///

 Қағаз қалдығын кәдеге жарату: сұрыпталмаған макулатураның қандай зияны бар?

66 рет қаралды

Елде жыл сайын 5 миллион тонна тұрмыстық қалдық шықса, оның 30 пайызы қайта өнделеді. Мұның шамамен 11 пайызы – қағаз қалдықтары. Макулатура қалай өңделеді? Одан не өндіріледі? Қағазды өңдемеуден келетін зиян қандай?

Макулатурадан дәретхана қағазын өндіреді

Елде қағаз қалдықтарын өңдеумен айналысатын 38-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындардың өндірістік қуаты жылына — 384,2 мың тонна. Олар макулатура қалдықтарынан түрлі қағаз, гофрланған картон, қаптама, картон жәшіктерін, түпқойма мен басқа да түрлі өнім өндіріп шығарады.

Оралдағы «Усенов» жеке кәсіпкерлігінің цехында небәрі сегіз адам жұмыс істейді. Олар бір күннің ішінде 2 тонна дәретхана қағазын өндіреді. Бұл қағаз Батыс Қазақстан тұрғындарына «Жергілікті» атауымен белгілі. 

18 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан өндіріс орны дәретхана қағазына қажетті шикізатты біраз уақыт Ақсай қаласынан алып отырған, алайда қазір жеткізу тоқтатылыпты. Өнім өндіру үшін картон, кеңсе қағазы, газет-журналдар мен кітаптар қабылдайды. Тек бояуы сіңіп кеткен қағаздар жарамсыз. Өкінішке қарай, тұрғындар өткізетін қағаз көлемі әлі де өте аз. Кәсіпорын шикізатты облыс және қала әкімдігінен, мектептерден, банктерден, сондай-ақ түрлі мекемеден қабылдайды. Тапсырылған қағаздарға тиісті ақысын төлейді немесе келісімге сәйкес дайын дәретхана қағазын береді.

— Бізге жеткен қағаз алдымен сұрыпталып, мұқият реттеледі. Скотч пен целлофан сияқты бөгде заттардан толықтай тазартамыз. Содан кейін қағазды арнайы ұнтақтағыш машинаға салып, сумен араластырамыз. Өндірісте пайдаланылған су қайта өңделіп, екінші рет қолданылады. Дайын болған қағаз массасы сүзіліп, қысым цистернасына жіберіледі. Мұнда бірнеше технологиялық кезеңнен өтеді: тегістеліп, арнайы қалыпқа төселеді, кептіріледі. Соңында дайын өнім рулон түрінде оралады. Өндіріс процесі осылай кезең-кезеңімен іске асады, — дейді шағын цехтың бас жабдықтаушысы Дарханбек Искаков.

Дайын дәретхана қағазын шағын көлемдегі рулондарға бөліп, сыртын қаптап, сатылымға жібереді.

 — Дәретхана қағазы толық дайын болуы үшін үш күн уақыт кетеді, — дейді Искаков.   Дайын өнім әзірге облыс аумағында ғана сатылымға шыққан.

Искаковтың айтуынша, кейбір кәсіпорын дәретхана қағазын ағартуға арнайы химиялық қоспалар қолданады. Соның әсерінен өнімнің бағасы да қымбаттай түседі. Искаков бұл цехта шығарылатын қағазға ешқандай қосымша химиялық қоспа қосылмайды дейді. Өнім табиғи әрі таза күйінде өндіріледі, сондықтан оның түсі қоңырқай. Өнім құрамының 60 пайызы – картон, ал 40 пайызы – қағаз.

Қалдық қабылдап, жылыжай салған мектеп 

Оралдағы №16 мектеп үш жылдан бері қағаз қалдықтарын қабылдайды. Оған мектеп оқушылары атсалысып, әр сынып оқушысы қағаз қалдығын өткізеді. Көп тапсырған сыныптарға мақтау қағазы, ынталандыру сыйлығы беріледі. Қазір мектеп ұжымы қалдықты бір кабинетке жинайды, әр тоқсан сайын арнайы компаниядан келіп, макулатураны өлшеп алып кетеді. Ал түскен қаражатқа мектептегі жылыжайға керек көшеттер алынады. Тоқсан сайын шамамен макулатурадан 30-40 мың теңге түседі.

— 2022 жылы білім бөлімі қала мектептерін бірнеше топқа бөлді. Соның бір тобы «эко» мектепке кірді. Топта 8 мектеп бар. Осылайша экологиялық мәдениетті қалыптастыру сияқты маңызды идея төңірегінде мектептерді, педагогтерді және оқушыларды біріктіретін «Жасыл  әлем» желі қауымдастығы құрылды. Түрлі бағыт бойынша жұмыс істейді. Біздің тақырыбымыз – «Мектеп жылыжайы — тәжірибе мен тәрбие алаңы», – дейді мектеп директоры Жаннат Халықова.

