/////

Бақытбек Бәмішұлы. Қағушы (әңгіме)

50 рет қаралды

Қыстың түні ұзақ. Құсбегі үшін атып бермейтін ұзаын таң. Қар қылаулап, жер бетін қырбақ басса бір ғанибет. Аң ізі тасқа басқан таңбадай сайрап жатар.

Жатар алдында сорпасы мол етке тойып алған аңшылар таң қылаң бере аттанамыз деп келіскен. Келіскен уақытта атқа қонды. Өзін аңға салатынын сезген, әбден жарап, зарына келген бүркіт те саңқылдап бір-екі рет піштактап барып тына қалған. Тың аттардың жүрісі ширақ, танауларынан ақ буларын бұрқыратып, шымыр қарды күртілдете басып, тағалы тұяқтарымен іліп лақтырып, қоян бүлкекке салады.

Қағушыға бір емес, екі адам ілескен. Бірі жасамыс, жасында партизанда көп жүрген, е дегенге ме дейтін, ештеңеден беті қайтып көрмеген Бәкен, екіншісі момақан сипатты, бар қулығы ішінде жататын Мантай. Екеуі де қанжығасын майлаудан, қырдың қызыл олжасынан дәмелі. Қыран құс пен құс иесі түлкі алғандарына мәз болмақ-дүр.

Ауылдан төрт-бес шақырым ұзап шыққаннан кейін аңшылар даңғыл жолды тастап, тауға тартып, тау бөктерлеп, қиялай жүріп, әр қыратқа, әр төбеге бір тоқтап етекке, мұнтаздай таза, мүлгіген далаға, қатпар-қатпар жыралы өзекке көз жібереді. Көзге ілігер бұдырсыз көсілген даладан қыбыр еткен жәндік байқалмайды. Құсбегі томаға тартады.

Аңшылар тағы біраз жортып, қопасы мол, шилі өзекті өрлеп келіп, құсбегіні биік бір жотаға қалдырды да қос қағушының бірі қия жерді көлденеңдеп, бірі аңғарды өрлеп,

ой-қырдан, қопа-қопсы, бұта-бүрген, тастың түбіне тығылып жатқан түлкіні үркітіп шығармаққа бар күштерін салды. Олар кейде атпен, кейде ат жүре алмайтын тау-тастың арасымен жаяулап жүріп, даңғырасын даңғырлатып, етек-жеңін тарсылдатып сабалап, айт-үйт деп дабыстап,  үрейлі дыбыс шығарып, өр, қиядан тас домалатып қу түлкіні қоймай жүріп жасырынған жерінен қуып шықпақ.

– Әні кетті, кетті ойбай, – деп Бекен айғай салды. Айғай салғаны сол еді, тап осы сәтте қылп еткенді қалт жібермейтін қыранның томағасын тартуы мұң екен ол сып етіп, шарықтап көкке бірақ атылды дегейсің.

Құспен бірге құсбегі де екі етегі туырлықтай жайылып, атым әлде неге сүрініп, мына қия беттен омақасып, құлап өлемін-ау деген ой жоқ, өлген-тірілгеніне қарамай құлдилап, сноубордпен сырғанағандай ақ қарды басына асыра көшіріп,  бүркіт кеткен жаққа қарай ұштыртып келеді. Қос қағушы да бірінен-бірі озып, аспандағы құстан көз жазбай шапқылайды.

Қыран мен түлкі бір мезет жұмар-жұмар айқасты да әп-сәтте құс қоқиып, қарайып тыныштала қалды. Бүйірден келіп қағушыларға жеткен құсбегі айғай салды:

– Ат демінен,  адамның көзінен күш алады қу түлкі,  таямай түсіңдер, алыстан, – деп өзі де атынан қарғып түсіп, арт жағынан жауырыны бүлк-бүл етіп, қанатымен қоралай қорып,  қызыл түлкіні жұмаштап жатқан құсына қарай ұмтылды.

Қыран құс сондай ажарлы, сондай бардам, кеудесін тік ұстап, қос жанарын жарқ-жарқ еткізіп, аударып-төңкеріп, алпыс екі айлалы түлкі алдым деп айбаттануы аса әсерлі. Ал иесі қыран құсын басынан сипап, иығынан сылап, айналып-толғанып, бар махаббат мейірімін үйіп-төгіп мәз. Мантай түлкіні құстың астынан суырып алды. Артқы  аяғынан ұстап тұрып «үйірімен үш тоғыз» деп жерге үш салып, көтеріп сілкіп-сілкіп жіберіп,

– Мінеки, Бәке, байланыңыз, жол сіздікі,– деп сары шулан түлкінің күлтелі құйрығын бұлғақтатып  Бекеннің алдыны көлденеңінен тастады.   Бекен түлкіні аяғының ұшымен түртіп, аударып-төңкеріп,

– Сары бауыр екен, сен байлан, – деп Мантайға қарай икемдей салды.

– Бәке, маған түлкінің ақ-қарасының бәрі бір, байланып аламын, бірақ келесі кезек менікі екені есіңізде болсын, – деп жымиды Мантай.

– Сенікі-сенікі, – деді Бекен, егер түлкі алып жатса бала жігіттің жолын кеспесіне құдайдай сеніп. Бірақ жағдай Бекеннің сенгеніндей болмады. Күн де кешкіріп қалған-ды.  Енді ештеңе көзге ілінбейді-ау деген шақта қыран тағы бір түлкіні ұстады. Құсбегі құсын түлкіден ажыратқанда жетіп келген Мантай ай-шүй жоқ құсты мақтай жөнелді:

–  Пай-пай, құсыңыз қыран-ақ екен, қыран-ақ екен, нағыз қанды балақтың өзі ғой, көргенін көз ілестірмей алғанын айтам-ау, бабын да тапқан-ақ екенсіз! Шіркіннің шүйілуін-ай, түйілуін-ай! Мына түрімен, әй, мынау даланың аңынан аң қоймас, – деп қып-қызыл түсті батып бара жатқан күннің нарттай көзіне онан әрмен алаулап жанған отай көрінген түлкіні «үйірімен үш тоғыз» деп жерге үш періп, қанжығасына байлады да алды. Бекен ләм-мим демей түнеріп тұрып қалды. «Маған бер, бұл жолғы кезек менікі де» демеді. «Сенікі» деп аузынан жазған өзі.

Күн батып, лезімде қас қарайды. Ауылдан бір шама ұзап та кеткен. Күні бойы өрлі-қырлы  шапқылаған аттар да қара сүмек, болдырған, боз қырау.  Олар жақын маңдағы бір қыстақтағы ауыл-үйге қонаға түсті. Қонақтарын жаңа сүріні молғып асып, күткен малшы да сөзшең, кеңесшіл адам екен құсбегі екеуінің әңгімесі бір таңға жалғасты. Мантай екі бірдей түлкінің терісін сыпырып үлгірді. Бекен теріс қарап түнерген қалпында түлкі сойған Мантай жаққа көзінің қырын да салмады. Тамағынан ас та баяу өтті. Мініс аттарды жылы қораға кіргізіп, суытып, шөп салғанда да бір ауыз тіл қатпаған.

Мантай таңғы шайды бәрін бұрын ішіп, сыртқа шығып, түнімен тыныққан аттарды ерттеп, Бекеннің қанжығасына ал қызыл түлкіні құйрығын жерге сүйрете бөктеріп байлап қойды.  Мұны көрген Бекеннің қабағы шайдай ашылып, жүзі жылып:

– Әй, Мантай, әй Мантай, өстіп те адамды қинауға болады екен-ау,– деп қарқ-қарқ күлді.

21-21.21.12.2025.

Сурет Массагет.кз алынды

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар