«Әуе акробаты боламын»
Залдың іші қара көлеңке. Әуеде баяу тербеліп тұрған гимнаст қыздың үстіне жарық түсіп тұр. Ол — адамдар даусы жетпейтін, тыныс баяулайтын, жүрек дүрсілі ғана естілетін кеңістікте шеңбер айналып жүр. Ал бұл көріністі бақылап тұрған бойжеткен ішінен «мен де әуе акробаты боламын» деді. Бұл – Шынар Абылғазинованың көрермен ретінде циркке алғаш келуі еді. Оның гимнастикаға қызығушылығы осы сәттен басталды.
Шынар – Шығыс Қазақстан өңірінің тумасы. Ол туып-өскен Бесқарай ауданы Бөген ауылында арнайы үйірмелер де, спорт залдары да, кәсіби жаттықтырушылар да болмады. Ата-анасы қаладағы үйірмеге апаратын мүмкіндік таппады, қаржы жағы да қолбайлау болды. Соған қарамастан кішкентай Шынар гимнастиканы өз бетінше үйреніп жүрді. Теледидардан көрген гимнаст қыздардың қимылын жаттап алып, үйде шпагатқа отыруға, көпір жасауға, қол-аяқтың иілгіштігін жаттықтыруға тырысатын.
9-сыныпты бітірген соң, Шынар Алматыға келді. Жүргенов атындағы өнер академиясына актриса болсам деген арман жетеледі. Бірақ емтиханда ұяңдығы өзіне кедергі келтірді. Қабылдау комиссиясы оған: «Тағы не істей аласың?» — деп сұрағанда, ол бірден өз бетінше үйренген шпагатын, көпірін, гимнастикалық элементтерін көрсетті. Қазылардың бірі оның қимылдарына қарап: «Сенде актерлікке қарағанда пластика басым, циркке бейімің бар сияқты. Бөгенбай батыр көшесінде эстрада мен цирк колледжі бар. Сонда барып көрсең қалай?» — деді.
Шынар ол колледж туралы мүлде естімеген. Бірақ ертесіне-ақ іздеп барып, алып шаһардың бір түкпірінде орналасқан сол оқу орнына келді. Қабылдауға шамамен 30-ға жуық талапкер жиналды. Бірақ тек 8 грант бөлінген екен. Шынарды түсіп кетемін деген үмітпен қатар, құлап қалсам не болмақ деген қорқыныш та биледі. Себебі өзгелердің көбі кәсіби дайындықтан өткен, спорт мектептерінен, үйірмелерден келген балалар еді. Ал ол болса — ешқандай қағазы, марапаты жоқ, тек ішкі құлшынысы мен қайтпас мінезіне ғана сүйенген қыз.
Сол күнгі есімі жазылған тізім оқылған сәт Шынардың жадында мәңгіге қалды. «Абылғазинова Шынар» дегенді естігенде, қасындағы әпкесін құшақтап, жылап жіберген. Бұл қуаныш көз жасының артында – тек оқу емес, өмірінің жаңа беті, жаңа бағыты, жаңа мүмкіндігі тұрды. Себебі үйде қатаң талап қойылған еді: «Тек грант. Ақылы оқу деген жоқ.»
Осылайша ол цирк колледжінің студенті атанды. Бастапқыда бұл салаға тек сыртқы форма, жаттығу арқылы ғана қызықса, уақыт өте келе цирктің ішкі әлемі, философиясы мен табиғаты оны өзіне баурап алды. Алғаш рет сахна ішіне кіріп, дайындық залдарын, реквизиттерді, сахна артындағы тіршілікті көргенде, бәрі ертегі әлеміндегідей көрінді. Әсіресе, алғаш әуе гимнасттарын көрген сәт – оның таңдауын нақты айқындап берді. Түрлі бағыттардың ішінен ойланбастан, әуе гимнастикасын таңдады. Себебі ол үшін биіктік – қорқыныш емес, бостандық еді.
Алғашқы тәжірибе
Шынар төрт жыл бойы цирк колледжінде оқып, қызыққа да, қиындыққа да кезікті. Оқуды аяқтаған соң бірден Ресейден жұмысқа шақырту келіп, сол елге аттанды. Ресейде әуе гимнастикасының бірнеше бағытын үйреніп қайтты. Келісімшарт бір жылға жасалғанымен, жарты жылдан соң ол келісімшартты бұзып, елге оралды. Осы салада жұмыс істейтін сүйіктісі, акробат, гимнаст Дәурен Қадыровпен отау құрды.
Кейін Шынар Алматы циркінде штаттан тыс жұмыс істей бастады. Себебі цирктің штатқа қабылдауы оңайға соқпады. Оқу аяқталған 2012 жылдан бастап 2017 жылға дейін штатқа кіру мүмкіндігі болмады. Орындар аз, жаңа қызметкерді қабылдау үшін біреу жұмыстан шығуы тиіс еді. Жыл сайын шамамен 10-15 студент бітірсе, олардың тек бірнешеуі ғана штатқа кіріп, қалғандары басқа салаға ауысып кететін.
Шынар жолдасы екеуі ақыры 2017 жылы Алматыдағы қазақ мемлекеттік циркінің штаттық құрамына кіріп, кәсіби деңгейде жұмыс істеуді бастайды. Қазақстан мен шетелде гастрольдерге шығып, өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Шынардың айтуынша, цирк оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналды, ол бұл кәсіпті таңдағанына еш өкінбейді, керісінше мамандығымды жан-тәніммен сүйемін дейді ол.

«Сахнаға шыққанда өзімді ұшып жүргендей сезінемін»
Шынар Абылғазинова үшін әуе акробаты болу — қорқынышты емес, керісінше, ерекше ләззат сыйлайтын күй. Ол алғаш сахнаға шыққанда бойын қорқыныш емес, қуаныш пен адреналин билеген. Көрермендердің эмоциясы мен қуатын сезіну – оның жұмысының ең сүйікті сәті.
«Кейде көрермендерден шапалақ естілмесе, ешқандай реакция болмаса, мен үшін сахнада тұрудың мәні жоғалады», — дейді ол. Ал керісінше, халық таңданып, қызығушылықпен қол соқса, Шынар өзіне қанат біткендей күй кешеді.
Айналасындағы көп адам оның осындай қауіпке қалай баратынын түсінбей, таңданысын жасырмай жатады. Расымен де, әуе акробатикасы — қатені кешірмейтін сала. Кепілдік жоқ, тек шынайы дайындық пен мамандыққа шын берілгендік бар. Бірақ Шынар мұндай жұмысты жүрекпен сүйген адам ғана тәуекелге бара алатынына сенімді: «Қорқақ адам бұл салаға келмейді. Егер жүрегіңмен сүймесең, мұндай биіктікке көтерілу қиын».

6 метр биіктіктен құлау
Әуе акробатының сахнадағы сәті — көрермен үшін сұлулық пен шеберліктің шыңы. Бірақ сол сәттің артында тұрған қауіп әрдайым көріне бермейді. Шынар сол қауіптің дәмін 6 метр биіктіктен құлаған күні шынайы сезінді.
Ол жаңа трюкті үйреніп жүрген кезі еді. Кешкі уақыт. Сақтандыру арқансыз дайындалып жатқан болатын. Кенет тепе-теңдіктен айырылып қалып, жерге басымен құлап түсті. «Ештеңе есімде жоқ. Қалай құлағаным, не болғаны – мүлде жадымда жоқ», — дейді өзі.
Дәрігерлер бұл жағдайды «уақытша амнезия» деп түсіндірді. Мұндай құлау кезінде адамның миы артқа шегініс жасап, өткен шақта қалып қояды екен. Шынардың жады 2022 жылдан 2019 жылға «оралған». Сол жылы ұлы дүниеге келген болатын. «Мен сол сәтте өзімді әлі жақында ғана босанған әйел ретінде сезінгенмін. Жолдасым ауруханаға апарғанша, балам қайда, емізуім керек деп қайта-қайта сұрай берген екенмін», — деп еске алады.
Оянғанда әпкесінің үйінде жатқанын көріп, не болғанын түсіне алмаған. Тек кейінірек видеоларды көріп, болған оқиғаны толық түсінген. Жолдасы «мүлде қалпына келмей қала ма?» деп қатты қорыққан. Абырой болғанда, уақыт өте Шынар есін жиған.
Цирк әртістері жарақат алған жағдайда жұмыс орны жауапкершілікті мойнына алуы керек.
— Егер жарақат бекітілген жұмыс уақытында болса, цирк ем-дом мен басқа қажеттіліктерге компенсация төлеуге тырысады. Бірақ мен құлаған кезде өз бастамамызбен жаттығуды рұқсат етілмеген уақытта жасадық. Сондықтан бұл жағдайда ешкімді кінәлай алмаймыз, – дейді ол.
Шынардың бұл оқиғасы — цирк сахнасының тек түрлі түсті жарықтар мен әдемі нөмірден тұрмайтынын, оның тасасында нағыз ерлік пен жанқиярлық жатқанын тағы бір мәрте дәлелдейді.
«Менің жолым болды – жанымда түсінетін адам бар»
— Менің ең үлкен бақытым – күйеуімнің де осы саладан болуы. Ол мені артқа тартқан жоқ, керісінше, әрдайым қанаттандырып, демеп отырды. Егер басқа саланың адамы болғанда, бәлкім, түсінбестік болар ма еді…
Соңғы үш жылда ол күйеуі Дәурен Қадыровпен бірге дуэт-нөмір көрсетіп келеді. Бұл екеуара өнер ғана емес, өмірлік серіктестікке де айналған. Күйеуі үнемі: «Істеп көр, қолыңнан келеді», – деп шабыттандырып отырады.
Өмірге екі бала әкелген Шынар декреттік демалыста ұзақ уақыт отырған жоқ. «Қырқынан шыққан соң-ақ, екі айлығында жұмысқа қайта кірісіп кетемін. Біздің ортада “ақша алып жатырсың, жұмыс істе” деген қысым жоқ. Өзімізге ыңғайлы уақытта дайындыққа кірісіп, жаңа нөмірімізді біртіндеп қалыптастырамыз, тек өзіме үйде отырып қалу − жат дүние», – дейді ол.
Әрине, бала мен жұмысты қатар алып жүру оңай емес. Әсіресе сәби еңбектеп жүрген кезде — бір көзін нөмірге, бір көзін баласына аударып, көп міндетті қатар атқаруға тура келеді. Бірақ бұл да уақытша дүние. Жұмыстың белсенді кезеңі – бір-екі сағат қана. Қалған уақытта балаға көңіл бөлуге де, тынығуға да мүмкіндік бар.
Шынар үшін бұл – қиындық емес, өмірінің бір бөлігі. Себебі ол өзі сүйетін іспен айналысып жүр. Ал сүйікті іспен айналысқанда, кез келген кедергі өткінші көрінеді.
Маусым басталғанда – қарбалас та бірге келеді
Шынардың күнделікті өмірі әрдайым осындай қарбаласпен өтпейді. Оның айтуынша, цирктегі жұмыс та маусымға байланысты өзгеріп отырады. Көктем мен жаз айларында — гастрольдер мен түрлі іс-шараларға шақырулар көбейетін қызу кезең. Ал қараша мен желтоқсан айларында жұмыс біршама бәсеңдейді.
Наурыздан бастап жұмыс қайта қыза түседі. «Сол кезден бастап шақыртулар көбейеді», — дейді ол. Соңғы үш жылда жолдасымен бірге сахналайтын дуэт-нөмірі көрерменнің ерекше ықыласына ие болған. Бұл қойылым махаббат пен сенім секілді нәзік сезімдерге құрылғандықтан, көпшіліктің жүрегіне жол табады. Шынар Абылғазинова мен Дәурен Қадыров бұл нөмірді Астана Опера театрында, Димаш Құдайбергеннің концертінде, тіпті алты мемлекет басшысы қатысқан салтанатты шарада да көрсеткен.

Цирк — маңдай тер мен сағаттап жаттығудың жемісі
Цирк өнеріне қоғамның көзқарасы қазір өзгеріп, оған қызығушылық артып келеді. Шынардың айтуынша, бұрын жұрт циркті тек клоундар мен жануарлар ғана өнер көрсететін орын ретінде елестететін. Ал шын мәнінде цирк сахнасында — әуе акробаттары, жердегі гимнасшылар, жан-тәнімен берілген өнерпаздар бар. Олардың әр нөмірінің артында үлкен еңбек, төзім мен шексіз дайындық жатыр.

«Актерлар дубльге түсіп, қателескен сәтін қайта түсіре алады. Бізде ондай мүмкіндік жоқ. Циркте бір ғана мүмкіндік бар — не орындап шығасың, не жарақат аласың», — дейді Шынар.
Сондықтан әрбір трюк мінсіз шығуы үшін олар күніне сағаттап жаттығу жасап, бір көріністі мың рет қайталайды. Бір көрерменнің таңданысын тудыратын бірнеше минуттық сахнаның артында жылға жуық дайындық пен көрінбейтін қажыр-қайрат жатады. «Бұл — маңдай термен келетін өнер. Циркке келген адам соның бәрін көзімен көріп, жүрегімен сезінеді», — дейді ол.
Әмина МЕЛДЕБЕК,
SDU Журналистика мектебінің 4-курс студенті
Фотолар Шынар Абылғазинованың жеке мұрағатынан алынды