3 қыркүйек күні Сәтбаев университетінде жаңартылған жатақхана қайта ашылды. Дәл осы жерде әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізі қаланған болатын. Бұл тарихи деректі ұмыт қалдырмау мақсатында студенттер үйіне «Дос-Мұқасан» ұясы» деген атау берілді. Ғимарат бірнеше ай бұрын ғана сот шешімімен университет меншігіне қайтарылған еді.
Салтанатты іс-шараға студенттер мен оқытушылар, аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің мүшелері – Досым Сүлеев, Мұрат Құсайынов, Ұлықпан Сыдықов, Мейірбек Молдабеков және университеттің танымал түлектері мен қонақтар қатысты.
Академик Ұлықпан Сыдықов жиналған қауымға осы жатақханада жазылған «Той жыры» әнінің тарихын айтып берді:
«Біз оны досымыздың тойына арнап жаздық. Кешке сахнаға шығуымыз керек болды да, жарты сағатта мәтінін, әуенін ойлап, бірден орындап шықтық. Бірнеше айдан кейін әнді бүкіл ел айтып жүрді, атын халық өзі қойды. 55 жыл өтті, бірақ бір нота да, бір сөз де өзгерген жоқ».
Жаңа жатақханада «Дос-Мұқасан» шығармашылығына арналған шағын көрме қойылды. Онда қалың елдің сүйікті әніне айналған «Той жырының» түпнұсқа қолжазбасы бар.
Университеттің Құрылыс департаменті директоры Ришат Тыныбеков ғимаратты қалпына келтіру барысында күрделі инженерлік жоба жасалғанын айта келе
«Жатақхананың тарихи келбетін сақтай отырып, қазіргі заман талабына сай жабдықтауға тырыстық. Енді студенттер жайлы жатақханада ғана емес, оқуға және шығармашылыққа арналған жайлы кеңістікте студенттік жылдарын өткізе алады», – деді.
Ішкі әрлеу жобасын университеттің докторанттары Данияр мен Асылгүл Байдаралиндер әзірлеп, эскизден бастап, безендіруге дейінгі жұмысты қадағалады.
Барлығы 200 орындық жатақхананың ашылуы – Сәтбаев университетінің студенттік инфрақұрылымды дамытудағы жаңа қадамы. Салтанатты іс-шара барысында ансамбль мүшелері мен университет басшылығы студенттер арасында бөлме дизайнына арналған байқау, «Дос-Мұқасан» дәуіріне қатысты фотосуреттер мен хаттарды жинау (аса құнды жәдігерге – 1 миллион теңге сыйақы беріледі), студенттерге арналған шығармашылық идеялар конкурсы (басты сыйлық – заманауи теледидар), сондай-ақ «Дос-Мұқасан» кафесінің үздік дизайны байқауларының өтетінін мәлімдеді.
Алдағы уақытта университет жаңа жатақханалар мен кампустар салуды жалғастырады. Оның ішінде 955 орындық заманауи жатақхана жобасы да бар.
Тарихи ғимараттың студенттерге қайтарылуына Алматы қаласы Түрксіб ауданы прокуратурасы өкілдері көп еңбек сіңірді. Осы органның талабы бойынша сот заңсыз жекешелендіру келісімін жарамсыз деп танып, жатақхананы Сәтбаев университеті иелігіне қайтарды. Осылайша тарихы «Дос-Мұқасан» ансамблімен қатар өрілген байырғы ғимарат өзінің басты міндетіне, яғни студенттерге қызмет етуге қайта кірісті.
Парақшамызға жазылыңыз