////

Бақытбек Бәмішұлы «Бәрі де мүмкін…». Роман.

125 рет қаралды

Автордан: Мен, былтыр – 2025 жылы қаңтардың 14 күні бір роман жазып аяқтадым. Кітап болып басылса төрт жүздей бет болатын шығар. Бір жыл дем алдырып, бүгін сіздердің назарларыңызға тұңғыш рет ұсынып отырмын. Өте көлемді екен, кім таусып оқиды деулеріңіз мүмкін. Өзіммен үш адам жанашырларым оқыды. Лебіздері оңды. Өйткені аноу, ұзақ жылдар арта қалған ескі заманның тарихы емес, тап бүгінгі сіз бен біз тіршілік етіп отырған отыз жылдың өмірі. Жазушылық қиялмен көркемдеп, әсірелеп, әдебилеп өңдегенім болмаса қоғамның шындығын алыстап кетпеген шығарма болды. Менің оқырманнан тілерім, өтінерім десем болады. Егер қайсыбір кейіпкер өзіңізге ұқсап кетуі ықтимал болған жағдайда оны «менен аумайды екен, мына ит мені жазып отыр, бұл менің басымнан өткен тағдырды қайдан біледі» деп өзіңізді босқа қинап, мазаңызды кетірмеңіз. Ол сіз емес, бар болғаны ойдан алынған кейіпкер. Бұл өмірдің шындығынан, әлгінде айтқанымдай бүгінгі қоғамды құрушылардың жазмышын көріп-біліп жазылғандықтан бір кейіпкердің,  арамызда жүрген адамға ұқсауы мүлкемге теріске шығара алмаймыз. Олай болса оқып бастаңыз, кітап етіп бастыруды сіздерден түскен пікір, лебіздеріңізга қарай жоспарлаймын.

Бақытбек Бәмішұлы «Бәрі де мүмкін…». Роман. Алматы – 2025 жыл.

1-тарау

 Убийца

Арада бірнеше жыл өтсе де сол бір оқиға ойына орала қалды. Ап-анық. Ап-айқын… мүлтіксіз, сол қалпында. Бәрі көз алдында көркем картинадай бүкпесіз, тұп-тұнық. Бірақ, ащы, аянышты қасірет.

«Соны несіне еске аласың,– деп кейіді Әсел,–  суқаным сүймейді. Атын да естігім келмейді, көңілім сондай қалған. Сондайлар қалай жер басып, ұзақ жасап жүре береді, ә?».

«Жер басып жүр дейсің бе? Жер басып жүруі мүмкін емес. Құдай жазасын әлде қашан беріп қойған шығар».

«Қой, ойламай-ақ қойсаң болмай ма? Болды. Өтті-кетті».

«Қалай ойламайсың. Редактордың тапсырмасы. Тастанды балалар туралы жазғалы отырсам. Жан түршігерлік оқиға тағы қайталаныпты».

«Неге сен жазуға тиіссің. Олар туралы. Соны жазбай-ақ қойшы. Айтып та, жазып та жатқандар жетеді. Заң да шығарып қойды. Сонда да тиылғаны бар ма? Заң орындалсын. Қорыған сайын өршеленіп, өсіп, көбейіп бара жатқан жоқ па? Бұл қайталанып тұратын пәле ме?». Әсел өзінің тайталасқан ішкі ойына көніп, сол бір жағымсыз, жайсыз, санасына сіңіп кеткен көріністі есінен шығарып жіберейін деп бекінгенімен мишығын меңгеріп, жүрегіне орнығып алған оқиға шегедей қадалып кетер емес. Керісінше секунд, минуттар өткен сайын жаңғырып, жаңарып, кейбір ұмытылған сәттеріне жан бітіп, жаңғырып, жаңара берді. Тапсырманы орындамайын десе өзі жаңа ғана жұмысқа тұяқ іліндірді.

«Не істеймін, жанымды жылатып отырып жазамын да».

«Қой, жазба! Өлсе өліп кетсін. Жазба дедім ғой, жазба! Жас жаныңды жаралама».

«Жаз-жаз! Жазу сенің міндетің. Сен жазу үшін жаралған жансың!».

Екі ойдың тоғысуынан Әселдің көз алдына студенттік қалашықтың ақ мамыққа оранған орманды алқабындағы жалғыз аяқ жолмен төтелеп, асығыс келе жатқан өз сұлбасы елестеді. Астынғы ерінін тістелей отырып, ойға батқаны сондай әлгі сұлбаның артынан ерді. Атылған аңның алқа төсінен төгілгендей  аппақ қардың бетіне жол бойы тамшылаған қып-қызыл қан. «Қаннан да қорықпайтын болғамыз ба? Аңның болса бір сәрі, адамның қанынан. Мынау адам қаны ғой. Мұнда қайдағы аң? Бір нәрсе мың мәрте қайталана берсе, ол мейлі қайғы-қасірет болсын адамның еті үйреніп кете ме, қазір өлім десе ешкім селт етпейтін болды». Құрғыр қан, тесік шелектен тамшылағандай із тастап, ирелеңдеп отырып жатақханаға жетектеп келді.

«Иә, менмін. Мен. Мен бәріне куә едім ғой. Мен!».

«Мына қанның куәсімін деймісің?». Құлағы шыңылдап, көз алды қарауытып, жүрегі дірілдеп әлде жыбырлап, ауыр-ауыр күрсіне берді.

Студенттік қалашық бүгінгі білдей  журналистің бүкіл өмірінің бір бөлшегіне айналып кеткендіктен ондағы қызықты, қуанышты күндермен қатар не түрлі хикметті қилы күндер көп жылдан кейін де көңілде баяғыдай болып мұз астындағы судай сыңғырлай сөйлеп мөлдіреп жатады. Шығыс Қазақстан облысының Қатон-Қарағай ауданынан Берел қорымынан табылған, біздің эрамызға дейінгі V—IV ғасырға тән, итке тастағанда жей салған алтын жылқылардың бұзылмай, бүлінбей сақталған еттеріндей еді.

Ол жағын таянып, көзін жұмып сол естелікке батып, қалай сіңіп бар жатқанын өзі де сезбеді.

 Әсел екпіндеп, ентігіп, етегі желбіреп, есікті желпе ашып жатақханаға кіріп келді. Кіреберістің ішкі жағында, бұрышта жан-жағын әйнекпен бітеген көрбі-үйшікте отырған, көк көз кемпір-вахтер аңдығаны осы жаудай әлде нені салдырлатып, алдындағы үстел бетін қос қолымен таянып,  ауыр денесін, дөңгеленген жуан бөксесін зорға көтеріп, басы кегежектеп, шошып оянғандай атып тұрды. «Ажалдың сұсы неге айбарлы болады екен?». Бүкіл бітімі тор ішінде тулаған, ашулы, ызаға бөкен, аш арыстан. Есік бағып отырса да басқыншылық пиғылдың уыты сүйегіне дейін өтіп кеткен, өзін жоғары сорттың адамы санайтын,  басқаны басынғыш өктемдіктің өкілі сынды көзімен атады.

– Убийца! Вы убийцы! – Әйнекті қабырғаның арғы жағынан сұқ саусағын безеді. Танауына ілген көзілдіріктің үстінен қадалған көк тұздай қарашық қаһарлы. Көкпеңбек шегір көзінен саулай ұшқан көк ала сәулелер тас қараңғы түнде оқ бүркігіш катюша қаруының аузынан толассыз бораған оқтардай отты. Суылдап келіп терезеге тиген екпіні әйнектің быт-шытын шығарып шытынатып, шағып жіберердей тегеуірінді. Мықтының мысы басым. Екі араны бөліп тұрған әйнек қабырғадағы адамның кесер басы ғана сиятындай тесік ашық. Сол тесіктен атылып шыққан ащы дауыс анық естілді. «Убийца! Вы убийцы!». Ащы сөз қасқа маңдайдан тиген оқтай Әселді кілт тоқтатты. Надан мен зордың сөзі де, көзі де өткір. Қадалған көк көз ішіп-жеп, өңменінен өтіп барады. Не дерін білмеді. Үрейлі, аң-таң жүзбен вахтерге мойынын бұрды. Өмірінде естіп көрмеген суық сөз тура өзіне қаратылып айтылып жатыр. Денесі тітіркеніп, екі беті дуылдап күйіп кетті:

– Сіз не деп тұрсыз? Сіз кімге айтып тұрсыз?!

– Тебе! Убийца! Тебе! Тебе я говорю убица! Вы убийцы! – Вахтер кемпір істіктей қадалып, жебедей шаншылып айтқанын айна қатасыз қайталады. Қолында тапанша болса Әселді шыбын құрлы көрмей табанда атып тастайтын сұрқай сұс.

Әлгінде кураторы сүле соқ «жатақханаңа баршы, сонда саған бәрін түсіндіреді» дегенде «не үшін» деп те сұрауға батпай, әр нәрсені бір ойлап, «әке-шешем аман ба екен, суық хабар естімесем» деп, аяғы жерден алынбай әзер көтеріп, жүрісі де мандымай, жүрегі лоблығып, құсқысы келіп зорға жеткен-ді. Енді міне жатақханаға кіріп келген жерден «Убийца! Вы убийцы!» деген аяр сөзді естігенде миы мыңғы-дыңғы болып, есі шығасылы-кіресілі. Аяр сөз атқан оқтан улы екен. Үстіне мұздай су құйып жібергендей денесі тітіркеніп бір сәт іркіліп есенгірген Әселдің шошығаны сондай оқ тиген қояндай орғып лифтіге де соқпастан он бесінші қабатқа қалай шыққанын өзі де сезбеді. Қара сүмек. Денесін мұздай тер жауып кетті. Жүрегі күйіп, тынысы бітеліп барады. Дәлізге кіре арқасын қабырғаға тіреп отыра кетті. Еденге маңдай тері торс-торс тамады.

«Убийца! Вы убийцы!». Көз алдында алтын сары бұйра шашы бұрқырап, қызыл қанға малып алғандай тырнағы сояудай саусағын шошайтып, бақаның боғағындай иек асты еттері дамылсыз бүлкілдеп, шеп-шегір оқты көзін қадаған қан қызыл ерінді, жуан сары вахтер-кемпір тұрды. «Убийца! Вы убийцы!». Ол жылан жұтып, тас қараңғы түнек түбінен шарадай бадырақ, оттай жайнаған екі көзін біресе қызылға, біресе жасылға, сарыға құбылтып, жұмып-ашып сұқтана қараған имек тұмсық үкіні көргендей болды. Түн қараңғысында көк тағысы қыран құстың көк желкесін үзіп, жүрегін суырып жейтін мына жаналғыш жыртқышқа қаймықпай, тайсалмай қарсы бір әрекет жасамақ тұр ғой, тіке қарауға батылы бармай қабырғаға арқасын тіреп, бүрісе шегіншектеп көзін жұма берді. Осы орында ол қанша отырғаны да, не ойлағаны да белгісіз бір заматта бөлмесіне кірді. Бөлме іші сырдай, еден жуылған. Күндегі шашылып жататын төсек орындары тап-тұйнақтай, жиналған. Бөлмеден мол қып себілген ащы әтірдің иісі аңқиды. Алдынан өңі қудай, бозарып Сусыма шықты. Сусыма да қан-сөлсіз, аруақтай ағарған Әселдің жүзіне қарап «е, бұ да болған оқиғаны білген екен ғой» деп ойлады. Әсел сөмкесін төсегінің үстіне қарай лақтырып жіберді де оның соңынан іле-шала өзі барып төсекке отыра қалып, бетін басып үнсіз жылай бастады.

Сусыманың келгеніне оншақты күн болған. Қоғам ауысып, жұрттың бәрі базарға лап қойған кезде ол да ел қатарлы зат-тауар салған ала қоржынын арқалап келген. Баратын жері, тұратын орны болмағандықтан кластастары Әсел мен Разияны тауып алып, солардың бөлмесін паналап жүрген. Шаруасын  бітіре сала бүгін-ертеңнен қайтпақ. Оның пысықтығы вахтер кемпірлердің тілін тапты. Көр-жөр бірдемелерін сыйлап, көңілдерін аулады. Қу құлқынның жібітпейтін қаттысы бар ма? Олар сөзі де, ісі де ылдым-жылдым Сусыманы көргенде өлгені тіріліп келгендей құшақтап қарсы алады. Оны-мұны сатып әкеліп тамаққа да, әңгіме-ертекке де қарық қылып қойды. Бір бастаса тоқтамай сөйлей береді. Бір оқиғадан екінші оқиғаны тудырып айтқанда тыңдаушысын жалықтырмайтын оратор. «Әй, сен қыз, нағыз саясаткер болатын кісісің ғой» деп қалжыңдайды Әсел. Сусыма келгеннен бері тұнжырап, сызданып, бұлттанып тұратын күздің сүркей күніндей аурасы тар бөлменің іші де кеңейіп жарқырап сала берген. Үнемі төсекте бүк түсіп теріс қарап жататын, сабаққа бармайтын аурушаң Разияның да қабағы ашылып бірге тамақ ішіп, бірге әңгіме, кеңес тыңдайтын болған. Сусыма жылап отырған Әселдің қасына келіп отырды да арқасынан сипады.

– Сенің еш қандай кінәң жоқ қой. Қапаланба! Бәрі орнына келеді. Басқа білмесе де мен білемін, сенің кінәсіз екеніңді. Жыламашы.

– Сен де мені убийца деп отырсың ба? Мен кімді өлтіріппін. Мен кісі өлтірмек түгіл өлім-смерт деген сөзді бірінші рет естіп тұрмын. – Әсел күйініп бетін басып жылай бастады. Иә, ел тыныш, заман бейбіт болса өлім деген сөз ұмытылады екен.

– Кім сені убийца деген? Кім?

– Анау, анау вахтерші… кемпір.

– Ой, құдай-ай, қурап отырған кемпірлердің сөзін сөз дейсің бе? Вахтершіге да билік берген заманы өшіп, кімге тисерін білмей, ұрынарға қара таппай іштері пісіп отырмай ма? Сменчигі келмей қалып соған жынданған да шығар. Кімнің убийца, кімнің курица екені белгілі болды емес пе?!

– Сусыма, сен не деп отырсың? Біреу кісі өлтірді ме?! – Әселдің көзі алақандай болып, орнынан атып тұрып Сусыманың алдына қос тізерлеп отыра қалып айты. – Сусыма, сен не дедің? Кім убийца екені белгілі болды емес пе дегенің не сөз?

