/

Халық театрлары гаджеттегі арзан күлкінің жолын кесе алады

2404 рет қаралды

Әр жылдың қазан айы руханият үшін театр маусымының ашылуымен ерекшеленеді. Биыл Алматы облысы үшін театр маусымы бұрынғыдан өзгерек жақсы жаңалықпен ашылды. Облыстың шекаралық аймағында орналасқан Райымбек ауданының қайта ашылуына байланысты сол аудандағы «Нарынқол театры» «Хантәңірі» болып қайта жаңғырды. Арада 23 жыл салып қайта ашылған Халық театрының ашылуына белгілі актер әрі режиссер Асқар Наймантаев көп үлес қосты. Актердің ата-анасы Әбдіғалым Наймантаев режиссер болып қызмет еткен  «Нарынқол театры» 1970 жылы Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық байқауда лауреат атанған болатын.

Райымбек ауданында «Хан тәңірі» халық театры ашылды

Қазан айының 28 күні Талдықорған қаласындағы Б.Римова атындағы драма театрында «Хантәңірі» атауымен қайта түлеген өнер ұжымы М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» пьесасын Асқар Наймантаевтың режиссерлігімен сахналады. Поэтикалық драма Мұқағали өлеңдерімен ұштаса отырып, адамзаттың адасуын, табиғатпен үндестікітің бұзылуын сахналық шешіммен нәзік жеткізеді.

Бір жарым айға жуық уақытта дайындалған қойылымнан актерлердің сахна өнеріне деген құштарлығы, өнерге деген ынтызарлығы анық байқалады. Ана роліндегі Бота Думан осы ұжымның ең жас мүшесі екен. Әлі де мектеп қабырғасында жүрген қыздың ойынан оның актерлік қабілетін байқау қиын емес. Бақсы роліндегі Жанат Нурлиннің пластикасы тек көрерменге ұнап қана қоймай, кәсіби Талдықорған театрының белді актрисасы  «Құрмет» орденінің иегері Алмахан Кенжебекованың аузына ілікті.

Жаңа құраммен жаңа сипатта жаңа көрерменге өнер көрсеткен театрдың қойылымы туралы театртанушы, өнертану кандидаты Амангелді Мұқан былай дейді:

Халық театрының қалыбы кәсіби театрлардан бөлек. Біз оларға кәсіби театрларға қойылатын талапты қоя алмаймыз. Дей тұрғанмен кезінде халық театрлары Мәскеуге дейін барып, бүкілодақтық сыншылардың бағасын алып келген.

Бір қойылымды дайындауға бір ай уақыт өте аз соған қарамастан режиссер инсцинировканы жақсы жасаған. Қойылымға автордың өзін, оның замандас-інісі осы өңірдің ақыны Еркін Ібітановты қосып поэма желісімен әдемі үйлестірген. Актерлердің қабілеті бар, бағыт дұрыс. Осы бағыттан таймай еңбек етсе Халық театры ретінде көп жетістікке жетеді деп ойлаймын».

 

Халық театрлары гаджеттегі арзан күлкінің жолын кесе алады

 

Театр мәдениеттің бір саласы, руханияттың өзегі, өнердің өз өкілі. Ал өнер о бастан адамзатты ізгілікке үндеуден танған емес. Халық театрларының ел мәдениетін дамытудағы ролі жайлы мәдениеттанушы, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкері Нәзира Сәрсек ханымның  пікірі мынадай:

Райымбек және Ұйғыр аудандарында халық театрлары ашылады деген сүйінші хабар естідік. «Әр адам қолындағы гаджеттен қалаған әнін тыңдап, қалаған киносын көре алатын қазіргі кезде мұндай театрдың қажеті бар ма?» деген сауал туындауы да мүмкін. Ғаламтор арқылы еліміздің маңдайалды театрларының спектаклдерін де тамашалауға болатыны рас, десе де оның әсерін әртістердің жанды ойынынан алатын әсермен салыстыруға келмейді. В. Меньшовтың «Москва көз жасына сенбейді» атты әйгілі фильміндегі кейіпкерлер әңгіме үстінде  телевидениенің театрды, киноны, кітапты адам өмірінен ығыстырып шығарып тастайтыны туралы сөз қозғайды емес пе. Әсіресе, театрдың көп ұзамай «өлетініне» ешкімнің күмәні қалмайды. Ол кезде кімнің не ойлағанын қайдам. Бірақ уақыт театрдың өлмейтініне көзімізді анық жеткізіп отыр. Осы тұрғыдан алғанда, алыс ауылдардағы халық театр әртістерінің өнеріне сусап отыр деуге болады. Пандемияға байланысты шектеулер қойылған қазіргідей жағдайда бұл бір жағынан, әлеуметтік желілер арқылы тарап жататын жеңіл әзіл, арзан күлкі үшін түсірілген вайндар мен бейнежазбаларды қанағат тұтып жүрген халықтың рухани сұранысын өтейді. Екінші жағынан, репертуар неғұрлым мазмұнды әрі бай болса, көрерменнің, әсіресе жастардың көркем дүниеге деген талғамын қалыптастырар еді. Халық театрының өз көрерменін табатыны даусыз».

Айта кетейік: Осы театрдың ашылу салтанатында Алматы облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Қапашұлы облыста жаңа ашылған «Хантәңірі» мен 2 қарашада ашылады деп жоспарланып отырған «Қарадала» театрын қосқанда 11 халық театры бар екенін жақында Қаратал мен Сарқан аудандарында да халық театрлары жұмысын бастайтынын айтты.

 

 

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі