//

Қазақстандағы электронды қалдықтар мәселесін қалай шешуге болады? 

59 рет қаралды
Фото: 2021 жыл. Connect-Ed еріктілері Шу қаласы Макаренко атындағы орта мектептің оқушыларына ноутбук таратуда

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, 2024 жылы елде 2467 тонна электронды қалдық түзілген. Оның 0,9 пайызы қайта пайдалануға беріліп, 1 пайызы ғана қайта өңделген. Ал 11,7 пайызы жойылған. Minber.kz елдегі электронды қалдықтарды басқару жүйесін сарапшылармен бірге талдап көрді.

Электронды қалдықтарды қабылдайтын және өңдейтін пунктер аз

Ұялы телефон, компьютер, гаджеттер, кір жуғыш машина, тоңазытқыш пен теледидар секілді сан түрлі тұрмыстық техника өміріміздің барлық саласына еніп кеткен. Бірақ кез келген техниканың қызмет ету мерзімі шектеулі. Бірі уақыт өте бұзылады, бірі ескіріп қалады. Ал мүлдем жарамсыз болып қалғанда электронды қалдыққа айналады.

Дайындаған: Әмір Жәнібек

Қазақстанда электронды қалдықтарды қабылдап, өңдеумен арнайы лицензиясы бар кәсіпорындар айналысады. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, бүгінде 19 мамандандырылған ұйым тіркелген. Бұл кәсіпорындардың басым бөлігі ірі қалаларда. Мәселен, Алматы қаласында электронды қалдықтарды қабылдайтын және өңдейтін 7 пункт, Астанада  5 пункт бар. Қалған 7 кәсіпорын басқа 6 қалада орналасқан. Мегаполистің өзінде қабылдау пунктерінің саны халық санына шаққанда жеткіліксіз. Ал кейбір аймақта мұндай инфрақұрылым мүлде жоқ. Алматы қаласындағы экология шараларын ұйымдастырушы, экоинфлюенсер Камила Акимбекованың сөзінше, қоқысты сұрыптауға өткізетін жер көп әрі жалпыға бірдей қолжетімді болуы қажет.

«Адам қоқысты қайта өңдеуге тапсыру үшін 15 минуттан артық уақыт жұмсамауға тиіс», — дейді ол.

Фото: Экология шараларын ұйымдастырушы, экоинфлюенсер Камила Акимбекова. Сурет жеке мұрағаттан.

Ескі ноутбуктарға жаңа өмір сыйлаған жоба

Мемлекеттік деңгейде электронды техниканы өңдеу жолға толық қойылмаса да, ескі техникаға екінші өмір сыйлайтын еріктілердің әлеуметтік жобалары бар. Солардың бірі — Connect-Ed. Жоба жетекшісі Гүлназ Қордан 2015 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-ды тәмамдап, Алматыдағы мектептерде жұмыс істеген. Кейіннен АҚШ-та тағылымдамадан өтіп, білім беру саласындағы жобалармен айналыса бастайды. 2019 жылы «Teach For Kazakhstan» үкіметтік емес ұйымын құрған. Дәл сол жылы «Сорос Қазақстан» қорынан білім беру бастамасына грант алады. Берілген қаржыға 60 ноутбук сатып алып, Алматы облысы мен Алматы қаласындағы балаларға таратып берген.  Бұл бастама 2020 жылы коронавирус пандемиясы кезінде Connect-Ed жобасының құрылуына әкеледі. Бұл уақытта қашықтан оқуға көшкен оқушыларға құрылғы мен компьютер жетпеді. Connect-Ed осы тапшылықтың орнын толтыруға тырысты. Олар ескі, бұзылған ноутбуктарды жөндеп, аз қамтылған отбасыдан және ауылдан шыққан балаларға пайдалануға береді. Бес жылдың ішінде жоба еріктілері 600 ноутбукты жөндеп, 2000 баланы техникамен қамтып үлгерген. 

 Жаңа техника барлығына бірдей жетпегендіктен жоба қазір краудфандинг форматында жұмыс істейді. Connect-Ed командасында 10-ға жуық ерікті бар. Жоба жеке тұлғалармен қатар, компаниялармен де жұмыс істейді. Гүлназ Қорданның айтуынша, электронды қалдықтар мәселесінде нақты өзгеріс жасау үшін жеке тұлғалардың әрекеті жеткіліксіз, бұл іске компаниялар мен ұйымдар жүйелі түрде қатысуы керек. Әр компанияда техника донаттауға қатысты тұрақты процедуралар болса, ескі құрылғыларды мектептерге немесе әлеуметтік жобаларға беру әлдеқайда жеңіл болар еді. 

«Мұны мемлекеттік деңгейде қолға алу керек. Ірі компанияларға электронды қалдық бойынша бірыңғай стандарттар енгізілсе, олар өз техникаларын дұрыс басқаруға, артық құрылғыларды әлеуметтік жобаларға үлестіріп беруге тырысар еді. Біздің жобада ресурс шектеулі болғандықтан, күшіміз бәріне жетпейді», — дейді Connect-Ed жобасының жетекшісі. 

«Қалдықтарды жинауға жергілікті атқарушы органдар жауапты» 

 

Global E-waste Monitor (GEM) дерегінше, жыл сайын әлемде электронды қалдық саны 2,6 млн тоннаға өсіп жатыр. Ал UNITAR болжамы бойынша, 2050 жылы Қазақстандағы электронды қалдық көлемі 432 млн тоннаға жетуі мүмкін.

Дайындаған: Данагүл Наухан

Қалдықтарды басқару, химиялық қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі сарапшы, CSD Center өкілі  Юлия Лобунцованың айтуынша, Қазақстанда істен шыққан техниканы жөндеп, қайта пайдалану  оңтайлы шешім болмақ.

Фото: CSD Center өкілі Юлия Лобунцова. Сурет жеке мұрағаттан.

 

«Қазақстанда бұл бағытта негізгі жауапкершілікті жергілікті атқарушы органдар алуға тиіс. Экология кодексіне сәйкес, олар қалдықтарды жинау жүйесін ұйымдастыруға міндетті. Қалалар мен ауылдарда мобильді қабылдау пункттерін ашу, сауда желілерімен серіктестік жасау, техниканы жөндеу мен қайта пайдалану қызметтерін дамыту  қалдықты азайтуға мүмкіндік берер еді», — дейді Юлия Лобунцова.

«Электронды қалдықтарды залалсыздандыру табыс әкелмейді»

Электронды қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға қалдықты тасымалдау құны кейде оны өңдеуден де қымбатқа түсуі мүмкін. Сондықтан компаниялардың көбі қалдық қабылдау пункттерін шалғай аудандарға орнатуға құлықсыз.

Фото: Эколог Пакизат Сайлаубекова. Сурет жеке мұрағаттан

«Қазақстанда электронды қалдықтарды жинаумен және алғашқы өңдеумен (бөлшектеу) айналысатын лицензиясы бар кәсіпорындар бар, бірақ олардың бүкіл елді қамтуға күші жетпейді. Бұл бизнес таза нарық жағдайында өте қауіпті және маржасы төмен. Себебі логистика шығыны өте көп, ал пластик пен қауіпті қалдықтарды залалсыздандыру табыс әкелмейді, керісінше шығын шығарады. Табыс түсті және бағалы металдардан ғана түседі», – дейді эколог Пакизат Сайлаубекова.

Фото: Бір дана iPhone құрамында болатын бағалы металдар

Электронды қалдықтар құрамында мыс, темір, алтын, күміс, палладий сынды бағалы металдар бар. Мысалы, iPhone 0,018 г алтыннан, 0,34 г күмістен, 0,015 г палладий және аз мөлшерде платинадан тұрады. CSD Center өкілі  Юлия Лобунцованың айтуынша, Қазақстан әзірге компьютер, гаджет, смартфондардың платаларын өңдеуге қауқарсыз. Елде мұндай бағытта жұмыс істейтін бірнеше зауыт бар. Дегенмен, олар механикалық деңгейде ғана өңдейді.

«Мұндай зауыттардың технологиялары жеткілікті деңгейде прогрессивті емес, сондықтан олар платалардан бағалы метал өндіріп алумен айналыспайды. Мемлекет ұялы телефон, гаджеттердің платарын шетелге шығаруға заң бойынша рұқсат береді. Ал мұндай практика көп елде кездеседі», — дейді сарапшы.

Техниканың құрамында қоршаған ортаны ластайтын қорғасын, сынап, кадмий сынды элементтер де бар. Мәселен, сынап пен қорғасыны бар батарейка тұрмыстық қалдықтармен бірге қоқыста араласып, тотығады. Украинаның Львов университетінің зерттеуіне сәйкес,  бір кішкентай батарейка топырақ пен жерасты суларына өтіп, шамамен 16 м² жер аумағын, 400 литрге жуық суды ластайды. Ал бір смартфон жасауға 85 кг CO₂ көміртек жұмсалады. Бұлардың бәрін өндіруге тау-кен жұмыстарын жүргізу қажет. Эколог Пакизат Сайлаубекованың сөзінше, қазіргі гаджеттердің көбі бір бұзылса қайта жөнделмейді. Құрылғылардың корпусын ашу қиын, батареясы желіммен жабыстырылған, ал кей модельде батареяның тез тозуы — жиі кездесетін ақаулардың бірі. Мұндай жағдайда пайдаланушылар жөндетуден гөрі жаңасын сатып алуға мәжбүр болады.

«Өндірушілерді техниканы жөндеуге ыңғайлы етіп шығаруға және қосалқы бөлшектерді қолжетімді етуге міндеттеуіміз керек. Осылайша қалдық көлемін 20-30 пайызға азайта алар едік», — дейді сарапшы Сайлаубекова. 

«Жасыл Даму» субсидиясына қол жеткізу қиын»

Қазақстанда электронды қалдықтарды басқару ісі өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) жүйесі бойынша жұмыс істейді. Яғни, электронды техника шығаратын немесе импорттайтын компаниялар арнайы утилизация алымын төлеуге тиіс. Ал сол қаражатты басқару мен қайта өңдеуге қолдану жұмыстарына «Жасыл Даму» акционерлік қоғамы жауапты. 2018 жылы сол тұста утилизация алымына жауапты «РОП Оператор» ЖШС жеке компаниясы қатты қалдықтарды утилизациялау бойынша пилот жобаны іске қосқан. Жоба аясында жеке компаниялар электронды қалдықтарды өңдегені үшін ақша алып отырған. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін «РОП Оператор» таратылып, оның міндеті  «Жасыл Даму»  компаниясына өткен соң, жоба бәсеңдеп қалды. Министрліктің дерегіне сүйенсек, 2022-2024 жылдар аралығында электронды және электрлік жабдық өндірушілері мен импорттаушылардан «Жасыл Даму» компаниясына 764,7 млн теңге көлемінде утилизациялық төлем жиналған. Бірақ бұл қаражатты алу үшін кәсіпорындар қайта өңдеу жұмыстарының толық стандарттарға сай өткені туралы ақпарат беруге тиіс. 

«Жасыл Даму» қайта өңдеудің толық кезеңін ашып көрсетуді талап етеді. Бірақ біздегі кәсіпорындардың технологиясы халықаралық стандарттарға сай деп айтуға келмейді. Осы себепті де компаниялар өңдеу процесінің қауіпсіз өткені туралы мәлімет бере алмайды. Өйткені бұл ретте қауіпті компоненттерді қайда кетті деген орынды сұрақ туындайды», — дейді бұл туралы Юлия Лобунцова. 

«Жасыл даму» компаниясы 2024 жылғы 5 ақпаннан бастап EcoQolday субсидия жобасын іске қосты. Оның аясында былтыр жалпы салмағы 448 748 тонна болатын өнімге утилизациялық төлем төленген. Ең үлкен үлесті мұнай өнімдері (шамамен 190 мың тонна), резеңке және каучук бұйымдары (114 мың тоннадан астам) және әртүрлі қаптамалар (103 мың тоннаға жуық) алған. Қалған бөлігі — аккумуляторлар, электр және электронды техникалар, тұрмыстық пластик бұйымдар, химиялық өнімдер және қағаз. Эколог Пакизат Сайлаубекова субсидия болмаса, зауыттар жұмысын тоқтатуы мүмкін екенін айтады. Сондай-ақ бизнес тиімді болуы үшін ӨКМ қағидаты жұмыс істеуі тиіс. Яғни, өнім нарыққа шыққаннан бастап, қалдыққа айналған сәтіне дейін өндіруші оған жауапты болуы қажет. 

«Электронды қалдықтар мәселесін шешу үшін заңсыз қоқыс тастағандарға айыппұлды көбейтіп, өңдеушілерге берілетін субсидияны тұрақты ету керек. Себебі мемлекет қайта өңдеушілерге субсидия беру арқылы нарықты реттей алады», — дейді эколог.

Халықаралық тәжірибе қандай? 

Германия, Норвегия, Швейцария, Швеция мен Бельгия электронды қалдықты қайта өңдеу көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Мысалы, Германияда электронды қалдықтар жинау, өңдеу, есеп беру бәрі біртұтас жүйе арқылы бақыланады. 2400 муниципалды қабылдау пункті бар. Сондай-ақ өндіріс компаниялары өнімдерін шығарған уақыттан бастап қайта өңдеп, қалдыққа айналғанға дейінгі барлық процесті бақылап, шығынын төлеуге міндетті. Ал Бельгияда Recupel, BeWeee сынды ұйымдар бірігіп жұмыс істейді. Бұл жерде деректердің бәрі ашық жарияланып, өндіруші компаниялар қайта өңдеу процесін бақылай алады. Швейцарияда ARF (Advance Recycling Fee) жүйесі қолданылады. Тұтынушы техника сатып аларда үстінен қосымша ақы төлейді. Бұл сома техниканы қайта өңдеуге жұмсалады. Эколог Пакизат Сайлаубекова Қазақстанға  депозиттік-қайтару жүйесі (Deposit-refund system) тиімді шешім болуы мүмкін дейді. Яғни, техника сатып алғанда оның үстінен ақы қосылады. Кейін ескі техникасын арнайы қабылдау пунктіне тапсырған тұтынушы бұл ақшаны қайтара алады.  «Бұл жүйе халықты ескірген дүниесін тапсыруға ынталандырып, қалдықты азайтуға көмектеседі», — дейді эколог. 

Ал қалдықтарды басқару жөніндегі сарапшы Юлия Лобунцованың сөзінше, экоағарту, халықты ынталандыру және инфрақұрылымның дамуы қатар жүруге тиіс. Өйткені халықтың қалдықтарды сұрыптауға деген мотивациясы жоғары болғанымен, инфрақұрылым шектеулі жерде бұл бастаманың іске асуы екіталай. 

Данагүл Науканова,

Шакира Ахметова,

Minber.kz

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар