Фото: t.me/DRSQazaqstan/3676
Германияның Инцелль қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы конькимен жүгіруден әлем чемпионатында қазақстандық спортшы Кристина Шумекова тарихи жетістікке қол жеткізді. Көпсайыс қорытындысы бойынша абсолютті чемпион атанған жерлесіміз ел спортының жаңа белесін айқындады.
Бұл айтулы жеңіс жүйелі дайындық пен табанды еңбектің, биік мақсатқа ұмтылған қайсар рухтың нақты көрінісі. Кристина 500, 1000 және 1500 метр қашықтықтарында қарсыластарына дес бермей, алтын жүлдені қанжығасына байлады. Ал 3000 метрлік сайыста күміс медаль еншіледі. Осылайша ол жалпы есепте 156.001 ұпай жинап, үздік екенін көрсетті.
Ерекше атап өтерлігі бұған дейін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан атынан ешбір спортшы дәл мұндай биік нәтижеге жеткен емес. Бұл – отандық коньки спорты тарихындағы үлкен белес.
Күні кеше ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов чемпион спортшыны құттықтап, оның жеңісі ел мерейін үстем еткенін атап өтті. Министр сондай-ақ жас дарынды үлкен додаға дайындаған жаттықтырушылар құрамына, мамандарға және дайындық үдерісіне атсалысқан барлық команда мүшесіне алғыс білдірді.
Халықаралық аренада көк байрағымызды биікке көтерген Кристина Шумекова жас спортшыларға жарқын үлгі. Оның табысы өскелең ұрпаққа жігер беріп, қазақстандық спорттың келешегіне сенім ұялатады.
Түгелбай Бисен
Парақшамызға жазылыңыз
