қолдап дауыс берсе де.”

Палестинаны тәуелсіз ел ретінде мойындауды талап ететін халықаралық қолдаушы мемлекеттер алдағы уақытта АҚШ-тың геосаяси шешімін өзгерту үшін Ақ үй мүддесін қанағаттандыратын көптеген геоэкономикалық шешімдер мен маңызды келіссөздерге келетініне бек сенімдіміз. Әлемдік мүдделер қақтығысының ендігі ыстық нүктесі, яғни геосаяси шахмат жүрісінің Азияға ауғаны да ақиқат. Бұл — енді басқа тақырып…

Дейтұрғанмен, Азияның жүрегінде орналасқан Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан елдері ортақ геосаяси және геоэкономикалық мүддеде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алса, алпауыт державалар санасатын салмақты ойыншыға айналатынымызға да күмән жоқ. Барлығы да уақыттың еншісіне және биліктегі саяси элиталардың шешіміне байланысты. Әгарәки Ұлы Тұран идеясы өз жемісін бергенде, барлық түрік нәсілді жұрттардың бейбіт те баянды күн кешер уақыты да келер. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Ертұран Жұмақанұлы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар