//

Энергетика саласында әйелдер аз. Неге?

212 рет қаралды

Фото: ЖИ

1980 жыл. Энергетика техникумын енді ғана аяқтаған 19 жастағы өрімдей қыз БҚО-ның Жәнібек ауданына жолдама арқылы жұмысқа келді. Ол 44 жылдан бері жылы орнын суытпай, бір орында үздіксіз қызмет етіп келеді.

– Әрине, қиындықтар болды. Біз жас қыздар едік. Жабдықтар ескі, бәрі сынып, қирап, жанып кетіп жататын. Мәселен майлы ажыратқышты іске қосу үшін, бірінші қыздырып аласыз. Ал ол үшін темір сырықты (лом) пайдаланамыз. Оған кәдімгідей қара күш керек. 35 киловольт болатын майлы ажыратқышты жұмыс істету үшін 30 келіге тартатын жүкті айналдырамыз. Бастапқыда қиын болатын. Бірақ біз оған да үйреніп кеттік, – деп бастады әңгімесін Татьяна.

Ол электр энергиясын беру және тарату бойынша қызметтер көрсететін «Батыс Қазақстан Аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-ның Жәнібек ауданындағы филиалының диспетчері.

Фотоға түсірген: Гүлзара Тілекқабылқызы

– Мектепті бітірген соң, туып-өскен жерім Ростов облысындағы Шахтинск энергетикалық техникумына оқуға түстім. Ол уақытта оқуды аяқтаған соң еңбек өтілін өтеу міндетті болды. Бізді бүкіл одақ бойынша бөліп жіберді. Таңдауым Қазақстанға түсіп, Оралға келдім. Қызық осы жерде басталды. Мені Жәнібек ауданындағы электр желілері бөлімшесіне жіберді. 80-інші жылдары ауылға таза суды басқа жақтан тасымалдайтын, дүкендерде азық-түлік жоқ еді, тіпті ештеңе жоқ болатын. Қалада өскен қызға  мұның бәрі оғаш көрінген, басқа өмірге үйреніп қалған едім. Бірақ қазір Жәнібек ауылын бұрынғымен салыстырғанда тану мүмкін емес, – деп еске алды кейіпкеріміз.

Энергетиканы меңгерген бойжеткен алғашында жұмысты электромонтер және тарату желілерінің қызметкері ретінде бастаған. Уақыт өте келе диспетчерлік топ құрылып, жедел қосылым жасау құқығы бар кезекші қызметіне ауысады.

Бұл мамандық энергетика саласындағы білімді, тәртіпті талап етеді. Кез келген сәтте апат болса одан әрі өршімес үшін алдын алуға дайын отыруымыз керек. Бізге әр секунд маңызды. Дәл қазір бәрі тыныш отырсақ та,  күтпеген оқиға болуы мүмкін. «Энергетика» қандай тосын сый дайындап қоятынын білмейміз. Аяқ астынан сөніп қалуы мүмкін, сым үзіліп кетуі немесе сымдардың тұтануы ықтимал. Сондықтан бұл мамандық үлкен жинақылықты, өз ісіңе жауапкершілікпен қарауды және терең білімді талап етеді.

Кеңес Одағының ыдырауы мен нарыққа көшу кезеңінде қиындықтар болды. Бізді жарықты сөндіруге мәжбүрледі, жарық жиі сөндірілді. Адамдарға  бұның себебін түсіндіру де қиындық келтірді. Уақыт өте келе бәрі орнына түсті, сол станция 1974 жылдан бері әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Бірақ жабдықтар ескіріп, майлы ажыратқыштар жиі сынып қалатын, оларды қосып-ажырату үшін темір сырықтарды (лом) пайдаландық. Дегенмен уақыт өте келе жағдай сәл жақсарды. 10 киловольт майлы ажыратқыштар заманауи вакуумды ажыратқыштарға ауыстырылды. Әрине, әлі де бәрі бірдей жаңғыртылған жоқ, бірақ біртіндеп іске асып келеді, – деді Татьяна Владимировна.

Жәнібек ауылы Татьянаға тек сүйікті жұмысын емес өмірлік серігін де жолықтырған. Көп ұзамай әйел, ана атанды. Күйеуі екеуі екі баладан төрт немеренің қызығын көріп отыр.

– Жасым алпысты алқымдағанымен баяғы 35 киловольттық майлы ажыратқышты еш қиындықсыз-ақ іске қосамын. Бұрын біраз тер төгетінбіз. Қазір – көзді ашып-жұмғанша жұмысты тындырып қоямын. Қол үйреніп кеткен, денемді де жылдар бойы ауыр жұмыс шынықтырып жіберген ғой (кейіпкер күліп жіберді). Мен үшін  кәдімгі күнделікті шаруа секілді болып кетті. Ал жұмыстағы ахуал жақсы. Жылы, арнайы киімдер беріледі, қорғаныс құралдары да бар. Егер мен әлі күнге дейін аман-есен жүрсем, демек, бізде бәрі жақсы болып тұр, – дейді Татьяна Шилихина.

Ол кадр мәселесіне де тоқталды.

– Шілде айында алпыс үшке толамын. Иә, жастар бізге аса көп ұмтылмайды. Келетіндері бар, бірақ негізінен жігіттер. Олар тарату желілеріне электромонтер болып орналасады. Ал кезекшілік диспетчерлікке жұмысқа сұранып тұрғандар жоқ. Қазір біз бесеуміз: мен – диспетчер, ал қалған төртеуі – кезекші. Олардың бірі – жас жігіт, екіншісі – зейнет жасына жақындаған. Біреуі биыл зейнетке шығады, ал тағы біреуі зейнет жасындағы қызметкер. Себебі жастар жоқ. Бір кездері тіпті екі адам ғана қалдық. Өте қиын болды. Жастар бұл салаға онша қызыға қоймайды. Тәжірибеден өтушілер бар, бірақ көбіне олар тарату желілерінде жүреді. Оқып, үйреніп жатыр, алайда аз уақыт тәжірибе жинайды да кетіп қалады. Ұзақ тұрақтамайды, – деп аяқтады әңгімесін тәжірибелі маман.

Кезекті статистикаға берсек. Алдыңғы жылы Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) секторындағы гендерлік теңгерімнің талдамалық есебін жариялады.

Есепке сүйенсек, ғылыми зерттеулерге сәйкес, жалпы әйелдер ер адамдарға қарағанда климаттың өзгеруі мен декарбонизация мәселелеріне көбірек алаңдайды екен. Ал жасыл энергетика саласында ер адамдар көбірек жұмыс істейді.

2019 жылы бүкіл әлемде әйелдер күн энергетикасы саласындағы жалпы жұмыс күшінің 40%-ын, жел энергетикасында 21% құраған.

Бұл ретте сауалнамаға қатысқан әйелдердің басым бөлігі (65%) осы салада айтарлықтай гендерлік кедергілердің бар екенін атап өткен (IRENA, 2019).

Қазақстанның энергетика саласындағы әйелдердің үлесі 2021 жылы ерлердің үлесінен әлдеқайда төмен болған.

Атап айтқанда, көмір өнеркәсібінде жұмыс істейтін әйелдердің орташа үлесі 22%, мұнай-газ саласында 18%. Бұл ретте ЖЭК (жаңартылған энергия көзі) саласында жұмыспен қамтылған әйелдердің үлесі 30%.

Дегенмен Қазақстандағы барлық жоғары және орта білікті мамандықтар бойынша ерлер мен әйелдер арасында едәуір алшақтық бар.

Біздің тағы бір кейіпкеріміз Оралдағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің 3-курс студенті.

– Мамандық таңдаған кезде мен үшін ең бастысы – әрдайым сұранысқа ие, қоғамға қажетті сала табу болды. Қазір елімізде де, бүкіл әлемде де электр энергиясына деген сұраныс артып отыр. Сонымен қатар күн тәртібінде жаһандық жылыну мәселесі де тұр. Бұл түйткілдердің шешімі энергетика саласымен тікелей байланысты. Энергетика — тек еліміздің емес, тұтас жер шарының экологиялық жағдайын жақсартуға қауқарлы сала. Бұл мен үшін аса маңызды. Сондықтан да оқып жатқан мамандықты саналы түрде таңдадым, – дейді София Смирнова.

Болашақ маман инженер-энергетик мамандығы бойынша білім алып жатқан топтардың ішіндегі «жалғыз қыз» екендігін және кей компаниялар «қыз болғаның үшін» қызу жұмыс істейтін жерге емес кеңсе қызметіне жіберуі мүмкіндігін айтты.

