//

Таеквондодан әлем чемпионаты қазақ жерінде өтеді

73 рет қаралды

Фото: Қазақстан таеквондо (WT) федерациясынан

Уси төрінен сүйінші жаңалық жетті. Дүниежүзілік таеквондо (WT) федерациясы Қазақстанды 2027 жылғы Әлем чемпионатының ресми иесі деп таныды.

Төрткүл дүниенің таеквондошылары жиналатын айтулы дода енді қазақ елінде өтеді. Аталмыш ақпаратты Қазақстан таеквондо (WT) федерациясы таратты.

Бұл шешім Қытайдың Уси қаласында, биылғы әлем біріншілігі аясында өткен федерацияның кеңейтілген жиынында қабылданды. Ұсынылған үміткерлердің арасынан Қазақстанның кандидатурасы бірауыздан қолдау тапты.

– Қазақстан таеквондодан Әлем чемпионатын қабылдауға толық дайын. Біз мұндай ауқымды жарысты өткізуге әлеуетіміздің жететінін талай мәрте дәлелдедік. Тамыз айында өткен “Kazakhstan Open” турнирінде 700-ден астам спортшы бақ сынады. Сол жарысқа қатысқан халықаралық өкілдер мен WT президенті доктор Чунгвон Чоудың өзі жоғары бағасын берді. Енді, міне, сол еңбектің жемісін көріп отырмыз. Бұл бүкіл спорт қауымының, ел намысын биік қойған азаматтардың ортақ жеңісі, – деді Қазақстан таеквондо (WT) федерациясының президенті Кудрәт Шамиев.

Расымен, бұл жаңалық – ел спортының жаңа белесі. Енді Қазақстан Орта Азиядағы тұңғыш таеквондо WT Әлем чемпионатын қабылдайтын мемлекет атанды.

2027 жылы Астана төрі дүние жүзінің таңдаулы таеквондошыларының тайталас алаңына айналмақ.

Бұл чемпионат жай ғана спорттық шара емес, 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасы алдындағы шешуші сынақ, әлем мықтыларының бағы мен бабы таразыланатын дода.

Айтпақшы, дәл қазір Уси қаласында 179 елден 991 спортшы қатысып жатқан 2025 жылғы әлем чемпионаты қызып тұр.

Бұл сында Қазақстан намысын 16 таеквондошы қорғап жатыр.

Алақайлатар жаңалықтың артында тындырымды еңбек, ұжымдық табандылық, ел спортының өркеніне деген сенім жатыр.
Қазақстан спортының көк туы тағы бір мәрте биіктен желбірейді.

Түгелбай Бисен

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар