Фото: aqorda
Мәжіліс депутаты Азат Перуашев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың соңғы үш жылдағы табысына қатысты пікір білдіріп, квазимемлекеттік сектордағы қаржылық бақылаудың әлсіздігін сынға алды.
Бұған дейін бірқатар БАҚ-та Нұрлан Жақыповтың үш жыл ішінде 805,9 млн теңге табыс тауып, іс жүзінде миллиардерлер қатарына жақындағаны жөнінде ақпарат тараған болатын. Мәжіліс кулуарында журналистер депутаттан осы жағдайға көзқарасын сұрады.
«Бұл Илон Маск емес»
Азат Перуашев мемлекеттік активтерді басқаратын тұлғаның мұндай көлемде табыс табуын «теріс құбылыс» деп бағалады. Оның айтуынша, жеке сектордағы табыс пен мемлекеттік қызметтегі кірісті бір деңгейде қарастыруға болмайды.
«Бұған теріс қараймын. Себебі, егер бұл жеке компания болса, ешкім мұндай табысқа күмән келтірмес еді. Керісінше, бізде Илон Маск секілді табысты бизнесмен бар деп қуанып, мақтан тұтар едік. Бірақ адам мемлекеттік ресурсты басқарып отырып, осындай табыс тапса, бұл, әрине, қоғамда сұрақ туғызады», – деді Перуашев.
Парламенттік бақылаудың қажеттігі
Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының өкілі Азат Перуашев квазимемлекеттік құрылымдардың, соның ішінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен ұлттық компаниялардың қызметін ашық ету жөніндегі бастаманы қайта көтерді. Оның айтуынша, құрылымдар бюджеті Парламентте қаралатын республикалық бюджеттің құрамдас бөлігіне айналуға тиіс.
«Біз бұл бюджеттерді республикалық бюджетке толықтай қосуды бірнеше рет ұсындық. Бюджет кодексі аясында біздің көпжылдық талаптарымызға сай қазір есептер ұсыныла бастады. Алайда біз бұл есептерді тек қараймыз, өкінішке қарай, бекіту құқығына ие емеспіз. Бұл – алғашқы қадам ғана», – деді депутат.
Азат Перуашевтің пайымдауынша, жүйені әрі қарай жетілдіру қажет. Парламент тек ақпарат алумен шектелмей, квазимемлекеттік секторды бақылаудың нақты тетіктеріне ие болуы керек. Сонда ғана мемлекет қаржысының жұмсалуы мен топ-менеджерлердің табысы қоғам үшін түсінікті әрі негізді болмақ.
Еске сала кетейік, «Самұрық-Қазына» қоры еліміздің ең ірі стратегиялық активтерін басқарады, ал қор басшылығының табысы кейінгі кезде қоғамдық талқының өзекті тақырыптарының біріне айналып отыр.
Зарина Мардан
Парақшамызға жазылыңыз