– Қиындық жоқ демеймін. Әсіресе, кейбіреулер мамандығымды «қыз бала үшін қиын» деп таңданып жатады. Меніңше, мамандық гендерге бөлінбейді. Өкінішке қарай, жұмыс ұсынушылар бұлай ойламайды. Мысалы, тәжірибеден өту кезінде, «әйел адам болғаның үшін» сені өндіріс орнына емес, кеңсе жұмысына қалдыруы мүмкін. Бағыма орай маған ұстаздарым үнемі қолдау көрсетіп отырады. Олар менің оқудағы жетістіктерімді, өз ісімнің маманы болуға деген талпынысымды жоғары бағалайды. Ал қызықты сәттер жетерлік. Зертханалық жұмыс пен эксперименттер, түн ұйқымды төрт бөліп жазатын курстық жобалар да жалықтырмайды.  Маман ретінде қалыптасуымда өндірістік тәжірибе — аса маңызды кезең. Тәжірибені Деркөл кентіндегі Орал құйма-механикалық зауытында өттім. Сол жерде тәжірибеден өткен жалғыз студент болған соң, маған көп нәрсені көрсетіп, түсіндіріп, үлкен көңіл бөлді. Бұл тәжірибе мен үшін өте пайдалы әрі қызықты болды, – деді студент

Фотолар Софияның жеке мұрағатынан

Инженер-энергетик — электр энергиясын өндіру, тасымалдау және таратуды қамтамасыз ететін маман.

– Біз электр желілерін жобалап, олардың техникалық қызметін атқарамыз, жүйелердің қауіпсіз әрі сенімді жұмыс істеп тұрғанын үнемі бақылауда ұстаймыз. Бұл мамандықтың маңызы зор. Тұрақты әрі сапалы электрмен жабдықталмаса, экономиканың ешбір саласы, мейлі ол медицина болсын, көлік саласы болсын қалыпты жұмыс істей алмайды. Қазіргі таңда энергетика саласында қарқынды жаңғыру кезеңі өтіп жатыр. Цифрлық технологиялар енгізіліп, жаңартылатын энергия көздері дамып келеді, «ақылды» желілер қалыптасып жатыр. Өзімді осы өзгерістердің бел ортасында елестетемін. Әсіресе, электр желілерін автоматтандыру мен цифрландыру, сонымен қатар заманауи жобаларды әзірлеп, оларды іске асыру бағытында үлкен мүмкіндік бар. Алайда бұл мақсатқа жету үшін ең алдымен «Электрэнергетика» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алуым керек, – деп жалғады әңгімесін.

София алдағы уақытта ірі компанияларда еңбек етіп, кәсіби жолын жалғастырғысы келеді.

– Халықаралық энергетикалық жобаларға қатысу мүмкіндігін де қарастырып жүрмін. Алайда мен үшін басты басымдық — техникалық салада үздіксіз даму мен білімімді жетілдіру. Біздің университетте қыз немесе ұл деп бөлу деген ұғым жоқ. Барлық студентке білім алуға да, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға да тең жағдай жасалған. Кафедрамыздағы ұстаздардың басым көпшілігі — әйел. Бұл білім беру сапасына ешқандай кері әсер беріп отырған жоқ, – дейді студент.

Энергетикалық сектор басшылары мен жалпы жұмыс құрамында әйелдердің саны 2010-2020 жылдары төмендеген.

Әйелдер білім деңгейінің жоғарылуына қарамастан жасыл күн тәртібін жүзеге асыруға мейлінше аз қатысатын көрінеді.

Бұл ретте IRENA-ның (Жаңғырмалы энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттік) 2022 жылы жарияланған есебінде көрсетілгендей, күн энергиясы саласында толық уақыт жұмыс істейтін әйелдердің үлесі жоғары. 2021 жылы ол көрсеткіш бүкіл әлем бойынша орташа есеппен 40%-ға жеткен. Мұнай және газ бен жел энергиясында жұмыс істейтіндердің – 21%, жаңартылған энергияның барлық түрінде – 32% әйел.  2021 жылы күн фотоэлектрлік индустриясында 4,3 миллион адам жұмыс істесе, бұл әлемдегі жаңартылатын энергиямен байланысты барлық жұмыс орынының үштен бір бөлігі. Жел энергетикасында керісінше кері үрдіс байқалаған. Аталған секторда әйелдер жалпы жұмыс күшінің тек – 21%.

Жаһандық гендерлік алшақтық туралы 2024 жылғы есепке жүгінсек, әлемде гендерлік теңсіздік – 68,5%. Толық гендерлік теңдікке жету үшін 134 жыл қажет деген болжам айтылған. Гендер көрсеткішінде Орталық Азия 69,1% әлемде бесінші орында тұр. Білім деңгейі мен денсаулық сақтау саласындағы тепе-теңдікке қарамастан, 2023 жылдан бастап экономикалық және саяси тепе-теңдік көрсеткіштері төмендеген. 

2016 жылы «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы» әзірленеді. Құжатта Қазақстанда гендерлік теңдікті қолдау тетіктерін енгізу бойынша нақты ұсынымдар бар. Тұжырымдама қабылданған соң Еңбек кодексінде 287 салада (негізінен тау-кен өнеркәсібі, металлургия, мұнай-химия өнеркәсібі, құрылыс және көлік секторымен байланысты) әйелдерге тыйым салынған кәсіптердің тізімі үштен біріне қысқартылған. Жаңа жоба әйелдерге көлік, құрылыс және химия салаларында жұмысқа орналасуға мүмкіндік берді.

Тұжырымдама қабылданғанымен энергетика саласында әйелдердің саны артты ма? Ұлттық статистика бюросының ҚР еңбек нарығының негізгі индикаторлары туралы 2025 жылдың І тоқсанындағы статистикаға жүгінсек, елімізде электрика, энергетика және телекоммуникациялар саласында 85 659 адам жұмыс істеп жүр. Оның – 71 840-ы ер адам, қалған 13 819-ы әйел.

64 126-сы қалаларда, 21 533-і ауылда қызмет атқарады. Әйелдердің 12 111 қалада, 1 708-і ауылда еңбек етіп келеді. Қаладағы мекемелерде – 52 015, ауылдарда 19 825 ер осы салада қызметте.

2013 жылы энергетика саласындағы әйелдердің проблемаларын анықтау және талқылау, ұтымды шешімдер әзірлеу және оларды іске асыруды мақсат еткен KAZENERGY әйелдер энергетикалық клубы құрылыпты. KAZӘЭК құрылғаннан кейін энергетикалық компанияларда да дәл осындай құрылымдар пайда болды. Қазір компаниялардың үштен біріне жуығы өздерінің гендерлік стратегиясын және заң талаптарымен шектелмейтін тең мүмкіндіктерді ілгерілету жөніндегі шараларды әзірлеген.

Клуб құрылғалы бес ірі форум (2013, 2015, 2017, 2019 және 2021 жылы), Теңізшевройл, Ембімұнайгаз, Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В сынды ірі компанияларда көшпелі отырыстар өткізілген. «Қазақстанның энергетика секторында әйелдердің рөлі» тақырыбында Қазақстан энергетикасындағы бірінші гендерлік зерттеу дайындалған. 

Біз бұл зерттеуді де қарап көрдік. Әйелдердің энергетика саласында тап болатын қиындықтары туралы жазылыпты. Бұған дейін әйелдерге 287 жұмыс түрін істеуге тыйым болғанын жазып едік. Зерттеуде 2019 жылғы тізімнің жаңартылған нұсқасында тыйым салынған 212 түрі бар көрсетілген. Демек әйел еңбекке араласуына бұрынғыша шектеу бар.

Әйелдерге жерасты мұнай өндіру, мұнай кәсіпшілігі жабдығын монтаждау, қызмет көрсету және жөндеу, құрамында күкіртсутегі жоғары ортада жұмыс істеу, жоғары вольтты электр беру әуе желілерін жөндеу, кабель желілерін жөндеуге мүлде рұқсат жоқ.

Ал Қазақстанның энергетика секторында әйелдер қандай қиындықтарға тап болады?

– белгілі бір жұмыс жағдайларында әйелдердің жұмыспен қамтылуына нормативтік шектеулер бар;

– энергетикаға байланысты пәндер бойынша білім алуды таңдайтын әйелдер саны әлі де аз;

– кәсіби даму мен қызметте алға жылжудың ішкі процестерінде әйелдерге жеткілікті қолдау көрсете алмай отыр;

– энергетика секторы және әйелдер мен ерлердің кәсіби жарамдылық салалары туралы қалыптасқан әлеуметтік-мәдени гендерлік нормалар мен таптаурындар да әлі күнге өзекті.

Аталғандар кедергілер әйелдердің техникалық және өндірістік жұмыс түрлеріне қол жеткізуіне кедергі жасап, осы сектордағы неғұрлым жоғары басшылық лауазымдарда әйелдер үлесінің өсуін шектейді.

Динара Насыр,

Альфия Шамаева

minber.kz

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар