///

Қоқысты сұрыптау: экологиялық мәселені экономикалық ресурсқа айналдыру жолдары

54 рет қаралды
Қоқыстан жасалған брусчаткалар

Оралда тұрғындар мен кәсіпкерлер қоқысты сұрыптап, қайта өңдеуді күнделікті өмір салтына айналдырып отыр. Соның бірі — 15 жылдан бері тұрмыстық қалдықты сұрыптап жүреген психолог Сәуле Файзуллина және пластиктен брусчатка өндіретін кәсіпкер Александр Елькин. Олар қоқыс көлемін азайтып, қоршаған ортаны қорғау үшін өз бастамаларын жүзеге асырып жүр. Алайда Үкімет тапсырған қалдықтарды басқару тұжырымдамасы белгіленген мерзімінен кешігіп, саладағы жүйелі өзгерістердің жүзеге асуына кедергі келтіруде. “Мінбер” тілшісі қоқыстарды сұрыптау тәжірибелерімен танысып қайтқан еді. 

ҚОҚЫС СҰРЫПТАУ ОНЫҢ ӨМІРІНІҢ БІР БӨЛШЕГІНЕ АЙНАЛҒАН

Әдеттегі аптаның бір күнінде оралдық Сәуле қолына бірнеше қапшық ұстап қоқыс контейнеріне барады. Бір қараған адамға оның бұл әрекеті күнделікті тұрмыстық міндет сияқты көрінуі мүмкін. Алайда оның қолындағы қапшықтарда қарапайым тұрмыстық қалдықтар емес, мұқият сұрыпталған «қазына» жатыр. Біреуіне – пластик, біреуіне – қағаз, енді біреуіне темір салынған. Қоқыс сұрыптау оның өмірінің бір бөлшегіне айналған. Бұл – оның 15 жылдан бергі өмір сүру салты. 

– Мида, ішкі жан дүниеңде тазалық болуы үшін айналаң да таза болуы керек. Бір қоқыс жәшігіне бәрі араласып жиналғаны дұрыс емес. Қоқысқа екінші өмір сыйлап, кәдеге жаратуға мүмкіндігіміз бар, – дейді Сәуле Файзуллина.

Сәуле қоқыстың кез келген түрін сұрыптауға жол тапқан: жеміс, көкөніс  қалдықтары сияқты органикалық қоқысты жерге көмеді, қағаз, темір, пластикті жеке-жеке жинап, арнайы жерлерге өткізеді, ал сағат батарейкаларын мектептегі зертхана жұмыстары үшін оқушыларға береді. Айтуынша, ретсіз киім алмайды, ал артылған киімін басқаларға таратады. 

– Қоқысқа арналған компостер сатып алуды жоспарлап отырмын. Бұл – органикалық қалдықтарды құнды тыңайтқышқа айналдыруға мүмкіндік беретін контейнер. Қоқыс төгу мәдениетін қалыптастырып, экологиялық сауатымызды арттырсақ қоршаған ортаға үлкен үлес қосамыз, – дейді ол. Сәуле психолог болып қызмет етеді. Ол үшін жаһандық мәселеге сәл де болса үлес қосып жатқаны – бір жетістік.

ОРАЛДЫҚ КӘСІПКЕР ҚОҚЫСТАН ӨНІМ ШЫҒАРЫП ОТЫР

Оралда  аумағы 7,7 гектар «Алтын алма» көтерме сауда базарына келсеңіз, көзіңіз еріксіз жердегі ерекше брусчаткаға түседі. Бұл – қоқыстан дайындалған өнім. Базарға күніне 30 мыңдай адам келеді. Мыңға жуық адам кәсібі үшін орынды жалға алып отыр. Қақпаға кіргеннен шыққанша көзімізге бірде-бір қоқыс түспеді. Базардағы қоқысты реттеп, кәдеге жаратып отырған  бұл сауда орталығының жетекшісі Александр Елькин:

2013 жылдан бастап арнайы құрылғы сатып алып, пластикті сұрыптай бастадық. Бастаған ісіміз біртіндеп жүйеленіп, өнім шығардық. Базарда арнайы пункт бар. Сол жерде пластик қорап пен құтылар бөлек, ал органикалық қоқыс бөлек сұрыпталып, жиналады. Органикалық қоқысты шаруа қожалығымызға апарамыз, пластик цехымызға жіберіледі. Цехта брусчатка шығарамыз. 

 Елькин айтып отырған цехте небәрі үш адам жұмыс істейді. Базардан жиналған пластикке полиэтилен мен құм қосылып, брусчатка мен тротуар плиткасын өндіреді. Өнімнің 30%-ы құм, 35%-ы пластик, тағы 35%-ы полиэтилен. Мекеменің бас инженері Николай Адылевтің айтуынша, құм мен пластикті есептемегенде, айына 10 тонна полиэтилен қолданылады. Ол осы арқылы қоршаған ортаға, экологияға, табиғатқа үлкен пайда әкеліп отыр.

Николай Адылев

Алайда полиэтиленді жинауда қиындықтар бар. Жұрт оларды жинау пункттеріне тапсыруға құлықты емес. Сондықтан өндіріс орны оны қаладағы қоқыс полигонынан сатып алып, сұрыптап, тазалап, қайта өңдеп, содан кейін ғана өнімге қосып отыр. Адылев  қоқыс контейнерлері тұрған жерлерде арнайы полиэтилен жинау жәшіктерін неге қоймасқа дейді. Бұл өндіріс орнында айына 500-600 шаршы метр болатын өнім шығады. Қайта өңделген қоқыстан дайындалған брусчатка күнделікті көріп жүрген брусчаткабағасына қарағанда қымбат. Бірақ компания өкілі өнім сапасына 30 жылға дейін кепілдік береді. Кәсіпкер бар мүмкіндігін пайдаланып қоқысты өнімге айналдырып отырса да,  ол үшін мемлекетткен ешқандай қолдау алмайды.

ҚОҚЫСТЫ СҰРЫПТАМАУ ШЫҒЫНҒА БАТЫРАДЫ

Сұрыпталмаған қоқыс қайта өңдеуге жарамсыз болып, қалдық полигондарына жеткізіледі. Қоқыстың кей түрі полигондарда дұрыс сақталмаса,  табиғатқа үлкен зиян келтіруі мүмкін. Экобелсенді Ерлан Жұматаев қоқыс сұрыптауды тек әдетке айналдырып қоймай, насихаттап жүр. 

Эко-белсенді Ерлан Жұматаев. Фото жеке мұрағаттан

Ауылдардағы экологиялық талапқа мүлдем келмейтін полигондарды айтпай-ақ қояйық, Облыс орталықтарындағы полигондардың өзі талапқа сай емес.  Қазіргі тұрмыстық қоқыстарда ауыр химиялық элемент өте көп. Ол адам организміне шөгіп, онкологиялық аурулар тууына себеп болуы мүмкін, − дейді ол.

Экобелсенді қоқысты сұрыптамау табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға кедергі жасап, экономикалық шығындарға әкеледі деп есептейді. 

Бізде заңсыз қоқыс төгу азайса, заңсыз қоқыс алаңдарын тазарту қаржысын басқа бағытқа жұмсауға болар еді. Осы қаржыны республика көлемінде есептеп көрсеңіз миллиардтаған теңге шығады, дейді экобелсенді, Орал қалалық мәслихатының депутаты, «Ел мақсаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Жұматаев. 

ҚАЛДЫҚТАРДЫ БАСҚАРУ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ ДАЙЫН БА?

Биыл наурызда үкімет басшысы Олжас Бектенов 1 қыркүйекке дейін қалдықтарды басқару тұжырымдамасын әзірлеуге тапсырма берді. Алайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген уақыт өтіп кетсе де, тұжырымдама әлі дайын емес. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қоқыстарды басқару департаменті директоры орынбасары Абылай Алмұқановтың сөзінше, үкімет тұжырымдаманы әлі қарастырып жатыр.

– Тұжырымдама көптеген мемлекеттік органның мүддесін қамтитындықтан көп уақыт кетті. 30 қазанда ғана үкімет аппаратына енгізілді. Үлкен жұмыс тобы құрылды. Бірінші жұмыс тобында концепцияны әзірлеу бойынша сарапшылар болса, екіншісінде мүдделі мемлекеттік органдар мен қауымдастықтар, кәсіпорындар бар. 

Алмұхановтың айтуынша, қайта өңдеу саласындағы кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан субсидия қарастылырмаған. Төлемақы ғана беріледі. 

Фото: Абылай Алмұқановтың жеке мұрағатынан

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Жасыл даму» АҚ осы салада жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарға екі бағытта көмек көрсетіп отыр. Оның бірі — EcoQolday автоматтандырылған жүйесі. Қалдықтарды жинап, тасымалдап, қайта өңдеген компанияларға Үкімет белгілеген қаржы мөлшері бар, соған сәйкес төлемақы ғана төлейді. Екіншісі «жоба жүзеге асырамын» деген компанияларға 3 жылдан 15 жылға дейін 3 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. Қазіргі таңда өңірлер бойынша 61 жоба жүзеге асып жатыр, — дейді Алмұқанов.

EcoQolday жүйесі өндіруші міндеттемелеріне сәйкес, қалдықты жинау, тасымалдау және қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға қолдау көрсетеді.

Бұл жүйе қалдықтарды жинаудан бастап, оны қайта өңдеуге дейінгі процесті тиімді бақылап, кәсіпорындардың жұмысын үйлестіреді. Сонымен қатар EcoQolday – кәсіпорындардың материалдық және техникалық мүмкіндіктерін жақсартуға, экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталған платформа. 

Министрлік ұсынған соңғы дерекке сүйенсек, EcoQolday ақпараттық жүйесіне 126 компания өтінім берген. Оның ішінде 30 компания қоқысты қайта өңдейді. Дәл қазір тек 18 кәсіпорынмен шарт жасалған. 

