Фото: e-history.kz
Шілденің алғашқы жексенбісі — елімізде Ұлттық домбыра күні.
2018 жылы арнайы Жарлықпен бекітілген бұл мереке — жай ғана күнтізбелік атаулы күн емес, қазақтың рухани коды мен ұлттық бірегейлігін ұлықтайтын маңызды мейрам. Қазақ пен домбыра — егіз ұғым. Ғасырлар бойы халқымыздың мұңы мен қуанышын, тарихы мен тағдырын жеткізіп келген бұл қасиетті аспап бүгінде жаһандық мәдениеттің де ажырамас бөлшегіне айналды.
Домбыраның тарихы тым тереңде жатыр. Археологиялық қазба жұмыстары бұл аспаптың тамыры неолит және қола дәуіріне кететінін дәлелдеді. Алматы облысындағы Жайлаутөбе тауынан табылған, тасқа қашалған суреттерде қолына домбыра тектес аспап ұстаған адам бейнесі бар. Бұл еліміздің аумағында осыдан 4 мың жыл бұрын да қос ішекті аспаптың қолданыста болғанын көрсетеді. Сонымен қатар көне Хорезм қаласынан табылған, біздің заманымызға дейінгі І-ІІ ғасырларға тиесілі қос ішекті шертерде ойнап тұрған музыканттардың мүсіндері де домбыраның прототипі ежелгі сақ, ғұн, үйсін тайпаларының мәдениетімен тікелей байланысты екенін айғақтайды. Көне тарихтың куәсіндей болған қазақтың дәстүрлі домбыра күй өнері 2014 жылы ЮНЕСКО-ның (UNESCO) Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне еніп, әлемдік деңгейде биік бағасын алды.
Ғасырлар бойы домбыра тек музыкалық аспап қана емес, дала халқының баспасөзі, шежіресі және рухани құралы қызметін атқарды. Құрманғазының асқақ рухты күйлері, Тәттімбеттің қоңыр сазы, Дәулеткерейдің төрелік сырлары мен Динаның отты қағыстары қазақтың болмысын қалыптастырды. Сөзбен жеткізе алмаған ақиқатты, хан алдындағы шындықты би-шешендер мен күйшілер домбыраның тілімен жеткізген.
Қазіргі таңда Ұлттық домбыра күні аясында еліміздің барлық өңірінде ауқымды мәдени шаралар, жүздеген домбырашы қатысатын «Күй шерулері» мен флешмобтар өтуде. Бұл күн — өткен тарихқа құрмет көрсетіп, келер ұрпақтың бойына ұлттық өнерді сіңірудің таптырмас мүмкіндігі. Домбыра — әр қазақтың шаңырағында төрден орын алатын ұлттың үні мен жүрегі болып қала бермек.
Аяужан Кереева,
minber.kz
Парақшамызға жазылыңыз