– Тоқтай тұр, тоқтай тұр, ойбүу, байғұс бала-ай, айтамын, не болғанын айтамын. Қатты шошып кетіпсің. Шошып кетіпсің ғой, қане аптап жіберейін. – Сусыманың әжесі немерелері, ауылдың ересек, үлкен-кіші балалары әлде неден қорқып қалса, түнде шошып оянса құрым киізді тұтатып жіберіп, арқа-басын қағып ұшықтап, жерді алақанмен бір салып, жүрек тұсын аптап жататын. Содан көргені бар ғой. Ол Әселдің қасына отыра қалып оң алақанымен еденді бір сарт еткізіп ұрып алды да «ап-ап-ап» деп оның жүрек тұсын үш рет қағып түрегелді.

– Әй, Әсел-ай, Әсел?! Мен саған талай рет айттым. Сенің есіл-дертің кітап, оқу, сабақ. Кітапханадан шықпайсың. Бүкіл өмірің кітаптың ішінде өтіп жатыр. Кітаптың сыртында да өмір барын білмейсің. Айналаңа бажайлап бір қарамайсың, кітаптағы романтикамен өмір сүріп жүрсің, еліңді жау шауып жатса да онымен шаруаң жоқ… Бүгін нағып ерте келдің?

– Куратор ағай жатақханаңа бар. Бір жағдай болыпты. Барған соң білесің деген соң келгенмін. Сөйтсе бұлар есіктен кірмей жатып убийца дейді мені.

– Біреу убийца деген екен деп сен убийца болып кетпейсің ғой енді. Қойшы. – Әсел енді есін жиғандай болып,

– Не болып жатыр, Сусыма? Не болып кетті өзі? Есім шығып кетті ғой. Разия қайда? Сен осында болдың ба? Ол сабаққа кетті ме? Түнде ауырып шықты ғой. Сен білдің бе? Жиі дәретке барып жүрді. Не жөнін айтпайды. Бір тұйық адам. Дәрігерге қарал десем қаралмайды. Осы қыздың бір жері ауырады. Кешке дейін жата береді. Не деген ұйқысы бір қанбайтын адам екенін білмеймін.

– Енді білетін боласың.

– Нені білетін боламын?

– Разияның ұйқысы неге қанбайтынын?

– Сен білдің бе? Неге қанбайды екен?

– Мен білдім.

– Неге қанбайды екен?

– Екі қабат екен!

– Не дейт! Шын айтасың ба?! – Әсел орнынан атып тұрып терезенің алдындағы парға барып құйрығын қойып, аяғын, екі қолын айқастырып тұра қалды. – Шын айттасың ба, Сусыма?– деп қайталап сұрады. Өйткені оның Разияны екі қабат екен дегеніне шын ниетімен сенген жоқ еді. Разиядан ондай қылық шығады деп үш ұйықтаса түсіне де кірмейді. Екі жыл бірге тұрғанда бірде бір жат қылық, артық жүрісін көрмеді. Жанына жігіт жоламаған бір бойжеткен болса ол Разия деп ойлайтын. Қай заманда кіммен етек-жеңі араласып кеткені есінде жоқ. Күл төге барып, етегін елге де, желге көтеретін жеңілтектер қатарынан емес. Адал сенімнің де кейде алдап соғатынын, шындықтың бетін бүркемелеп жауып, күндердің бір күнінде бейкүнә, өзінің адал сенімінен, адал емес-ау, соқыр сенімінен опық жегенде, қанша өкінгенімен өкініш жарасының өмір бойы жазылмайтынын қайдан білсін. Тіпті Разия әлдекіммен жата салатындай, күдіктенуге болатындай тұштақай қыз да емес, жатпақ түгіл, жүріп жүрген жігітім бар дегенін де естімепті. Разияға келіп жүрміз деген жігіт-желеңді де көрмепті. Разия біреуден буаз болмақ түгіл жігіт атаулымен жақындасып, жігіт атаулымен сүйісіп көрді ме екен?

Заманның баға-байыбы кеткен шағы ғой. Содан ба бұлардың жатақханасына оннан-мұннан, ойдан-қырдан, тамыр-таныс қонақтар үзілмейтін. Ал олар қонақ үй, хостел, отел дегенді білмей ме, білсе де оларға бармай ма, студент жатаққаналарына бір-екі күн аялдап, қонып-түнеп кетіп жататын. Сондай кездерде қонақтарға өздерінің жайлы орнын бір төсекті босатып беріп екеуі қойындасып жататын кездері де болатын. «Сонда ол кімнен тапты бұл баланы?  Әлгі апаларының аузынан еститін, күлге аунап тапқан баласы дейтіні осы ма? Күлге аунап бала табатындай бұл балаға зарыққан жан ба еді? Тіпті адам күлге аунап қалай бала табуға болады?  Күлге аунап бала табу дегеніміз не? Байынан емес, басқадан тапқан баланы қазақ «шата» дейді. «Шешесі желөкпелеу жастау келсе» деген сөз содан айтылса керек. Ал байсыз қатын бала тапса соны күлге аунап тапқан деп жатады. Сонда бұл байсыз бала тапқан болып отыр ғой». Әсел қалай ойласа да Разияны мұндай қиянатқа қия алмады. Қиянат деп айту да қиын. Өз қалауымен болған іс неге қиянат болуға тиісті? Зорлық-зомбылық туралы жұмған аузын ашпаған. Зорлықсыз жасалған істен қалай қиянат табасың? Ол өзі тумысынан тұйық, момын мінезді жан еді. Үндеместен үйдей пәле шыққаны ма? Соңғы кездерде сыртқа шықпай, ел көзіне түспей, сабаққа да бармай, уақытының көбін бөлмеде оқшау өткізетін. Өзінің жүкті екенінен тіс жарып, тірі пендеге айтпаған. Әселдің онымен сырласып отыруға қолы да тимейтін. Оның сырбаз, биязы, көп сөйлемейтін тыныш мінезі қысыр әңгімеден қашқақ Әселге, оқымысты Әселге, кітаптан бас алмайтын Әселге жағатын. Таңертең сегіз жарымда универге барып, сабақтан соң уақыт шыға қалса нәпақа табу үшін қаланың орталығындағы бір газет редакциясында уақытша келісім-шарт бойынша корректорлық жасап, кейде қолжазбаларды машинкаға басып, одан қалса кешкі онға дейін кітапханада болып, жатарға жатақханаға бірақ келетін. Ал күндізгі уақытта Разияның кіммен не істеп, не қойып жүргенінен бейхабар еді. Сондықтан Разияны күлге аунап бала табады, ойнас жасайды деп ойлап та, күдіктеніп те, күмән келтіріп те көрмеген. Өйткені оған шын сенетін. Сол шын сенім Әселдің көзін байлады. Тек Разияны оқуға қыры жоқ, дімкәс деп қана түсінетін. Оқуыңды оқы, ел қатарлы мамандық иеленіп ал, қолда бар алтыныңнан айырылып қалма деп өзінше ерте ержеткенсіп ақыл айтып та көрген. Бірақ онысына пысқырып та, елеген де, артына қыстырған да Разия жоқ-ты. Сонан соң қашанғы бір айтқанын мылжыңдап, сызылған күйтабақтай қайталап айта береді, қойған. Бірақ, сырт көз сыншы дегендей Разияның екі қабат екенін бір бөлмеде бірге тұрып, бірге жатып жүрген Әсел білмесе де осы қабатта тұратын вьетнам, лаос, орыс-қазақ қыздары, студсоветтің қырағы зәңгі жігіті сезіктеніп жүреді екен.

Күнделікті әдеті бойынша Әсел таңертеңгі сегіз сағатта оянатын, ал бүгін жүрегі әлде нені сезді ме күндегісінен де ерте, таң атпай тұрған. Ұйқысы қанбаған, сөйтсе де жуынып-шайынып алған соң түнімен тынышы кетіп, қақырынып-түкірініп жүрген Разияның ояу болса халін сұрайын деп төсегіне жақындап еді ол беймарал ұйықтап жатқан сияқты болды. Түнде қайта-қайта тұрып жүрген сыбдырынан оянып, «Разия, неге тынышың кетіп жүр? Қайта-қайта тұра бердің ғой?» деген басын көтеріп. «Алаңдама, жай, тұмау тиіп қалған сияқты» деген. Ал тар бөлмеде екі төсектің ортасына еденге матрас төсеп жатқан Сусыма болса бір қырынан түсіп, қанен-қаперсіз, тәтті ұйқыда жатыр екен. Екеуінің де таңғы тәтті ұйқысын бұзғысы келмей аяғының ұшымен жүріп, есікті еппен ашып, ақырын жауып шығып кеткен.

Тап осы кезде Әселдің шығуын күтіп жатқандай Разия безектеп қоя берген. Содан көп кешікпей босанады. Орнынан асығыс тұрған Сусыма сасқанынан өзінің астындағы ақ жайманы жұлып алып еденде жатқан шылқа су нәрестені орайды да Әселдің төсегінің үстіне қоя салады. Бөлменің ішіне бір түрлі иіс жайылып, еден қан аралас суға толады. Қолына еден жуып жүретін орамалды әкеліп еденді жанталасып сүртіп жатқан Сусыма сонда барып тіл қатты.

–  Қаншық-ау, сен буаз ба едің?! Албасты оныңды неге айтпағансың?! Бұ сорлыны мен ауырып жүр екен десем.

–  Жапшы аузыңды. Аузыңды жапшы… Есікті бекіттің бе?.. Ешкім білген жоқ па?… Дауысым қатты шығып кеткен жоқ, ие?!

– Дауысыңды қайдан білейін. Түрегеп тұрып туған сиырдан түскендей бала салқ етіп жерге түскенде жүрегім ауызымнан бірге шығып кете жаздады ғой… Әй, андағы неге жыламайды.

– Жыламайтын қып қойдым.