− Алғашқы жылы қиындықтар болды. [макулатураны] тек мектеп ішінен жинадық, экопункттер болған жоқ. Көлік жалдап, тапсырып жүрдік. Уақыт өте келе бір жүйе қалыптастырдық. Қалада экопункттер ашыла бастады, оқушылармен бірге ата-аналар да қолдау көрсетіп отыр, − дейді мектеп директорының тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары Нұрбике Кажимова.

2023 жылдан бері аталған мектеп ұжымы 5 тоннадай қағаз қалдығын тапсырған.

Жылыжай аумағында арнайы жертөле бар. Онда құдық қазылып, таза су көзі қамтамасыз етілген. Құдықтан алынатын су үздіксіз жеткізіліп, өсімдіктерді суаруға пайдаланылады. Автоматтандырылған тамшылатып суару жүйесі арқасында әр өсімдік қажетті мөлшерде ғана ылғал алады. Бұл тәсіл суды үнемдейді. 

Мектеп оқушылары қағаз қалдығын өткізіп қана қоймай, жылыжайға арналған көшеттерді отырғызатын ыдыстарды қағаз қалдығынан жасайды.

− Стакандар биоыдырайтын және қайта өңделген картоннан жасалады. Алдымен картон жиналып, мұқият ұсақталады, содан кейін табиғи желім дайындауға кірісеміз. Оның құрамына су мен ұн кіреді. Оған корневин қосамыз. Бұл зат өсімдікті отырғызғаннан кейін, суару кезінде топыраққа біртіндеп түсіп, өсімдіктің жақсы өсуіне ықпал етеді, − дейді 11-сынып оқушылары, мектеп аумағын көгалдандыратын «Зеленый патруль» клубының мүшелері Яна Горбунова мен Валерия Бубейко. 

Келесі кезеңде ұсақталған картонды дайын желімге салып, біраз уақытқа қалдырады. Қоспа суыған соң, оны сығып алып, папье-маше әдісі бойынша ыдыс (стакан) даярлайды. Бұл үшін пайдаланылған пластик стакандарды қалып ретінде қолданады. Көшеттерді жерге дәл осы ыдыстағы күйінде отырғыза береді. Картоннан жасалған қалыптар уақыт өте келе ыдырап кетеді. 

Өңделмеген қағаз қалдықтары қоршаған ортаға қалай зиян келтіреді? 

Суға түскен қағаз қалдықтары оттегінің азаюына әкеліп, балықтар мен су жәндіктерінің жойылуына себеп болуы мүмкін. Қағаз құрамындағы химиялық қоспалар тірі ағзаларға уытты әсер етеді. Ауыл шаруашылығы магистрі, экосарапшы Аягөз Керееваның айтуынша, қағаз қалдықтары экожүйелерге тікелей және жанама зиян келтіреді. Полигондарға түскен қағаз топырақтың табиғи құрылымын бұзып, микроағзалардың тепе-теңдігін өзгертеді.

Фото Аягөз Керееваның жеке мұрағатынан

 − Қағаздың көп бөлігі алғашқы целлюлозадан өндіріледі. Яғни ағаш кесуді талап етеді. Шамадан тыс пайдалану орман алқаптарының қысқаруына, биоалуантүрліліктің азаюына, көмірқышқыл газын сіңіру қабілетінің төмендеуіне әкеледі. Орман − климатты тұрақтандыратын негізгі табиғи жүйе, сондықтан қағаз тұтыну оның әлсіреуіне тікелей әсер етеді, − деді АҚШ-тың Калифорния штатындағы UC Davis университетінің зерттеуші-интерні Аягөз Кереева.

Сарапшының айтуынша, сұрыпталмаған қоқыс, соның ішінде қағаз полигонда ұзақ уақыт жатқан соң метан газын бөледі, ал метан газы көмірқышқыл газынан да зиян. Метанның парниктік әсері көмірқышқыл газынан шамамен 25 есе жоғары.

Ол қағаз өндірісі  ең көп су тұтынатын саланың бірі, ағарту және өңдеу кезінде хлор, диоксиндер және ауыр металл қалдықтары қолданылатынын айтады. Тазарту жүйелері жеткіліксіз болса, бұл заттар өзендер мен жерасты суларына түсіп, ауызсу сапасын төмендетеді және су экожүйелеріне зиян келтіреді.

Ал қағазды жаққан кезде канцерогенді түтін, улы газдар бөлінеді. Бұл тыныс алу жолдарының ауруларына, аллергияға, ұзақ мерзімде онкологиялық қауіптің артуына әкелуі мүмкін. Көмгенде жерасты сулары ластанып, жанама түрде адам денсаулығына әсер етеді. 

– Кеңсе қағазы – шамамен 2 айда, газет қағазы – 2-6 ай, қалың картон – бірнеше айдан 1 жылға дейін (қалыңдығына байланысты) ыдыраса, кейбір арнайы өңделген немесе пластик қапталған қағаздар жылдар бойы сақталуы мүмкін. Экологиялық статистика бойынша 1 тонна қайта өңделген қағаз шамамен 17 ағашты сақтап қалады. Тіпті әлемде шамамен күн сайын 27 000 ағаш тек дәретхана қағазын өндіру үшін кесіледі, орта есеппен 30-140 литр су қажет, – деді Аягөз Кереева.

Орал қаласы әкімдігінің ресми жауабына қарағанда, қалада жалпы қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған 556 контейнерлік алаң бар. Соның 400 алаңында пластик бөтелкелерді жинауға арналған арнайы контейнер бар. Сұрыпталған қалдықтар арнайы сұрыптау алаңында жиналып, әрі қарай қайта өңдеуге немесе тиісті өңдеу бағыттарына жіберіледі. Алдағы уақытта қаланың барлық контейнерлік алаңына пластик қалдықтарын бөлек жинауға арналған контейнер орнатуды жоспарлап отыр. Ал қағаз қалдықтарына қатысты экопункттер жайлы сауалымыз жауапсыз қалды.

Оралда Uralsk Runners атты әуесқой жүгірушілер тобы 2018 жылы қоқысты жинап сұрыптауға кіріседі. Қағазды – қағазға, пластикті – пластикке бөліп, қайта өңдеуге өткізіп, сатады. 2019 жылы бастамаға демеушілер табылып, белсенділер жиналған қаражатқа ағаш отырғыза бастады.

– Сонымен қатар тұрғындар да қалдықтарды сұрыптауға дағдылансын деп, қала ішінде арнайы жәшіктер орнаттық. Алайда жүйелі логистиканың жоқтығы жұмысты қиындатты. Жәшік бар, ниет бар, бірақ тұрақты жинау мен өңдеу тетігі толық жолға қойылмаған еді. Төрт-бес жылдан кейін «Орал Таза Сервис» компаниясының басшысы Азамат Бисеновпен кездесудің сәті түсті. Оған ойларымды, жоспарларымды айтып бердім. Ол кісі бастаманы қолдап, нақты іске көшуге мүмкіндік туды, — дейді оралдық экобелсенді әрі кәсіпкер Асхат Рамазанов.

Осылайша 2024 жылғы күзде қалада алғашқы экопункт ашылды. Тұрғындардың қызығушылығы бірден байқалды. Жұрт пластик, қағаз, картон, консерві қалбырлары мен пайдаланылған сұйық майды әкеле бастады. 

Жиналған қалдықтар әрі қарай өңдеуге жіберіледі. Мәселен, пайдаланылған сұйық майдан сабын жасайтын серіктестер бар. Ал қағаз бен картон арнайы цехтарға жөнелтіліп, одан дәретхана қағазы өндіріледі. Яғни, қоқыс қайта айналымға түсіп, жаңа өнімге айналады. 

– Қалада қағазды белсенді тұтынатын мекемелер мен компания көп. Әрқайсысы жүйелі түрде сұрыптап отырса, қоршаған ортаға, қалалық инфрақұрылымға қаншама пайда тиетінін ойлап көріңіз, — деді Асхат. 

Асхаттың ауласында қоқыс сұрыптауға қойылған жәшік

Оралда жалғыз «Орал Таза Сервис» ЖШС-ның қоқыс сұрыптау орталығы бар. Қалдықтарды-сұрыптау кешеніне макулатура экопункттерден және контейнерлік алаңдардан түседі. Орталықта айына орта есеппен 120-150 тоннаға дейін қағаз сұрыпталады. Кейінгі жылдары жиналатын қағаз көлемі артқан. 

Фото сұрыптау орталығынан

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту мақсатында 2024-2026 жылдары қалдықтарды басқару жобаларын жеңілдікпен қаржыландыру (3 пайызбен) механизмі айқындалған. Осы механизм аясында макулатура қалдықтарын қайта өңдеу бойынша 15 жоба қарастырылған. 

Экология кодексінің 351-бабына сәйкес макулатураны, картон мен қағаз қалдықтарын полигондарда көму тыйым салынған. Құрғақ макулатура қалдықтары тез тұтанғыш болғандықтан, бұл полигондар мен елдімекендерде өрт қаупін күшейтеді.

Динара Насыр

Фотоға түсірген автор және Мейрамгүл Сәрсенғалиқызы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар