/

Сұлтан Хан Аққұлы: Битке өкпелеп тоныңды отқа жақпа деген “Ақжол” партиясының құрамында қала беремін

3337 рет қаралды

Жыр болған сайлауда бітті, өтті. Мәжіліске сол баяғы үш партия жайғасты. Баяғы партиялар болса да құрамы өзгерді.  Халық депутат қатарынан көргісі келген адамдарын көре алмай, «әй мынауың кім еді, не істеп еді?» десіп қалды. Солардың бірі, «Ақ жол» партиясының мүшесі, әлихантанушы-ғалым, халықаралық журналист Сұлтанхан АҚҚҰЛҰЛЫ.  Сайлауға қатысты жүргізген сауалнамамызға “Ақ жолдың” атынан жауап берген Сұлтанхан мырза бұл жолы неліктен депутат болмай қалғандығын айтып өтті.

– Ақ жол партиясының Алаш идеологиясын басшылыққа алатынына қаншалықты сенесіз?                                                                                                 – Ақ жол партиясының Алаш идеологиясын басшылыққа алатынына сенбек түгілі, еш күмән келтірмеймін. Оған себеп, бұл партияның сонау 2013 жылдан бастап атқарып келе жатқан істері. Мәселен, Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толуына арналған мерейтойында 15 томдық шығармалар жинағын шығаруға атсалысқан бірден-бір партия. 2020 жылы ғана Алаш қайраткері Сұлтанбек Қожанұлы шығарған «Ақ жол» газетінің 25 томдығын шығаруға да тікелей  “Ақ жол” партиясының көмегі тиді. Барлыбек Сырттанұлы, Молдағали Жолдыбайұлы,  Ахмет Байтұрсынұлының да тіл танымдық мұраларын жарыққа шығарды. Осының бәрі “Ақ жол” партиясының жетекшісі Азат Перуашевтің нұсқауымен, қолдауымен жүзеге асып жатыр. Оған қоса 7-8 жылдан бері «21 ғасырдың басындағы Алаштың ақ жолы» атты республикалық, халықаралық байқаулар өткізіп келеді. Байқауға студент жастар, жоғарғы мектеп оқушылары, тіпті  ғылыми қызметкерлер қатысады. “Ақ жол” партиясы өз қаражатын жұмсап үзіліссіз өткізіп келеді. Сөйтіп елімізде саяси күштердің, саяси партиялардың ішінде “Ақ жол” партиясы ғана Алаш идеологиясын, идеясын, Алаш қайраткерлерінің тарихын насихаттап келе жатыр. Қосымша мәлімет айтар болсам, 2015 жылы “Ақ жолдың “төрағасы Азат Перуашев  өзінің туған атасы Перуаш Кәрімұлының 1938 жылы Алаш қайраткері ретінде атылып кеткендігі туралы  құжаттар тапқаннан кейін былай деп еді: “Иә, осыған дейін Алаш  идеясы “Ақ жол” партиясы үшін жәй бір саяси үндеу сияқты болатын. Ендігіде Алаш идеясы “Ақ жол” партиясының негізгі идеологиясына айналып, туы болады”,- деп мәлімдеген болатын. Мінекей Азат Перуашев пен “Ақ жол” партиясы осы сөзден әлі тайған жоқ.  “Ақ жол” партиясының соңғы парламенттік сайлаудағы  үндеуі де бұл сөздеріме дәлел  бола алады. Яғни  қазаққа Алаштан артық, Алаштан маңызды идея жоқ,- деген ұран.

– Ғалымсыз. Депутат болудың сіз үшін қандай қажеттілігі бар еді?                  

   – Иә, ғалыммын. Депутат болам дегендегі ойым  елдегі алдымызда тұрған үлкен түбегейлі өзгерістерге  ғалым ретінде, Алаш идеологиясын зерттеуші ғалым ретінде өз тарапымнан үлесімді қосқым келді. Өткендегі сұхбатымда: “Баяғыда бір данаға халқы жиналып: елдегі ахуал қашан түзеледі, тағы ұзақ күтеміз бе?,- депті. Сонда дана қарт: күтсеңдер әрине ұзақ”,- деген жауап беріпті деген болатынмын.  Бұл өзгерісті мен де 29 жыл күттім. Енді адам ретінде, ғалым ретінде, осы елдің азаматы ретінде мен де еліміздегі оң өзгерістерге өз үлесімді қосқым келді. Сол үшін мен депутаттық сайлауға  қатыстым.

– Осының алдындағы сайлауда Амангелді Айталы: «Алаш идеясын және бізді пайдаланып кетті. Бізді депутаттыққа өткізбеді»,- деген болатын. Сіз де «пайдаланудың» құрбаны болдым деп ойлайсыз ба әлде депутаттықтан өз еркіңізбен бас тарттыңыз ба?                                                  – Өзімді пайдаланудың құрбаны болдым деп айта алмаймын, айтуға аузым бармайды. Мен Ақ жол партиясының атынан сайлауға түскенде өзімнің өту, өтпеу мүмкіндігім 50/50 екендігіне анық көзім жеткен. Соған қарамастан мен сайлауға түстім. Кез-келген сайлау бәсекелестік. Мен сайлауға түскенде міндетті түрде депутат боламын деп сайлауға түскен жоқпын. Бағымды сынап көрейін дедім. Сынадым. Депутаттыққа өтпей қалғандығыма ешқандай өкпе-назым жоқ. Кезінде журналист ретінде осының алдындағы 2012 жылғы сайлауды бақылаған едім. Ол кезде Амангелді Айталы бар, өнер қайраткері Кенжеғали Мыржықпайдың да “Ақ жолдың” атынан сайлауға түсіп депутат бола алмай қалғанын жақсы білем. Олар кезінде партияға өкпелеп, депутаттық мандат бермеді деп партиядан шығып кетті.  Қазақта мынадай сөз бар: битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа,-деген. Егер сен өзіңді шынымен де партия мүшесімін, партия қайраткерімін деп санасаң  саналы іс жасауға ұмтылу керек. Енді мен депутаттыққа өтпей қалдым екен деп  Ақ жол партиясынан кетейін деп жатқан жоқпын.  Бұл жолы өтпесем де келесі жолы өтемін.

Парақшамызға жазылыңыз

Айғаным Айтақын

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Ақын. Халықаралық, республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Университетіндегі журналистика мамандығының білімгері.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі