///

Ескі киімді қайта өңдеу не үшін маңызды?

80 рет қаралды
Screenshot

Қазақстанда ескі киімнің басым бөлігі қайта өңдеуге жетпей, тікелей полигонға кетеді. Себебі елде текстиль қалдығы дербес санат ретінде танылмаған, ал сұрыптау жүйесі оны жеке қабылдамайды. Яғни киім қоқысқа түскен сәттен бастап өңделу мүмкіндігінен айрылады. БҰҰ мен халықаралық ұйымдардың бағалауынша, Қазақстанда қазіргі статистика полигондағы текстиль үлесін нақты көрсетпейді, сондықтан мәселенің өз ауқымы толық көрінбей отыр.

Алматы қаласындағы киім қабылдайтын бокстар

Биылғы көктемде Алматы қаласында «Fabriqa» жобасы пайдаланылған киімді қабылдайтын 18 көше контейнерін орнатты. Бір айдың ішінде бұл контейнерлер арқылы 20 тоннадан аса киім жиналған. Жоба өкілдері контейнер санын 22-ге дейін көбейту жоспарын да жариялаған. Бұл қаланың ішінде тұрақты жинау инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған бастама. Бұған дейін де қалада «Teplo» қорының жәшіктері болған. Олар сауда орындары мен кеңселерге қойылып, тұрмыста қолданылмай тұрған киімді қабылдап келген. Қор тек киімді жинаумен шектелмей, корпоративтік кеңселерге жәшік орнатуды ұсынады және қайырымдылық бағытындағы жобалармен де жұмыс істейді. «Fabriqa» жоба ауқымын кеңейтіп жатыр, ал «Teplo» қоры жұмысын қарқынды жалғастыру үстінде.

Астана қаласы: әзірге жүйелік деңгейдегі құжаттар күшеюде

Ал Астана қаласында текстиль қалдығын бөлек жинау үшін тұрақты қалалық жүйе әлі толық қалыптаспаған. Экология министрлігі 2025 жылы қалдықтарды басқарудың жаңа ұлттық стратегиясын әзірлеп жатқанын мәлімдеді. Стратегияның мақсаты – бөлек жинау үлесін арттырып, қайта өңдеу ауқымын кеңейту. Әйтсе де дәл текстильге арналған тұрақты инфрақұрылым әзірге қанатқақты деңгейде ғана жүзеге асып отыр. Ары қарайғы іске асыру үшін нақты жобалар мен серіктестік қажет.

Эколог әрі эко-этнодизайнер Ботагөз Садыбекова бұл жағдайды тұтыну мәдениетімен тікелей байланыстырады. Бізбен әңгімесінде ол киімнің «өмірі» қоқыс төгілген кезде емес, айналымнан шыққанға дейінгі жасалған таңдаулардан басталатынын айтты. Маман бірнеше жылдан бері апсайклингпен айналысып, киімді қайта қолдану мәдениетін насихаттап жүр. Ботагөздің тәжірибесінде бір ғана джинс шалбардан түрлі жаңа зат жасалған мысалдар бар. Оның сөзінше, мәселе тігін шеберлігінде емес, киімді қолдану көзқарасында жатыр.

Ботагөз Садықова

«Анығында киім ескірмейді, тек оған деген көзқарас тозады. Бір жыртылған джинс шалбарынан маска, жилет, белдік пен аксессуар жасап шықтым. Қазақы өрнек берсең, ол мүлде басқа, жаңа затқа айналады», – дейді эко сарапшы. Ол үй жағдайында да қайта өңдеуге болатынын айтады. Күрделі техника қолданудың қажеті жоқ.

«Ең қарапайым әдіс – көктеу. Қалың жіпті иненің көзінен өткізіп, матаның жиегін түрлі өрнек салып, әрлеп шығуға болады. Қосымша шығын жоқ, тек аздаған уақыт пен идея, құлшыныс қажет», – дейді Ботагөз Садыбекова. Ботагөз жылдам моданың экологиялық зиянын ерекше атап өтеді. Маманның айтуынша, жаңа коллекциялар жиі шығып, «акция» секілді маркетинг тәсілдері тұтынушыларды ойланбастан сатып алуға итермелейді.

Маркетинг қысымына көнбеудің бір жолы – киімді ұзақ пайдалану немесе қайта өңдеу. Әсіресе джинс шалбарды, себебі оны өндіруге өте көп су жұмсалады. Ал өңделген мата ұзаққа шыдайды.

«Масс-маркет адамның санасын акциямен, «жаңа коллекциямен» алдайды, ал табиғи матадан жасалған бұйымның өмірі ұзақ болады, бұл әрі денсаулыққа да пайдалы. Менің мақсатым – адамдарға өз киім гардеробына саналы қарауды және киімге екінші өмір беруге болатынын көрсетіп, экобілімді қалыптастыру», – дейді эко сарапшы.

Саналы тұтыну мәдениеті туралы айтқанда, Ботагөз Садыбекова ең әуелі көзқарас өзгеруге тиіс дейді. Жылдам мода адамның «қажет емес затты да қажет» деп ойлауына ықпал етеді, ал экофилософияның өзегі «сатып алуда» емес, «қайта пайдалану» мәдениетінде жатыр. Ботагөз киімнің ескіруін «құнсыздану» емес, «екінші өмірдің бастауы» деп қабылдайды. Жыртылған немесе тозған маталар қазақы оюмен толықтырылып, өзгеше жаңа сипат алады.  Маманның бастамасы тек қолөнер жобасымен шектелмейді. Ол Астанада «LikeLy ArtMaster» ұйымымен, Алматыда арнайы қабылдау бокстарын қолданып, біріге жұмыс істеп, матаны қоқыс полигондарына жібермей, қайта айналымға енгізуге тырысады.

Қазақстандағы полигондардағы қоқысты сұрыптау жүйесі әлсіз. Сол себепті ескі киім де, жарамды материалдар да бір жерге араласып кете барады. Бұл қайта өңдеу тізбегінің үзілуіне әкеледі. Яғни киімнің қызметін ұзарту – қоқысқа жетпей тұрып жасалатын жұмыс. Экологтың ойынша, апсайклингті тек «қолөнер» ретінде емес, экологиялық шешім ретінде түсіндіру қажет. Өйткені бұл тәсіл тек бір адамның киімін емес, жалпы тұтыну моделін өзгертуге қауқарлы.

Садыбекованың шеберлік сабақтарына қатысатын жастардың көптігі соның дәлелі. Олардың көбі сән трендінен гөрі, өзіндік стильді іздейді. Ал «өзі жасаған бұйымды» кию – эмоциялық құндылықты күшейтеді.

Бағдат СҰЛТАН, 

арнайы “Мінбер” үшін

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Желаяқтар қос қола иеленді

Бахрейннің Манамада қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының жеңіл атлетика додасында 3000 метрге жүгіру сайысында

Азиаданың сегізінші алтыны

Қазақстандық жеңіл атлет Максим Сажнев Бахрейннің Манама қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында алтын медаль

Азиададан тағы екі алтын түсті

Бахрейннің Манамада қаласында жасөспірімдер арасындағы Азия ойындары қыза түсті. Бүгінгі жарыс күні де алтынмен басталды. Таеквондода