– Құдай-ау, мына албасты не деп тұр! – Сусыма жүгіріп барып шақалақ нәрестенің бетіндегі жастықты жұлып алды. Көзі шарасынан шығып, кейін қарай шегініп, оқыс айналып, арт жағында ішкөйлекшең тұрған Разияны иығынан алақанымен шарт-шарт еткізіп салып-салып жіберді. Содан соң бетін басып еденге отыра кетті.

–  Керегі жоқ болса оны несін көтеріп жүрсің, албасты?! Көтіңе ие болмайсың ба, сорлы-ау! Енді не істейміз? Жедел жәрдем шақырайын ба?

–  Шақырма!–  деп Разияның дауысы шаңқ ете түсті. – Сусыма орнынан тұрды. Тұрған бойда Разияны алқымынан қысып, алып ұрып, қылқындырып тастағысы келді. «Ақымақ! Қаншама адам бір түйір қызыл етке зар болып жүр. Ал сен болсаң, біреудің түртіп кеткенінен  көтеріп қалып, тоғыз ай көтеріп, түсік тастаған малдай, түк болмағандай жайқақтайсың! Мына он бес қабаттан, зау биіктен өзіңді лақтырып жіберсе де саған обал жоқ!». Сусыма тап беріп, Разияға ұмтылды да тоқтай қалды. «Жын ұрған шайтан!». Сусыманың не ойлағанынан шаруасы болмаған Разия жайлап басып барды да терезеден тысқа қарады. Терезе алдындағы тар жақтауға келіп қонақтап, күн шуақтап отырған екі көгершін іш жақтан өзіне жақындаған адам сұлбасынан үрікті де қанаттары сусылдап ұша жөнелді. Сыртта аппақ қыс. Ағаштың бұтақтарына дейін ақ мамық, мақта қар жапқан. Мүлгіген тыныштық сезіледі. Осындай әдемі аппақ әлемді әлгінде ғана қып-қызыл қанға бояп мынау тұрған зәулім жатақхананың он бесінші қабатының жүз бесінші бөлмесінде адам қолымен жасалған ажалдан бейхабар бір-біріне жақын жиі егілген ағаштардың қалың жамылған ақ көрпесі тұтасып, бастары қосылып қалыпты. Мына таза тұнық табиғат пен ана тар бөлменің ішінде болған оқиға екеуі мүлдем кереғар, үйлесімсіз екі дүние бір-біріне немқұрайлы, селқос қарайтын сияқты. Әдетте қайғылы көңілді қабарған қабағымен қарсы алатын табиғат та түк болмағандай жайма-шуақ. Қою түтіннен көз ашпайтын, түтінге тұншығып тұратын Алматының аспаны да ашыла қалыпты. Бұл не қылған кереғарлық? Бірақ та ана табиғат қиянаттың қадамының қысқа, құрық баспас қу да жазасынан құтылмайтынын, әккінің де қия басқан қисық табаны бадырайып, тайға таңба басқандай көрініп еш көмілмейтінін паш еткендей, даланы да, қаланы да аппақ матадай қармен көмкеріп тастапты. Көше бойында тірі жан көрінбейді. Апайтөстегі әсем қалашықтың таңертеңгі абыр-сабыр сабылысы сап тиылып басылған беймаза шақ екен.

– Суия,– деді Разия аса бір биязы, мейірімді, жұмсақ үнмен Сусыманы өзіне қаратып алып,– сен қобалжыма да, қорықпа, менің екі қабат екенімді ешкім білмейді. Тіпті құдай да сезбей қалды. Сен де білген жоқ емессің бе? –  Өңі боп-боз болып кеткен Сусыма басын шайқады. –  Мен сені жақсы  көремін, Суия. Сен менің ең жақын, ит көйлегімнен де, мына ішкөйлегімнен де жақын досымсың, сондықтан да мен саған сырымды  жасырмай айтайын деп тұрмын.

– Айтсаң қайда қалыпсың? Аузыңа ат тепті ме?! Айтатын несі бар, бәрі айдай, айпарадай айқын болды емес пе?

–  Суия.

– Суия демеші, антұрған албасты. –  Разия барып нәрестенің үстінде жатқан жастықты көтеріп қарады. Шаранаға шыланған шақалақ қаншықтың жаңа туған күшігіндей ғана болып көзі жұмулы жатыр екен.

– Шала. Шақалақ. Өлі туды. Өлі туатын жөні бар, осы етті түсіру үшін не істемедім. Не қылмадым. Қаншама дәрі іштім. Өліп те қала жаздадым. Өлейін деп те ойладым. Өлмедім. Мен ішімнің, шермигенін жасыру үшін мына матамен неше қабат орап, тартып тастағанмын,– деп белуарында қолқылдап бос жатқан қолқадай матаны ішкөйлегінің етегін көтеріп көрсетті де, тарқатып шеше бастады. Оның белін қырық қабат қара шұбар жылан орап алғандай шұбатылып түсіп жатыр. Матаның ені бір қарыс, әлде отыз сантиметрдей ме жалпақ, ұзыны метр, метр жарымдай көк шұбар түсті  шүберек екен. Сусыма не дерін білмей басын шайқап, аузын алақанымен басқан күйі меңдуана жегендей меңірейіп, мелшиді де қалды. «Неге бүйттің? Мұның не, албасты-ау?! Өзіңді де, өмірді де азаптамай тууға болмады ма? Әлде азапты өмірді адам өзі таңдап ала ма?». Ал Разияның аппақ қудай сазарған жүзінен ешбір қобалжу, үрей, қымсыну, өкініш-күйініштің ізі де, нышаны да байқалмады. Обал-сауап ақымақтың ойына да кіріп-шықпайды. Бәрі бәз баяғыдай. Болар іс болды. Оған енді несін өкінеді?! Қолымен істегенді мойынымен көтеремін деп бел буғандай. Бейғам. Керісінше жүріс-тұрысы жеңілдеп, қабағы ашылып, жылдам қозғала бастады. Ол киім шкафты ашты да ішінен сыртына қызыл ала гүлдің суреті салынған ақ пакетті алып шығып төсегінің үстінде жатқан нәрестені әр жеріне қан жұққан,  жаңа ғана сатпақтанған ақ жаймаға асығыс шиыршықтап орады да пакетке нығарлай сиғызып, Сусыманың қолына ұстата салды.

– Қоқыс жәшігіне апарып тастай сал. Мен ғана дейсің бе?! Екінің бірі аборт жасатып жатыр. Соның біріндей көр. Менің кінәм бұл түсік дәрігердің қолымен жасалмағанында! Олардың ісі заңды, солай ма? – Разия дауысын көтеріп бара жатып кілт тоқтады. – Қазір қоқыс жинайтындар келеді. Жәшіктің  ішінде не барына да қарамайды, төңкеріп төге салады. Күнде байқап жүрмін. Солай істейді. Мен шықсам ана тажалға ұсталамын. Ол халіңді қарасыңнан таниды. Ішіңді рентгеннен де артық, анық көреді. Бірден сезіктенеді. Мына түсіммен қалай сыртқа шығамын. Қарасайшы түріме. – Ол етегін қайырып айғыз-айғыз болып былғанған санының ішкі жағын көрсетті,– сенімен әмпәй-жәмпәй ғой, дос қой, саған назар аудармайды. Бар! Тез!– деп есікті әуелі өзі ашып, дәлізде әлде кімнің бар-жоғын сығалап байқады да Сусыманы итергендей шығарып жіберді. Ес-ақылдан жұрдай Сусыма тап бір шойын көтергендей тәлтіректеп дәлізге шықты. Қолындағы салмақты пакетке бір, айналысына бір жалтақтап қарады. Мына пәлекет пакеттен тез құтылуға асықты. Алайда шойындай ауыр аяқ қия бастырсашы. Құдды еденге жабысып қалғандай көтерілмеді. Жүрегі айнып, құсқысы келді. Туған Разия емес, Сусыма сияқты. Қылмыскер Разия емес, Сусыма сияқты. Аттаса құлап түсетіндей. Жүрегі асау аттай тулады. Дүрс-дүрс соғады. Біреудің қылмысын мойнына алғаннан ауыр жаза болсайшы. Қосақ арасында босқа шырылдап кетіп бара жатқаны да есіне кірмеді. Сол кезде есік сықырлап ашылды. Разия жетіп келіп қолындағы пакетті жұлып алып лифттіге қарай Сусыманы дедектетіп сүйрей жөнелді. Сөйлеп келеді.

– Сен вахтерді сөзге тартып, айналдырып тұрасың сол кезде мен арт жақтарыңнан айналып өтіп кетермін. Ұқтың ба? Ұқтың ба, деймін?! – Сусыма басын болымсыз изегендей болды.

– Ал бар.

Сусыма вахтершаға жайраңдап жетіп барып, жын қағып, көтерілген адамдай әлде-нені айтып, самбырлап сөйлей жөнелді. Вахтершаға да керегі сол екен, екеуі бір шәугім шайды ортаға алды. Сусыманың не дуасы барын кім білсін оны көргенде вахтер кемпір бәйек болады. Алдында құрша жорғалайды. Бүгінде солай, әңгімесін кеңес кезінен, совет дәуірінен бастады. Ол заманда дүние кең, дүние мол екен. Шалқып-тасып өмір сүріпті. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болыпты, не ішіп-жеп, не киемін демепті. Қазіргідей тапшылық, таршылық жоқ екен. Бәрін құртқан анау қалды бас Горбачев екен. Сол қалды бас «қайта құру» деген бірдемені ойлап тауып, ел ішін ала тайдай бүлдіріпті. Отыра берсе әңгіменің ақыры жоқ мың бір түн екенін Сусыма біледі. Бүгін  кештен қалмай кететінін, келесі келгенде жағалық түлкі терісін әкеліп беретін болып уәдесін берді. Түлкі дегенде вахтер кемпір түлкідей қутыңдап, қарық болып Сусымаға есікті өзі ашып берді. Ол он бесінші қабатқа лифтімен көтерілді. Бұл кезде әлде қашан келіп, таранып, шашы-басын түзеп, киініп жатқан Разияны көргенде көзі алақандай болды.

– Қайда жиналып жатырсың, тындырып тастағандай?! Иттің тойына барасың ба?!

– Саспа, қазір келіп әкетеді.

– Кім әкетеді? Нені әкетеді?

– Мені әкетеді. – Разия терезеге таяп барып,– әне келді. Қазір мені әкетеді. Ештемені де жасырмай айт. Бір нәрсе де жасырма. Егер жасыратын болсаң, онда өзіңнің де, менің де обалыма қаласың. Көргеніңнің бәрін айт. Жасырғаннан түк те өнбейді. Саған рахмет. Қасымда болғаның үшін. Әселге сәлем айтарсың. Сәби ғой. Әлі бала. Кінәлама. – Сусыма  терезеден қарап еді жол бойында тұрған милицияның екі машинасы мен көлденең тұрған жедел жәрдем көлігін көрді…

Дәлізде дабыр-дұбыр көбейіп, көп адамның дауысы шығып, есік сарт етіп айқара ашылып, қызыл ала қалпақты бірнеше милиция арсалаңдай, алқын-жұлқын кіріп келгенде астыңғы жағынан қан тамшылап тұрған Разия сылқ етіп, еденге құлап түсті…

Есік қағылды. «Тоқ-тоқ, тоқ-тоқ». Ол қарсысындағы есік жаққа қарады. Жабық есіктің сыртындағы адамға іште отырып «кір» дегенде кіріп келе жататын кинодағы көріністей емес, іштен кіруге белгі берілмей-ақ есікті баяу ашып, еңселі азамат кіріп келе жатты. Отырған адамға бойшаң, ұзын көрінеді. Үстінде өз денесіне сәл молдау қоңыр түсті қырым күртешесі бар. Толқынды ұзын шашты. Бірақ жетпісінші жылдардың желкесін тұтас жапқан жалбыр шаш емес. Қияқ мұртты, сілеусін көз. Бет шырайы қалалықтардың қан сөлсіз жүзіне ұқсамайды. Хатшы келіншектің орынында жазу машинасына мақаласын басуға ниеттеніп ойға шомып отырған Әсел кіріп-шыққанның бәріне орнынан тұра бермейтін. Мына азаматтың бөтен, алыстан келген адам екенін іштей сезіп түрегелді. Қандай да бір істің оңына оралуына не кері кетуіне бір нәрсе себеп, түрткі болады. Бітер істің басына жақсы келер қасына дегендей мына сүйкімді бойжеткеннің жүзінен жылылық ескендей болды. Студент жылдардың алуан түсті гауһар, жауһарларын айтпағанда, одан кейінгі жылдарда кезіккен, жолыққан кермиық кербездердің біреуі де селт еткізбеген жүрегі құрғыр шымырлағандай болды.

– Қарындас, амансың ба? Мен редакторға келіп едім.

– О кісі іс сапарда. Орынбасары бар,– деп Әсел сол жағындағы есікке бұрылды.

– Жарайды. Оқасы жоқ. Жолым түссе кейін жолығармын,– деп Әселді суретке түсірер фотографтай тесіле бір қарады да сырт айналып, екі аттап барып тоқтап,– менің атым Азатхан,– деді. Әсел не дерін білмей сол тұрған орнында ол шығып кеткенше қақиып қалды. Неге осығұрлым есі кеткеніне де есеп бермеді. Түрегеліп тұрып қарсы алып, түрегеліп тұрып шығарып салды. Есік баяу жабылғанда барып сылқ етіп отыра кетті. «Азатхан… алпысыншы жылдардың адамы. Сол жылдарда адамдардың көкейінде азаттық туралы арман болған ба? Ал қызыл тудың астында «союз нерушимый, советский народ», бір ел, бір халық болып жүрген заман емес пе еді? Қайдағы Азаттық, қайдағы Азатхан? Ол Мадияр, Данияр, Руслан, Марат-сараттың заманы емес пе еді? Біз тәуелсіздікті төбеден түскендей көріп жүрміз. Туған баласына Азат деп ат қойған ата-ананың арманы неткен асқақ. Азаттық жолын аңсаған жанның елдік, егемендік сананың мұрат-мүддесінің айқын көрінісі емес пе бұл». Әсел Азатханды ойынан шығарып, мақаласын жазуға кірісейін десе де ойы жинақталмай быт-шыт болып, машинка басуға икемі келмей-ақ қойды. (жалғасы бар)

Сурет авторы: Ақтоты Бақытбек

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

АФК «Қайрат» есе жіберді

Чемпиондар лигасының ширек финалында «Қайрат» өз алаңында есе жіберді. UEFA Чемпиондар лигасының 1/4 финалының алғашқы матчында