Фото: Мұрат Адамның Facebook парақшасынан
Гүлнәр Бажкенова ісі: сот шешімі мен әділетке сенімнің сын сәті
8 желтоқсанда Алматы қалалық сотында журналист, Orda.kz ақпараттық порталының бас редакторы Гүлнәр Бажкеноваға қатысты апелляциялық тыңдау өтті. Осы күні адвокат Мұрат Адам оның үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын жоюды сұрап, шағым түсірген еді.
Алайда сот алқасы қорғаушының өтінішін қанағаттандырмай, бұрынғы шешімді – үйқамақты өзгеріссіз қалдырды. Осылайша, Бажкенова әзірге қамаудағы шектеулі режімде қалды.
Адвокаттың уәжі
Адвокат Мұрат Адам әлеуметтік желідегі парақшасында сот отырысының жабық әрі формальды өткенін айтып, наразылығын білдірді.
«Біз процессуалдық бұзушылықтарды дәлелдейтін құжаттар мен дәйектер ұсындық, бірақ апелляциялық сот бірде-бір сұрақ қоймады, ұсынылған материалдарды да тексермеді. Фемида құдды құлағы естімейтін, көзі көрмейтін, сөзі жоқ тас мүсінге айналған сияқты. Әділет іздеген тараптың дауысын естуге де, негізді уәждерді тексеруге де құлық болмады. Тіпті шешім жарияланған соң оның мотивтері де түсіндірілмеді», – деп жазды ол.
Адвокаттың айтуынша, қорғау тарапының басты уәжі – Гүлнәр Бажкенованың 1 желтоқсандағы ұсталу және үйқамаққа жіберілу үдерісінде заң бұзушылықтар болғаны туралы айғақтар жинастырылған. Алайда олар сотта қаралмай, негізгі наразылық нүктелері назардан тыс қалған.
Істің мазмұны
1 желтоқсанда Алматыда Orda.kz редакциясында және Гүлнәр Бажкенованың үйінде тінту жүргізілген. Одан кейін редактор «жалған ақпарат таратты» деген айып бойынша ұсталып, екі ай мерзімге үйқамаққа жіберілген.
Тергеу нұсқасы бойынша, журналист «жалған және қасақана ақпарат таратқан» деп есептеледі. Полиция осы көрсетілген айыптауды 2024 жылғы бір жарияланыммен байланыстырады, онда «қызметтік тұлғаның қолға түскені туралы» мәлімет жарияланған, бірақ кейін ондай оқиға болмағаны айтылған. Редакция бұл ақпарат сол сәтте ресми дереккөздерден алынғанын, қателік түзетілгенін мәлімдеді.
Оқиға барысында редакциядан техникалық құралдар, құжаттар, жеке ноутбуктер тәркіленді. Бажкенованың қозғалысы мен байланысы қатаң шектелді. Қазір ол редакция жұмысына тікелей қатыса алмайды.
Сот пен қоғамның реакциясы
Адвокат Мұрат Адам соттың бұл шешімін «саяси тапсырысқа ұқсас формальді үкім» деп бағалады. Ал құқық қорғаушылар мен журналистік ұйымдар бұл іс сөз бостандығына қауіп төндіруі мүмкін деп есептейді. Олардың айтуынша, Бажкенова – соңғы жылдары билік іс-әрекетін сыни тұрғыда жарыққа шығарып жүрген тәуелсіз редакторлардың бірі.
Халықаралық ұйымдар да бұл оқиғаға назар аудара бастады. «Шекарасыз тілшілер» (Reporters Without Borders) және «Article 19» секілді институттар Қазақстан билігін БАҚ өкілдеріне қатысты кез келген қылмыстық шараларды ашық және заң шеңберінде жүргізуге шақырды.
Сот тарапынан ресми түсініктеме берілмегенімен, сот қызметкерлері бұрын да «барлық шешім қолданыстағы процессуалдық нормаларға сәйкес қабылданады» деп келген. Дегенмен қоғам аралық медиация орталықтары мен сарапшылар осы үдерістің жабықтығы және мотивтердің түсіндірілмеуі сот жүйесіне деген сенімге нұқсан келтіреді деп есептейді.
Гүлнәр Бажкенова ісінің төңірегіндегі даулар тек бір жеке журналистің қорғалуына емес, Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігі мен сот жүйесінің ашықтығына қатысты жалпы сұрақтарды көтеріп отыр. Құқық қорғаушылар «бұл іс прецедентке айналып кетуі мүмкін» дейді.
Сот тарапынан тараптардың барлық айғағын тең қарау, негізсіз шектеу қоймау, сот мотивтерін түсіндіру – демократиялық құқық мемлекетінің негізгі белгілері. Ал қоғам мен медиа үшін мұндай істердің ашық өтуі – сенім мен әділеттіліктің басты шарты.
Бүгінгі оқиға – сот жүйесі мен журналистік еркіндік арасындағы жүйелік диалогтың көрінісі. Сот шешімдері фактіге, дәлелге және ашықтыққа сүйенуі керек. Ал қорғау тараптарының уәжі және қоғамның сенімі ескерілмей қалса, бұл тек бір журналистің емес, тұтас сот жүйесінің беделіне нұқсан келтіреді.
Гүлнәр Бажкенова ісін қоғам бақылап отыр. Бұл іс әділдік сезімін ғана емес, қоғамның өз даусына құлақ асатын соттың қажеттігін айқын көрсетіп берді.
Бегім Көктүрік
Парақшамызға жазылыңыз
