///

Апатты жағдайда тұрған Сарыбұлақ мектебі

129 рет қаралды

Сарыбұлақ – Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы шағын ауыл. Мұнда оқушылар әлі күнге дейін 1931 жылы салынған ескі ғимаратта білім алып жатыр. Ауылда типтік мектеп жоқ, ал бар ғимарат апатты жағдайда тұр.

Ауыл тұрғындары көп жылдан бері жаңа мектеп салуды сұрап келеді. 2023 жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында жер телімі белгіленіп, қазығы қағылған еді. Бірақ бірнеше айдан соң құрылыс жұмыстары басқа типтік мектебі бар көршілес ауылға ауыстырылған. Сарыбұлаққа мектеп неліктен салынбағаны туралы түсініктеме берілген жоқ.

Нәтижесінде балалар заманауи, қауіпсіз, талапқа сай жағдайдан айырылған. Мектепте спортзалы, асханасы, ішкі санитарлық тораптары жоқ. Бұл ауыл балаларының білім алу құқығының тең еместігін көрсетеді.

Тұрғындар, әсіресе ата-аналар мен ауыл ақсақалдары, «Балаларымыз да 21-ғасыр мектебінде оқуға лайық» дейді. Бірақ бірнеше әкім, түрлі жобалар, уәделер бәрі құр сөз болып тұр. Уақыт өтті, балалар өсті, мектеп тағдыры өзгермеді.

Бүгінде бұл ауылда 190 бала білім алып жатыр. Алайда мектепте фойе немесе кең дәліз жоқ, оқу процесі толықтай кабинет жүйесі арқылы жүргізіледі.

Басқа кабинеттердің нашар жағдайына қарамастан, информатика кабинеті толықтай жабдықталған. Мұнда оқу процесіне қажетті компьютерлер, прцессорлар және тінтуірлермен толық қамтамасыз етілген, сабақтар өтіледі. Алайда, бұл жабдықтардың жаңа мектептердегі үлгілермен салыстырғанда әлдеқайда ескіргені көрініп тұр.

Мектеп ішінде дәретхана бар екеніне қарамастан, ол үнемі жабық тұрады. Тұрғындардың айтуынша, бұл дәретхана тек жоғарыдан келетін комиссия мүшелері келген кезде ғана ашылады.

Бұл мектеп біздің көзіміз үйренген, қазіргі заман талабына сай типтік білім ордаларына жатпайды. Мектептің негізгі корпустары бастапқыда білім беру мекемесі ретінде салынбаған. Тек бір ғана корпус мектеп мақсатында салынған, бірақ оның өзі 20 ғасырдың 30-жылдарында бой көтерген ескі ғимарат. Мектептің осы корпусы кезінде балабақша ретінде салынған, құрылысы 1979 жылға тиесілі. Қазіргі таңда мұнда бастауыш сынып және орта буын оқушылары білім алып жатыр.

Бұл – мектептің ең көне ғимараты. 1931 жылы салынған. Онда қазір еңбек кабинеті мен спортзал кабинеті орналасқан. Ғимараттың физикалық тозуы көзге бірден байқалады: қабырғалары ескі, құлағалы тұр.

Оқушылар оқитын кабинеттердің бірі – еңбек. Кабинеттің төбесіндегі ескі плиталар сарғайған. Едені тозған, көп жылдар бойы жасалмаған жөндеудің салдары еден бетіндегі сызықтар мен өшкен бояудан байқалады.

Бұл оқу орнында спортзал да, акті залы да жоқ. Сол себепті барлық спорттық және мәдени шаралар осы кабинетте өткізіледі.

Бұл ғимарат 1979 жылы салынған. Кеңес үкіметі кезінде ол колхоздың әкімшілік ғимараты болған. Кезінде совхоздан қалған контор кейіннен мектепке беріліп, қазіргі таңда жоғары сынып оқушылары білім алып жатыр.

Ғимаратқа жылу жүргізілгенімен, сыртқа шығатын есіктің дұрыс жабылмауы салдарынан мектеп толыққанды жылымайды. Бұған қоса терезелердегі саңыраулар кабинеттерден жылудың қайта шығып кетуіне себеп болады. Жыл сайын ғимарат тек сыртынан сырланып қана қойылады.

Сарыбұлақ тұрғындарының айтуынша, мектептің шатыры тесік. Нәтижесінде , қатты жауын-шашын кезінде қабырғалардан су ағады. Ата-аналардың айтуынша, бұл аққан судың электр желілеріне тиіп, баланың тоққа түсіп қалуына әкелуі мүмкін деген қаупі өте жоғары.

Мектепте оқушыларды толыққанды тамақтандыратын ыстық тағам ұсынатын асхана жоқ. Тек бастауыш сынып оқушыларына арналған шағын буфет жұмыс істейді, бірақ ол да тек суық және жеңіл тағамдармен шектеледі. Салдарынан балалар мектептің ар жағындағы дүкенге жүгінуге мәжбүр.

Бұл құбыр – оқушылардың негізгі су көзі. Балалар сабақ арасында, дене шынықтырудан кейін дәл осы жерге келіп су ішеді. Мектептің ішінде ауызсу жоқ. «Балалар мына тұрған құбырдан барып су іше салады, онда ауырмағанда қайтеді» дейді ата-аналар.

Оқушылар ғимараттың сыртында орналасқан ескі әрі қолайсыз дәретханаларды пайдалануға мәжбүр. Оқушылар жаңбыр мен қар, суық пен желге қарамастан далаға шығады. Ата- аналары олардың гигиенасы мен денсаулығына кері әсеріне алаңдайтынын да айтып өтті.

Осының бәріне қарамастан Сарыбұлақ ауылының тұрғындары үмітін үзбейді. «Осы балаларымыз жақсы білім алса, қазіргі заманға сай білім алса дейміз» деген армандары – билік пен қоғамның назарынан тыс қалмайды деген ойда. Мектептің қазіргі жағдайы сапалы білім беруге қажетті минималды жағдайдың жоқтығын айқын дәлелдейді.

 Нұрила Нұржігіт

суреттерді түсірген: Айару Сембай 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар