Фото: www.pexels.com
“Спорт пен бизнестің бірігуі тек әлеуметтік бастама емес, сонымен қатар өзара тиімді ынтымақтастық екеніне көз жетті. Қазақстан ESG (Environmental, Social, and Governance) күн тәртібін ілгерілету саласында жоғары көрсеткіш көрсетіп отыр. Мұндай қорытындыға PwC Kazakhstan халықаралық консалтиңтік компаниясының сарапшылары келген”, – деп хабарлайды Finprom.kz аналитикалық порталы.
Олар “Еуразия аймағындағы компаниялардың ESG туралы хабардарлығын талдау” атты баяндама аясында әлеуметтік зерттеу жүргізген. Зерттеу авторларының пікірінше, Қазақстандағы нәтижелерге қол жеткізуге көмектескен негізгі факторлардың бірі бейтараптық стратегиясының қабылдануы және қаржы секторы үшін ESG есептілігінің міндетті түрде енгізілуі болып отыр.
Еске сала кетейік, ESG (ағылшынша Environmental, Social, and Governance) — бұл компаниялардың тұрақтылығы мен жауапкершілігін бағалауға арналған өлшемдер жиынтығы. Ол компаниялардың қоршаған ортаға әсерін (E), әлеуметтік саясатын және қоғаммен қарым-қатынасын (S), сондай-ақ корпоративтік басқаруын (G) қамтиды. Бұл қағидалар инвесторлар мен басқа да мүдделі тараптарға ұзақ мерзімді тұрақтылықты ескеріп, шешім қабылдауға көмектеседі.
Қазақстандық компания қызметкерлерінің ESG-дің әлеуметтік бағытына қатысты зерттеу нәтижелері жарияланды.
Көрсеткіш мынадай:
Былтыр респонденттердің 76%-ы әлеуметтік блоктағы ESG басымдықтары ретінде жұмыспен қамту мен еңбек жағдайларын, қызметкерлердің денсаулығы мен қауіпсіздігін атаған болса, 45%-ы оқыту мен білім беру маңызды бағыттар екенін көрсеткен. Ал респонденттердің 33%-ы жергілікті қауымдастықтарды қолдауды негізгі басымдықтар қатарына қосқан. Салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, зерттеуге қатысқан Еуразияның басқа елдерінде денсаулықты қорғау мен жергілікті қауымдастықтарды қолдауға басымдық беретіндердің үлесі айтарлықтай төмен болыпты.
Қаржы секторына ESG есептілігін міндетті түрде енгізгеннен кейін көптеген банктер мен ірі коммерциялық компаниялар тұрақты даму туралы есептерін жариялай бастады. Ол есепке барлық экологиялық, әлеуметтік бастамалар мен корпоративтік басқару туралы ақпарат көпшілікке қолжетімді болғандықтан, бұл жағдай корпорациялар, банктер мен қорлардың пайдасына жұмыс істейді. Соның арқасында қандай ұйымның тек табыс табумен ғана емес, қоғамды дамытуға да үлес қосып жатқаны айқын көріне бастады.
Мұндай ESG есептің айқын мысалдарының бірі — Alatau City Bank-тің 2024 жылға арналған есебі. Оның әлеуметтік бөлімінде ESG мақсаттарына қол жеткізілгені туралы ақпарат келтірілген: гендерлік теңдік, кадрлық жаңару, корпоративтік еріктілер қозғалысы, қызметкерлерге қамқорлық көрсету бағдарламалары. Биыл банктің әлеуметтік бастамаларына кәсіби спортты дамыту да қосылды. Жазда Alatau City Bank пен Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) арасында бас демеушілік туралы стратегиялық келісім жасалды. Енді Alatau City Bank — Қазақстан премьер-лигасының титулдық серіктесі және футбол мен футзалдан ұлттық құрамалардың ресми демеушісі атанды.