2024-2025 жылдары жүйеге қайта өңдеуге жіберілген қалдықтың жалпы массасы  — 43,96 мың тоннаға жеткен. Биыл 32,89 мың тонна қалдық жіберілді. Қоқыстың 29,03 мың тоннасы – қағаз, 10,13 мың тоннасы – шыны, 4,26 мың тоннасы – шина, 550 тоннасы – пластик. Биыл қаңтар-қыркүйек айларында қоқысты жинап, қайта өңдейтін компанияларға 571,2 миллион теңге төленген. 

Дизайн, автор: Esengul Kap

Ұлттық статистика бюросындағы 2024 жылғы мәліметке сүйенсек, Қазақстанда коммуналдық қалдықтарды жинау және шығару бойынша 811 мекеме бар. Оның 465-сі кәсіпорын мен ұйым болса, 346-cы  — жеке кәсіпкер. Меншік нысандарының 47-сі ғана мемлекетке тиесілі, біреуі — шетелдік, қалғаны  — жеке меншік. 

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансур Ошурбаев бұған дейін елдеқоқыстың 25,8 пайызы ғана қайта өңделеді деп айтқан. 

Былтыр елде кәсіпорындар өздігінен шығаратын қалдықтарды есепке алғанда, жиналған қалдықтың жалпы көлемі – 4 616 952 тоннаға жетті. Одан жиналған коммуналды қалдық көлемі – 3 801 635 тонна. Бұдан 951 584 тонна ғана қоқысты қайта өңдеу зауыттарына берілген. Оның 81 665 тоннасы қалдықтарды басқару жөніндегі меншікті объектілерге тапсырылған. Бұл тізімде Алматы қаласы көш бастап тұр – 446 457 тонна қалдық кәдеге асқан. Екінші орында Қарағанды қаласы (193 549 тонна), үздік үштікті Астана түйіндейді(118 479 тонна). Ал БҚО-да 50 920 тонна қоқыс қайта өңдеу зауытына жіберілген. 

 

КЕЗ КЕЛГЕН ТҰРҒЫН ҚОҚЫС ТАПСЫРЫП, АҚЫСЫН АЛА АЛАДЫ

«Орал Таза Сервис» Оралдағы қоқыс сұрыптау қызметінен айналысатын жалғыз орталық. Кәсіпорынның қалада үш экопункті бар. Олардың да жұмыс істей бастағанына әзірге бір жыл болмаған. 

– Эконпунктер пластик, макулатура, алюминий банкілер, батарейкалар, қоспасыз, пайдалынған күнбағыс майы, плёнка және ПНД канистрлерді қабылдайды. Қазіргі таңда үш экопункт айына орташа – 16 тонна сұрыпталған қалдық жинап отыр, – делінген орталықтың бізге берген жауабында. 

 Оған қоса кәсіпорын оқушылар мен студенттерге шеберлік сағаттарын өткізіп, қоқыс сұрыптаудың маңызын түсіндіріп отырады. Қағаз, сабын өндіретін цех пен қоқыс сұрыптау кешенінде эко-экскурсиялар ұйымдастырады. Ай сайын қала тұрғындарына бағалы сыйлықтар ойнатып, эко-конкурстар өткізеді. 


Фото сұрыптау орталығының мұрағатынан

Бұл жерде тұрғындар алдын ала сұрыпталған қалдықтарды экопунктке фракциялар бойынша әкеліп тапсырады. Қабылдаушы қызметкер қалдықтардың қабылдау талаптарына сәйкестігін тексереді, салмағын өлшейді және соған сай ақы төлейді. Орталық қалдықтарды сұрыптап, ашып, буып-түйіп, серіктестер мен қайта өңдеушілерге жіберуге дайындайды.

Қағаз бен картонды дәретхана қағазын өндіретін кәсіпкерге жөнелтеді. Пайдаланылған күнбағыс майы – сабын өндіретін жергілікті кәсіпорынға, пластик қайта өңдеу үшін Ресейге жіберіледі. Батарейкалар утилизацияға дейін уақытша сақтау қоймасында сақталады, ал кітаптарды  экопунктегі кітап бұрышына қойып, келушілерге сатылымға ұсынады.

Қоқысты мәселе деп емес, ресурс ретінде қарастыру керек. Ал оны сұрыптау – тек экологиялық мақсат емес, сонымен бірге экономикалық қажеттілік. Дұрыс ұйымдастырылған жүйеде қалдықтар көлемін айтарлықтай азайтуға болады. Бұл қоршаған ортаға келетін зиянды азайтады және экономикалық тиімділікті арттырады. Ал сіз қоқыс сұрыптап жүрсіз бе? 

Динара Насыр, Орал қаласы

Cуреттер автордыкі

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

GGG әлемдік бокстың жаңа басшысы

Фото: worldboxing.org/news Даңқты қазақстандық боксшы Геннадий Головкин әлемдік спорт тарихындағы айтулы оқиғаның кейіпкеріне айналды. Римде өткен

Токиодағы тарихи жеңіс

Жапония астанасы Токиода өтіп жатқан жазғы Сурдолимпиадалық ойындар Қазақстан спорт жанкүйерлері үшін ерекше қуаныш пен мақтанышқа