Фото: SarapshyInfo, “Уральская неделя” ақпарат агенттіктерінен
Бүгін Оралда қалдықтарды кәдеге жарату өндіріс базасы құрылысының жобасы таныстырылды. Жобаны қоғамдық тыңдауға «Audit Ecology» ЖШС басшысы Ғани Алманиязов ұсынды. Өндіріс базасын Саратов тасжолындағы қоқыс сұрыптау кешені аумағында салу жоспарланған. Құрылысты «Эко Запад» ЖШС жүргізеді.
Тыңдау Орал қаласының Зачаганск кентіндегі Алтын Орда мәдениет үйінде өтті. Тыңдау отырысының төрағасы Зачаганск кенті әкімінің орынбасары Нұрболат Мұхитов, хатшысы Анэль Айткулова. Залда жарық жоқ, тас қараңғы. «Жарық қашан болады?» деген сұрағымызға сағат 16.00-ге дейін болмайды деген хабар алдық. Нәтижесінде тұрғындарға экраннан көрсетілуі қажет болған баяндама ноутбуктен көрсетілді.
Залда шамамен 40-қа жуық адам болды, олар кент тұрғындары, БАҚ және қоғамдық ұйым өкілдері.

Айта кетейік, биыл 1 сәуірде өткен қоғамдық тыңдауда бары 6-7 адам болды. Оның екеуі қоғам белсендісі, қалғандары өздерін Зачаганск тұрғынымын деп таныстырған, бірақ кейін биржа қызметкерлері екені анықталған адамдар еді. Сол себептен тыңдауға қатысқан БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділері Зачаганск тұрғындарының көпшілігін қамту үшін қоғамдық тыңдауды сол аудандағы орта мектептер залында не Алтын Орда мәдениет үйінде өткізуді ұсынған.
Тыңдау басталған соң кенттің полиция қызметкері, Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халелов келді.
Тыңдау ZOOM платформасында онлайн форматта трансляция жасалды. Онлайн 10 адам қатысып, 2 мүдделі тұлға сұрақтарын қойып, оған компания өкілдері жауап берді. Өзін мүдделі тұлғамын деп таныстырған Любовь Титова бірқатар сұрақ қойды. Компания өкілдері барлық сұрақты қамтуға тырысты, алайда кей сұрақтарға “кейін түзетеміз”, “қабылдадық”, “экспертизаға ұсынған кезде сіздің ескертулеріңізді ескереміз” деген жауап берді.
“SarapshyInfo” ақпарат агенттігінен Нұрлыбек Рахман өз сұрақтарын кент әкімінің орынбасары Нұрболат Абайұлына жолдады. Ол осы кент аумағындағы пайдалану мерзімі аяқталуы жақын, 90% толған қоқыс полигонын басқа аумаққа көшірудің орнына тағы бір зиянды өндіріс салу туралы шешім қалай қабылданғанын сұрады. Сонымен қатар дәл осы ауданда Ақжайық шағынауданының құрылысы жүріп, реабилитациялық орталық салынып, қызмет көрсетіп жатқанын ескергенде бұл өндіріс құрылысының қажеттілігі қандай екенін білгісі келді.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халелов полигон толып тұрғанын растады, жаңа полигон орны айқындалғанын, оған 70 гектар жер бөлінгенін айтып өтті. Жаңа полигонның құрылысын, қолданыстағы қоқыс полигонын рекультивациялау жұмыстарын бастау үшін шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтты.
Тұрғындарды сонымен бірге Зачаганск кентіне тиіп тұрған кәріз тазалау құрылысы, қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны, қоқыс сұрыптау кешені және иесіз улы қалдықтар полигоны, бір емес, төрт бірдей зиянды өндіріс орналасқан аумаққа бесінші өндірісті салу қаншалықты дұрыс деген сұрақ та мазалайды.
Азамат Халеловтың берген жауабына сәйкес, ҚТҚ полигонын рекультивациялау жұмыстары әзір басталмаған, ол үшін 12 млрд қаржы қажет. Бюджетте оған қаржы қарастырылмаған, ал инвесторлармен әзірге келіссөздер ғана жүргізіліп жатыр. Рекультивация жұмыстарын бастамай тұрып жаңа полигон құрылысын және оны көшіруді бастау мүмкін емес. Қаржы табылып, рекультивация басталған кезде де ол процесс ондаған жылға созылады екен. Дәлірек айтсақ, бұл мәселе қашан шешілетіні белгісіз.
Ал қалдықтарды кәдеге жарату өндіріс базасы құрылысын, яғни жаңа өндірісті салу үшін компания 2023 жылы аукционнан жер учаскесін ұтып алған. Жер жеке меншікке берілмейді, үш жыл мерзімге жалға беріледі. Жалға алу мерзімі өткен кезде компания оны әрі қарай ұзарта алады.
Орал қаласы әкімінің орынбасары бесінші өндіріске жер учаскесінің Зачаганск аумағынан, яғни қоқыс сұрыптау кешені аумағынан таңдалып берілу себебін осы аумақта ұқсас өндірістердің шоғырланғанымен түсіндірді. Ал жаңа полигонның құрылысын Орал қаласынан 15 шақырым жерде Бәйтерек ауданы аумағынан салу жоспарланған. Алайда қоқысты кәдеге жарату өндірістік базасын ол жерге салу үшін инженерлік коммуникация әлі жүргізілмегенін айтты.
Зачаганск кентінің жергілікті тұрғындарын төрт зиянды өндіріс кешені орналасқан аумаққа бесінші, осыларға ұқсас өндірістің салынатыны толғандырады. Компания өкілдері жабдықтарды, атап айтсақ, қоқыс өртейтін пештерді өзі дайындап шығаратынын, бұл салада тәжірибесі барын және қолданыста жұмыс істеп тұрған өндіріс те бар екенін алға тартады.
«Бәрін айт та, бірін айт», мемлекеттің ең басты ресурсы – адам. Зачаганск кентінің тұрғындары да осы мемлекеттің азаматтары. Олар билік тарапынан түрлі зиянды өндірістерді бір жерге шоғырландырып салу ұтымды шешім деп есептемейді. Кез келген шешімнің артында адамдардың өмірі, денсаулығы, қоршаған ортаға әсері деген өте маңызды мәселе тұр.
Бюджеттің қаржысы қоқыс полигонын рекультивациялау, жаңа полигонды салуға көзделмеген не жетпейтін болса, инвесторлар әлі табылмаса, дәл қазір қолжетімді, қолда бар ресурстар мен мүмкіндіктерге ыңғайлап, шешім қабылдау жолы бар ма? Егер болса, ол шешімді қабылдауға не кедергі?

Қоғамдық тыңдау басталған кезде төраға, кент әкімінің орынбасары төрағасы мен хатшыны дауыс беру арқылы сайлады. Тыңдау регламентін дауыс беру арқылы қабылдап, бекітті. Бірақ тыңдау соңында залға «сұрақтарыңыз бар ма» деген сұрақ қоюмен ғана шектелді. Ал тыңдау қорытындысында «жоба қабылданды ма?», «иә», «жоқ» не «қалыс қалған бар ма?» деген сұрақтарды қоймады. Керісінше, тыңдауды тезірек жауып, кетуге асықты.
Осыдан көргеніміз: әкімдікті де, компанияны да тыңдауға салған жобаны мүдделі жұртшылық, яғни Зачаганск кентінің тұрғындары қабылдау үшін дауыс берді ме, әлде қарсы болды ма, бұл мәселе аса қызықтырмады.
Альфия Шамай,
БҚО Орал қаласы
Парақшамызға жазылыңыз