– Alatau City Bank сияқты мықты серіктестің келуі бүкіл қазақ футболы үшін маңызды қадам. Бұл қадам батыл түрде алға жылжуымызға, жобаларды кеңейтуге, құрамалар жүйесін нығайтуға және лигаларды дамытуға мүмкіндік беретін қолдау. Бұл ынтымақтастық спорт пен бизнестің тиімді одағына жарқын үлгі болады, – деді ҚФФ президенті Марат Омаров
Ірі компаниялардың ESG ақпараты туралы ашықтығы жайлы мысалдарды портал жуырда жарияланған арнайы материалда көрсетілген еді.
Спорт пен бизнестің одақтасуы тиімді серіктестік. Бір жағынан, бұқаралық спорттың әлеуметтік қыры дамиды: азаматтардың қатысу деңгейі артады, салауатты өмір салтын насихаттау күшейеді, балалар мен жастар арасында спорттық жетістіктерге деген дұрыс көзқарас қалыптасады. Екінші жағынан, банктер мен басқа да коммерциялық ұйымдар үшін спортқа демеушілік ету әлеуметтік саясатты жүзеге асыру құралы ғана емес, сонымен қатар брендтің танымалдылығын арттыратын қуатты маркетингтік қадам.
Соңғы бірнеше жылда Қазақстанда спорттағы демеушілік мәдениеті белсенді қалыптасып келеді. Қоғамда әлеуметтік жауапты компанияларды белгілі бір спорт түрімен байланыстыратын жағымды ассоциациялар орныға бастады. Мысалы, аты аңызға айналған өскемендік “Торпедо” хоккей командасы металлургиялық “Казцинк” компаниясының қолдаушысы ретінде танылды. Ал, Ұлттық баскетбол құрамасы “Efes” сыра өндірушісімен байланыстырылады.
Енді спорттағы демеушілер қатарына Alatau City Bank те қосылды. Қазақстан футболы үшін ірі қаржы институтының қолдауы қазір бұрынғыдан да маңызды. Бұл елдегі ең танымал спорт түрі және қазіргі кезде экстенсивті өсу кезеңін бастан өткеруде. Әңгіме тек қазақстандық “Қайрат” пен испандық “Реал Мадрид” арасындағы көптен күткен футбол матчына ғана қатысты емес, сонымен қатар футзалдан жастар арасындағы Еуро-2027 чемпионатының финалдық кезеңі жайлы да болып отыр.
Әлемдегі ірі компаниялар өз брендін спорттағы имидждік жарнамаға инвестиция салу арқылы едәуір ілгерілеткенін білеміз. Олар әдеттегі жарнамаға қарағанда демеушілікке басымдық берді, өйткені мұндай әлеуметтік жауапты тәсіл тұрақты даму мен болашақ табыстарға жетудің кілті.
Сонымен қатар компания өзін жетістікпен, жеңіске деген жігермен және салауатты өмір салтымен байланыстыра отырып, тұтынушы алдында жағымды қасиеттерге ие болады. Сондай-ақ тұтынушылардың өзін де даму мен жеке жетілуге ынталандырады. Белгілі бір команданың жейдесіндегі немесе жарыс болидіндегі компания логотипін миллиондаған көрермен көреді. Мысалы, “Emirates” әуе компаниясы өз логотипін испандық “Реал Мадрид” немесе ағылшындық “Арсенал” клубтарының формасына орналастырғанда, ол барлық құрлықтардағы аудиторияға бұрын-соңды болмаған қолжетімділікке ие болды. “Samsung” Олимпиада ойындарында, “Red Bull” автожарыстарда осындай тиімділікті көрсетіп отыр.
Демеушілердің әлеуметтік жауапкершілік саласына сәтті қатысуының тағы бір жарқын тұсы ірі спорт инфрақұрылымын қаржыландыру. Бұл — стадиондар, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері, құрал-жабдықтар сатып алу немесе спорт нысандарын жөндеуді қаржылай қамтамасыз ету. Мұндай қолдау спорттың дамуына да, демеуші компаниялардың қоғамдағы беделінің артуына да оң әсер етеді.
Материалды дайындаған:
Түгелбай Бисен,
БҚО, Орал қаласы
Парақшамызға жазылыңыз