////

Гендерлік теңдік: әйелдердің биліктегі үлесі әлі де аз

3546 рет қаралды
фото: Алан айнасы

2006-2016 жылдар аралығында еліміз  «Гендерлік теңдік стратегиясын» жүзеге асырған болатын. Бұл стратегиялық бағдарлама Қазақстандағы гендерлік алшақтықты жоюды мақсат етті. Осылайша еліміз Адам құқықтары Декларациясы, әйелдерді кемсітуге қарсы Конвенция, т.б. құжаттардағы міндеттемелерін орындауды да көздеді. Гендерлік теңдік стратегиясы іс жүзінде қалай орындалды? Оның нәтижесі байқала ма?

 Жыл сайын Швейцарияның Давос қаласында «Дүниежүзілік экономикалық форум» өтеді. Форумға жетекші бизнес өкілдері, саяси көшбасшылар, көрнекті ойшылдар мен журналистер шақырылады. Жыл сайынғы кездесулерде әлемдегі ең өзекті мәселелер, соның ішінде денсаулық сақтау және экология мәселесі талқыланады.  Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумның «2022 жылғы Жаһандық гендерлік алшақтық туралы есебінің» мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан гендерлік алшақтық бойынша 65-орында тұр. 2018 жылы Қазақстан дәл осы рейтингте 60-орында болған.  Яғни еліміз гендерлік теңдік стратегиясын қабылдағанына қарамастан, жылдар өте келе көрсеткішті жақсартудың орнына нашарлатып алғанбыз.

Гендерлік саясат дегеніміз не? Ол не үшін керек?

Гендерлік саясат – бұл мемлекет пен қоғамның қоғамдық өмірдің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізу мақсатында жасалатын қызметі. Ал гендерлік теңдік дегеніміз жынысына қарамастан әйелдер мен ерлердің барлық ресурстарға тең дәрежеде қол жеткізуі. Яғни әйелдер мен ерлерге оқу, білім алу, мамандық иесі болу, еңбекке араласу, қызмет ету, отбасын құру, кәсіппен немесе сүйікті ісімен айналысу, жалақы алу, қоғамдағы мәселелерге ықпал ету немесе билік пен саясатқа араласу және т.б. тең құқық пен мүмкіндіктердің берілуі.

Гендерлік теңдік біздің қоғамға не үшін қажет? Елімізде қабылданған гендерлік теңдік стратегиясында әйелдердің саясатқа қатысуы еркектермен қатар лайықты бәсекелестікті құрайды және елдегі жағдайдың жақсаруына ықпал етеді, әйелдер әлдеқайда тындырымды, ұқыпты, тіл табысқыш, адамдарға үлкен ынтамен қарауға және қамқорлық жасауға бейім деп атап көрсеткен.

– Гендерлік теңдіктің маңыздылығы – ол экономикалық және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділік жағдайын жақсартады. Қоғамдағы әлеуметтік шиеленіс және жанжал деңгейін төмендетеді. Мемлекеттің халықаралық деңгейдегі оң имиджін қалыптастырады, – дейді тақырыпқа қатысты пікірін білдірген Е.А. Букетов атындағы Қарағанды университетінің әлеуметтану магистрі Татьяна Резвушкина.

Халықаралық еңбек ұйымында (ХЕҰ) жарияланған мақалаға сүйенсек әйелдердің басшы лауазымдарда болуы бизнестің тиімділігіне ықпал етеді екен. Ұйым дайындаған баяндамада іс жүзінде, әсіресе көшбасшылық деңгейде гендерлік әртүрлілік бар кәсіпорындар жоғары көрсеткіштерге қол жеткізеді, соның ішінде кіріс те айтарлықтай өседі деп атап өткен.

Сонымен қатар деректер әйелдердің жұмыспен қамтылуының өсуі ұлттық деңгейде ЖІӨ-нің өсуіне оң әсер ететінін көрсетеді. Баяндама авторлары 1991 жыл мен 2017 жыл аралығы кезеңіндегі 186 ел бойынша мәліметтерді талдап осындай қорытындыға келген.

Қазақстандағы ахуалға шолу

Стратегияның «қоғамдық-саяси өмірдегі гендерлік теңдікке қол жеткізу» бөлімі бүгінгі таңда қалай жүзеге асырылуда? Тағы да стратегияға оралатын болсақ, құжат бойынша іс-қимылдар стратегиясы әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі іс-қимылдардың Пекин платформасының (1995 ж.) талаптарына сәйкес әйелдердің биліктің шешімдер қабылдау деңгейінде 30% өкілдігі болуына қол жеткізуді көздейді.

ҚР Ұлттық статистика бюросының 2021 жылғы мәліметтері басшылық лауазымдағы әйелдердің үлесі 39%, саясаттағы әйел мемлекеттік қызметшілер 9,1%, үкіметте министр лауазымындағы әйелдердің үлесіне келетін болсақ 18 министрдің 2-еуі ғана әйел, ҚР Парламентіндегі (Сенат, Мәжіліс) әйелдердің үлесі 27,4%, жергілікті биліктің сайлау органдарындағы (мәслихаттар) әйелдердің үлесі 30,46%, облыстық маслихаттарда 28,01%, қалалық маслихаттарда 29,36% және аудандық маслихаттарда 31,47% екенін көрсетіп отыр.

Бұл көрсеткіштерді талдай келе стратегияның әйелдердің биліктің шешімдер қабылдау деңгейінде 30% өкілдігі болуына қатысты мақсатын толықтай орындай алмағанын байқауға болады.

Батыс Қазақстан облысындағы жағдай қандай?

Батыс Қазақстан облысында әйелдердің биліктің шешімдер қабылдау деңгейіндегі өкілдігі болуы қандай жағдайда? Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Орал қаласы. Қазіргі уақытта облыстың әкімшілік-аумақтық құрылымы жүйесіне 12 әкімшілік аудан, 156 ауылдық (селолық) округ, 3 кенттік округ, 1 облыстық маңызы бар қала (Орал қаласы) және 1 аудандық маңызы бар қала (Ақсай), 475 ауылдық елді мекен кіреді. Облыс 12 ауданнан және облыстық бағыныстағы 1 қаладан тұрады.

Біздің облыстағы биліктегі, қоғамдық-саяси өмірдегі әйелдердің үлесі қандай деген сұрақтың жауабын іздеп ашық дереккөздерге жүгіндік. Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне келетін болсақ, әкім мен әкімнің үш орынбасары және әкім аппаратының басшысы, оның орынбасарларының барлығы ер адамдар. Орал қаласының әкімі, үш орынбасары және аппарат басшысы да ер адамдар. Сол сияқты Орал қаласындағы төрт кент пен ауылдық округ әкімдерінің ішінде де әйелдер жоқ. Көріп отырғанымыздай өңіріміздегі облыс, қала және кенттер әкімдігі пайыздық үлес бойынша әйелдерді басшылық лауазымға ілгерілету жоспарын орындау туралы мүлдем ойланбағанын байқаймыз.

Аудандарға келетін болсақ 12 ауданның ішінде 11 әкім ер адам болса, бір ауданды ғана әйел әкім басқарып отыр, бұл барлық әкімдердің ішінде 8,3% әйелдер құрайтынын көрсетеді.

Ауылдық округтердегі ерлер мен әйелдердің арақатынасы қандай десек, Ақжайық ауданындағы 18 ауылдық округтің біреуінде ғана әйел әкім, Бәйтерек ауданында 22 ауылдық округ бар, 22 әкімнің төртеуі әйел, қалғаны ер адам, Бөкейордасы ауданында 7 ауылдық округ әкімінің біреуі әйел, Бөрлі ауданында да 14 әкімнің біреуі әйел, Казталов ауданындағы 16 ауылдық округ әкімінің біреуі әйел, Тасқала ауданында 9 әкім болса, оның ішінде екеуі әйел, Шыңғырлау ауданындағы 8 ауылдық округтің екеуін әйел әкім басқарады.

Ал Жаңақала ауданындағы 9, Жәнібек ауданындағы 9, Қаратөбе ауданындағы 8, Сырым ауданындағы 10 және Теректі ауданындағы 15 ауылдық округтің барлығында да әкім ер адам, өкінішке орай әйел әкім жоқ.

Жоғарыда атап өткендей облыста 156 ауылдық округ бар, бірақ ашық дереккөздер кейбір ауыл әкімдерінің орны бос екенін көрсетті. Сол ашық дереккөздерден алған мәліметке сәйкес 12 аудандағы 145 ауылдық округ әкімінің 12-сі ғана әйел адам, пайыздық есеппен бұл 8,2% құрайды.

Әкімдерге қатысты жағдай осындай, енді облыс көлеміндегі басқармалар мен бөлімдердегі әйелдердің үлесін қарап көрелік. Облыстық басқармалар мен қалалық бөлімдердегі басшы әйелдердің үлесін талдайтын болсақ, 22 облыстық басқарманың екеуін (9%) ғана әйел басқарса, 13 қалалық бөлім басшының біреуі (7,6%) ғана әйел.

Жоғарыдағы мәліметтерге қарасақ, аумақ бойынша мемлекеттік қызметте облыс, қала, кент және ауылдық округ әкімдіктеріндегі, облыстық басқармалар мен қалалық бөлімдердегі әйел басшылардың саны өте аз не мүлдем әйел басшы жоқ. Аталған басшы лауазымдардың қайсысын алсақ та әйел басшылардың үлесі 30 емес, 10 пайызға да жетпеген. Осының өзі өңірімізде әйелдерді басшы лауазымдарға ілгерілетуде жұмыстардың әлі жетіп артылатынын көрсетеді.

 Олай болса, Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты мен Орал қаласының мәслихатындағы әйелдердің үлесін талдап көрейік. Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының VII-ші шақырылымдағы депутаттарының тізіміне сәйкес барлығы  31 депутат бар, оның ішінде 8 әйел (25,8%). Облыстық мәслихаттың хатшысы әйел екенін айта кету керек. Орал қаласының мәслихатында 7 әйел адам ұсынылған, барлығы 22 депутат (31,8%).

Бүгінгі күні гендерлік теңдік стратегиясында көзделген «әйелдердің биліктің шешімдер қабылдау деңгейінде 30% өкілдігі болуына қол жеткізу» деген тармақты орындап отырған қалалық мәслихат қана деуге болады. Облыстық мәслихатқа бұл бағытта әлі де жұмыстану қажет.

Қалай десек те, елімізде гендерлік саясаттың орнығуы мақсатында жұмыстар баяу болса да тұрақты жүргізіліп жатқанын жоғарыда келтірілген деректер мен дәйектерден көре аламыз. Мұның өзі қазақтың «қатын бастаған көш оңбайды, құралай бастаған құс оңбайды» деген қанатты сөзінің дәурені өткенін аңғартып тұрғандай. Керісінше, өркениетке аяқ басқан сайын гендерлік теңдіктің де көкжиегі кеңейіп, әйелдің ел басқару ісіне араласуы, мемлекет деңгейіндегі елдік мәселелерді шешуге атсалысуы заман талабына сай қалыпты құбылысқа айналуы заңдылық. Лайым солай болғай.

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар